Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өнердің өміршеңдігі – ұлт мүддесін қорғауында

2104
Өнердің өміршеңдігі – ұлт мүддесін қорғауында - e-history.kz

Мұхтар Мағауиннің: «Қазақ әйелінің ұлтымызға тән қайрат пен еңбек, қайсарлық пен шыдам, ізгілік пен жанашырлық сияқты абзал қасиеттерді көбірек сақтағанына көз жеткізіп отырмыз» дейтін пікірі бар. Біз кейіпкеріміздің бойынан сондай мінезді байқағандықтан да ол кісімен дидарласуға ықыласты болған едік. 

Адамның өмірінің мазмұнын немен өлшеуге болады? Әлбетте, тәрбиесімен, ақыл-парасатымен, қоғамға қызметімен, мұратына адалдығымен өлшесе дұрыс болар. Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Шолпан Қыдырниязованың есімі республика жұртшылығына бұрыннан мәлім. Айтыс өнерінен бөлек, жазба поэзияға да үлес қосқан, «Елігі еркін даланың», «Қаратөбем қасиетті құшағың…», «Қос қанат» деген жыр жинақтарының авторы, ұлттың тілін сақтауда, жас ұрпаққа қазақы тәрбиені сіңіруде қажыр-қайратын аямай, бақытын еңбектен тапқан адам бүгінде абырой биігінде. 

Шолпан апайдың сөзіне құлақ қоюға асық болғанымыздың тағы бір себебі – Шолпан Батырқызы кейінгі  жылдары өмірден байқағанын, көз жеткізіп түйгенін салмақтап, афоризм деуге боларлық бір ауыз сөзбен түйіндейтін ерекше жанрда қалам тербеп жүр. Мысалы, мынадай: «Ұлы мықты –  ұлт мықты», «Ыссы буы ақшаның,  ойлатпайды басқаны», «Қатенің де әкесі бар», «Адамның жанын жаралайтындар – адалдық айнасына қарамайтындар», «Антын бұзған – халқын бұзар», «Ханы мықты елдің – Заңы мықты, Заңы мықты елдің  – таңы құтты. Заңды сақтау  – ар, бұзу – зар», т.б. түсінгенге оймақтай ой ғана емес, орасан мәні ашылар сөз тізбектері жалғасып кете береді.

Шолпан апайдың нақыл сөздерінің арасында  бүгінгі қазақ қоғамындағы  белең алған тұтынушылық сана философиясын  екі шумаққа сыйдырған, формасы жағынан термеге бергісіз : 

Топтан озса тұлпарың тағалаған, 

Табылар ағалаған, жағалаған. 

Табаның тайғанаған сәттеріңде, 

Түлкідей аунап түсіп табалаған. 

Жеткізбес жеті өнер, жеті айла, 

Дөңгелек дүниенің шеті қайда? 

Сөзге ерген, көзкөргендер күйе жақса,

Малынар мансаптының беті ылайға, – деп келетін сәтті шумақтар да бар. 

 Қазір адамның өзін тануы, өмірден жолын табуы, жеке адам ретінде табысқа жетуі деген бағытта кітап жетеді, бірақ оның дені шетелдің дүниесі болғандықтан да біздің қазақы тәрбиемен тұтас жымдасып, кірігіп кете алмайтындығы рас. Ал Шолпан апайдың «Анадан – ақыл, әжеден – әдеп» деген жинағы ұл-қыз өсіріп отырғандар үшін көмегі бар құрал дер едік. Мысал келтіре кетейік. Қазақ әйелінің бүкіл жүріп өтер жолы мен тағдыры өріліп түсіп, үш-төрт жолға сыйып кеткен  мына сөздерін оқып ойланып қаламыз: «Тағдыр – маңдайға жазылған майдан. Бақыт – басар баспалдағыңды биіктету, сүйікті болу мен сүйікті ету, бір жігіт үшін ата-анаңды қиып кету, аттаған алтын босағаңа сыйып кету, сыйып кету үшін күймеске күйіп кету, тамыр жайып өну, көнбеске көну, қырық шырақ жанып, сөну, бағыну мен сағыну, уайымдау, уайымдату мен өзіңді мойындату. Бұл жолдан бізге дейінгілер өткен, төзімділері ғана мұратына жеткен, бізден кейінгілер де өтеді. Майданда үлескер емес, күрескер болыңдар, қыздарым!» дейді Шолпан Батырқызы. 

