Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Түрік тектес Сібір халықтарының музыкалық аспаптары

3320
Түрік тектес Сібір халықтарының музыкалық аспаптары - e-history.kz

Қазақтың ұлттық аспаптану ғылымының негізін қалаушы Болат Шамғалиұлы Сарыбай өзінің саналы ғұмырында түркі тілдес Сібір халықтарының алпысқа жуық аспап қолданғанын айтады. Ол өзінің «Қазақтың халық аспаптары» атты монографиясы мен «Қазақтың музыкалық аспаптары атты» көлемді зерттеу еңбегінде «Түркі тілдес халықтардың бірінің музыкалық аспаптарының тарихи дамуын көз алдымызға толық елестету үшін оны өзге халықтардың аспаптарымен байланыста алып қарау қажет екенін әрі қырғыздар мен қазақтар және Сібірдің түркі тілдес халықтары: алтайлықтар, хакастар, тувалықтар, якуттар аралығында тамыры тереңде жатқан ортақтылық бар» екенін атап өтеді. Ғалым өз еңбектерінде алтай, хахас, тува, якут аспаптарына тоқталған. Әрі бұлардың арасында ұқсастықтар өте көп.

Енді сол деректерді сөйлетсек:

Алтай аспаптары

Алтайдың музыкалық аспаптарының өзге түркі тілдес халықтар аспаптарымен ортақ қасиеті көп, бірақ соған қарамастан олардың құрылысында, ойнау тәсілдерінде ұлттық ерекшеліктері қатты байқалып тұрады. «Алтайлық орындаушылар – кайчилер өз аспаптарында батырлар жырларын, әндер мен кайларды сүйемелдейді. Бұл - Алтай аспаптарына тән сипаттардың елеулі өзгеріске ұшырамай, баяғы қалпын сақтап қалуына әсер еткен.   

Алтайлықтарда шертіп ойналатын аспаптардың ішінде неғұрлым кең тарағаны - топшуур Бұл аспап өзінің құрылысы мен дыбыс көлемі, тембрі, ойнау тәсілі жағынан қазақтың шертіп ойналатын көне аспабы шертерге, сондай-ақ хакастың хомысына, тофтардың чарты кобусына, шорцтердің шерчен комусына және тyвaлықтардың дoпшулурына ұқсайды. Олардың ұқсастығы шанағының тұтас ағаштан ойып жасалуынан көрінеді, сондай-ақ шанақ беті күнмен керіліп, қапталған. Мойнында пернелер жоқ, ішегі жылқының ширатылған қылы.

Топшуурда диапазоны бірінші позицияда орындалатын қарапайым халық ән-күйлері тартылады.

Топшуур ағаштан жасалатын ұзындығы 80-100, ені 20-30 см шамасында болатын домбыра тектес көне аспап.  

Қазіргі жетілдірілген топшуур қазақтың домбырасына ұқсас келеді.

Қияқпен ойналатын аспаптардан алтайлықтарда екі ішекті икили ғана сақталған. Құрылысы жағынан аумаған топшуур, бар айырмашылығы оның дауысы садақ сияқты қияқтың көмегімен алынады. Икили кварта бойынша күйге келтіріледі. Ойнау кезінде аспапты тізеге тікесінен қояды, негізінен бірінші позицияда ойналады.

Үрлеп тартылатын аспаптардың алтайлықтарда бірнеше түрі сақталған. Олар – эдиске, амырғы, сыбыскы, сыгырткыш және шоор. Аңның дауысына еліктеуіш мұндай аспапты аңшылар өз олжасын алдап түсіру үшін ерте заманнан бері қолданып келген.

Амырғы - қылқанды жапырақты ағаштан немесе тағы ешкінің мүйізінен жасалынған түрі конус формасында, ұзындығы – 60-70 см. Мылтықтың оқтығынан жасалынғаны да кездеседі. Қазақтарда бұл аспап бұғышақ деп аталады немесе бұғы сыбызғы делінеді. Хакастар пырғы, тyвaлықтар - авырга дейді. Бұл аспаптардан дауыс алыну тәсілдері мен жасалу түрлері бір-біріне ұқсас келеді.

