Тоғжанов айтып өткендей, кеше мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өтті. Күн тәртібінде жүрген сұрақтар талқыланды. Оның ішінде аймақтардағы комиссияның жұмыстары қаралды.
Осы ретте премьер-министрдің орынбасары комиссия шеңберінде жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
Біріншіден, мемлекеттік комиссия қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі бірыңғай деректер базасын қалыптастыру» тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарлама дайын. Қаржы мәселесі толықтай шешілді, - деді ол.
Бағдарлама келесі аптада Жоғарғы ғылыми-техникалық кеңестің отырысында қарастырылады.
Екіншіден, мемлекеттік комиссияның жұмыс бағыттары бойынша 11 жұмыс тобы құрылды.
Бұл топтардың жұмысына еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, ЖОО-ның ғылыми қызметкерлерін қосқанда 57 ғылыми қызметкер жұмылдырылды, - деп түсіндірді Үкімет мүшесі.
Үшіншіден, барлық мемлекеттік орган мен комиссияның жұмыс топтарының бірлескен жұмысын қамтамасыз ету бойынша арнайы жобалық офис құрылды. Офис құрамында 11 мемлекеттік орган өкілдері, 6 ғалым жұмыс істейді.
Төртіншіден, барлық өңірде әкімнің орынбасарлары басқаратын арнайы өңірлік комиссиялар құрылды. Оған да ғалымдар, Мәслихат депутаттары кіреді. Жергілікті әкімдік осы азаматтардың жұмысына жағдай жасауға міндетті.