Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи тұлғалар. 1-бөлім

1497
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи тұлғалар. 1-бөлім - e-history.kz

Қазақ халқы тарихының қасіретті кезеңінің бірі болған саяси-қуғын сүргін кезеңін кейінгі ұрпаққа бүкпесіз, бояусыз шынайы түрде жеткізіп, өмірде еш нәрсе кедір-бұдырсыз, теп-тегіс болмайтынын нақты мысалдармен өлке тарихына ұсынып, оны толықтыра түсу – ғалымдардың, өлкетанушылардың, аға буын өкілдерінің міндеті. Бірақ тарихты есту арқылы емес, көзбен көргенді, архив деректері арқылы баяндау дұрыс. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін халқымыздың «мың өліп, мың тірілген», «тар жолда тайғақ кешкен» тыныс-тіршілігі тарихымызға із қалдырған қасіретті күндер болды. Саяси қуғындау барлық бағытта да іске асты. Солардың Батыс Қазақстан өңіріндегі бірқатарына, дәлірек айтсақ, Адай мен Ырғыз көтерілісіне тоқталсақ... 

1921-1937 жылдар аралығында КСРО ІІМ-дегі мәліметтер бойынша, ОГПУ коллегиясы, НКВД үштіктері, Әскери коллегия, соттар мен әскери трибуналдар революцияға қарсы қылмыстары үшін деген айыппен 3 777 380 адамды соттады, оның ішінде ең жоғарғы ауыр жазаға 642 980, лагерьлер мен түрмелерде 25 жылдан, одан төменгі мерзімдерге ұстауға 2 369 220 адам, жер аударуға 765 180 адам жазаға тартылды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп,  1997 жылы жалпы­ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып белгіленуімен, ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған есімдерді анықтауға жол ашылды.  Сол зұлматқа ұшырағандардың ұрпақтары іздестіру жұмысына белсене араласты.

Кеңес билігінің бастапқы жылдарында аграрлық көшпелі қазақ елі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақстан компар­тиясының көшбасшысы Филипп Голощекин 1927 жылы «Кіші Қазан» төңкерісін жариялады. Асыра сілтеу мен халықтың қолындағы малды тартып алып қою салдарынан 1932-33 жылдары Қазақстанда ашаршылықтан бір жарым миллион адам көз жұмды, 600 мыңға жуық қазақ елін тастап көшіп кетті. Қазақ 2 миллионнан астам қандастарынан айырылды. Халықтың ауыр тіршілігі елдегі ұжым­дастыру кезінде өрши түсті. «Байлар» деген атпен ауқатты өзінің еңбегімен тапқан малын еріксіз тартып алып, оларды жер аударды. Өз малын, жиған-тергенін күштеп алып,  өзіне жау еткен қандай әділетсіздік десеңші... 

Маңғыстауда үкіметтің бұл саясаты асқан қатыгездікпен жүріп жатты. «Шаш  ал десе, бас алатын» үкіметтің жасанды қолшоқпарлары елге тізесін батыра бастады. «Байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің және Адай окру­гінің бұрынғы қызметкерлерінің контр­революциялық ұйымы» деген ұйым бар, солармен күресу керек деген қолдан жасалған тапсырманың нәтижесінде, ел ішінде «тазалық» жұмысын жүргізудің барлық шаралары қолға алынды. Мұндай саясатты халық бірден қолдамады. Елдің алды Қазақстанның Оңтүстік бетіне ығыса бастады. Қоныс аударушылар алдына тосқауыл қойылды. Ертерек кеткендердің көші қарулы жасақтардың күшімен кері қайтарылды. 

