Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Саяси қуғын-сүргін

3547
Саяси қуғын-сүргін - e-history.kz

31 мамыр – Саяси-қуғын сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Сталиндік қызыл террордың қанды қырғынына аяусыз ұшыраған халықтардың бірі – қазақтар. Екі бірдей төңкеріс, екі бірдей алапат аштық, азаматтық соғыс пен ұлт қаймақтарын қидай сыпырған саяси-қуғын сүргіндер қазақ халқын сандық, сапалық тұрғыдан аса ауыр зардапқа душар етті. Ұлтымыз оның ауыр салдарынан әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай келеді. 

Бұл зұлмат пен оның ауыр салдары тек Атажұрттың қазіргі аумағында ғана емес, сол дәуірлерде шекарадан тыс өмір сүрген қазақтарға да қатысты. Сондықтан да баяндауымызды өзіміз бала күнімізден естіп-біліп өскен жағдайларға қатысты өрбітпекпіз.

«Ресейді кезген коммунизм елесі» шынға айналып, алып империяда алғаш салтанат құрған пролетарлық диктатура әбден күшіне енген соң жарты әлемге жайылған сталиндік саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамның өмірін жалмады. Тағдырларын талқан етіп, тоз-тозын шығарды. Бұл зұлмат Алтайдың күн бетіндегі біздің әулетті де айналып өтпепті. Мәскеуден соқққан қызыл дауылдың екпіні Ұланбатырға жетіп, одан Қобда беттің қазағын шарпиды. МХРП 7-съезі мен Ұлы Құралдың 5-құрылтайы феодалдар мен дін өкілдерін тап ретінде жою, мал-мүлкін тәркілеу, ғибадат орындарын жабу туралы шешім қабылдаған болатын.

1930 жылдың басында үкімет Қобдаға ел басшыларын жинап, ауқаттылардың құқығын шектеу, қалың малға тыйым салу, әйелдерді еркімен сүйгеніне беру, балаларды мектепке жаппай алу сияқты қаулы қабылдатып, орындауды бұйырады.

Бұған наразы болған жұрт Қытайға асып, қаша бастайды. Қытаймен шекараға таяу отырған ауылдар Сұмдайрық, Жаматы, Сүңгітімен тез арада аман-есен асып үлгереді. Ал Қазақстанмен шекаралас отырған Ойғыр мен іргелес Аққол елі жоғарыда аталған асуларға әскер түскендіктен, Кеңес Одағының, нақтылай айтқанда Қазақстанның жері – Бітеу Қанас асуы арқылы өтуге тәуекел жасайды. Мамыр айы, асудың қары әлі толық ерімеген, тау өзендері ағаш басына шығып тасып жатқан кезде «Нар тәуекел!» - деп қазақ пен тува аралас төрт жүзден астам үй таң бозымен Қызылкезеңді өрлеп, Қалутыны құлдай, Арғымжыны кенерелеп көше жөнеледі. Көшті бастаушы – ұлы атам Қажы Бәйімбайұлы еді.

Біз көштік сейсенбі күн кезең өрлеп,

Арық мал жүре алмайды көзі терлеп.

Көлденең орма жыра жол бермейді,

Көш тоқтап бірін-бірі итермелеп, -

депті сол көшке куә болған ақын Мыса Рақымбайұлы «Қанас жолы атты тарихи дастанында.

Суыт көш тұманмен араласа Бітеу Қанастың теріскей беті – Укөктің жазығына келгенде қарсы алдынан Шындағатайдан шыққан қызыл отряд кез болады. Бұл отряд негізі, осы күні бұл арада болмауы керек екен. Әлдеқалай құлақтанса керек. Құлақтандырушы қазақтың көрсетуімен қызыл командир ошарылған ұбақ-шұбақ көшті бойлай жүріп Қажыға келеді. Келген соң құп-құла болып жатқан асау өзеннен мал-жанымен өтуді бұйырады. Бұл – тірідей өлімге айдау еді. Бұған үзілді-кесілді қарсы болған ожар командир қылышын суырып алып көтере бергенде, Қажының қолы сабына ілініп кетеді. Мыса ақынның дастанында өзі куә болған бұл оқиғаны былайша баяндайды:

Қылышты қолыменен ұстай алды,

Көкбөрі тартысқандай шыр айналды.

Әйтеуір жанұшыра шапшаңдықпен,

Қылышты қолдан бұрап жұлып алды.

Ақыры жанұшырған екі қарсылас ат үстінде арпалыса жүріп, сыпырылып жерге түседі. Екеуі ұстасып тұрған кезде Қажының өжет келіні Зәуке жалма-жан өткір ұстара пышақпен командирдің қарнын есіп жібереді. «Адамның майы мұндай көп болар ма? Ақтарылып түскені, командирдің жанайқайы әлі көз алдымда, құлағымды. Осы арпалысты жағдайды теңнің ортасында отырып жақыннан көріп едім», - деп Нәжар деген атамыз айтатын еді.