Маралдарды шақыру үшін қолданылған бұғышақ аспабы әзірше табылған  жоқ. «Бұл өлкеде бұғышақты білетіндер де, оның қандай болғанын айтып бере алатындар да көп. Әттең не керек, аспаптың өзі сақталмаған. Оны осы маңның аңшылары пайдаланғаны жайында дерек «Бұқтармалық бұрынғы салт-жоралар» деп аталатын кітап та бар. Бұл еңбектің авторлары Е.Э. Бломквист пен Н.П. Гринкова: «Мұндай труба ағаштан жасалады, мұқият қырнап-ЖОнылған және бір-біріне жымдастыра желімдеген екі бөліктен тұрады, ұзындығы - 70 сантиметрге дейін болып келеді» - деп жазған екен» дейді автордың өзі.

Сол секілді сыбыскы немесе эдиске аспабы да аңшылықта аңды алдап шақыру үшін қолданылған. Аспап қайыңның қос қабатталған қабығынан жасалған, дауыс осы қабықтың тербелісі арқылы алынған.

Аңшылықта қолданылатын тағы бір үрлеп ойналатын аспап – сыгырткыш. Оның дауысы ала тышқанның дауысына ұқсас. Бұл аспап қамыстан жасалынады және ысқыру үшін қажетті ойығы болады. Бұл аспаптың қазақтың ысқыруық аспабына ұқсас келеді.

Үрлеп тартылатын шоор немесе чоохур аспаптары қурайдан жасалынады. Оның ұзындығы орындаушы музыканттың қолының ұзындығына сәйкес келеді. «Шоорда ойнау ойығы болмайды. Шоор қазақтың сыбызғысы, қырғыздың чооры, суваның шооруы, башқұрт мен татардың қурайы тәрізді аспап. Мұнда ауа толқыны ысқыру құрылысы бар аспапта колданылатындай тәсілмен бағытталады. Түтікте ауа ағысын ойықтың шетіне бағыттайтын төлке жоқ. Оның рөлін тіл атқарады. Дауыс ырғағы ауаның ағыс күшіне байланысты, сондай-ақ түтіктің төменгі тесігін жабу арқылы өзгертіледі», - делінген Б.Сарыбаев еңбектерінде.

Ұрып ойналатын көне аспаптарды бақсылар пайдаланған. Олардың қолынан тастамаған аспаптардың бірі – «тунур» - бубен. Қазақтарда – даңғыра; хакастарда — туур; якуттарда - дунур; тyвaлықтарда – дунгур деп аталады.

Бақсылар көн теріні орбомен, былғарымен қаптап таяқпен немесе жай ғана қайыспен ұрғылайтын болған. Тунурға және бақсының киіміне темір теңгешеле қоңыраулар, темір сақиналар ілінген.

Алтайлықтарда неғұрлым көп тараған аспап  - Комус. Оны кәрі-жас түгел тарта біледі. Оны тартудың шаңқобыздағыдай неше түрлі әдісі қалыптасқан. Орындаушылар тіпті тіл мен көмейдің қимылын да пайдаланады. Аспаптың үлкендігі якуттің хомысынан гөрі шағындау, ал түрі тураның хомусына ұқсайды Алтайлықтар Қомусты түрлі салт-жораларға да пайдаланған.

Сондай-ақ автор алтайлықтардың мүлде ұмыт болған аспаптар да болғанын айтады: «Олардың тек аттары ғана есте қалған ал оның қандай болғаны туралы ешқандай дерек жоқ. Кейбір аспаптар суреттеліп жазылған, бірақ аспап түрінің атауы айтылмайды. Осы белгісіз аспаптардың бірінің құрылысы көп ішекті жетігенге ұқсайды: шанағы тұтас ағаштан ойып жасалынған, шанақтың бетіне жеті ішек тартылған»

Алтай халқының аспаптық музыкасы тұрмысқа кеңінен тараған, тіпті күні бүгін де қолданылып келеді. Алтай әуендері әдетте қысқа қайрылып айтылады, диапазоны шағын және ырғағы әр алуан.