Деректерге жүгінсек, үкіметтің солақай саясатын мақұл көрмей, көнбей, өзінің азын-аулақ шаруашылығымен елден жырақ жүруге қолайсыз, су көздерін сағалап келген Құрмаш Қосжанұлы деген азамат отбасы мен өзіне етене жақын туыстарымен бас сауғалап жүрген. Ел ішіндегі телі-тентектердің, ұры-қарылардың, барымташылар өздерінің озбырлықтарын сол Құрмашқа жауып, оны шектен шыққан тентек, нағыз ұрының ұйымдастырушысы, үкімет саясатына қарсы деген атаққа ие қылған. Шолақ белсенділер Құрмашты үкімет адамдарына дәлелдеп, озбыр етіп көрсетуге тырысқан. Ал шын мәнінде Құрмаш – өз еңбегіне сенген қарапайым шаруа. Өзінше күнкөріс жасап жүрген адам екенін Маңғыстаудың шежіре ақсақалы, үкімет саясатын сол кезде белсене жүргізушілердің бірі Алшын Меңдалыұлы айтқан еді. Оған бір жағынан Алшынның аздап туыстық қатысы бар. Үкімет тапсырмасымен «сіздің айтқан ұсыныстарыңызды қабылдап, қызылдарға берілер» деген уәжбен  Алшынды Құрмашқа жібереді. Ал ол Құрмашты үкімет саясатына көндіріп, елге әкелу керек тапсырмамен 5-6 жолдасымен Құрмаштың үйін іздеп барып, отбасымен кездеседі. Бұрын дүниеден өткен баласына көңіл айтады. Әуелі үкімет белсенділерінің келгенін қош көрмей отырады да, қонақтарды мал сойып қарсы алады.  Дастарқан басында ағайындық әңгімесін айтып, Құрмашқа елге қосылуды, халықпен бірге өмір сүруді ұсынады. Құрмаш өз кезегінде «ауылдағы кейбір пәлекеш, мені арандататын шолақ белсенділеріңнің озбырлық саясатын қолдай алмаймын, менің ешкімге де зияным жоқ» деп кесіп айтады. 

Құрмашқа үкімет белсенділері іздеу салуын үнемі жалғастыра берді. Тағдырдың жазмышына не амал, «аңдыған жау алмай қоймайды» деген бар. Өз бетімен өмір сүріп жүрген Құрмаш айдалада жау қолынан қаза болады. Оның жазықсыз бала-шағасы, туыстары тұтқындалып, түрмелердің қапас жағдайында жан азабын көреді. Сөйтіп, Құрмаштың ісі бойынша 42 адам жауапқа тартылды. 1929 жылдың 17 желтоқсанындағы Қазақстандағы Мемлекеттік Саяси Басқарма Үштігінің өкімімен 22 адам жазаның ауыр түріне кесілген. Бұл адамдардан төгілген қан кім-кімді де тек жүбермесі хақ. 30  жылдан астам уақыт бойы зерттеліп-зерделеніп 1962 жылдың 8 ақпандағы Қазақстан Жоғарғы Соты алқасының ұйғаруы айыпкерлер әрекетінде қылмыстық құрамының болмауына байланысты іс қысқартылады. Елдегі ұжымдастыру саясаты баяу жүрді. Үкімет саясатын жүзеге асырудың жүрісін жеделдету бағытында республика басшылығы Мемлекеттік Біріккен саяси басқарманың өкілетті уәкілдігіне барлық жұмыстарды тапсырды. 

1928 жылдың қазан айында Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мүшесі Шабден Ералыұлын Форт Шевченко қаласында өтетін округтік партия кон­ференциясына қатысатын өкіл етіп жібереді. Конференцияда Ш.Ералыұлы сөйлеп, партия ұйымындағы кемшіліктерге тоқталып, Орталықтың тапсырмасымен басқару жүйесіндегі ұсыныстарды айтады. Бірақ  делегаттардың көпшілік тарапынан жоғарыдағы жүйенің ұсыныстары қа­был­­­данбайды. 1928 жылы қараша айы­ның 1-і күні Ералыұлы округтік партия конференциясында сайланған 27 делегатпен бірге моторлы қайықпен Гурьев қаласына бет алады. Жолда қайық ішінде Ералыұлы мен делегаттар арасында жанжал  шығады. Түн ортасында Шәбден Ералыұлы қайықта жоқ болып шығады. Ералыұлының жолда жоқ болғаны туралы хабарланады. Гурьевке келе бергенде, делегаттардың барлығын тергеу органдары қамауға алып,  РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-7 (террор) бабымен қылмыстық іс қозғайды. Тергеушілер кемеде сол түні қатты дауыл болғанын, Ералиевтің өзінің қатты мас екенін қаперге алмайды. Тергеу тек біржақты жүргізіледі. 1929 жылдың 19 ақпанында делегаттар ішінен 16 адамға кісі өлтірді деген айып тағылып, Мемлекеттік Біріккен саяси басқарма үштігі барлығын ату жазасына кесетін үкім шығарады. 

Ералиев оқиғасынан кейін бір айдан соң, яғни 11 желтоқсанда Қазақ Өлкелік партия комитеті Адай округтік 1 партия конференциясының Маңғыстау аудандық партия комитетін тарату туралы қаулысын мақұлдады. Маңғыстауға арнаулы партия комиссиясы мен Өлкелік атқару комитетінің комиссиясы жіберіліп, комиссия төрағасы Н.Сырғабеков аудандық 2-ші партия конференциясында баяндама жасап, партия ұйымдарындағы кемшіліктерді, оның ішіндегі рулық жіктелудерді сынға алып, Адай округін тарату туралы үкіметке ұсыныс жасайды. Сонымен Адай округі 10 сәуірде 1929 жылы тарауға қаулы шығып, 29 сәуірде бекиді. Маңғыстау ауданы Гурьев округінің құрамына кіреді. 

