Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хан Кене орда тіккен жер

4763
Хан Кене орда тіккен жер - e-history.kz

Сурет: Instagram/kazakhi_v_moskve

Қазақ хандығының соңғы ханы, бүкіл саналы ғұмырын ұлтымыздың тәуелсіздігіне арнаған  Кенесары Қасымұлының (1802-1847)  күрескерлік өмір тарихында Жарқайың өлкесі ерекше орын алады. 

Жердің шалғайлығына, Торғай мен Ақмола облыстары арасындағы тағдырына байланысты бұл өлкенің тарихы әлі зерттелген жоқ. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде және тарихи шежіресінде  бұл жерді «Жарқайың  ағаш» деп атайды.  Бұл жерде көне заманның қорғандары мен жұмбақ құрылыстары, ортағасырлық қалалар мен қоныстары мол. Оның көне тарихын Барын (Бараң) көл маңындағы «Алып» аталатын ескерткіштерден де сезуге болады.  Бұл бірнеше жүз метрге созылған топырақтан үйілген жал.  Жалпы сипаты қола дәуірінде пайда болған «Торғай геоглифтеріне» келеді. Жарқайың ортағасырлық тарихи жазбаларада, соның ішінде Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорықтарын баяндайтын «Зафар наме» сияқты кітаптарда  аталады. Тарихи тұрғыдан Жарқайың тағдырына соңғы араша түскен Кенесары ханды атауға болады.  Даңқты хан өзінің Ресей патшасына жазған хатында  Жарқайыңды  атам Абылай ханнан қалған  құт мекенім дейді. Кенесары патша үкіметіне жазған хаттарында Жарқайыңды қазақ жеріндегі ең танымал, қаруашылығына ең қажет аймақтармен қатар атайды. 

Жарқайың  ауданының территориясын араласаңыз Есілдің Шолақ талды Кен, немесе Кен, Сандық су сияқты бірнеше салаларын кездестіресіз.  Ортағасырлық қалалар мен бекіністер  Есілдің ұзына  бойында орналасқан.  Кейін келіп олардың үстінен  Ресейдің әскери бекіністері мен қоныстары түсті.  Ресейлік қоныс аударушылар 1908 жылы келіп  Кең өзенінің Есілге құяр тұсындағы құнарлы  өңірге келіп қоныстана бастаған.  Сол кездегі мұжықтарға берілген жер өлшемдері тіркелген құжаттардағы орыс деревнясы орныққан учаскенің бұл аты «Чалак-Талдык-Кенский» түрінде кездеседі (Справочные сведения о переселенческих селениях и участках Акмолинского переселенческого района. Омск. 1911. С.502).   Кейін келе селолық сходта «Державинское» атауын таңдаған. Бұл өңірде тың игеру аталатын науқан кезінде   1955 жылы –оңт.-батысында Қостанай обл-мен, солтүстігінде Есіл, шығысында Жақсы, Атбасар аудандарымен шектесетін Жарқайың әкімшілік ауданы ұйымдастырылып, ауданның орталығына  билік әуелде  «Шолақ талды Кен» атымен белгілі Державинск ауылын таңдаған.  Міне Есіл бойындағы  елді мекеннің   шағын ғана анықтамасы.

Есіл қазақ жерінен өз бастауын алып Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа тартады.  Сарыарқаны бір көрген адам оның қасиеті осы Есілмен қадірлі екенін біледі. Оның ұзындығы екі мың шақырымнан астам.  Ерте кезде Есілдің суы арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шалғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыарқадан  Жетісуға қарай ауғанда :

Бұл қоныстан кеткен соң,

Көреміз бе, дүние-ай,

Мына жатқан Есілдің,

Көк орай тартқан өзенін ?!-

деп жылап қоштасатын өзені осы Есіл.

Осындай себептерге байланысты Есілдің ұзы-ырғасындағы әр бір жары мен саласы, тоғайы мен шілігі, ежелден қазақтың қоныс салған қыстаулары мен өткелдері халықтың жадында жақсы сақталған. 