Ендеше ақын Шолпан Қыдырниязованың бүгінгі қоғам, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, айтыс жайындағы ойлары оқырман үшін қызықты болады деген ойдамыз. 

 

-        Шолпан апай, қазақ радиосынан «Темірқазық» хабарының сіздің шығармашылығыңызға арналған, музыкамен келісті көмкерілген санын тыңдап шықтық. Байқаймыз, сіз соңғы кездері проза жаза бастадыңыз. «Кемпірдің көз жасы», «Қарғыс», «Жаза», «Малыш», т.б. прозалық дүниелеріңіз әлеуметтік желіде жарияланып, оқырмандарыңыз пікір білдіріп жатыр. Проза жазуға деген құштарлық қашан басталды? Тіпті өзіңіз жетпіс жасқа толғанда да айтыс емес,  эссе мен шығарма бойынша байқау жарияланғанынан хабардармыз. Бұның сіздің жаныңызға бір тыныштық пен барақат сыйлайтын сәті бар ма? 

-        Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаздарым Бәке, Галина Есенғалиевтер үйірме жұмыстарына жете көңіл бөліп, әр оқушының қабілет қайырымын дәл басып баулитын, сәтті жазылған шығармаларымызды талдап, қанаттандыратын, еркін тақырып таңдататын. Сол дағды ғой, соңғы уақытта денсаулыққа байланысты үйде отыратын уақытым көп болуына байланысты әңгіме жазып жүрмін, шынымды айтсам, ерік-жігерімді жанитын, миды мығымдайтын өзіндік ем жолым.

-  Айтыс өнері ұмытыла бастаған сонау жетпісінші жылдары қолыңызға домбыра алып, осы өнерді  жаңғыртуға, дамытуға үлес қосып едіңіз.  Сіз жайында 1993 жылға дейін елуден астам айтысқа қатысып, соның 29-ында жеңімпаз болған деген деректі білеміз. Былайша айтқанда он жеті жасыңыздан бастап осы өнердің мәйегіне қанып, сырын меңгерген адамсыз. Кәнігі, кәсіби өнерпазға өзі білетін өнердің бүкіл сипаты алақандағыдай анық көрінуі де заңдылық. Бүгінгі айтыс туралы пікіріңіз қалай?

- Айтыс – текті өнер, тілдің көркемдік шыңы, суырып салмалықтың сахналық көрінісі, атамұра. Ол заманмен бірге өсіп-өніп, дамып, кейде баяулап, ұлтпен бірге ұлы көшпен бүгінге жетті. Айтыстың тағдыры – қазақтың тағдыры, оны бір-бірінен бөліп қарай алмайсың. Қиялы қанатты,  санасы сәулелі, ойы орнықты, темірдей тегеурінді, жүректілер ғана алқа топ алдына шығып, шыңғыртып шындық айтып, басын бәйгеге тіге алған, оны тарихтан жақсы білеміз. Бекзада өнердің өміршеңдігі ұлт мүддесін қорғауында, ол – халықтың үні, бүгіні мен ертеңі, ашық алаң айқасы, мықты идеологиялық күш. Қазақ барда айтыс бар, ол туралы әр түрлі пікір де айтылып  жүр, айтыла да береді, әркім өз пікірінің иесі, ол үшін бір-бірімізбен салғыласу қажет емес деп есептеймін. 

Иә, мен кезінде айтысқа қатыстым, әкем Батырдан бата алып, өнерге адал болуға сөз бердім, алғашқы ұстазым да әкем. Қ. Аманжолов, Қ.Тастайбеков сияқты тұлғалармен етене араласқан оның өмір тәжірибесі, әдеби ортадағы беделі менің жолымды ашуға көп көмектесті. 

