Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Әлихан. Ақтоғай. Алашшыл ұрпақ

2121
Әлихан. Ақтоғай. Алашшыл ұрпақ - e-history.kz

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы әңгіме қозғалса, ойы қуаттанып, бойы шымырламайтын, қаны тулап, жаны ширықпайтын қазақ баласы кемде кем шығар. Азаттық үшін күрес жолында қайсар рухын қалқан қылған, ақтық демі, қасық қаны қалғанша қаймықпай, ажалдың алдында да әзиз басын имей, мәңгілік мекенге қасқайып аттанған қайраткер тұлғаның қадір-қасиетін туған топырағы – Ақтоғайда желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақ жете түсініп, терең түйсініп өскені заңдылық әрі әділетті болмақ. 

Осындай ізгі мақсатты көздеген іргелі де шағын іс-шара Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп қабырғасында Алаш арысының 155 жасқа толған тура туған күнінде ұйымдастырылды. Іргелі дейтініміз – Әлиханның есімімен және еңбегімен байланысты істің ұсағы бола ма?! Шағын деп шамданбай, шағымданбай айтпағымыз – республика, облыс түгілі, ең құрығанда ауданның емес, осы оқу орнының жоғары сынып оқушылары қатысқан дөңгелек үстел өтті. Әлемдік деңгейдегі мемлекетшіл тұлғалармен әруақтас арысымыздың өмірі мен еңбегі, туған топырағы мен болашақ істер туралы бас әлихантанушылар толғана сөйледі. Салмақты сөз онлайннан өрілсе де, ойлы ұрпақтың санасына жетті деп сенеміз.

БАС ӘЛИХАНТАНУШЫЛАР

         Қашықтан қосылып, тереңнен толғаған белгілі мәдениет қайраткері, тарихшы, қаламгер, әлихантанушы, көп жылдар бойы астанада тұратын Қайырбек Сәдуақасов ағамыз немересімен қатарлас жас буынға былай деп сөзін арнады: «Бүгін – Әлихан Бөкейханның туған күні. Жарық келгенінен бері 155 жыл өтіпті. Біз ерекше мән беретін себебіміз – Әлиханның есімін ең алғаш қазақ даласында, тіпті бүкіл әлемге тұңғыш рет туған жері Ақтоғайдағы мектеп иеленді. Әлихан Бөкейханның ең алғашқы ескерткіші – туған жерінде Ақтоғайда орнатылды. Әлиханға деген алғашқы ізденіс сол Ақтоғайда басталды. Ақтоғайда 150 жылдығының қарсаңында халықаралық конференция өткізілді. Бірақ бұл іс-шараларда барлық мәселе толық қамтылды деп айта алмаймыз. Қазір де үлкен ізденістер жүріп жатыр. Менің ойымша, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің оқушылары, ұстаздары осы есімді алып жүру бағытында үлкен, іргелі істердің ұйытқысы болуға тиіс. Қолдан келетін шаруалар аз емес деп ойлаймын. Оның ішінде, бұрын тарихта қалып қойған мәселелер әлі де жетіп-артылады. Іздене беретін болса, зерттеушілерге, өлкетанушыларға, тіпті оқушыларға атқаратын шаруалар, соңына түсіп, ізерлеп істейтін қарекет өте көп. Айталық, мысалы, Қаратал жағында Дожы деген жер атауы бар. Дожы – Қалдан Сереннің үлкен баласы. Абылай ханға тұтқынға түскен. Осыны да зерттеуге болады. Немесе әрбір сөздің этимологиясын зерттеуге болады. Мысалы, Қараталдың орталығын Шылым деген өзен кесіп өтеді. Бұрын сол жерде темекі өсірген соң солай аталып кеткен дейді. Ал шын мағынасында «шылым» дегеніміз шылпылдату, шылқылдату сияқты кәдімгі суға байланысты сөөздер шыққан. Сол сияқты Әлихан туған Ақтоғайдың арғы-бергі тарихында тыңғылықты, терең, жан-жақты зерттеуді қажет ететін небір құнды деректер көп. Ақтоғайды мекендеген абыз бабалардың Абылай ханға бата бергені де белгілі. Сондықтан іздей беретін болсақ, атқаратын іс көп. Әлиханның туған күні әрқайсымызды ойландырып, сіздерді үлкен істерге бастайды деп үміттенемін».

