Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаңа экономикалық серпіліс бағдары

1263
Жаңа экономикалық серпіліс бағдары - e-history.kz

Сурет: gov.kz

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Осыған байланысты ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы» бөлімінің ғылыми қызметкері, тарихшы Мәриям Кемелбекова өз пікірін білдірді.

Президентіміз осы жолдауда экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар екендігін ескеріп, біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өту жолдарын нақтылап беріп отыр. «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады» - деді Қ.Ж. Тоқаев. Жолдауда қойылған міндеттердің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс, ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Басты міндет–еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Ол үшін өңдеу саласын жедел дамытуды іске асыру қажеттігін баса көрсету қажет. Экономиканы әртараптандыру аса маңызды міндетке айналып, металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн деген Президент нұсқауы әбден орынды деп білемін.

Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек деп айтылған жолдауда. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Президенттің кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуы керек дегені де реформаның өміршеңдігін көрсетеді. Бұл жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму жолын ұстануды меңзейді. Сонымен бірге, мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуы керек екендігі баса айтылды.

Сонымен қатар, реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосуды, өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керектігі айтылды. Жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелердің бюджеттен қаржыландыру арқылы шұғыл шешілуін қамтамасыз етуі кәміл -деді Мемлекет басшысы. Сонымен бірге, сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық автоматтандырылады, мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілі енгізіледі деген тұжырым өте орынды. Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз ету де көкейтесті мәселенің бірі. Осының нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс деген болжам бізді қуантады. 

Жолдауда тағы бір маңызды ой - экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауының көбейуі туралы. Президенттің пікірінше, Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керектігін талап етілді. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс екені айтылды. 

Мұнда аса бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда Жолдауда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру, армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуы тиіс екендігі айтылды. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек. Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн. Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі - деді Қ.Ж. Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау. Оның әлеуетін бірақ қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырғанымызды көрсетіп, нақты міндеттерді атап, алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керектігіне тоқталып өтті. 

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың  маңызын «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін, оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігін, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажеттігін Жолдауда Президент баса айтты.

Сөйтіп, Жолдауда Мемлекет басшысы айтқандай: «Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Соның арқасында экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни оны 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, ұлттық табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет».

Әдебиет:

  1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы. //https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-adiletti-kazakstannyn-ekonomikalyk-bagdary-atty-kazakstan-halkyna-zholdauy-18333(1.09.2023 г.);
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?