Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын анықтау әрекеті басталды.

2518

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын арнайы мемлекеттік комиссия құру тапсырмасы дер кезінде көтерілген бастама болды. Мұндай пікірді ҚР БҒМ Ғылым комитеті, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гұлжауһар Көкебаева білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталының тілшісі. 

«Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын арнайы мемлекеттік комиссия құруға берген тапсырмасы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне дер кезінде берілген жауап болды.  Бұл еліміздің зиялы қауымы, тарихшылар, жалпы бүкіл халық асыға күткен әрекет еді» - деді Гүлжауһар Кәкенқызы. 

Тарихшы ғалымның атап өтуінше, қантөгiс азамат соғысы кезiндегi екi жақтың бiтiспес жаулығы, «ақ террор» мен «қызыл террор» Кеңес Одағында жазалау, күштеу әдiсiн бүкiл күрделi мәселелердi шешудiң бiрден-бiр жолына айналдырды. Сталин мен оның жақтастарының социализм құру тұжырымдамасы тiкелей күш қолдану әдiстерiне негiзделдi. Бұл тұжырымдама бойынша, нэпман мен кулак, дiни қызметкерлер, басқаша ойлайтындар, индустриаландыру мен ұжымдастыруға қарсы болғандар тағы басқалар «қайта тәрбиеленуге» тиiстi. 

«Қайта тәрбиелеудiң»шын мәнi тәрбиелеу емес, жазалау еді. 1923 ж. ортасында елде 702 түрме, лагерь, жер аудару қоныстары болды. Кеңес Одағында құрылуға тиiстi қоғам – казармалық социализм халықты үнемi қорқытып ұстауды қажет еттi. Соған орай социализм құру iсi үдеген сайын тап күресi де күшейе бередi деген қағида қалыптасты. Бұл қағида жаппай жазалауға негiз болды. Жазалауды ресми сот үрдісін жүргізбей-ақ іске асыру үшін Мемлекеттік саяси басқарма Коллегиясының жанындағы Ерекше кеңес, Ішкі істер халық комиссариатының жанындағы Ерекше кеңес, Ішкі істер халық комиссариатының «үштігі» сияқты мекемелер құрылды. Елде тоталитарлық идеология мен ойлау бейнесін орнықтыру үшін бірінші кезекте зиялыларды, соның ішінде білікті мамандар мен ғалымдарды, мәдениет және өнер қайраткерлерін құрту керек болды. 30-жылдары елдiң солтүстiк ауданда­рын, Оралды, Сiбiрдi, Қиыр Шығысты, Қазақстанның солтүстiгiн түзету лагерь­лерi жайлап алды.  Жаппай жазалау барлық республикаларды, облыстарды, аудандар мен ауылдарды қамтыды. Республикалардағы саяси қайраткерлер мен зиялыларға  «шетелдердің тыңшысы» және ұлтшыл деген жала жабылды. Тек 1937-1938 жылдарда ғана 4,5-5 миллиолн адам қжазалауға ұшырады»,-деді тарихшы. 

Гүлжауһар Кәкенқызының айтуынша, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда жаппай қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын анықтау әрекеті басталды. 1993 жылғы 14 сәуiрде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңы шықты, заңға одан кейінгі жылдарда толықтырулар жасалды. 1997 жылдан бастап жыл сайын елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарының қатарына соғыс тұтқындары да жатады.

«1941 жылы 16 тамызда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің отбасылары мен туыстарын  қуғындау туралы бұйрық шығарды. Осылайша соғыс тұтқындары ұзақ жылдар бойы қоғамда «сатқындар», «опасыздар» деп саналды.  Елге қайтқан соғыс тұтқындарын жинақтап, тексеру үшін арнаулы жинақтау-іріктеу пункттері құрылды. Осы жерлерге жинақталған соғыс тұтқындары тексеруден өткізіліп, біреулері НКВД қарамағындағы арнайы лагерьлерге, екіншілері соғыста қираған аудандарды қалпына келтіруге жіберілді, үшіншілері туған жерлеріне қайтты. Арнайы лагерьлерге жіберілгендердің басым бөлігі сотталып, ұзақ жылдарға айдауға кетті. Туған жеріне оралғандарға төлқұжаттың орнына арнайы куәлік берілді және басқа облыс, аудандарға шығуға тыйым салынды. Олардың ақ-қарасын айырып, арына түскен таңбадан арылтуға жол берілген жоқ, осылайша қаншама адамның отанына сіңірген еңбегі ескерілмей қалды.

1948 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазасын өтеу үшін КСРО-ның қашық өңірлеріне  жер аудару туралы» жарлығы шықты.  «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлер» қатарына бұрынғы әскери тұтқындар да жатқызылды. Осылайша 1948-1949 жылдары қайта оралғандарға қарсы қуғынның екінші толқыны басталды. 1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқыншылармен ынтымақтасқан кеңес азаматтарына кешірім жасау туралы» жарлығы шықты, осы жарлық бойынша бұрынғы кеңес соғыс тұтқындары кеңестік лагерьлерден босап шықты. Алайда «кешірім жасау» (амнистия) ақтау емес, демек бұл жарлық фашистік тұтқында азап көріп, елге қайтқан соң тағы да «сатқын» атауымен лагерьде отырған кеңес жауынгерлерін тағы да қорлау болған еді, сондай-ақ «басқыншылармен ынтымақтасқан» деген сипаттаманың өзі соғыс тұтқындарының барлық категорияларына тән емес екенін де ескеру керек. КСРО ыдырап кеткен соң Ресейде саяси қайраткерлер мен ғалымдардың  бастамасымен әскери тұтқындар туралы мәселе қайта қаралды»,-деді ол.

РФ Президенті 1995 жылы 24 қаңтарда «Ұлы Отан соғысы кезеңінде және соғыстан кейінгі кезеңде елге оралған бұрынғы әскери тұтқындардың және бейбіт адамдардың – Ресей азаматтарының заңды құқығын қалпына келтіру туралы» жарлыққа қол қойды.

«Ресей Федерациясы заңдарының егеменді Қазақстан жерінде заңдық күші жоқ, демек бұрынғы қазақстандық соғыс тұтқындарының азаматтық құқықтары әлі қалпына келтірілген жоқ.  Демек жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының категорияларын анықтау және ақтау мәселесі қоғамдағы рухани жаңғыру процесінің бір элементі ретінде әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ»,-деді Гүлжауһар Көкебаева.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?