Қашан да ел сенімі салмақты екен,

 Өр халқым, пейіліңнен самғап кетем.

Атадан қалған мұра айтыс еді, 

Кейінгі ұрпаққа оны жалғап кетем, – деген мақсатпен аламанға ат қосып, осы үрдістен шығу үшін адал қызмет еттім. Атақ үшін емес, айтыстың абыройы үшін тер төктім, нәтиже жаман болмады. Сахна мәдениетіне мән бердім, жолымның жіңішкелігін естен шығармадым, Сыйластық сызығынан аттамадым, ешкімді даттамадым, болмысым бояусыз болды, жеткеніме де, өткеніме де өкінішім жоқ. Бүгінгі айтыс өлеңі көркемдік жағынан өскенін, айтыскерлердің саяси сауаттылығын, ой жеткізу шеберлігін, ішкі дайындықтарының мықтылығын мойындау керек. Кезінде жаттандылыққа бой алдыру, сөз қайталау, жеке басқа тиісу т.б. кепілдіктер болды, сынадық, қорытынды шықты, көш түзелді. Ел арасындағы «келісіп алады» деген сөзді қолдамаймын, қазіргі ақындар бірін-бірі жақсы біледі, кіммен айтысуға да дайын  жүреді деп ойлаймын. Айтыс табыс көзіне айналып кетті, – дейтіндерді де жақтамаймын. Демеушілер күшімен өтіп жатырған шараға қызғаныш жасау дұрыс болмас.

- Біздің бала кезімізде «Мәдениет және тұрмыс» журналында Жамал апайдың айтқандары деген болушы еді, қазір «Шолпан апайдың тәрбие сағаттары» бар. «Дана кз» басылымына берген жауабыңызда: «Өзімнің әжелік өнегемді, үлкендік жолымды көрсетейін деп жазып жүрген жұмыстарым. Оның ішінде «Ұл қандай қандай болу керек?», «Қыз қандай болуы керек?», «Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек?» деген бөлімдері бар депсіз. Жақында кітап болып шығыпты. Ауылдан шыққан біз үшін айтып отырғаныңыздың бір қатесі жоқ, бәрі өмір көрген адамның түйіндері. Өйткені, келін ондай, мұндай болуы керек дейміз де, ененің өресі мен парасатына қатысты айтыла бермейді. Ал енді «ұлттық дәстүрдің шектеуі көп, адам еркін болуы керек, үлкендердің өмір тәжірибесі тек өздеріне ғана жарайды, қазір басқа уақыт» деп есептейтін жаңа ұрпақ бұл ақылды қалай қабылдауы мүмкін?

- Мен өзімді "мықтылар" қатарына қоса алмаймын, қарапайым еңбекқор қазақ әйелімін, заман талабына сай өзімді дамытып келемін. Салқынқандылықпен, сабырмен, нәтижеге жұмыс істеуді дағдыға айналдырған жанмын, ата-анамнан алған тәрбием мен өмірден түйген тәлімім ұстанымыма ұласып жатыр. Елдік мәселеге енжарлық танытпаймын, қоғам қозғалысынан қалыс қалмаймын, пікір тыңдаймын, жігерімді шыңдаймын, қисық сөзге сынбаймын, әрбір адамның бойынан,  ойынан жақсылық іздеймін, болашақтан үміт үзбеймін, елімнің ертеңіне сенемін. Қазақ елінің бүгінгі еңкеймеген еңсесімен мақтанамын, жеткен жетістігіне, шығар шыңына шаттанамын, өзімді еліммен, халқыммен бақытты сезінемін. Егемен елдің ертеңіне бәріміз жауаптымыз, сол жауапкершілікке сай болу – үлкенге парыз, кішіге қарыз. Менің мақсатым – білгенімді, санаға ілгенімді, өмірден өргенім мен көргенімді жас ұрпақ санасына сыналап сіңіру. Сол бағыттағы ойларымды ортаға міндетсіз саламын, әркім керегін алады деп ойлаймын. Бүгінгі   қоғамда ұлттық тәрбиенің ұтымдысын тиімді пайдалану тетігі әлі де жетіспей жатыр. Соның бір кетігіне жараса деген оймен түрлі тақырыпта толғанып келемін, басқа ойым жоқ.