Ералиев ісіне байланысты істі бол­ғандардың КСРО Жоғарғы сот әскери алқасының 1958 жылы 8 наурыздағы ұйға­рыммен медициналық сарапшылардың қорытындысы дәлелсіз деп табылып, жоғарыдағы үкім қылмыстық істің болмауына байланысты қысқартылады. Сонымен Ералиев ісіне байланысты шаруа тамамдалды. «Адай көтерілісінің» тууына себеп болған: халықтың салық ауыртпалығына байланысты оны өтеудің ешбір мүмкіндігі жоқтығы, елде малдың болмауы, атақты «ақ қоянның» жұт зардаптары, елдегі күнкөрістің күрт төмендеуі сияқты жағ­дайлар халықтың ашу-ызасын әбден келтірді. Осылайша бұл аяусыз салықтың қамытын киген халықтың туған жерін тастауға мәжбүрлеп, үдіре көшуіне әкеліп соқтырды. 

Халықтың күйзелісі оның сана-сезімін оята түсті. Қолдан жасалған аштық пен орынсыз қоныс аударған жағдайға халық бейжай отыра алмады. Елдің тыныштығы бұзылды, наразы болғандар саясатқа қарсы Қазақстанның түкпір-түкпірінен бас көтере бастады. Басқа өңірлердегі сияқты Маңғыстауда да «Адай көтерілісі» деген атпен тарихта қалған халықтың толқуы 1931 жылдың сәуірінде Шоланов Боқмаштың бастауымен Ойыл, Жем, Құлсары өңірінен басталып, батыс жағы Форт Шевченкоға дейін ұласты. Осы қозғалыс тез арада Маңғыстаудың барлық өңірлерінде қолдау тапты. Солтүстіктен Шоланов, Қайдауылов Ізтілеу бастап, Сам бойында Мырзалы Тынымбаев, Есжанұлы Қошмағамбет,  Мәтжанұлы Сахи, Бозашыда Жұмабай Үсенов, Төлегенов Үсен, Мамай Салпықұлы,  Бөкен ауылының азаматтары, Қаралдаұлы Қарабатыр, т.б., Керел, Долгий жағынан Сарбасов Смайыл бастаған т.б. жекеленген ауылдардан да жасақтарға еріктерімен қосылушылар аз болған жоқ. Жасақ саны күн санап өсіп жатты.  Бұл халық қолдауының бірден-бір көрінісі екені сөзсіз. 

«Адай көтерілісі» туралы қазақтың біртуар тұғыры биік тұлғасы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, осы өңірдің тумасы Әбіш Кекілбаев: «Бұл – Маңғыстау өңірінің халқы үшін малы мен дәулеті түгілі, ақылы мен әулетінің қайда қалғанын білмей қалған кез болды», – деп, халыққа түскен нәубеттің жайін көрсеткен болатын. «Адай көтерілісі» деген атқа ие бол­ған көтеріліс халықтың зобалаңынан басталды. Үкіметтің өңірде жүргізіп отырған солақай саясатының бағыты халықтың жаппай бас көтеруін мәжбүрледі. 

«Адай көтерілісін» республиканың Ұлттық Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің архив құжаттары бойынша зерттеген Ұлы Отан соғысына қатысушы, осы комитеттің қызметкері, зейнеткер полковник Мұқаш Шопанұлы Омаровтың «Расстрелянная степь» атты очерктер жинағында толықтай жазған. Деректер мен дәйектер де анық көрсетілген. Сондықтан осы құжаттарды мақаламызда негізге алдық. 

- «Адай көтерілісі» туралы 2010 жылы Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан екі томдық материалдар жинағы шықты. Оның І томында тарихи зерртеулер, естеліктер жинағы, ІІ томында таза архивтік құжаттар берілді. Осы кітапты жарыққа шығарушы жұмысшы тобының мүшесі болғандықтан, өзім осы шағын мақалада көтерілістің барлық жүрісін қайталауды жөн көрмей, көтеріліске қатысушылар, оларға шығарылған үкім туралы соңғы деректерді ұсынып отырмыз,-деді зерттеуші. 

