Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Алаш деп жаңғырған күн

2004
Алаш деп жаңғырған күн - e-history.kz
Сафура Сейдуәлиқызы басқаратын «ұлтшылдар ұясынан» келешекте бір-бір Әлихан, бір-бір Ахмет, бір-бір Міржақып, бір-бір Мағжан, бір-бір... шығарына көңіл сеніп, үлкен үмітпен қайттық.

Бүгін – Алаш автономиясының, оның жоғарғы атқарушы билігі Алаш Орда үкіметінің құрылған күні. Бұдан 101 жыл бұрын 1917 жылдың 12 желтоқсанында, Орынбор қаласында өткен жалпықазақ Құрылтайында Алаш автономиясының құрылғаны жарияланған болатын. Бұл деген сөз – ұлттық мемлекеттің тарих сахнасына шыққаны туралы жариялы хабар.

Қазіргі ғалымдар тұжырымдап Орынбор қаласындағы жалпықазақ съезі деп атап жүр, қатардағы жай съез емес, ұлт қаймақтарын бір ортаға жинаған ұлы құрылтай болатын. 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор шаһарын саяси дау-дамай пен пікірлер қайшылығының ауанында өрбіген құрылтай жұмысында  алғашқы баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасап, қабылданған қаулыда қазақ автономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қараумәселелері көтеріледі. Демек, бұл бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың саяси-қоғамдық, экономикалық-әлеуметтік және рухани-мәдени дамуымыздың бастапқы алғышарты, заңды тетіктерінің негізін қалаған аса маңызды оқиға. Тіпті әлихантанушы ғалым С. Жүсіптің дәлелдеуінше, 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бастауы 1917 жылғы 12 желтоқсандағы ұлы құрылтайда жатыр.

101 жыл бұрын «түс ауа, сағат 3-те дүниеге АЛАШ автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, АЛАШ туы көтерілген» ұлы тарихи оқиғаға орай Астанадағы №76 мектеп-гимназиясы ұжымы Алаш қайраткерлерінің құрметіне кабинеттер ашып, ерлік істерін сомдайтын театрлық қойылым ұйымдастырып, соңынан қасиетті құран бағыштап, ас берді.

Мектеп басшысы Сафура Төлекованың бастамасымен Тағылым оқу кабинеттері ашылып, оған «Абайтану», «Алаш», «Шәкерім», «Әлихан Бөкейхан», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Мұхамеджан Тынышбайұлы», «Мұстафа Шоқай», «Мағжан Жұмабай», «Әлімхан Ермек», «Қаныш Сәтбай» секілді ұлы тұлғалардың есімдері берілді. Кабинеттерді аралап танысу мақсатында үш топқа бөлінген интеллигенция қауымы оқушылардың бабалар еңбегімен таныстығына қуанды.

Тағылымды іс-шара мектептің акт залында «Заңғар» театрының «Міржақып» атты тарихи драмасымен жалғасты. Қасіретті кезеңнің суретін сипаттайтын сырлы туындыда Міржақып айналасындағы оқиғалар отбасынан бастап, қоғам, қазақ тағдыры, ұлттық принциптер мен державалық көзқарастар қайшылығы арасынан шындықты табуға талпынады. Жазықсыз қуғындалып, соңында атылған арыстардың аяулы бейнесін көз алдына әкеледі. Сахналық қойылымды мектеп оқушылары емес, кәсіби актерлар ойнап жатқандай әсерлі шықты. Олай болатыны, ролін сомдаушы әр актер (оқушы) айтылар сөзінен бастап жүріс-тұрысына дейін ерекше мән беріп, зерттеп, өлшеп, аса ыждағаттықпен дайындалғаны байқалды. Бұл қойылым көрерменді, әсіресе алаштану ғылымының мүйізі қарағайдай үлкен ғалымдарын зор әсерге бөледі.

Мектеп ұжымы дайындаған шағын концерттік бағдарламадан соң, алаштану бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген жас талантты ғалымдарды мерекелік медалмен марапаттау өтті. «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі, тарихшы және саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, алаш тақырыбына өзінің жан қалауымен барып, жақсы нәтижелі еңбектер көрсетіп жүрген жастарды ынталандырып отыру қажет. Осы орайда былтырғы Алаш автономиясының және Алашорда үкіметінің 100 жылдығы қарсаңында шығарылған естелік медальмен Астана қаласындағы біраз ғалымдарды, атап айтқанда «Тіл-қазына» ұлттық тіл орталығының басшысы Ербол Тілешевті, №76 мектептің директоры Сафура Сейдуәлиқызын, жас алаштанушылар: Ұшқын Сәйдрахман мен Алма Сайлауқызын, Заңғар Кәрімхан мен Ержан Шағимолдинді, Елдос Тоқтарбай мен Ержан Еңсебайды және суретші Алмас Сырғабайды марапаттады. Айта кету керек, NDH порталы Алаштың 100 жылдығына арнайы жобалар ұйымдастырып, тың деректерді қамтыған сериялы мақалалар жариялаған болатын.

Астана қаласының Руханият орталығы белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлды өз қаражатымен алаштану тақырыбына қатысты іргелі еңбек «Естеліктегі Алаш» кітабын жариялағанына алғыс айта отырып, шапан жауып, Алаш көсемі Әлихан бейнеленген портретті сыйға тартты. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында және Алаштану мәдениет орталығында қызмет ететін ғалым еңбегін ескеру, құрметтеу кешегі Алаш арыстарынан қалған өнеге, жөн-жоралғы ретінде ел есінде қалды. 

Көңіл қуантқан тамаша жаңалықтан соң, азаттық жолында шейіт боп, жаназасы оқылмай қалған ұлы арыстарымыздың аруағына арнайы бағыштап қасиетті құран оқылды. Жиылған қауым дастарханға жайғасып, бет сипады. Бұл жерде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы бүгінгі тарихи маңызды датамен құттықтай келе, Астана қалалық ономастика бөлімінде 25 мектепке Алаш арыстарының есімдерін бері мәселесі қозғалғанын, жуықта мәселеге қатысты шешім шығарылса, бұдан асқан қуаныш болмайтынын жеткізді.

Сафура Сейдуәлиқызы басқаратын «ұлтшылдар ұясынан» келешекте бір-бір Әлихан, бір-бір Ахмет, бір-бір Міржақып, бір-бір Мағжан, бір-бір... шығарына көңіл сеніп, үлкен үмітпен қайттық.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?