Командирдің өлгенін білген әскерлер төбеден пулеметтен оқ жаудыра бастайды. Қазақтар мен тувалар да қолдағы бар бердеңке, шитімен қызылдарға қарсылық көрсетеді. Тұман тағы шөге қалғанда, қазақтар оқ артқан екі атты ұрлап әкеледі. Қонафия деген азамат қарсы шауып, таңғыш ағашпен пулеметті зақымдап үнін өшіреді. Ақыры біраздан соң оғы таусылып, шығын көрген солдаттар шегініп қаша бастайды. Шұңқырдағы бір солдатпен аңдысып жатқан Қажы тастан бой салып қарай бергенде қарсыласы маңдайдан атып үлгереді. Осылайша көш басшысы Қажы бастаған бес адам оққа ұшады. Бірақ қызыл әскердің бетін қайтарады. Шындағатайдан қосымша күш әкеліп шайқас басталмай тұрғанда, Бітеу Қанастың басына шығып алуды ойлаған жұрт өліктерінің басына ақиреттерін жастап, беттеріне шапанын жапқан қалпы қарсы алдындағы сырғыма қара теріскейге өрмелейді. Ақтайұлы Білдіхан бастаған бірнеше ұлы қариялар: «Тәуекел, не көрсек те, осында боламыз», - деп шейт болғандардың қасында қалып қояды. Ұлы бесінде қара жотаның басына шыққан жұрт Қытай шекарасының межесінен өтіп дамылдайды. Шаршаған ел дамылдап тынығуға бас қойған кезде, гүрс еткен мылтықтың даусы шығады. Қызыл әскер келіп қалған екен деп шошыған ел, мал-мүлкін тастап қарсы алдындағы көкжалтыр қияға қарай қашады. Сөйтсе, бұл – көшкен жұртты қорқытып, иен қалған мүлкін тонамақ ниеттегі тау қарақшысы екен. Кері шегінетін жол жоқ, Бітеу Қанастың қар мен мұз басқан асуынан, терең жылтыр қабақтардан түйенің табанына туырлық төсеп жүріп қиялай өрмелейді. Құз-қияларды өрлеп-құлдап сырғанап жүріп өтіп, Қанас көлінің ну жынысына тіреледі.

Көл жатыр – жартаспенен кемерленген,

Мұзарттан көшкін түскен сайлар терең.

Сай-сайдан тасқын бұлақ жаңғырыққан,

Естілмес құлақ болды мүлде керең, -

деп суреттейді Мыса ақын, Қанас көлінің жағасын кенерелей жүрген кездегі көш жолын. Көл жағасындағы орманның қурап-шіріген, құлағаны аралас ағашқа толы шұбама соқпағын ара-балтамен кесіп-шауып, аршып жүріп өтіп, сай-саладан құлаған өзен-суларды, саз-батпақтарды кешіп жүріп, қаншама күн өткенде өлдім-талдым дегенде ел шетіне жетеді.

Қызыл әскерлер қашқан елді қайта айналып соғып үлгермегенімен, жұртта қалған байғұстарды қолға алғаны анық. Олардың кейінгі тағдыры не болды, оқ құшып қаза болған арыстарды жерледі ме, бұл сұрақтарға тоқсан жыл өтсе де әлі жауап табылған жоқ. Осы қанды қақтығыстан кейін Укөк үстірті, Қалуты, Жазотыр, Қарақабақ, Мұздыбұлақ – қазақтың алты қаратай аталған руына мекен болған, қойнауы тола қазына, алтын ханшайым жерленген аңыз өлке Қазақстанның иелігінен, РСФСР-ге берілген екен. Осылайша, қазіргі Баян-Өлгей мен Катонқарағайдың ортасында Ресейдің Қытаймен шекаралас буферлік аумағы пайда болды. Әбдікерім болыс, Сүкірбай билердің заманында Сарымсақтының жәрмеңкесін бірге қыздырып, Үш Ойғыр мен Шыңғыстайдың арасында құдалық, қыз ұзатудың сән-салтанатын салыстырған қайран жұрт екі жақта торғай-тоз болды.

Қанас асқан қазалы көшке қайта оралайық. Тау асып, тас басып, Алтайдың жан баспаған, аңшы соқпағымен еріксіз жылжыған елді аштық пен ауру меңдетеді. «Қанас жолы» дастанында бұл жайында мынадай жолдар бар:

Бұл жолы бала менен кәрі өлді,

Талайы суға түсіп өзі де өлді.

«Аштан өлген адамға қабір жоқ»,- деп,

Осыны бұрынғылар үлгілепті.

Алпыс жыл мекендеген туған жерін тастап, арып-ашып жеткен Қобда бет қазағын мұнда да жақсы өмір күтіп тұрмапты. Мал-мүліктен айрылып, аш-жалаңаш қалған талай отбасы енді ғана бойжете бастаған қыздарын жергілікті қазақтарға азын-аулақ малға, астыққа беруге мәжбүр болады. Еркектері кен қазуға жалданып, байлардың малын бағып, кейбірі қайыр сұрап тентіреп кетеді. Әупіріммен қысты өткізген соң, «Алтайдың аш мұсылманы болғанша, Қобданың тоқ кәпірі-ақ болайық», - деп қолда бар азын-аулақ малымен туған жерге бет түзейді. Алтайдың алып шыңдарын жыл бойы айналып көшкен жүдеу ел ақыры байырғы мекеніне келіп, ес-ақылын жинайды.