Хакас аспаптары

Болат Шамғалиұлының айтуынша, хакастың музыкалық аспаптарының өзіндік ерекшеліктері көп. Олардың ішінде халық арасына неғұрлым кең тараған көне аспап - чатхан. Чатхан - тyвaның чадаганы, тофалардың чатыганы және қазақтың жетігені тәрізді аспап. Мұндай аспаптар Монғолияда, Кореяның, Жапонияда, Вьетнамда, сондайақ Азияның басқа да көптеген елдерінде бар. Автор бұл аспапқа: «Хакасша «чат» деген сөз – жату дегенді білдіреді. Бұлай аталу себебі, оны көлденеңінен сұлатып жатқызып қойып ойнайтындығынан болу керек. Өткен жүз жылдықтардағы этнографтар көп ішекті бұл аспапты «жатқызылған арфа» (Паллас, 1773) деп те атаған. Чатханның ерекшелік сипаты мынадай: оның сыртқы түрі төңкерілген астауға ұқсас, бет жағына 5-тен 8-ге дейін ішек тағылады; ішектердің тиегі етіп асықты пайдаланады, осы асықтарды жылжыту арқылы аспапты күйге келтіреді. Аспаптың бұрауы орындалатын ән мен батырлар жыры әуенінің дыбыс қатарына орайласып отырған. Ойнау кезінде оң қолдың саусақтарымен ішектерді тартып отырады, ал сол қолдың саусағымен ішектің тиек сыртында қалған дыбыстамайтын жағын қысады да сәл тербеліске келтіреді. Соның нәтижесінде дауыс әуені сазды естіледі. Чатханның көлемі әр түрлі боып келеді: жалпы ұзындығы – 100—122 см, шанағының і 11 см. Бұл күнде едәуір жетілдіріліп қайта жасалған цатхан металл құлақтармен жабдықталган, ішек саны 19-ге жеткізілген, бұрауы тұрақты және хроматикалық диапазоны – октава», - деп анықтама берген.

Аңшылардың қолынан көп кездестіруге болатын үрлеп тартылатын тағы бір аспап  - Пыргы. Оны маралдарды алдап шақыру үшін қолданады. Аңшылар сондай-ақ өздерінің тайгадан қайтып оралып келе жатқандарын пырсының даусымен хабарлайтын болған. Дыбыс шығару үшін олар конус түтіктегі ойықтың тар саңлауын жымырылған еріннің бір шетіне тақайды, сөйтеді де ішке ауа тартады. Аспаптың даусы ащы және ол еркек маралдың дауысына ұқсап шығады. Пыргы былайша жасалады: екі жарты ағаш түтікті біріктіріп сыртынан қайыңның жапырағымен орайды, содан соң малдың ішегіне кигізеді немесе екі жарты түтіктің біріктірілген жерін ағаш шәйірімен майлайды. Сонда түтіктен ауа сыртқа шықпайтын болады. Ойнау ойықтары мүлде болмайды. Пыргының шамамен алғанда көлемі мынадай: ұзындығы – 50-75 см, түтіктің жуан ұшының диаметрі – 45 см, жіңішке ұшының диаметрі - 6 мм.

Дауыс еліктеткіш үрлеп тартылатын аспап – сымысха. Ол қайыңның екі жалпақ қабығынан тұрады, бұл екі қабықтың арасына қайыңның жасыл жапырағын салады. Үрлеген кезде іштегі жапырақтың қозғалуынан дыбыс пайда болады. Орындаушылар лақтың даусына салады. Сымысха, алтайдың сыбыскысына, тувaның эдискиіне ұқсайды. Көлемі – 30-40 мм.

Хакас халқында екі ішекті шертіп ойналатын xомыс деген аспап бар. Оның сопақша келген ағаш шанағы қой немесе бұғының терісімен қапталады. Ішегі жылқының қылы, перне тағылмайды. Хомыстың құрылысындағы бір ерекшелік, дауыс шығарылатын саңлаулар шанақ қапталған теріні тіліп жасалынбайды, шанақтың түбінен тесіп жасалынады. Аңшылықтан олжалы оралу үшін хакастар әрқашан хомысшыны аң аулауға өздерімен бірге ертіп шығатын болған. Сондайақ, олар хомыстың даусы жолдағы жын-шайтанды қуады деп сенген.

