Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Суыр обасы немесе сақтық иммунитеті

3369
Суыр обасы немесе сақтық иммунитеті - e-history.kz
Шыңғыс хан мен оның ұлдарының жер жаһанға жасаған шапқыншылықтары барысында осы суырды қару ретінде қолданғаны туралы деректер айтылады. Суырды қандай қару ретінде қолдануы мүмкін? Оның жауабы – биологиялық қару

Бірнеше күннен бері ғаламтор желісінде Монғолияда адамды бір тәуліктің ішінде өлтіріп жіберетін аса қауіпті бубон обасының ошағы пайда болғаны туралы үрейлі ақпарат тарап жатыр. Онсыз да үрейлі ақпараттар легі толастамай тұрған кезде бұл – әрі таяу көрші мемлекет, әрі жүз елу мың қандасымыз тұрып жатқандықтан, Қазақстан халқының, атажұрттағы қалың қазақтың уайымына уайым қосары сөзсіз. Сондықтан осы ақпаратқа қатысты өз ойымызды бүгінгі күні әлемді, оның ішінде Қазақстанды есеңгіретіп отырған короновирус індетімен байланыстара білдіре кетуді жөн көрдік.

Иә, Монғолияның Қобда аймағының Шешек өлкесінде аталған оба шыққаны айтылуда. Бірден айта кетуіміз керек, бұған біздің үрейленуімізге еш негіз жоқ. «Бубон обасы» немесе «Суыр обасы» аталған бұл індетті сол аймақтағы зооноздық инспекция қызметі оба ошағын оқшаулап та үлгерген. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» демекші, шындығында бұл мемлекеттің билік орындары мен жауапты мекемелерінің, жалпы халқының, осы аса қатерлі індетке қарсы шұғыл шаралар қабылдап күресуге бейімділігі – сан ондаған жылдар бойы қалыптасқан десе де болады. Мұны біраз ғұмырымыз сол елде өткендігі тұрғысында жақсы білеміз. Құзыретті билік орындарының талаптарын, тәртіп нормаларын бұлжытпай орындау, сөзсіз бағыну – суыр обасынан мейлінше аз құрбандықпен құтылудың ең тиімді амалы. Мұны сол мемлекеттегі әр адам етінен өтіп сүйегіне жететіндей-ақ түсінеді десек болады. Яғни, тәртіпке бағыну, обамен күрестегі сақтық иммунитеті ұлттық деңгейдегі ұстаным болып қалыптасқан. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген даналығы ойға оралады. Дәл осы суыр обасының әсерінен туындап қалыптасқан тәртіп нұсқасының пайдасын көріп отырған бірден-бір мемлекет те – осы Монғолия десек қателеспейміз. Себебі, короновирус індеті көрші Қытайда біліне салысымен азаматтарын тартып алып, шекарасын жауып, қатаң сақтық шараларын енгізудің арқасында бұл мемлекетте күні бүгінге дейін шетелден кіріп келгендерден табылғаны болмаса, өз ішінен бірде бір адам ғаламдық індетке шалдыққан жоқ. Мемлекет басшылығының, үкіметтің қолданған қатаң іс-шарасы дегенімізбен, бұл нәтиженің астарында жалпы халықтың кез келген індетке деген тас-түйін дайындығы жатыр. «Әрбір машықтың бір қайыры бар» деген – осы.

«Суыр обасы» деген қандай ауру? Ол неден, қалай жұғады? Осы сұрақтар төңірегінде азырақ әңгіме қозғап көрелік.

Жалпы, «суыр обасы» – кеміргіштерден адамға жұғатын аса қатерлі жұқпалы ауру. Суыр обасымен суыр, тараққұйрық (саршұнақ), дала және үй тышқандары т.б. кеміргіштер ауырады. Кеміргіштер арасында олардың денесіндегі бүрге таратады. Yersinia pestis атты сопақ таяқша бактерия «кеміргіш – бүрге – кеміргіш» деген тізбекте болады да, кеміргіштермен тікелей жанама түрде адамға жұғады. Мұнда ауру қоздырғышы бар суырды аулау, терісін сою, етін бұзу кезінде немесе олардың терісіндегі бүрге шағу, қақпанға түскен суырды ұстау кезінде тісі адамды жарақаттау т.б. жағдайда жұғады. Адамның қантамырына енген вирус аса жылдам әсер етіп, дене температурасы көтеріледі. Қолтық безі ісініп, өкпесі қабынады. Ыстық қырық градустан асқанда бездері жарылады да, қоздырғыш ашық түрге өтеді. Яғни ауру адамның демі арқылы айналасындағыларға түгел жұғып, ауа арқылы тарай бастайды. Бұдан аман қалу – қиынның қиыны болмақ.

