Тәуелсіздіктің 26 сәті
18.01.2018 1469
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылдың соңында жарыққа шыққан “Тәуелсіздік дәуірі” атты кітабы Қазақстан Республикасының 26 жылдық егемендік кезеңінің тарихын толығымен қамтыған шығарма болып табылады

Автор бұл кітабында 1991 жылдың желтоқсан айындағы Тәуелсіздігін алған мерзімнен қазіргі күндерге дейінгі уақыттағы Қазақстан Республикасының қалыптасуы, өркендеп, дамуына, осылардың барысындағы әлемдік қауымдастықтан лайықты орынға ие болғандығына баға берілген.

Еліміздегі ширек ғасыр уақыттағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, білім беру, сыртқы т.б бағыттардағы атқарылған істердің ерекшеліктерін мен маңыздылығын көрсетіп, оған сипаттама жасаған. Кітапта аталған мерзімдегі Еліміздің өркендеудің әр кезеңдерінің қажеттілігі сараланып, оның нәтижелеріне талдау жасалған. Осылардың қатарында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның 26 жыл көлеміндегі жүргізген көп салалы халықаралық саясатының маңызына тоқтаған.

Оның кезеңдері мен мен бағыттарының ерекшеліктерін баяндаған, мақсаты мен жетістіктеріне талдау берген. “2000 жылдары, -деп жазады ол,- көпқырлы сыртқы саясат берекелі жеміс берді, еліміздің тұрақты дамуына және көлемді инвестициялар тартуға қомақты үлес қосты. Егемен Қазақстан –жаһандық қоғамдастықтағы ұлттық-мемлекеттік мүдделерді мұқият сақтап және қорғай отырып, әлемнің барлық елімен тең дәрежеде тұрақты достық қатынас орната алған мемлекетердің бірі”[1.313].

Елбасының кітабында Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің бірінші күндерінен бастап Егемен мемлекеттің көрші елдермен арадағы шекараны қазақ халқының тарихи мүддесіне сай анықтап, заңдастыру мақсатындағы кезек күттірмейтін қызметі сараланып, оның қорытындылары баяндалған. Себебі, Қазақстан Республикасы үшін КСРО тарағаннан кейін өмірге келген жаңа дербес мемлекеттермен, солармен қатар Қытаймен арадағы шекараны белгілеу басты мәселеге айналғандығы белгілі.

Өйткені, тарихи қазақ жері әсіресе Ресей империясы құрамында болған мерзім бойында үнемі өзгертіліп келді. Жоспарлы жүргізілген отарлау саясаты негізінде тарихи жер-cу, елді-мекен атаулары әдейі ауыстырылды. Ата қонысымыз көпұлтты аймаққа айналдырылды. Қазақ халқының үлес салмағы өз жерінде азая түсті. Ал мұндай саясат Кеңестік билік кезінде одан ары ықпалды тұрғыда жүргізілді. Қазақ Автономиясы кезінде белгіленген территориямызды одан кейінгі мерзімде Одақтың мүддесі үшін барынша өзгерту әрекеттері жасалды. Көптеген тарихи мекендер жергілікті халықтың келісімінсіз көрші республикаларға берілді. Қазақстанның РКФСР-мен шекаралас өңірлеріндегі басқа ұлт өкілдерінің саны еселеп арттырылды. Елді-мекен атаулары одан ары өзгертіліп келді. Нәтижесінде бұл өңірлердің ұлттық бейнесі жойылды.Кеңес Одағының өмір сүруінің соңғы мерзімінде осы аймақтардың Қазақстанға тиесілі емес екендігі айтыла бастаған еді.

Қазақстанның тарихи территориясына арналған мұндай кері құбылыстар еліміздің тәуелсіздігін алған алғашқы күннен-ақ одан ары белең түсті. Осындай жағдай негізінен жеке мемлекет болған Ресей Федерациясы территориясын бұрынғы одақтас республикалар есебінен молайтуды көксеген ресейлік кейбір ұлтшылдар мен ұлыдержавалық жағдайды сақтап қалғысы келгендер тарапынан қолға алынды. Міне осылай, Қазақстан Республикасының территориясын тарихи әділдік, сонымен бірге өзара келісім талаптарына сай заңдастыру тәуелсіздіктің алғашқы күндеріндегі елішілік және халықаралық тұрғыдағы басты қызметке айналды.Міне сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті бұл мәселені де жылдам және еліміздің мүддесіне сай толығымен шешу ісіне кірісті. Яғни, “Көпжақты саясаттың талаптарына сай Қазақстан өзінің шекарасының барша аумағында “ жақын көршілерімен (Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан) бейбітшілік пен достық қатынас белбеуін орнатуға кірісті. Аталған жоспар бойынша Қазақстанның шекарасын айқындау жалпы ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған стратегиялық шараларға айналды”[2.169]. 