Бұл аспапты кейде қияқпен ойнайды, ондайда оны вых деп атайды. Міне, осы себепті хакастардың өздері Аспаптың көлемі шамамен - 12-86 см, шанағының ұзындығы - 34-35 см, шанағының ені - 15-18 см.

Хомыс – алтайдың топшуур, қазақтың шертер, тофалардың – чарты кобус, шорцтардың-шерген Комус, тyвaлықтардың – дошпулур деп аталатын аспаптарына өте ұқсас.

Бақсылар негізінен ұрып ойналатын аспаптар — туур (даңгыра) мен орбаны (таяқша) қолданған. Туурдың бір жағын терімен қаптаған, ал екінші жағына темір сылдырмақтар, қоңыраулар ілінген.

Алтайлықтар нақ осындай аспапты тунур, дувалықтар – дунгур деп атайды. Орбаға шүберек және темір сақина ілген, олармен әдетте туурды соққылаған. Мұндай таяқшаны тувалықтар орба, алтайлықтар - орбо, қазақтар – асатаяқ, якуттар – былаайах деп атайды. Орбаны ағаштан, бұғының немесе тағы ешкінің мүйізінен жасаған.

Хахастар хобрах деп атайтын қамыстың сабағынан хакастар ысқырғышы бар аспап бар екен. Оның «хобрах» деп аталуы сол қамыстың атына байланысты болса керек. Автордың суреттеуіне қарасақ, бұл аспап алтайлықтардың ойығы жоқ шоорына ұқсас. Саусақпен тек түтіктің төменгі тесігін ғана жабады. Түтіктің өзі малдың ішегіне өткізіледі. Көлемі: жалпы ұзындығы – 7080 см, түтіктің бір ұшының диаметрі – 5 см, екінші ұшының диаметрі – 3,5 см

Хакастарда қаздың қауырсынынан жасалған, үрлеп тартылатын тамаша бір аспап болған. Қауырсынның бүйірін тіліп, тілше шығарған, айырмашылығы тілше басқа жаққа қаратылған. Тілшені ауызға тақамаған, тек қауырсынның ұшынан ғана ұстаған. Қауырсын түтігін үрлеген шақта тілше қозғалысқа келеді де дыбыс пайда болады. Бізге бұл аспаптың аты сыгырткыш екенін айтты. Оның көлемі: диаметрі – 3-4 мм, ұзындығы – 4-5 см.

Тува аспаптары

Сібірдің басқа халықтарына қарағанда тувалықтардың музыкалық мәдениетінде тек алтайлықтармен, хакастармен ғана емес, сондай-ақ монғолдармен де көптеген ортақ жайттар бар. Бірақ соған қарамастан, Тува халқының өзгеше мәдениеті бұл халықтың бағы заманнан бергі салт-жора, әдет-ғұрып және дәстүрлері анық көрініп тұрады.

Б.Сарыбаевтың айтуынша, Тувалықтарда музыкалық аспаптың жиырмадан астам түрі сақталған. Олардың біразы құдайға табыну кезіндегі діни салтжораларды сүйемелдеу үшін пайдаланылған.

Үрлеп тартылатын аспаптарға жататындары — лимби, мургу, тун, шоор, авырга, бушкуур, бурээ, чода, тосэдиски, тал-эдиски;

Шертіп ойналатындар – чадаган, дошпуур. чанзы; қияқпен ойналатындар – игил, бызаанчы;

Тілшелі аспаптар - демир хомус, хулузун хомус, соок хомус, ыяш хомус, шелер хомус;

Ұрып ойналатындар – кенгирге, дунгур, шан, дамбыра; сілкігенде үн шығаратын аспап – орба.

