Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткер

1614
Ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткер - e-history.kz

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1997 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан бұл күн еліміз халқы үшін айрықша мәнге ие. Большевиктердің солақай саясатынан миллиондаған кеңестік азаматтар сталиндік қызыл террордың құрбаны болды. «Халық жауларын» әшкерелеу, жазалау бойынша жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратты. Сонымен қатар нәубет аштық құрбандарын осы күні еске алуға тиіспіз. 

Қазақ халқының тең жартысына жуығын жалмаған алапат аштықтың демографиямызға тигізген ауыр зардабы әлі күнге дейін жазылған жоқ. Солақай саясаттың құрбаны ретінде Қазақстанда 103 мың адам қуғынға ұшыраса, солардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Олардың ішінде ұлттың нағыз қаймақтары – ғылым мен мәдениет және саясат саласындағы аса қажетті мамандар «жапонның тыңшысы», «ұйымдасқан бандиттік топ мүшесі» т.б. еш негізсіз жаламен ұсталып, түрмеге тоғытыла берген.

1937-1938 жылдары ұсталып атылғандар арасында Кеңес үкіметін қолымен құрып, оның өркендеуіне атсалысқан адамдар да болды. Солардың бірі Кеңес Одағының және Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жанұзақұлы Исаев еді. Биыл Ораз Исаевтің туғанына 125 жыл толып отыр.

Ораз Исаев кім еді? Қандай лауазымды қызметтер атқарды? Қайда қызмет етті? Осы сұрақтар төңірегінде қарастыратын боламыз.

Ораз Жанұзақұлы Исаев 1899 жылы 28 мамырда Ресей патшалығының Орал облысы, Ілбішін уезінің Қарасу болысында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы) Көнеккеткен деген ауылда, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген.

Атасы Иса мен әкесі Жанұзақ казак-орыс пен қазақ байларына жалданып жұмыс істеген адамдар болыпты. Әкесі өзінің тұңғыш ұлы Ораздың білім алуына жағдай жасауды жөн көреді.

Ораз 1906-1908 жылдары ауыл мектебінде, молдадан сабақ оқып сауатын ашады. Одан соң 1908 жылы Жуанышкөлдегі бір жылдық орыс-қазақ училищесіне түсіп оқиды. Одан кейін Қарасу-Шалқардағы екі класты орыс-қазақ училищесінде оқуын жалғастырады. 

1913 жылы отбасының тірегі Жанұзақ әкесі қайтыс болып, оқудың қаржылық жағы қиындайды. Ораз осы кезде байлардың малын бағып, отбасын асырау үшін оқудан қол үзеді. 

1916 жылы мемлекеттік қызметтің алғашқы жолына қадам басады. Патшаны тақтан таайдырған Ақпан төңкерісіне дейін өзінің ауылнай болып қызмет істейтін рулас ағайынының шабарманы әрі аудармашы, ісқағаз жүргізушісі болып қызмет атқарады. Бұдан соң Ресей патшалығы бойынша аласапыран оқиғалар, төңкерістер, соғыстар жүріледі. 

1917 жылы Шалқар болысындағы земство басқармасының хатшысы, 1919-1920 жылдары ауылдық кеңес мүшесі, хатшысы, Шалқар болыстық кеңесі атқару комитеті төғарғасының орынбасары, Ресей коммунистік жастар одағы Ілбішін болыстығы комитетінің ұйымдастырушысы, 1920-1921 жылдары Орал губерниясы, Жымпиты уезі кәсіподақ бюросы мүшесі, инспекторы, еңбек бөлімі меңгерушісі қатарлы қызметтерді атқарады. 

1921 жылы Кеңес үкіметіне қарсы жаулармен күрес жөніндегі Бүкілресейлік төтенше комитеттің (ВЧК) Жымпиты саяси бюросының өкілі, 1921-1922 жылдары Орал губерниясы Төтенше комиссияның жедел өкілі болады. 1922 жылдан коммунистік партия қызметіне ауысады. Осы кезеңнен бастап биік лауазымды қызметтерді атқарады. 1922 жылы Орал губерниясында ажуапты нұсқаушы, 1923-1924 жылдары Жымпиты уездік комитеттің жауапты хатшысы болып қызмет істейді.

1924 жылдан бастап Ораз Исаев облыстық деңгейден республикалық ауқымдағы қызметін бастайды. 1924 жылы тамыз-қазан айларында Ресей большевиктік партиясы Қазақ өлкелік бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Қазақ АКСР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссиясының орынбасары, осы жылдың соңынжа Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болып сайланады. 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің ұйымдастырушылық-нұсқаушылық бөлімі  меңгерушісінің орынбасары, республикалық жұмысшы-шауар инспекциясы халық комиссариатының әкімшілік-мәдени секциясының меңгерушісі болып қызметтер атқарады.