DSC_0633 — копия.JPG

Абыз ақсақалдан кейін сөз тізгінін осы өлкенің тумасы, қазір Қарағанды қаласында тұратын, ел арасында «Тынымсыз Тұңқаң» атанған, белгілі өлкентанушы, әлихантанушы, қаламгер Тұңғышбай Мұқанов ағамыз алды: «Әлемнің үштен бірін жаулап алған Шыңғысхан ұрпақтарының қазақ даласының өн бойында мекен еткені тарихтан белгілі. Оған айғақ – Барақ Сұлтанның баласы Бөкейдің Самарқанда тууы, Бөкейдің балалары – Батыр мен Мырзатайдың Қарқаралы өңірінде дүниеге келуі, ал енді Мырзатай баласы Нұрмұхаммедтің сонау Шу өңірінде туып, Нұрмұхаммед баласы Әлиханның Сарықарқаның Ақтоғайындағы Желтаудың бойында дүниеге келуі осының айғағы болса керек. Әлихан Нұрмұхаммедұлынан кейін 10 жылды артқа тастап, Жақып Ақбайұлының, 15 жылдан кейін Әлімхан Әбеуұлының дүние есігін ашуы Ақтоғай жерінің топырағының киелілігін, халқының тектілігін айғақтап тұр деуге толық негіз бар. Ақтоғайдың тарихы – адамзат дамуының барлық дәуірлерін қамтитын тасқа сақталған тарих. Алайда осы Үш арыс аудан тарихының жаңа беттерін ашып беріп кетті. Бұл Үш арыс үзеңгілес қатар жүріп, саясаттың сахнасына қатар шығып, көзқарастары мен идеяларын бір арнаға тоғыстырып, қазаққа тұңғыш аутономия әперіп, кішкентай ғана Ақтоғайды әлемнің саяси картасына енгізіп кетті деуге болады. 1222 жылы таққа отырған Жошы ханнан бастап 1822 жылғы Александр патшаның бірінші жарлығына дейінгі 600 жыл, яғни 6 ғасыр бойына қазақ даласын Шыңғысханнан тараған 30-дан астам хандар билегені тарихтан белгілі. Әлихан Нұрмұхаммедұлы сол өзінің ата-бабаларының ел билеу дәстүріне ұқсамайтын, тіпті кеңестік өкіметтің де құрылымына үйлеспейтін жаңа тәсілді, саяси күреспен келетін жаңа жолды таңдаған, ата заңы әдет болып сақталатын, ұлттық тілі салтанат құратын, жекеменшік еркіндік берілетін, шекарасы айқындалған, өркениеттің даму үрдістерінің жетістіктерін пайдаланатын тәуелсіз мемлекет құруды аңсаған. Өзінің айнымас қағидасы «Хан баласында қазақтың кеткен хақысы бар, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп, осылайша күрес жолына түскен. Жалпы алашордашыларды, алаштықтарды насихаттау, рухани іс-шаралар өткізу республика бойынша ең бірінше рет Ақтоғайда басталғандығын мақтан тұтынуымыз керек. Алашордашылар, алаштықтар ақталмай тұрған кездің өзінде 1988 жылы Мәскеуден Қазақстанға Әлихан туралы деректерді ең алғашқы рет біздің жерлесіміз Қабылсаят Әбішев әкеліп, таныстырған. Содан бастап Ақтоғай жұртшылығы 1992 жылы республикада ең алғашқы рет танымдық конференция өткізіп, рухтарына арнап Құран бағыштатып, алаштықтардың азаттық рухын Ақсораңның биіктігіне көтерген, алаштықтардың азаттық алауын Тоқырауынның бойында жаққан болатын. Міне содан бастап, Ақтоғай жері, Жіңішке, Желтау өңірі әшейінде шақырып келтіре алмайтын ғалымдардың, оның ішінде, елімізде танымал 40-тан астам ғалымның арнайы іздеп келіп, саяхаттап, зерттеулермен шұғылданатын алаңына айналды. Тіпті Әлекеңнің ауылға келгендегі отырып кететін қасиетті қара тасы «Хан тағы» деп аталынды. Ақтоғай жұртшылығы Ленин даңғылына, аудан орталығындағы бұрынғы Максим Горький атындағы мектепке Әлихан Нұрмұхаммедұлының есімін беріп, Ақтоғай өңірінде Алаш арыстарына арналып 6-8 мүсін-ескерткіш қойылған. Сөйтіп Ақтоғай – Алаш арыстарының ескерткіш галереясына айналған. Алаш арыстарының кіндік қаны тамған жерлеріне ескерткіш-тақталар орнатылған. 2016 жылы Әлиханның туғанына 150 жылдығының салтанатының қарсаңында шыққан халықаралық экспедиция мүшелері Ақтоғайды басып өтіп, Мәскеуге барып, сондағы Дон зиратына Әлиханның күлі жерленген жерінің топырағын әкеліп, Талдыбейітке салған болатын. Бұл да бір рухани шара болды. Әлекең мінген тарантас арбасы 2014 жылы республикалық Әскери-тарихи мұражайға уақытша көрмеге қойылған. Мұның бәрі – тарихи деректер. Тіпті республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналары 6 деректі фильм түсірді, соның үшеуі Әлихан Нұрмұхаммедұлына, үшеуі Әлімхан Ермековке арналған. Бұл фильмдердің бәрінде де Ақтоғай ауданының деректері толығынан енгізілген. Бұл да Ақтоғай тарихының жаңа беттері. Осылайша Ақтоғай халқы Алаш арыстарының мекені – Ақтоғайды әлемге мойындатып, танытты. Алаш арыстарын зерттеудің, Алаш арыстарын бағалаудың ең алғашқы қайнар көзі Ақтоғайда ашылды. Бұл біз үшін мақтаныш».

