Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт тарихындағы тұлғатану мәселесін зерттеп жүрген тарихшы ғалым

3923
Ұлт тарихындағы тұлғатану мәселесін зерттеп жүрген тарихшы ғалым - e-history.kz

Қазақстан Республикасының орта білім беру және Қазақстан тарихын зерттеуші ғалымдар ортасына белгілі тұлға Сейітқали Жахияұлы Дүйсен үстіміздегі жылдың 5 қазанында 70 жасқа толады.

Осы жылдардың ішіндегі кәмелеттікке жетіп, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі уақыты бүгінгі күнге дейін ол Қазақстанның орта білім беру ісіне үздіксіз және белсене араласып келеді. Сонымен бірге Сейітқали Жахияұлы еліміздегі Қазақстан тарихының келелі беттерін нәтижелі деңгейдегі зерттеуші тарихшы ғалымға айналып отыр.

Егер де оның жүріп өткен өмір жолына шолу жасайтын болсақ, орта мектептің оныншы сыныбын аяқтап, 1970 жылдан Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алудан басталғаннан қазіргі кезеңге дейін оның педагогтық және ғылыми қызметі ешқандай үздіксіз жарты ғасырдан астам уақыт бойы жалғастырылып келе жатқандығы белгілі. 

Оның еліміздегі жалпы білім беру орындарындағы тарих пәнін және оның жекелеген бағыттарын оқытуды жетілдіру мен тиімділігін арттыруға арналған әдістемелік нұсқау еңбектері орта мектептегі тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген уақыттан бастап жарық көре бастаған еді. Мысалы: «Мектепте ұстаздық еңбек ете жүре Сейітқали Жахияұлы тарих мұғалімдеріне көмек ретінде көлемді тұрғыдағы «11-сыныпта Қазақстан Республикасының бейбітшіл сыртқы саясатын оқыту әдістемесі» (– Астана: «Элит баспа орталығы». 2004. - 81 бет.); «Қазақ хандығының сыртқы саясатын оқыту әдістемесі» (– Астана: «Элит баспа орталығы». 2004. - 94 бет), атты туындылары баспадан жарық көріп, Астана мен Ақмола облысы көлемінде тарады.

Бұлармен қатар бұл уақыттарда «Қазақ тарихы», «Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал», «Қазақстан мектебі» журналдарында орта мектептегі Тәуелсіздік талаптары негізіндегі Қазақстан тарихы пәнін оқытуға арналған 10-нан астам ғылыми-әдістемелік мақалалары жарияланды.

Осы мерзімдерде республикалық ғылыми-танымдық «Қазақ тарихы» журналында «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты». (2004. №1. 149-153 бет); «Нәзіртану». (Қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұловқа арналған) (2007. №3. 99-101 бет) сияқты факультатив курстарының бағдарламалары мен күнтізбелік жоспарлары жасалды.  

Бұл бағалы тарихи-танымды және әдістемелік шығармаларды республикамыздың орта мектептері тарих пәні мұғалімдері өз сабақтарында бүгінгі күнге дейін қолданып келеді.

Сейітқали Жахияұлының жоғарыда аталған қажетті де пайдалы еңбектері орнымен бағаланып, лайықты орнын тапты. Атап айтқанда, 2000 жылы Алматыда өткен I республикалық педагогикалық оқуларда тарих пәнін оқытудағы білім беру мен тәрбие мәселелері бойынша жасаған баяндамасы 1-ші орынды жеңіп алды. Ұстаздың нәтижелі еңбегі туралы республикалық «Егемен Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары», Елордалық «Астана ақшамы» газеттерінде мақалалар жарияланды. 

Сонымен қатар С.Дүйсен туралы мәлімет «Қалдырар ізің мәңгілік» атты республикадағы үздік мұғалімдер туралы тұңғыш очерктер жинағына енгізілді. 

Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиядағы табысты еңбегі ескеріліп 2021 жылы жарық көрген «Өнегемен өрілген тарих» атты мектеп тарихына арналған кітапқа (33,8 б/т) көлемді мақала түрінде енгізілді.

С.Дүйсеннің орта мектепте Отан тарихын оқыту бойынша мол білімі мен тәжірибесі және ғылыми-әдістемелік мақалалар жазу қабілеті ескеріліп республикалық «Қазақ тарихы» журналының Ақылдастар алқасының, кейін сарапшылар тобының мүшелігіне қабылданды және бұл жауапты қоғамдық жұмысты бүгінгі күнге дейін атқарып келеді.