Мемлекеттік басқару қызметімен қатар 1926 жылы шілде-тамыз айларында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болады. Ораз Исаев 1927 жылы Кеңес Одағы Коммунистік париясы Қазақ өлкелік комитетінің ұймдастыру бөлімі меңгерушісі, Қазақ Өлкелік комитеті Хатшылығының мүшесі болды. 1928 жылдан Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы, 1929 жылдың сәуірінен Қазақ Автономиялы Республикасы Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайналады. Бұл қызметті 1938 жылға дейін атқарады. КСРО Орталық Атқару Комитеті Төралқасына 1930 жылдан кандидат, 1935 жылдан мүше болып сайланған. 

Ораз Исаевтің Қазақстан билігіндегі қызмет еткен уақыты ел өміріндегі ең бір сындарлы кезең болды. 

Сталиндік жазалау жүйесі коммунистерді әу баста қолдамаған, кейіннен ымыраға келгендей болып қызмет істеген «Алаш» партиясы мүшелерін «халық жауы» ретінде ұстауын түсінуге болатын шығар. Дегенмен бүкіл қызметтік ғұмырын Кеңес Одағының нығаюына арнаған көнекөз коммунистер Сәкен Сейфуллин, Ораз Исаевтерді де жау ретінде қарастырып, оларға күмән келтіруі – Сталиндік биліктің ешкімді аямайтындығының айқын белгісі болды. 1939 жылы Ораз Исаевтің басына бұлт үйіріледі.  25 мамырда Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасы лауазымынан босатылып, осы жылы 31 мамырда Мәскеуге кетіп бара жатқанда тұтқындалады. 1938 жылы 29 тамызда КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы шешімімен Ораз Исаев ату жазасына кесіледі. Сол күні үкім орындалып, Мәскеу облысы, «Коммунарка» полигонында орындалып, мүрдесі сонда көміледі.

КСРО билігіне Н.С.Хрущев келген соң сталиндік зұлмат тұрғысында жылымық орнағаны белгілі. Ораз Исаевтің қылмыстық ісі 1956 жылы қайта қаралып, ешқандай қылмыс құрамы болмауы себепті КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен ақталған болатын. Осылайша көрнекті қайраткер тұлға Ораз Исаевтің есімі туған халқымен қайта қауышты. Бір ескерерлігі – қазіргі кезеңде Кеңес Одағы тұсында қызмет еткен тұлғаларға қатысты қалыптасқан күмәнданушылықтың бар екендігі болмақ. Себебі, ол тұғалардың қызмет еткен жылдарының Сталин дәуірінде болуында. Мұның ақ пен қарасын айыру – бүгінгі тарихшылар мен журналистердің парызы болуы тиіс. 

Әр кезеңнің өзіне тән түсінігі, нақты уақытқа байланысты шешімдер мен оның орындалу нәтижесі т.б. болатыны белгілі. Сталин заманында Қазақстан билігінде болған адамдардың ұлт руханиятын, елдің мәдениеті мен ғылымын, білім беру, денсаулық сақтау жүйесін т.б. ілгерілету үшін қандай істерге мұрындық болды немесе атқарды дегенмен өлшеу қажет деп білеміз. «Жаудың ішінде де бір үйің болсын» дегендей, қай дәуір болмасын, билік халыққа соншалықты қатал болса да, сол заманда да елге пайдасы тиетін лауазымды тұлғалар сол құрамда жүруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда тоғыз жыл бойы Қазақстан Үкіметін басқарған Ораз Исаевтің ел үшін істеген елеулі еңбегі қандай еді?

Бұл кезеңде байлар мен феодалдарды, молда-қожаларды тап жауы ретінде қуғындау, қоғамнан аластау, Ф.И.Голщекин жүргізген «Кіші Октябрь» салдарынан туындаған алапат аштық сияқты халқымыз тарихының қасіретті жылдары өтті. 