         Тұңқаң «Ақтоғай десе Әлихан, Әлихан десе Ақтоғай еске түседі» дегендей, Әлихан десе, ойымызға есімі қоса оралатын филология ғылымының кандидаты, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының оқушыларға арналған дөңгелек үстелге арнайы қатысып, өсиет сөзін жолдауы Сұлтекеңнің Алаш көсемі әруағына деген адалдығының айқын көрінісі десек артық айтқандық болмас. Сұлтан Хан Аққұлұлы ағамыз: «Ардақты ағайын, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің ұжымы, оқушылары! Мен әңгімені неден бастағым келеді. Ең бастысы, сең қозғалды. Олай дейтін себебім, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласы шыққанға дейін 29 жыл бойы Әлихан Бөкейханның есімін, оның ішінде, жалпы Алаш қайраткерлерінің есімін көп насихаттауға астыртын түрде тыйым салынып, шектеу қойылған болатын. Сол себептен 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын кең тойлауға мүмкіндік берілмеді. 2017 жылы Әлихан құрған, өзі Төрағасы, Президенті болған «Алаш» ұлттық автономиясының 100 жылдығы да лайықты тойланған жоқ. Енді байқасаңыздар, сең қозғалды. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласынан кейін «Алаш» тақырыбы, Әлихан Бөкейхан мен басқа Алаш қайраткерлерінің есімдері күн тәртібіне қайта шықты. Яғни бұл тақырыпты еркін насихаттауға, еркін көрсетуге толық мүмкіндік ашылып отыр. Сондықтан ардақты мектеп ұжымы, ардақты мектеп оқушылары, сіздерге бар тілегім – осы Әлихан Бөкейханның 155 жыл толған мерейтойынан бастап Алаш тақырыбын, Әлиханның сан қырлы қызметі мен телегей теңіз еңбегін емін-еркін зерттеуге, мақала жазуға, кітаптар жазуға, деректі фильмдер түсіруге, тіпті көркем фильм түсіруге кең жол ашылып отыр. Енді Әлихан көтерген Алаш идеясынан артық бүгінгі қазаққа идея жоқ! Алаш жолынан артық, Алаш жолынан жарқын жол жоқ. Сол себепті Алаш дегенде біздің есімізге Әлихан келеді, Әлихан десе санамызға Алаш деген ұғым келеді. Сондықтан біз Алаштың арманына, Әлиханның идеясына адал болайық. Алаш жолына, Әлиханның жолына түссек, бізді сөзсіз жарқын болашақ күтіп тұрады. Менің сіздерге тілегім – Әлиханның, Алаштың жолына түсейік, Алаш идеясын, Әлиханды, Алаш қайраткерлерін жан-тәнімізбен, бүкіл сана-сезімімізбен зерттейік, соған лайық болайық».