Суыр (лат. marmota) – түпкі отаны Солтүстік Америка болып саналатын, Беринг бұғазы арқылы Еуропаға дейін кең таралған алып кеміргіш. Суырдың әлемде он бес түрі бар және оларды көп елдерде терісіне бола аулайды. Суыр етін қорекке пайдаланатын халықтар да бар. Солардың бірі – монғолдар. Қазақ халқы, оның ішінде Монғолиядағы қазақтар суыр етін жемейді. Ислам діні суырды тырнақты ретінде харам санайды. 

Монғол халқы суырды түрлі тәсілмен аулап, етін тамаққа керектенеді. Сондықтан да бұл халықтың өмір-тіршілігіне суыр обасы жиі қатер төндіріп келгені айтпаса да түсінікті. Монғолдардың суыр аулап, етін жейтіндігі туралы 13 ғасырдан жеткен «Монғолдың құпия шежіресінде» де айтылады. «Құпия шежіренің» 89-тармағында: «Сонда барлығы бірігіп, Бұрқан халдунның түстігіндегі Күрілкінің етегімен ағатын Сенгүр бұлақтың Қаражүректің Көк көлі деген жерге барып мекендеп, суыр, саршұнақ аулап жеп тіршілік етті», - десе, 90-тармақта: «...Белгүтей аласа қоңыр атын мініп, суыр аулауға кеткен еді. Кешке таман күн бата аласа қоңыр атына суырларды зорға көтерерліктей теңдеп алған, жаяу жетектеп келді», - дейді.

ӨВГӨН.jpg

Сондай-ақ Шыңғыс хан мен оның ұлдарының жер жаһанға жасаған шапқыншылықтары барысында осы суырды қару ретінде қолданғаны туралы деректер айтылады. Суырды қандай қару ретінде қолдануы мүмкін? Оның жауабы – биологиялық қару. Яғни обалы суырдың етін арнайы алып жүріп, қажет деп тапқан жағдайда жаулаушылық жолында қарсылық көрсеткен қалалардың қамалы ішіне тас атқыш катапультпен лақтыратын болған. Бұл – ХХ ғасырда шыңына жеткен жаппай қырып-жоятын биологиялық қарудың алғашқы дөрекі де қатыгез түрі.

Суыр – қысты інінде өктізіп, көктем, жаз, күз айларында белсенді тіршілік ететіндіктен, оба да осы мезгілдерде шығады. Суыр обасы алдында еш дәрменсіз болған адамзат баласына ХХ ғасырда ғылым көмекке келді. Монғолиядағы «суыр обасы» індетіне советтік медицина батыл әрі белсенді күреске кірісті. Осы жолда Гиппократ антына адалдығымен, өзінің өмірін бәске тіккен жүректілігімен аңыз болған қаншама дәрігерлер туралы аңыздар ел жадында сақталған. Солардың бірі, қарапайым дәрігер Любовь Соболева туралы аңыз. Аңыз да емес, бұл – нақты болған оқиға. 

Оқиға былай болыпты. 1945 жылдың жазында Завхан аймағының Отгон ауданы жайлауында тіршілік кешіп жатқан жергілікті тұрғын әдеттегідей, аулаған суырының етін тамаққа пайдаланады. Мұны жегеннен кейін отбасындағы адамдар бірінен кейін бірі ыстығы көтеріліп ауырып, бір-бірлеп жан тапсырып жатады.

Бұлардың суыр обасына шалдыққанын білген сол маңдағы жұрт түп қопарыла көшіп, жан сауғалап қашып жоғалады. Карантин тоқтату әдеті әлі қалыптаспаған кез, жағдай күрделенуге айналады. Сасқалақтаған жергілікті билік бұл туралы аймақ орталығына хабарлағанда, сәтіне салғанда, дәл осы кезде мұнда советтік дәрігерлер тобы келіп жатқан екен. Солардың арасындағы эпидемиолог дәрігер Любовь Сергеевна Соболева да бар еді. Монғол дәрігерлермен бірге індет ошағына ол да бірге аттанады. Күн бата әлгі киіз үйдің сыртына жетіп: «Кім бар?» - деп дыбыстаған кезде іштен бір кішкентай қыздың: «Бәрі өліп қалды. Кішкентай інім екеуіміз ғана тіріміз. Кешікпей біз де өлетін шығармыз», - деп жылаған даусы естіледі. Індеттің ашық түрге өтіп, әбден күшіне мінгенін түсінген бұлар не істерін білмей дағдарып қалады. 