Енді осы кезеңде Ораз Исаевтің атқарған игі істері туралы мәліметтерді ой елегінен өткізелік. Бұл турасында Ораз Исаевтің іс-қызметі жайлы мақаласында белгілі зерттеуші қаламгер Бейбіт Қойшыбаев өзінің «Ұлттың оғланы Ораз Исаев хақында» атты мақаласында Ораз Жанұзақұлының «Әдебиет майданы» журналы бетінде 1931 жылы Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов қатарлы қазақ зиялыларына жазған хатын келтірген: « Біздің мәдени, тарихи мәні өте зор бірқатар материалдарымыз жиналмай қалып барады. Атап айтсақ: 1. Әубәкір молданың өлеңдері, Ғұмар Қарашұлының өлеңдері, Дәукен Шолақұлы (Батыс Қазақстан), Абай және басқалар (Шығыс Қазақстан)... 2. Сансыз көп шежірелер бар. Бірден бірге қалып, ел аузында келе жатқан, көбінесе өте жақсы да шыққан ел ерлерінің, білгіштерінің сөздері бар. Жеке елдің, ханның, патша өкіметі адамдарының өмірі, ісі жайынан айтылған ауыз әңгімелері бар. Мақал-нақылдары бар. Әртүрлі жазбалар бар. Көп тарамаған газет-журналдарда және өзгелерде басылған мақалалар да бар». Бұл дегеніміз – үкімет басшысының қазақ халқының төл әдеби мұраларына қамқорлық танытып отыруының айғағы. 

Сонымен қатар Ораз Исаев өзінің үкімет басшысы қызметі жылдарында Қазақстандағы мал шауашылығы мен астық өндірудің, сондай-ақ мелиорация жүйесінің дамуына мән берген. Ораз Исаевтің Қазақстанның бірінші басшысы Ф.И.Голощекиннің асыра сілтеуіне қарсы шығып, Сталинге хат жазып, нәтижесінде орнынан алынып, елден  аласталуына үлкен еңбек сіңірген адам Бұл жөнінде батысқазақстандық зерттеушілер Есенжол Қыстақбаев пен Бауыржан Ғұбайдуллиндердің «Айқын» газетінде (31.05.2019) жариялаған «Ораз Исаевтың еңбегін неге ескермейміз?» атты мақаласында былай деп атап көрсетеді: «Бұған дейін Қазақстанда Голощекиннің тұсында болып жатқан асыра сілтеулер мен аштық жайында Сталинге Тұрар Рысқұлов хат жазған деп келдік қой. Оған қоса Ғабит Мүсірепов бастаған «Бесеудің хаты» да сол тұста жазылды деп жүрміз. Ал, шындығына келіп, Алланың атымен айтсақ, Сталинге олардан бұрын Ораз Исаев жазған! Бір емес, екі емес, үш қайтара (!) жазыпты. Біріншісі – 1932 жылы 11 мамырда. Екіншісі – 1932 жылы тамыз айында. Үшіншісі – 1933 жылы 2 желтоқсанда. «Бесеудің хаты» 1932 жылдың 4 шілдесінде жазылған. Яғни, Ораздың алғашқы хатынан кейін екі айдай уақыттан кейін. Онда да бұл хаттың Сталинге жазылуына Ораз Исаевтың өзі түрткі болған. Ал Тұрар Рысқұловтың хаты 1933 жылы наурызда жазылыпты. Мұны әлі күнге дейін «Исаев орын алып жатқан жағдай туралы жоғарыға хабарламапты, айтпапты» дегенді көңірсітіп, оны «жау» қылып көрсеткісі келіп жүргендерге қарата жазып отырмыз». Демек алдағы кезеңдерде қайраткер тұлғаның бұл ерлікке пара-пар іс-әрекеті ескерілуі керек деп білеміз.

Ораз Исаевтің қызмет істеген тұсында Қазақстанда индустрияландыру қарқынмен жүрілген. Оның басшылығымен Қарағанды көмір алабы, «Ембімұнай» кәсіпорны салынған. Сонымен қатар Қарсақпай, Балқаш, Лениногор, Зырянда мыс қорыту зауыттары іске қосылып, металл өндіру зор қарқынға ие болған. 

Қазақтың жазушылары мен өнер адамдарына рухани, қаржылай қолдау көрсетіп, олардың оқып білім алуына жағдай жасап отырған. 

1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі аса сәтті өтуі халқымыздың мәдениетін одақтас он бес республикаға танытқан үлкен белес болды. 

1936 жылы 5 желтоқсанда Қазақ АКСР-і КСРО құрамындағы одақтас республика атанып, КСРО Конституциясында белгіленді. Бұл кейіннен 1991 жылы тәуелсіз мемлекет болуға жасалған қадам болды.

Бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде кешегі кеңестік кезеңде мемлекет басқаруға атсалысып, талай игілікті істердің ұйытқысы болып, ұлт руханиятының дамуына ықпал жасаған тұғалалардың еңбегін лайықты бағалап, оларды бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа насихаттау маңызды деп білеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?