Қоңырқалта тірлігін жалғастырып енді ес жия бастағанда, мұртты көсемнің Мәскеуден соққан қаһарлы демінің лебі тағы шарпиды. 1936-жылдан басталған «контрабандаларды», «жапон тыңшыларын», «советтен қашқан наймандарды» ұстау науқаны 1938-жылы ерекше күш алып, күні туған шолақ белсенділер елдің ішін шегірткедей жалмай бастайды. Қобда беттегі азғана қазақтың сорпа бетіне шығарларын бір-бірлеп ұстап, түрмеге тоғыта бастайды. Бұлардың кейбіреуі тіпті «жапон» дегеннің не екенін де білмеген екен.

«Әкемізбен үзеңгілес жүрген ағайын-туыстар, ауылдастар шетінен бір-бірлеп ұстап әкетіліп жатқанда, жігіт болып қалған балалары біздер де қай күні келіп әкетер екен деп, әрбір күнді үреймен өткізетінбіз. Бізді құтқарған – Алланың нығметі, содан кейін әлі де оңалып кете алмаған кедей тұрмысымыз еді», - дейтін атам. Осылай беймаза күй кешкен атам Жанат 1939 жылы Қызылқайыңдағы жастар ұясының басшысы болып қызметке кіріседі. Бірақ бір күні коммунист басшымен жұмыс барысында сөзге келіп қалады. Шыққан тегін, әкесінің кім болғанын есіне салып тұрып ескерткен басшының сөзінен секем алған атам мұндағы жағдай қиындайтынын сезіп, дереу өзі сұранып армияға аттанады. Сол жылдары қазақты әскерге көптеп ала бастаған екен. Атам сол кеткенен бес жылдай әскерде жүріп оралғанда, қауіп бұлты сейіліп қалған заман екен.

Жалпы сол замандарда Қобда беттің аз қазағынан 3270 адам ұсталып, оның көбісі түрмеде аштық пен аурудан көз жұмған. Яғни, әр жетінші қазақ ұсталған деген сөз. Оқ шығындауды артық көрген жазалаушы қаныпезерлер жүздеген қазақты өздері қазған орға қолдарын байлап тірідей көмгені туралы жергілікті халық үрейлі аңыз қылып айтады. Ешкілі қызыл аталған сол таудың баурайында болғанымда отыз жыл бұрын жергілікті ойрат шалдан ет құлағыммен естіп едім. Ол кезде ақтау толық аяқталмаған еді. Саяси қуғын-сүргін Қобда бетте 1937-38 жылдармен аяқталып қалған жоқ. Өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейін ұласты. Сол 20-50 жылдар арасында жақын-жуық туыстарымыздан атыс-шабыста, асу-белде атылғаны бар, жазықсыз ұсталып кетіп оралмағаны бар, жиырмадан астам адам соқтықпалы соқпақсыз заманның солақай саясатының құрбаны болыпты. Олардың көбі қырықтың арғы-бергі жағындағы қайраты тасыған жастағы азаматтар болса, біразы асарын асап, жасарын жасаған, «саяси қылмыскер» болмақ түгілі, алжуға жақын қарттар еді. Арасында үйленіп ұрпақ сүйіп те үлгермеген қыршындар да бар. «Ақжүрек белсенділердің», бұрыннан есесі кетіп тісін қайрап жүргендердің жапқан орынсыз жаласының, дәлелсіз айғақ болуының құрбаны болып кете барған есіл тағдырлар. Мен туып-өскен өңірден тек 1938-53 жылдары жазықсыз жазаланғандардың ақталып айқындалғаны әзірге – 146. Бұрын-соңды құрбан болғандар мен әлі күнге дейін із-тозсыз кеткендер, ақталып үлгермегендерді қоссақ, бұл сан өсе түсері анық.

«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген»,- дегендейін, ұлт болып ұйысқан дәуірлерден бері біздің халқымыз небір нәубет, зұлматтарды бастан кешсе де, өртең орнындағы көк өскіннен тамырланып, қайтадан елдікке жетіп отырыпты. Арғы дәуірлерді айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдың өзінде қазақ аспанына төнген қара бұлтты кезеңдердің біріне өз әулетім, ауыл-аймағымның бастан өткерген тағдырын мысал ете баяндағанда осылай болды. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын еске сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады». Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Барша қазақтың қарашаңырағы, тағдыры саяси қуғын-сүргіннің көкпар лағы болған сан түрлі ұлттардың саялы панасы Қазақстанның азаттығы бекем, келешегі кемел болған сайын, өткен заманның ақтаңдақ беттері айқындалып, «жел айдаған қаңбақтың» күйін кешкен қорғансыз, дәрменсіз замандар енді қайталанбас өткен шақ ретінде қарастырылары сөзсіз. Жазықсыз жапа шегіп, жалғаннан ерте озған миллиондаған мұңлықтардың рухы шат болғай.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?