Ақыры, Соболева дәрігер арнаулы киімін киіп, қажетті дайындықтарын жасап, таң ата үйге кіруге шешім қабылдайды. Монғол дәрігерлер оған: «Өміріңізді қатерге тігіп қайтесіз, кірмеңіз!», - дегенде ол: «Көзін жәудіретіп бұл балаларды қалайша өле бер деп қарап отырамыз, тәуекел!» - деп үйге кіріп кетеді. Кіріп келсе, қыз жан тапсырған, үш жасар ұл бала әлі тірі екен. Үйдің ішін реттеп, сырттағылардың кіргізіп берген сусыны мен дәрілері арқылы қатерлі дертпен он тәулік бойы күрескен орыс дәрігер аурудың бетін бері қаратып, ақырында кішкентай ұлды көтеріп үйден шығады. Осы он күнде екеуі бір-біріне ана мен бала сияқты үйренісіп кеткен екен. Бала орыс дәрігерден айрылғысы келмейді. Тұлдыр жетім қалған баланы жергілікті басшылардың бірі асырап алады. Баланың әкесі қойған есімі Өвгөнбүргэд (Қартбүркіт) екен. Асырап алған әкесі өзін ажалдан құтқарған орыс дәрігердің құрметіне баланың атын Өвгөнбүргэд-Соболев деп жаздырады. 

Осылайша төтеннен келген бір ажалдан аман қалған бала Соболев аман-есен өсіп, мектепті жақсы оқып бітіріп, Ұланбатырдағы ауылшаруашылық институтына түсіп оқып жатады. 

Бір күні әкесі ұлына оның бала кезінде басынан өткен қасіретті жағдайды бүге-шігесіне дейін айтып береді. Қартбүркіт-Соболев сол өзін ажалдан құтқарып қалған өкіл анасымен жолыққысы келетінін айтады. Ақыры «Монғол-Совет достық қоғамы» арқылы дәрігер анасының мекенжайын тауып алып, Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге аттанады. Осы қаладан тұратын, зейнеткерлікке шыққан Любовь Сергеевнамен кездесіп, мұнда он күндей болған соң, өз еліне келеді. Келеді де үш жыл бойы оқыған малдәрігерлік институтты оқудан бас тартқан Соболев, медициналық институттың жұқпалы аурулар факультетіне түсіп, бірінші курсты қайта бастайды. Мединститутты 1969 жылы бітіріп шығып, эпидемиолог мамандығымен орыс анасының жолын қуған Соболев дәрігер бүкіл өмірін суыр обасы қатарлы қатерлі індеттермен күресуге арнайды. Өзі де талай рет батылдық көрсетіп, қаншама жанның өміріне арашашы болады. Кәдімгі бір әсерлі көркем фильмге арқау болғандай, еш боямасыз өмір жолы. 

Осылайша, кеңестік ғалымдардың, дәрігерлердің еңбегі арқасында Монғолияда суыр обасына қарсы күрестің ғылыми-практикалық базасы жасалды. Маман кадрлар қалыптасты. Әр аймақ орталығына обаға қарсы күрес қызметі бөлімшелері құрылып, мамандар көктемнен күзге дейін әр өңірдің дала кеміргіштері мен құстарын атып әкеліп, оны лабораториялық тексеруден өткізіп болжамдар жасап отыратынын сонда істеген өз ағамның жұмысы барысынан білетінмін. Суыр обасы болуы мүмкін деген сезікті жағдай тіркелген бойы, сол күні-ақ таулар мен дала жолдарына карантин бекеттері қойылып, шұғыл іс-шараларын жүргізу практикасы осылайша, жылдар бойы қалыптасты. Мұны бұзу – ешкімнің де ойына кіріп шықпайды. Осы бір қалыптасқан темірдей тәртіптің Ковид19-бен күресте кәдеге асып жатқанын басында айтқанбыз. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп, Алтайдың шығыс пұшпағында, түркінің түп бесік, қара мекенінде тірлік кешіп жатқан қара көздердің амандығына алаңдаған жұрт үшін осы жазбаны қағазға түсірдік. Әйтпесе, басты мақсатымыз тарихы, ділі, діні, дәстүр-салты басқа жұртты жарнамалау емес еді. Адал малының өнімдерінен жасалған құнарлы тағамдарын тұтынған біздің қазақ жұртының, байтақ Қазақстанымыздың сақтық иммунитеті берік болсын, әлемдік індет короновирустың қара бұлты тез сейілсе игі еді деген тілекпен жазбамызды аяқтамақпыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?