ЖАС ӘЛИХАНТАНУШЫЛАР

         Дөңгелек үстелде аталары мен ағаларының тағылымды тәмсілі мен өсиет сөздерін мұқият тыңдаған оқушылар да өз ойларын ортаға салды. 8 сынып оқушылары – Ақмарал Дәкәрімова «Ұлтым деп өткен ұлы тұлға», Аружан Тиішбек «Әлихан еңбектерінің маңызы», 9 сынып оқушылары – Ербұлан Қайырқұл «Білімі биік беделді тұлға», Жансая Сағадиева «Алаштың ақтаңгері», 10 сынып оқушылары – Асқар Мағжан «Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан», Ернұр Медет «Әлихан Бөкейханның қазақ еліне жасаған қызметі» баяндамаларын жас зерттеушілердің әлихантанудағы алғашқы сәтті қадамдары десек болады.

DSC_0649 — копия.JPG

         Бұдан басқа, Ақтоғайдың орталығында Қарағанды облысындағы ең бай деп саналатын Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің қызметкері Сағат Ерғалыұлы музейдегі Әлихан Бөкейхан туралы құнды деректерді бөлісті.

    «ӘЛИХАНТАНУ» КЛУБЫ АШЫЛДЫ

         Алаш көсемінің туғаны күніне орай жасалған тағы үлкен шаруа – мектепте «Әлихантану» клубы ашылды. Мақсаты – оқушылар мен жас педагогтар арасында Әлихан Бөкейханның тарихи ерліктерін насихаттау, жас буынның шығармашылық қабілетін ұштау, отансүйгіштік сезімін нығайту, тәуелсіздік жолында қызмет еткен тарихи тұлғаларға деген құрметті күшейту, Әлихан Бөкейханның еңбектерін зерттеп, терең меңгеруге қызығушылығын ояту. Клуб жұмысына барлық 1-11 сынып оқушылары қатыса алады. Танымдық-зерттеушілік бағытқа тарих пәнінің мұғалімдері Гүлдәурен Жарқынбаева, Жұлдыз Манарбек және мектеп тәлімгері Назым Сейтжан жетекшілік етеді. Клуб жоспарында елімізге белгілі алаштанушы, әлихантанушы ғалымдармен сұхбат құру, әңгімелесу, бағыт-бағдар, ақыл-кеңес алу іс-шаралары қарастырылған. Әлиханның 155 жылдық туған күнінде өскелең ұрпақты Алаш рухымен тәрбиелеуде маңызы айрықша осы кешенді жұмыстың негізі қаланды деуге әбден болады деп ойлаймын.

«ҮШ АРЫС» ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

            Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай және Әлімхан Ермековтің кіндік қаны тамған киелі атамекені – Ақтоғай ауданының орталығында «Алаш» алаңы және «Үш арыс» ескерткіші орналасқан. Алаш көсемінің туған күнінде аудан басшысы Салтанат Әбеуова мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкітай Сыздықов ақсақал бастаған топ арыстан ұлдардың еңселі ескертішіне гүл шоқтарын қойып, ауыл имамы Құран бағыштап, арыстар рухына тағзым етті.

         «Ковид-19» індетіне байланысты енгізілген шектеулер болмағанда, Әлихан Нұрмұхаммедұлының атажұрты Ақтоғайдағы дәл туған күніндегі іс-шаралар бұдан да ауқымды, салтанатты өтер еді. Аты жаман індеттің беті қайтсын. Ең бастысы бауырымыз бүтін, ел іргесі аман болғай! Жылдың үшінші айы жаңа туып, көктемге аяғымыз енді ғана ілікті. Алдымызда жадыраған, жайдары жаз, қоңыр ойлы күз бар ...

Ернат Мелсұлы, журналист

Ақтоғай – Нұр-Сұлтан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?