«Адай көтерілісіне» байланысты көте­ріліске қатысушы 1715 адам тұтқын­­далып, жинақталған 5 істе (№№17,38,100,3329,5671) толық қам­тылған. Осы жауапқа тартылғанның 802-і РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-2 (контрреволюциялық қозғалыс) және 59 (бандитизм) баптарымен жауапқа тартылған. Тергеу жұмыстарын жүргізу кезінде 79-ы  Гурьев, Ақтөбе қалаларындағы тергеу түрмелерінде қайтыс болған. 215-і әрекетінде қылмыстық құрамының болмауына байланысты босатылған. 508 айыпкердің ісі Гурьев Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперсекторы үштігі қылмыстарын белгілеу үшін Қазақстандағы өкілдікке жіберді. Бұлардың үштігі өзінің 1931 жылғы 22 тоқсандағы қаулысымен Доссор, Жылой, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан 135 көтерілісшіні және 5 1932 жылдың 5 сәуірдегі қаулысымен 372 маңғыстаулықты соттап жіберді. Кө­терілісшілердің 15 басшысы мен белсенді қатысушылары – Боқмаш Шоланұлы, Рахмет Шоланұлы, Қарамұрза Ем­бердіұлы, Д.Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшығұл Жантілеуұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантұрұлы, Жұмабай Үсенұлы, Демепберген Ембердиев, Көбеген Құрманов, Қойсары Қайдақұлов, Ұлықпан Сарқұлұлы жазаның ең ауыр түрі атуға ке­сілді (М.Омаров, «Расстрелянная степь», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1994 ж.). 

Дүние-мүлкі тәркіленіп, 21 адам 10 жылға, дүние-мүлкі тәркіленбей 17 адам 10 жылға,  дүние-мүлкі тәркіленіп 125 адам 5 жылға, тәркіленбей 14 адам 3 жылға, дүние-мүлкі тәркіленіп 39 адам, тәркілемей 53 адам, Қазақстан өңіріне 5 жылға 19 адам, тәркілеп 3 жылға 11, тәркілемей 8 адам жер аударылды. Арнайы жер аударуға 100 адамға (спецпереселение) үкім шығарылды. Тергеу мезгілінде абақтыда отырған уақыттары есептеліп, 66 адам босатылды. Қалғандары ақталды.

1931 жылдың сәуірінен басталып, қыркүйек айында толығымен жеңіліске ұшыраған «Адай көтерілісінің» қанды қырғынмен аяқталатыны әуелден белгілі болды. Көтеріліске қатысушылардың көпшілігі шала сауатты, әскери тәжірибесі жоқ азаматтар. Олардың көпшілігі ауыл-аймақтарымен мал-мүліктерін далаға тастап, өлгендерін көмуге мұршасы болмады. Бұл жағдай 12 сәуірде Шоланов Боқмаш бастаған Солтүстік топтың жасақшылары толыққа жуық қырылады. Зерттеуші Ізекең көтерілістің басынан аяғына дейін болған 15 ұрыста, 8 қақтығыста көтерілісшілер 168 адамынан өлідей айырылып, 22-сі жараланған, 74 адам қолға түскен делінген. Бұдан басқа 1715 адам ұсталып, қамауға алынған. Бұл мәліметтер жазалаушылардың жоғарыға берген мәліметтерінен алынған. Шын мәнінде өлгендер де, жараланғандар да әлдеқайда көп екені белгілі. Көтерілісшілер зорлық-зомбылық жасаған, әділетсіздік пен мейірімсіздік жасаған үкімет өкілдеріне қаталдық жасаса, жазалаушылар бейбіт халықты, әйелдер мен балаларды, жасы жеткен қарттарды аяған жоқ. Оларды алыс жерлерге жаяу айдады. Осының салдарынан көптеген адамдар жол азаптарынан аштан, шөлден жолда өліп жатты  (І.Сариев, «Қанды ойран» кітабынан). Сол кездері 10-13 жасқа толған Мұса, Орынбай, Әріпұлы Бисенбі, Ербол, Қонашев Дауылтай,  т.б. азаматтардың айтулары бойынша 6 ай бойы көшіп келе жатқан елге дүркін-дүркін шабуыл жасап, олардан да халықтың үнемі шығынға ұшырауы болғанын айтатын.  Батыс тобында жетекшілік еткен  Жұмабай Үсенов бастаған жасағындағы 400-ге жуық адамның 40-ы қаза болып, қалғандары қолға түседі. 

