Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» кітабы жарық көрді

2596
«Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» кітабы жарық көрді - e-history.kz

Желтоқсанның 7-сі күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түріктану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбайдың «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» еңбектер жинағының таныстырылымы өтті.

Бұл жиынға белгілі ғалымдардан Қойшығара Салғараұлы, Ержан Исақұлов, Серік Негимов, сонымен бірге Қайрат Сақ, Дәулеткерей Кәпұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері мен тарихшы магистранттар қатысты. Кітаптың таныстырылымына арналған жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек: «Бүгін біз тарихи оқиғаның куәгері болғалы отырмыз. Алдарыңызда өте әдемі дизайнмен шығарылған, құны баға жетпейтін кітап жатыр. Қазақтың тарихына қатысты осы кітап Ақтан сопы Құтб деген кісінің «Біздің тарих» кітабының негізінде жарық көрген. Ақтан сопы Құтб XVI ғасырда ғұмыр кешкен кісі. Миллион адамның ішінен бір нағыз софы шығады, ал соның ішінде құтб деңгейіне көтерілетіндер некен-саяқ» дей келіп, кітаптың маңызы туралы айтып өтті. Тұсаукесер рәсімінен соң ғалымдар осы еңбек туралы пікірлерін білдірді. 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойшығара Салғараұлы:

Француздың ағартушысы Монтескье деген кісі айтыпты: «Әлем халықтарының ішінде жаулап алудан даңқымен, ерлігімен бірде-бір халық түріктерге жете алған жоқ. Олар шын мәнінде әлемнің жаулаушысы болды. Басқа халықтардың бәрі үнемі соларға қызмет етуге жаралғандай еді. Небір ғажайып империяларды құрған да солар, құлатқан да солар. Бірақ, олардың әлем таңғалатын ерліктері мен өнегелі істері ғасырлар қойнауына көміліп жоқ болып кетті, бар айыбы өздерінен шыққан тарихшылар болмады». 

Кезінде қатталып жазылмағандықтан тарихымызды түгендей алмай қалдық... Тарихымызды білмегеннен кейін, ата-бабаларымыздың жақсысынан өнеге, жаманынан сабақ алып, оны болдырмауға тырыспағаннан кейін, алдында ерліктер мен тұлғалар болмағаннан кейін бірыңғай бодандыққа түсу –бізді осындай жағдайға алып келді. Осыны білмегеннен кейін қазір қараған кезде мына кітапты түсінбей қалуы мүмкін. Мына кітаптың әр оқиғасына, оны жеткізген деректеріне мән беріп оқу керек. Бұл кітаптағының бәрі періштенің қолымен жазылғандай ғаламат деп есептемеймін, пікірталас тудыратын толып жатқан сұрақтар бар. Бірақ, бәрі ойдан шығарылған емес, сол Ақтан сопының алдындағы адамдардың таным-түсінігі, солардың көрген-түйгеніне қатысты ел аузындағы аңыздардан жазылған.

Осылай баға берген Қойшығара ағамыз топан судан кейінгі Нұқтың сегіз ұлының аты сегіз мемлекеттің аты екендігіне, Түрік патша, Түтік патша деп кететін билеушілерге қатысты деректерге, Жалайыр руының шежіресіне тоқталып, кітапта жер атаулары, су атаулары, кісі атауларының тарихына қатысты құнды мәліметтер барын айтты. 

Саяси ғылымдар докторы, мұратанушы-профессор Ержан Исақұлов өз сөзінде жинақтағы негізгі еңбек деп Ақтан сопы Құтбтың хижра жыл санағы бойынша 1142 (м.1730) жылы жарық көрген «Біздің тарих» атты кітабы саналатынын тілге тиек етті. Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» атты кітабындағы адамзаттың алғаш жаралған кезеңі, Ыдрыс пен Нұқ пайғамбарлар тарихы, жер-су атауларына қатысты мәліметтерге, дулат руынан шыққан ұлы ғұлама, Шымыр Алтыбармақ туралы да тарихи деректерге, бүгінде ру атына айналған адамдар кім, олардың аты Евразия кеңістігіне қалай тарады, адамзат ұлттарға қалай бөлінген деген сұрақтардың жауабына тоқтала отырып,  Шыңғыс ханның ең сенімді қолбасшысының бірі Ноқта ноян, оның ағасы Орақты, олардың ұрпақтары туралы айтты. 

Кітап авторы Зәріпбай Оразбай: «Жаратқанның осы кітапты осы күнге жеткізгеніне мың да бір шүкір айтамын. Осы кітапты ата-бабалар небір қиындықтарды бастан кешіп жүріп жеткізген. Кітапта жазылған мағыналарын ағаларымыз айтып өтті. Менің атам Ережеп Бұқарадағы Көкілташ медресесін бітірген ғұлама адам болған, репрессия кезінде жендеттер қолынан қаза тапқан. Содан бұрын біздің үйде Алтыбармақ деген кісінің кітабы сақталып қалған екен. Оны сақтау үшін сандықтың астына қойып, үстінен бір қатар тақтай қағып жіберген екен» деп өткен күннен сыр шерте келіп, кітапты «Ұлы тарих және ұлы әулиелер» деп атауының сыры – еңбекте Түрік атаның тарихы қамтылғанымен байланысты екенін айтты. Кітап авторының айтуынша, бүгінгі Алатау мен Қаратаудың баурайындағы Сайрам мен Таластың екі аралығын түркілердің алтын бесігі дей отырып, Түрік ата Ұлы көш жасап, Байкал, Балқаш, Ертіс бойына ұрпақтарын қоныстандырған екен.  

Сондай ақ, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов те «Кітапты қолына ұстаған адам ежелдегі ру-тайпалардың шығу тегі, дамуы, тіршілігі қалай болды, тарихы қалай еді, салт-дәстүрі қандай болған, қай жерді мекендеді, бір-бірімен қарым-қатынастары қалай еді деген сұрақтарына жауап алады. Осындай дерекке толы мұраның өткенімізді түгендеуге, келешегімізді зерделеуге мол ықпалы бар» деп жаңа кітап турасында толымды пікірін білдірді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?