Анағұрлым көп тарағаны қияқпен ойналатын төр ішекті аспап - бызаанчы. Зерттеу ебегінде аталмыш аспапқа «Оның ішектері қос қостан унисон бұрауына келтіріледі, ал өзара квартаға «ре-соль келтіріледі. Ал өзінің түрі мен жасалу құрылысы жағынан бұл аспап бәрінен де гөрі буряттар мен монғолдардын қияқпен ойпалатын моринхур аспаптарына ұқсас Бызаанчының резонаторлық шанағы өгіздің мүйізінен жасалып, ол мүйіздің жартысын, яғни бір жағын терімен қаптау өте сирек кездеседі. Тиек көн тері қақпақтың үстінде орналасқан. Ішектері жылқының қылы, қылқобыздағыдай ойнаған кезде ішек мойынға тигізілмейді. Дауыс саусақтын ішекке жанасуынан алынады. Қияққа араларын бір-бірінен алшақ етіп, екі қыл тағылады. Қияқты ішектер арасында 4 ішек түгел дыбыстайтын етіп жүргізеді; бұл тұрғыдан алғанда тувалықтар ойнаудың өздеріне ғана тән өзгеше тәсілін игерген. Бызаанчымен көбінесе әндерді, батырлар жырларын сүйемелдейді. Көлемі: аспаптың ұзындығы - 650 мм, мүйіздің ұзындығы – 15,5 мм» деген анықтама берілген.

Автор бызаанчыдан басқа бұл күнде қияқпен ойналатын екі ішекті аспап - игил деген түрі барын айтады. Ол алтайдың икилиiмен және хакастың ыыхына қатты ұқсас. Игилге тағылатын ішек жылқының қылы, мойнында перне болмайды.

Туваның тағы бір шертіп ойналатын аспабы дошпулур деп аталады. Ол игилге ұқсас келеді. Дошпулур қазір қолданылудан қалған. Оған бұрын ширатылып оралған екі буда жылқы қылын тағатын болған.

Тува халқында тілшелі аспаптың екі түрі сақталған, олар – демир хомус және шелер хомус. Бұл екеуі әр түрлі материалдан жасалады, шелер хомусқа екі жағынан жіп тағылады. Ойнау кезінде жартылай ашық ауызға тақау келтіріп көлденеңдете ұстайды да оң жақтағы жіпті тартқылап, ортадағы тілшесін қимылға келтіреді, содан барып дыбыс пайда болады. Аспаптың шелер хомус аталуы ондағы жіпті тартқылауға байланысты туған. Еңбекте аспапқа қатысты «оны ұстағанда қолайлы болуы үшін сол жақтағы жіпті сұқ саусаққа орайды. Дауыс тілшенің тербелісінен туады, дауыс ырғағының өзгеруі еріннің қимылымен және ұрттың аумағын өзгерту арқылы реттеледі. Шелер хомустың дауысы және оны ойнау тәсілдері жайында толык айта алмаймыз, оған себеп, бул аспапты орындау музыкантты кездестіре алмадық. Өзіміз ол жақтан ала келген бір шелер хомустың негізгі «фа» тоны мен дыбыс қатарын анықтай алдық», - деген толықтыру берлген.

Бұл аспап дыбыстауы және техникалық мүмкіндіктер жағынан демир хомусқа ілесе алмайтын сияк сондықтан болар жұрт арасында кең тарай қоймаған.

Лимби – флейта тәріздес үрлеп тартылатын аспап. Ол буряттар мен монғолдарда кездеседі. Лимби бамбуктан жасалынады. Жарылып кетпес үшін бамбукты әр тұсынан шүберекпен орап тастайды. Бұл аспаптың көлемі әдетте мынадай болып келеді: түтігінің ұзындығы – 510-750 мм, түтіктің жуан жағының диаметрі - 17 мм, жіңішке жағының диаметрі - 12 мм. Сегіз ойықтың әрқайсысының диаметрі — 88 мм, үрлеу үшін жасалған бүйірдегі ойықтың диаметрі - 9 мм.

Нақ осындай аспап бақташылардың арасында қамыстан жасалып мургу деген атпен тараған. Оның төменгі дыбысы кіші октаваның «Си-бемоль», диапазоны - екі октава шамасында, дыбыс қатары - мажорлы.