Есілге  Сандық су құятын тұста, қазіргі аудан орталғына жақын  Ор (Оркөшегі) атанған қалашық болғаны белгілі.  1830 жылдары Кенесарыға қарсы салынған Жарқайың қорғаны бұрыңғы Ор қаласының  үстіне салынған.  Кенесарымен соғыс кезінде Ресей үкіметіне  қыр өңіріне бақылау жасауға ыңғайлы және өзіне де қорғанысқа қолайлы жерде  бекініс керек болды. Бұл бекініс Н.Красовскийдің «Область Сибирская киргизов» атты үш томдық еңбегінде және Л.Л.Мейердің «Киргизская степь Оренбургского ведомства» атты жазбасының соңындағы картада «Джаргаинь» деп көрсетілген. Кейбір ресейлік карталарда қазақи ретпен «Жарғайын ағаш» деп көрсетіледі. Бұл көне қалашық  Шолақсандық ауылынан 3-4 шақырым жерде. 

Жарқайың маңындағы «Солдат түбегі»  талатын жер атауының тарихын жергілікті қариялар Кенесарымен байланыстырады.  Ол әңгімелерде бірде Наурызбай төре, бірде Ағыбай батырдың аттары аталады. Ресей құжаттарының ішінде «Кенесары погнался за отрядом Горского и настиг его близ урочища  Жергаина, где и окружил. Горский едва не попался в плен. Но к своему счастью, он получил помощь, и Кенесары был отражен. Преследуя подполковника Горского Кенесары убил 4 казаков, 4 человека были взяты в плен и отбил 800 лошадей обратно» деген дерек бар. Бұдан шығатын қорытынды Горский отряды қазақ ауылдарына карательный экспедиция жасап, жылқысын айдап келе жатқанда Кенесары қуғынына ұшыраған. Бұл 1840 жылы болған оқиға. 

Хан Кенені бұл жерден ығыстыру үшін Ресей Ор қадасының үстінен, Сандық судың Есілге құярынан әскери бекініс сала бастады. Бұл бекініс  қазақ шаруашылығы үшін ауыр соққы болды.  Қазақ жері қаншалықты ұлан-ғайыр болғанымен оның қыс қыстауға қолайлы жерлері онша көп емес.  Кез келген мал өсірген адам  өзінің шаруашылығы  үшін қыстың суық желінен қорғау болатын, су шүйгін, суы мол жерді іздейді.  Сол себепті де әуел бастан бұл өлкені қысқы қоныс ретінде пайдаланған Кенесары ханнің елі  Жарқайың үшін күрес ауыр жүрді.   

Е.Бекмахановтың «Казахстан в 20-40-х годах ХІХ в.» кітабында Кенесары ханның азаттық күресіне қатысты  Жарқайың өңірі  бірнеше рет аталады.  Мысалы «Есіл жағасындағы Көкалажар қамалын Кенсары әскері қоршауға алғанда гарнизондағылар көтерілісшілерді жақындатпай ұзақ атысады. Сонда Иман батыр кішігірім тобымен байқатпай барып, қамалдың сыртынан соққы беріп, оған басып кіреді» деп сипаттаған оқиғасы осы Жарқайыңға байланысты. Бұл жер Шолақсандықтың маңындағы Қоғалы жар, Е.Бекмаханов кітабында  Көкала жар деген атпен  жүр. Қазақ жерінде Көкала жар деген де топоним бар, Ол Есіл емес, Сарысудың орта ағысында.

Әли Шарафад-диннің 1391 жылы жазып қалдырған жорық күнделігінде: «Ұлытаудан шығып, Есілге құлап Жарқайың бекінісіне келдік» делінеді.  Осы сияқты ақпараттардан шығатын қортынды біреу- Жарқайың оңтүстік пен солтүстік арасындағы «Ұлы меридиан жолының бойында орналасқан құт мекен, яғни Жарқайың елі Ұлытау арқылы Сыр бойымен, Түркістан өңірімен байланысып жатыр. Екіншіден күнгейден  шыққан керуендер Жарқайың арқылы Еділ –Жайық бойына, одан да әрі аймақтарға өтеді. Міне, Жарқайыңның Кенесары хан жазғандай қазақ жеріндегі ең айтулы қоныстың бірі болуы осы себепті.

Аудан орталығына Кенесары ханды таңдаған азаматтарға жақсы тілектер айттық. Жол мәселесі,  яғни логистика қашанда есте болғаны жөн.  Экономикасы дамыған елдің руханияты да көштен қалмауы керек.  Енді аудан  Кенесары хан атына лайық екенін дәлелдеу керек, бұл аудан орталығының атын өзгертуден көрі қиынырақ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?