Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың наурыз көжесі

1628
Қазақтың наурыз көжесі - e-history.kz

Сурет: el.kz

Ұлыстың ұлы күніндегі қасиетті асы – Наурыз көжені пісірудің де өзінше үлкен мәні бар.  Жалпы түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті болғандықтан, оның үстіне қазақ халқы жеті қат жерді мекендеп, жеті қат аспанды төбесіне тұтып, жеті атаға дейін қыз алыспай, жұма сайын жеті шелпек таратып, жеті қазынаны ер жігіттің бағы деп есептейтін болғандықтан, осы наурыз-көжеге де жеті түрлі дәм қосады.  

Көктем жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы болғандықтан, наурыз-көженің тағамдық қуатының мол болуын ата-бабамыз баяғыдан ойластырған. Наурыз көжеге ет салғанда кез келген етті емес, қыстан қалған сүрді, қазанның құты деп жамбастың шұқыршағын, қазы-қарта  салған. Аталарымыздың етке ештеңе теңгермейтіні еттің тағамдық қуатын бағалағаннан, өйткені жақсы етте ақуыздың 14-19 пайызы, майдың 12-15 пайызы, одан бөлек нешетүрлі дәрумен, минерал тұздар болады. Одан бөлінетін сорпаның тағамдық нәрі мол келеді. Дәндерге келсек, бидайда калий, кальций, темір, йод, мырыш, т.б. элементтерден бөлек, нешетүрлі дәрумендер мол. Мысалы, арпаны қосу арқылы қандағы гемоглобин мөлшерін көбейтуге болады екен. Ал, тарыда 10-15 пайыз ақуыз, 59 пайыз көмірсу, 35 пайыз май бар көрінеді.

Наурыз-көжені әр аймақ әртүрлі дайындайды, кей жерде жүгері қосатындар да бар, кей жерде ақ құрт салады. Малта немесе мәйек ірімшік қосатындар да кездеседі.  Жалпы сүт минералды заттарға, микроэлементтер мен ферменттерге өте бай келетіндіктен көжеге ақ мол қосылғаны дұрыс. Мейіз қосып та дәмін келтірген көженің дәмін көрдік. Әр аймақтың наурыз-көже дайындау әдісі әртүрлі, оны мынаусы  дұрыс, мынаусы дұрыс емес деуге болмайды, қай-қайсысы да өзінше дәмді. Қалай болғанда да адамдар наурыз-көжеге молшылықтың, тоқшылықтың белгісі ретінде қарап, наурыз-көжесін өте дәмді, маңызды, нәрлі етіп пісіруге тырысатыны анық. 

Дегенмен кең қолданыстағы наурыз-көже мәзірін ұсынып көрейік. Әрине, бұл мәзірдің көлемін қонақ санына қарай көбейтін отырасыз, ал шағын адамға төмендегіше рецепт жарайды. Алдымен қазанға 4-5 литр су құйып, оған 1-1,5 келі сүр ет, қазы-қарта салады. Ет қайнағанда көбігін алып тастап, әлсін-әлсін сапырып отырып, пісті ау дегенде етті алып қойып, бидай, күріш, жарма, тары қосады. Бұл дәндердің пісу уақыты әртүрлі болғандықтан, бәрін бірге салмай, пісу уақытына қарай салып отырған дұрыс, әйтпесе езіліп ботқа болып кетеді. Ал, дәндерді шамамен 100 грамнан алса дұрыс, яғни 100 грамм бидай, 100 грамм арпа, 100 грамм тары, 100 грамм күріш, 100 грамм жарма, тұз салады. Айран мен сүтті (бір литрден) әбден суығасын құйған дұрыс, ыссылай құйса іріп кетеді. 

Жалпы наурыз мерекесі бес мың жылдан бері тойланып келеді деген деректер бар. Кеңес үкіметі Наурызды діни мейрам есептеп 1926-1988 жылдар аралығында, оны тойлауға тыйым салған заманның өзінде көнекөздер наурыз-көже пісіріп, бала-шағасына дәм татырып отырған. Ертеректе әйелдер өздерімен ыдыс ала жүріп, әр үйдің қазанынан көже құйып алып, оны өз қазанындағы көжеге құйып, әрқашан осы көжедей араласып, ынтымағымыз жараса берсін деп ырым еткен дейді. Сондай ақ жеті үйге кіріп наурыз-көжеден дәм татып шыққан адамға сол жыл ерекше берекелі болады деген  сенім де болған. Оның бәрі жақсылықтан үміт етуден туғаны анық. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?