Тува жұртында дабыл қағу үшін пайдаланылатын тун деген аспап бар екен. Қабыршақтан жасалынады, металл мунштугі болған. Енді бір үріп ойналатын аспап малдың сирағынан жасалыныпты және чода - сирақ деп аталған. Аспапта ойнау ойықтары жоқ. Аспаптың ұзындығы - 420 мм.

Мыстан жасалынып, үрлеп тартылатын аспаптар - бушкуур мен бурээ де сырт құрылысы жағынан бір-біріне ұқсас. Оларды ойнап халықты жиын-тойға шақырған, монастырларда діни салт-жораларды атқаруға пайдаланылған. Екеуінде де бүйір ойықтары бар. Бушкуурдың ұзындығы 3 метрге дейін жеткен.

Аншылар арасында үрлеп тартылатын аспап - авырға кездеседі. Ол алтайдың атыргысы мен хакастың пыргысынан айнымайды.

Тувалықтарда ұрып ойналатын өзгеше аспап дамбыра бар. Екі жағынан да көн тері қапталған шанағының биіктігі – 120 мм, диаметрі – 100 мм. Ойнау кезінде аспаптың жан-жаққа бұрып отырады, сөйткенде екі жағынан тағылған кендір кенді сабалайды. Дамбыра дамдардың аспабы болған және құдайға құлшылық еткенде қолданылған. Дамбыра көптеген халықтарда бар, оның атағы кең жайылған десе де болады. Қалмақтардың, қазақтардың, өзбектердің шертіп ойналатын аспабы - домбыра деп аталады, монғолдарда - домбор, буряттарда - домбро дейді. Ауғанның музыкалық аспаптарының арасында, шағын ғана келген, шертіп ойналатын екі ішекті аспап дамбура бар.

Тувалықтардың ұрып ойналатын аспаптарының арасынан кенгиргені айта кету керек. Шанағы екі жағынан терімен қапталған. Бүйірінде ағаш ілмегі бар. Ойнау кезінде кенгиргені ілмегінен іліп қояды да екі жағынан тоқпақпен ұрғылайды. Көлемі: шанағының диаметрі -520 мм, биіктігі - 260 мм, сабағының ұзындығы – 700 мм. Нақ осындай атау монғолдардың аспаптарында да кездеседі, мысалы, хэнгэрэг.

Тувалықтарда шаманның аспабы – орба болған. Орба дегеніміз - сылдырмақ сақиналары бар тоқпақ. Онымен музыкалық аспап дунгурды ұрғылаған. Шанағының тек бір жағын ғана көн терімен қаптаған. Дунгурды ұрған кезде орбаға тағылған металл сылдырмақтар да дауысты күшейте түскен. Орбаның сабына қайыс пен шүберек байлаған. Бұл аспаптың аталуы да, жасалу үлгісі де хакастың ортасына, алтайдың орбасына өте ұқсас, өйткенмен оның құрылысы қазақтың асатаяғының бас бөлігінен аумайды.

Якут аспаптары

Бұл халықта музыкалық аспаптың көптеген түрі болған. Қатаң климат, жер шалғайлығы адамдардың бірбірімен байланыс жасауы үшін, біріне-бірі тез көмекке келуі үшін дабыл қағып шақыратын түрлі аспаптардың болуын қажет етті. Сондықтан якут халқы өзінің тарихи ұзақ өмірі кезінде осындай аспаптардың талайын жасап алған болатын.

Ең көп тараған аспаптың бірі - хомус. Якут халқы оны аса қадір тұтып, қастерлеп ұстайды. Бұл аспап негізінен ән мен биді сүйемелдеу үшін қолданылады. Хомусты жетілдіруге көптеген шеберлер ат салысқан. Өзге халықтардың осы тектес аспаптарымен салыстырғанда якуттың хомусы анағұрлым жақсы жетілдірілген. Халық арасында екі тілшесі бар хомус та кездеседі.