Сейітқали Жахияұлы мектептегі ұзақ жылдар тарих пәнін оқытудағы тәжірибесін талдай және бұл істі одан ары жетілдіру үшін мектепте еңбек ете жүріп педагогика ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 

Оның одан кейінгі шығармашылық ісі Қазақстан тарихының келелі мәселелерін ғылыми негізде жариялануға арналып отыр. Осы мақсатын іске асыру үшін ол 2011 жылы Мемлекет тарихы институтына жұмысқа шақырылып, бүгінгі күнге дейін бұл ғылыми-зерттеу орнында жоспарлы да нәтижелі және ізденімпаздық істер атқаруда. Мұнда да ол Қазақстан тарихын орта мектептерде оқытудың тиімділін арттыруға арналған ойларын одан ары іс жүзіне асыруда. 

Атап айтқанда Институтта еңбек ете жүріп орта білім беру ұйымдарына арналған оқу бағдарламалары мен оқулықтар әзірлеуге қатысты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының тапсырысы бойынша 12 жылдық экспериментті мектептің 11-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінің бағдарламасын және 12 жылдық экспериментті мектептің 11-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінің оқулығын (Б.Аяған, Ж.Қалиев және Қ.Еңсеновпен авторлық бірлестікте) жазуға қатысты. 

Әл-Фараби есімін Қазақ еліне қайтарған ғұлама ғалым Ақжан Машанов туралы орта мектепке арналған «Машанитану» авторлық факультатив курсын («Қазақ тарихы» журналы 2015 жыл, №2) жариялады.

Бұлармен бірге ғалым бұл күндері Тәуелсіз Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына арналған ғылыми зерттеулермен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Көрсетілген тақырып бойынша көптеген ғылыми еңбектері шетелдік жоғары рейтингтік және отандық баспаларда жарық көріп, оң бағасын алды. Бұл салаға арналған зерттеу жұмыстарын одан ары жалғастыруда. Осылармен қатар авторлық бірлестікте дайындаған бірнеше баяндамалары Ресейдегі, Түркиядағы ғылыми конференциялар жинақтарында жарық көрді.

Келесі ерекше тоқталуға болатыны, Секең Қазақстан тарихшы ғалымдары, барша оқырман қауым арасында Кеңестік заманынан бергі уақыттағы Қазақстанның қалыптасып, өркендеуіне айырықша үлес қосқан тарихи тұлғаларға арналған зерттеумен белсенді және нәтижелі айналысушы ретінде танылып отыр. 

Атап айтқанда оның Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері «Жұмабек Тәшенев» (2012 ж. 20 б/т.) (Қ.Еңсеновпен бірге), «Қазақтың қайсар қайраткері - Жұмабек Тәшенев» (жинақ, 2015 ж. Қ.Еңсеновпен бірге), «С.Ниязбеков» (2022 ж. 8,6 б/т.) (Ж.Қалиевпен бірлескен)» және қазақтан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы, еліміздегі аталған ғылым саласын ұйымдастырып, одан ары дамытушы К.Мыңбаевтың өмір және ғылыми жолына арналған «Кәрім Мыңбаев» (2016 ж. 12 б/т) (Ж.Қалиевпен бірге) атты ғылыми-танымдық кітаптары өзінің деректерінің құндылығы, танымдық және тарихи жаңалықтарының молдығы, тақырыптардың келелігімен ерекшеленіп отыр.  

Сейітқали Жахияұлының 2018 жылы баспадан шығарылған «Қазақстан дипломатиясы» (2018 ж. 21 б/т.) атты кітабы Еліміздің тарихындағы бірнеше ғасырлық кезеңді қамтитын дипломатия қызметі саласына талдау жасалған зерттеу болып табылады.

Автор өзінің әрбір ғылыми туындыларының дайындалуына мұқият назар аударады. Дайындалатын шығармаларының мазмұнын архивтік және құнды да тың тарихи мағлұматтарын іріктеуді баса назарында ұстайды. Әрбір шығармасының методологиялық талаптар тұрғысында жазылуына, жарияланатын мақалалар мен кітаптарының ғылыми жаңалығына жүйелі негізде назар аударады.

Сейітқали Дүйсеннің үздіксіз ұзақ жылдар бойы атқарып келе жатқан білім және ғылым саласындағы еңбектері бұл күндері лайықты бағаланып отыр. Атап айтқанда, ол Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен үш мәрте (1984, 1991, 2001 жж.) марапатталды. Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» (1993 ж.) атанды. «Ы.Алтынсарин атындағы» медальдің (2004 ж.) және 2018 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2020 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 

2021 жылы Сейітқали Жахияұлына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Тарих мамандығы» бойынша «қауымдастырылған профессор» атағы берілді.

Бүгінгі 70 жасқа толып отырған мерейлі мерекесінде Дүйсен Сейітқали Жахияұлына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институты ғалым-әріптестері атынан зор денсаулық, келелі ғылыми-шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Ғ.М. Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы Жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшесі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?