- Осынау жауапты шақта өзін сыйлайтын ұлтқа айналып, еңсе тіктеп, дербес санаға жете  алмай отырғанымыздың бір себебі - тарихи танымымыздың дұрыс қалыптаспауынан деген ойға көзқарасыңызды білсек... 

- Бізде  өкінішке орай кейде рух берудің орнына жастардың жігерін жасытып, рухын басу да орын алып жатады, бұл жолдан біз де өттік,  сүріндік, бірақ сынбадық, құладық, бірақ қирамадық, ширығып шегінбедік, ұранымыз: Тек алға! – болды.           

 Жарқырайды қазақтың Ай, Күні әлі, 

Шырқалады асқақтай айбын-әні.

Сол қазақтың рухты бір қызы едім,

Рухымнан рухсыз қаймығады. 

Есімімді келеді жар салар күн, 

Болмысыма бояусыз тамсанар күн.

Түсі суық дейтін жұрт ажалды да, 

Күрсінбей, күлімсіреп қарсы алармын.

Бұрмаланған тарихпен тәрбиеленген ұрпақтың өкілімін, өтірік пен шындықтың арасын ажырата алмай қалған тұстарымыз да болды. Атылғандар, айдалғандар  –    асылдар, "халық жаулары" – қаhaрмандар  болып шыққанына куә болдық, егемендік ес жиғызды, санаға сілкініс берді,  езілген еңсеміз тіктелді, қанымыз тулап, белсенділікке ұмтылдық. Сөз, ой еркіндігі пайда болды, ездіктен әздікке бет бұрдық, тұтынушылық санадан  азаттыққа ұмтылушылық көрініс бере бастады, дәл осы сәтте  елде ұлттық идеология қанат жаюға тиіс еді, өкінішке орай олай болмай қалды. “Адамды тұрмыс билейдінің” кері келді. Бұл қателіктің орнын енді жастар толтырады деп ойлаймын, білікті, білімді жастар билікке келіп жатыр, соларды етегінен тарта бермей, қамқорлықпен қолдау керек.

- Өткен жолы орамал мәселесі талқыға салынды, халықтың тамырын басып көрді де қоғамда пікір көбейіп, арты жүз пікір, мың шуға айналып бара жатқасын бұл ұсынысты қолдаушылар бір жолға шегінді, бірақ, келер жолы мәселе ушығуы мүмкін.  Бұл шиқан сияқты нәрсе, бір күні жарылады. Бара-бара әсіредіншілдер мен секталар қатары көбейіп, күшейіп, қақтығыс болуы да мүмкін ау деген бір қауіпті ойлап қоярымыз бар. Сіз қалай ойлайсыз?

- Еліміздегі дін мәселесін жалаулатып, өз мүдделеріне пайдаланғысы келетіндердің қатары  өсіп келеді. Иман әр адамның жүрегінде. Анам да, әжем де  бес мезгіл намазы қаза қылмаған, оразасын ұстаған жандар, біз төрт бала едік, қазақы салт-дәстүрмен тәрбиелендік, бірақ ата-анамыз бізге қазіргі кейбір ата-аналар сияқты дінге байланысты талап қойған емес, бақытты балалығымыз болды, жоқшылықтың шетін көрсек те, біріміздің киімімізді біріміз киіп, татулық бесігінде тербеліп өстік, имансыз болмадық, шүкірміз. Орамалымызды орнымен тартып, білгеніміз оқып, ел қатарлы келе жатырмыз. Мектепте орамал тартуға қарсымын, бүркеніп, оранып жүргендерден іргем бөлек, өз істеріне өздері жауапты ғой. Жалпы мәжбүрлеуге қарсымын.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?