Якут халқында ағаш хомус та болған. Оны мас хомус деп атайды. Одан дыбыс алу үшін туғаның шелер хомусындағыдай етіп бүйіріне тағылған жіпті тартқылайды.

Ұмыт болған аспаптарды қайта жаңғыртуды және жетілдіруді мақсат еткен музыка аспабын жасайтын шеберлер көп іс тындыруда. Алайда, бұл іске ғылыми тұрғыдан қарап зерттеу жағы жетіспей жатады.

Якуттерде қамыстан жасалынып, үрлеп тартылатын тілшелі хомус та Бұл аспаптың түтігінде дыбыс шығаруға қажетті үш, не төрт ойық болады, өзі қазақтың қамыс сырнайына ұқсас. Ойнау кезінде тілше түгелдей ауызға салынады, ал түтіктің түбіндегі тесігі тілмен жабылады.

«Талдан немесе ағаштан жасалып үрлеп тартылатын аспаптың бірі – чуор» деп жазады автор өз еңбегінде. Оның айтуынша, ұрып ойналатын аспаптар ішінен көп қолданылатын - улахан чардат купсюр деген аспап болған. Бұл аспаптың көлемі үлкен болған. Оны 12 сиырдың немесе қойдың терісінен біріне жалғай тirin, екі ағаш қазыққа керіп тастайды екен де «ысыах» деп аталатын көктемгі мереке кезінде пайдаланылған.

«Якутияда сілкігенде үн шығаратын аспаптардың не түрі бар. Олардың бірі - иирэр дьага. Ол жіп тағылған таяқ. Оны діңгекке байлап қояды. Жіпке бірнеше топай байланады да жіптің ұшынан тартқылағанда бір-біріне соғылып дыбыс шығарады. Бұл аспапты тобықпен және купсюрмен қоса салт-жора салтанатында пайдаланған. Немесе жіптің ұзына бойына тобық-топай байлап, оны қазыққа салбырата іліп қоятын болған. Жел жіпті шайқағанда тобық-топайлар өзара соқтығып сылдыр кағады. Мұндай аспапты дабыл қағып белгі беру үшін қолданған және «тыал табық» (жел табық) деп атаған», - дейді зерттеуші.

Б. Сарыбаев бұл тарауда өте сирек кездесетін аспаптарға тоқталады. Соның бірі – былаайах аспабы. «В.Л. Серошенскийдің 1869 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Якуттер» атты кітабында әдетте шамандар пайдаланған өте бір қызғылықты аспап - былаайахтың суреті бар. Аспап КСРО Ғылым академиясының Ленинградтағы антропология және этнография музейінде (бүгінгі Ресей мемлекеттік музей - ред.) сақтаулы қазақтың көне асатаяғына ұқсайды. Бұл екеуі түрі жағынан да, жасалу үлгісі жағынан да айнымайды. Былаайахтағыдай металл сылдырмақтар якут шаманының киіміне де, сондай-ақ ұрып ойналатын аспап дунурға да ілінген. Қазақтарда да мұндай сылдырмақтарды бақсының киіміне тағатынын, қияқпен ойналатын аспап қылқобыз бен ұрып ойналатын аспап даңғыраға да іліп қоятынын біз білеміз», - деп жазған.

Қияқпен ойналатын аспаптардан якуттарда ішегі жылқының қылынан тағылатын үш ішекті немесе төрт ішекті кырымпа бар. Оның шанағы бұзау терісімен қапталады, мойнында перне жоқ. Ойнау кезінде саусақ ішекке тигенімен, ішек мойынға жанастырылмайды.

«Бақсылар арасында ұрып ойналатын аспап дунур (даңгыра) кеңінен қолданылған. Бұл аспаптың көлемі үлкен етіп жасалады, оның бір жағын үш жылдық өгізшенің терісімен қаптаған, ал ашық қалған екінші жартысына темір теңгешелер, қоңыраулар, бубенцылар ілінген. Түрі сопақша келген. Өзге халықтардың осы тектес аспаптарына қарағанда якут дунуры өзінің құрылысы мағынан көп жетілдірілген», дейді ғалымның өзі.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?