Бұл үкім қайта зерделене қаралып, жарты жылдан соң ең ауыр жазаға тартылғандар 10 жылға түрмеде өткізуге шешім өзгертіледі. Қай істің де ұйымдастырушысы, басшысы болатыны белгілі. Көтерілістің негізгі басшылары барлығы да ел үшін қан төккен, ел арасында өзіндік беделі бар азаматтар болатын. Мырзалы Тынымбаевтың ерлігі туралы оның өте батыл, батыр, алған бетінен қайтпайтын азамат екенін жазалаушылардың өздері мойындаған. Жазалаушылар қолдарынан қаза бол­ған­дар саны 168 адам, бұл жаза­лаушылардың ақпарламасы. Шөл далада айдалған елдің ішіндегі аштықпен, аурудан азапты өлгендер саны қаншама?! Олар жүздеп емес, мыңдап саналады. Бұл көтеріліс Маңғыстау өңіріндегі нағыз «қанды ойран» екенін тарихтың өзі мойындады. 

22.12.1931 жылы Қазақстанның Мем­лекеттік Біріккен саяси басқарма өкілдігінің үштігі РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен көтерілістің 15 басшылары мен қатысушыларына 1997 жылдың  25 ақпанындағы ҚР Бас Прокуратурасы №8184 қылмыстық іс бойынша қайта қарап, көтерілісшілерді ақтауға шешім шығарды. Өскелең ұрпақ ата-бабаларының та­рихы туралы сөз етсе, ойлап-зерделесе көтеріліске қатысқан азаматтардың деректері облыстық архивінен біршама материалдар табуына болады. «Адай көтерілісіне» басшылық еткен, жасақтар жинаған азаматтар ұрпақтары туралы біраз материал бар. Олардың ұрпақтары туралы көптеген деректер іздестірілді. Халқының мұңы мен зарын жоқтап, қолына қару алған есіл ерлердің есімдері тарих төрінен еске алынбақшы. Осы мақсатпен кейінгі ұрпақ өздерінің бақилық болған бабаларының қаза болған орындарына ескерткіш тақталар, белгілер қойып жатса құба-құп. Мысалға, Маңғыстаудың Керел, Долгий жерлерінен көтеріліс кезінде жасақ дайындауға белсенді қатысқан Сарбасұлы Смайыл бір топ жолдастарымен жазалаушылар қолдарына түсіп, Қаратүлейдің батыс жағы шетіндегі Қызыластау-Жезді деген жерде төбе басында шамамен 10 азамат атылған. Сол орынға Смайылдың немересі Ғалия Дүйсеғұлқызы белгі қойып, дұға бағыштап келді. Маңғыстау өңірінде ел арасында беделді, көзі ашық, көңілі ояу, азаматтардың ізіне түсіп, әртүрлі кінәлар тағылып, жоқ етудің шаралары толассыз жүріп жатты.  «Байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің және Адай округінің бұрынғы қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымы» деген ұйымның жұмысына шұқшия кірісті. Әртүрлі себептерді желеу етіп, Маңғыстаудың осы қалай деген 70 азаматы негізсіз жауапқа тартылып тұтқындалады. Тергеу орындары олардың әрқайсысынан да кінә таба алмайды. Соған қарамастан 70 адамның ісі сот орнына берілмей, заңсыз құрылған үштікке жолданады. Осы Үштіктің шешімімен 70 азамат жазаланады. 1930 жылдың 9 қазанында Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдігі үштігінің ұйғаруы бойынша 36 айыпкердің дүние-мүлкі тәркіленіп 10 жылға, 9  адамның дүние-мүлкі тәркіленіп 5 жылға, 9  адамның дүние-мүлкі тәркіленбей 5 жылға, 14 адам 3 жыл концлагерьлерде, 3 адам абақтыда отыру уақытының өтелуіне байланысты босатылып, 1 адам округ аумағынан тыс жерге жер аударылады.

1930 жылдың 9 қазанындағы Қазақстандағы Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқарма Үштігінің ұйғарымы бойынша Маңғыстаудағы сауатты деген, интеллигенцияның қаймағы дегендей, партия, кеңес қызметінде жауапты қызметтер атқарған лауазымды тұлғалар: Әлниязов Тобанияз, Дауылов Орынбасар, Иманғалиев Отарбай, Қожықов Қалым, Омаров Жұмағали, Омаров Қайрош, Оңғалбаев Қажы, Сұлтанов Ғұбайдолла, т.б. 22 кісі жазаның ең ауыр түріне кесілсе, Сарғожаев Қойсары, Қалиев Әбіш, Оңғалбаев Лепес, Тұрниязов Зәкария, Шомпақов Жәнібек, Сейтжанов Балиғат, Қожықов Тұрсын, т.б. 36-сы 10 жылға, 9 адам 5 жылға сотталды. Барлығы 70 адам жазаға тартылды. 

Тайыр Қасымұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?