Бұлардың ішіндегі ең бастысы- Қазақстанның бұл мемлекеттермен арадағы ондаған мың шақырымнан асатын шекараларының көптеген шептері заңдастырылмаған Ресей, Қытаймен арадағы шекараны белгілеу аса қажеттілікке айналды. Осы айтылғандардың ішіндегі бірінші кезекте жаңадан негізделген Тәуелсіз Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекаралық өңірлерді айқындап, заңдастыру күн тәртібіне қойылды. Осылармен қатар кезінде тарихи қазақ жері толығымен құрамында болған Ресей империясы, одан кейінгі Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы шекара ұзақ мерзім бойы бұл мемлекеттердің арасындағы түсініспеушілік, жауласу мен қақтығыстардың негізіне айналып келді. Тіпті соңғы мерзімде Қытай жағы Кеңес Одағына үлкен көлемдегі шекаралық аймақтарға деген өзінің нақты талаптарын қоя бастады. Ал, бұл жерлердің едәуір бөлегі Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанның тарихи қалыптасқан территориясы еді. Осындай күрделі жағдайлар кеңестік билік тарапынан жергілікті халықтардың келісімінсіз жиі өзгертіліп келген Қазақстанның тәуелсіз Өзбекстан, Қырғызстан, солармен бірге Түркіменстанмен арадағы шекараны анықтауда да қалыптасты.

Тәуелсіздігін алған Қазақстанның территориясының толығымен айқындалмауы, шекаралас елдермен арадағы бұл саладағы өзара келісімнің болмауы мемлекетіміздің басқа елдермен толыққанды саяси, экономикалық, т.б. бағыттардағы қатынасты іске асыруға да кедергі келтіруі әбден мүмкін еді. Мұндай жағдай еліміздің көршілес мемлекеттермен екі арадағы көші-қон істерін реттеуде де күрделілік әкелетіндігі байқала бастаған болатын. Осы айтылған және тағы да басқа жағдайлар Тәуелсіз Қазақ Елінің тарихи территориясын, оның шекарасын халықаралық құқық негізінде айқындауды қажет етті. Бұл мәселе қазіргі мемлекеттілік талабымен қатар қазақ халқының тұтастығын, оның еркіндігін аңсап өткен бабалар арманын орындау міндетінен де туған еді.

Міне сондықтан да, ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Елбасының тікелей шекаралас елдермен жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да аталған күрделі мәселелерді бейбіт жолмен түбегейлі және де әділетті тұрғыда шешуге арналды. Негізінен алғанда:”Мемлекеттер аралық шекараларды айқындау науқаны: Қытаймен, Орталық Азия республикаларымен, Ресеймен бағыттар негізінде үш кезеңде жүргізілді және 1992-2005 жылдар аралығындағы неғұрлым қысқа мерзімді қамтыды”[2.171]. Нәтижесінде “Қысқа уақытта Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен танылды. 1992 жылы Қазақстан жағы ҚХР-мен келісімді бастады. Алайда Қытаймен арадағы шекараны анықтау мәселесінде күрделі жағдайлар да орын алды 1994 жылғы Келісімді бекіткенде Шағаноба асуы (Шығыс Қазақстан облысы) мен Сарышілді өзені (Алматы облысы) аудандарындағы даулы бөліктер келісілмей қалды[2.171]. Осы күрделі мәселе туралы мұрағат деректерінде:“Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық мәселені реттеуде Алматы аталған істің шешілмегендігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Қытай жағы әзірге екі жақтың маңызды көлемі 300 шаршы шақырымнан артық Талдықорған облысындағы көлемі 600 шаршы шақырымнан артық (Cарышілді өзені) және Шығыс Қазақстан облысындағы (Шағаноба асуы және Баймырза ) кең ауқымды тұрғыда енуге қолайлы,60 жылдары Кеңес-Қытай арасындағы аса шиеленісті шекаралық қақтығыс болған екі бөлік бойынша келісім жасудан бас тартып отыр”[3] Осындай жағдайдағы Қазақстан жағынан жүргізілген батыл да дәлелді жүргізілген қызметтің нәтижесіндей: “Екі ел арасындағы шекаралық мәселені айқындауда елеулі тұрғыдағы алға басу іске асырылды. 1994 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімдік грамоталар ауыстырылғаннан кейін шекараны анықтауға мақсатындағы шаралар бастау алды”[4]. Аталған мәселені шешуге арналған барлық мүмкін жолдарды талдағаннан кейін даулы територия 53:47 деңгейінде бөлініп, одан Қазақстан үлкен бөлікті-537 шаршы шақырымды алды. Территорияларды ауыстыру өзара теңдік жағдайында болды және Қазақстан Республикасының мүддесіне сай іске асырылды[2.171].

Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей:“1994 жылы премьер Ли Пэннің Қазақстанға келген сапарында, екі елдің арасындағы шекараны заңдастырып, үлгеріп, тиісті келісімге қол қойдық. ... 1995 жылдың қыркүйегіндегі бұл елге барып қайтқан үш күндік сапар үстіндегі соңғы жолығысу өте ерекше болды. ... Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу протоколына қол қойылды”[5]. Қазақстан мен Қытай арасындағы жүргізілген келісімдердің қорытындысындағы анықталған шекара 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы Қытай басшылығымен болған кездесулерінде одан ары талқынып, “Қытай және Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы туралы Келісімге”[6] қол қойылды. Елбасының одан арғы жүргізген қызметінің барысында: “ ... 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Пре¬зиденті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары бары¬сында Қазақстан мен Ресейдің 1999 жылдан Қазақ¬стан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасын¬дағы шекараны анықтауды белгілеген Хаттамаға қол қойылды”[7.97]. ... Екі мемлекеттің арасындағы одан кейінгі шекаралық қатынастың негізі де бұл мәселені барынша, толығымен және түбегейлі шешуге арналды. “Осы қатынастың қорытындысындай (2005 жылдың,-Ғ.Қ.) 18 қаңтарында Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды, нәтижесінде әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді”[8].

Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Шекара туралы келісімді тарихи деп есептеуге болады, себебі кеңестік жүйеден кейінгі кеңістіктегі ірі мемлекеттер арасындағы ірі мемлекеттер арасындағы тең құқылы серіктестіктің дамуындаы жаңа кезеңді ашады және бұл келісім 7591 шақырымды құрайтын әлемдегі ең ұзақ құрғақ шекараны анықтады” [9]-деген қорытынды жасады. Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары тарапынан жүргізілген осындай мақсатты істің нәтижесінде Бірнеше жылға созылған келіссөздерден кейін 2005 жылы екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылды. Міне осылай , мемлекеттер арасындағы аталған бағыттағы жүргізілген өзара түсінікті қызметтің нәтижесіндей: “Ресей мен Қазақстан арасындағы қазіргі кезеңдегі шекара аймағы ынтымақтастық екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық қатынастардың негізгі құралы болып табылады”[10]. Тарихтары ортақ көршілес мемлекеттер арасындағы жүргізілген келісімдер мен анықтаулардың қорытындысында “...1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республи¬касы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мем¬ле¬кеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды”[7.97]. Оның негізінде “Қазақстанның тарихи көршісі, тарихи тамырлас Қырғыз елімен шекара мәселесін реттеу тыныш және екі жаққа да тиімді негізде жүргізілді. 1999 - 2001 жылдары екі ел арасында 1242 шақырымдық мемлекеттік шекараны межелеу келісімі өткізіліп шекара мәселесі толығымен шешілді”[11].

Қазақстанның келесі тарихи көршісі –туыстас Өзбекстанмен арадағы арасындағы шекараны айқындау да негізінен алғанда екі мемлекет арасындағы түсіністік пен ұғыныстық аясында жүргізілді. Анықтап айтқанда “Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның күрделілігі екі елді байланыстыратын 2440 километрден 200 километрлік шекарасы Қазақстан жағынан да, Өзбекстан жағынан да тығыз халықты елді мекендерден өткендігінде болып отыр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаштық және Мақтаарал аудандары, сонымен қатар Өзбекстанның Ташкент және Жизақ облыстары болды. Бірқатар елді мекендер шекаралардың үйлердің арасынан өтетініндей орналасқан” [2.171]. Осындай жұмыстардың қорытындысындай, “2002 жылдың 9 қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов екі елдің арасындағы шекаралардың делимитациясы үрдісін аяқтау туралы декларацияға қол қойды” [2.172].

Қазақстанның келесі көршісі Түркіменстанмен шекарасын белгілеу де қажеттілік тудырды. Осыған орай “2001 жылы 5 шілдеде Түрікменстаннның сол кездегі Президенті Сапармұрад Ниязовтың Қазақстанға ресми сапары кезінде Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан, Қазақстан мемлекетінің шекаралары түйіскен жерлерін межелеу туралы шартқа қол қойылды. 2001 жылы қарашада Ашхабадта өткен үш жақты делегациялар кездесуінде Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикалары араларындағы шарт үш мемлекеттің шекарасының түйіскен аудандарын межелеу бабын келісіп, ортақ тұстарын айқындалды” [12]. Қазақстан Республикасының “дербестігін айқындайтын осындай атқарылған жұмыстардың қорытындысында: - үнемі даулы сипат алып, ұзақ жылдар бойы, әсіресе ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан екі халық арасындағы қалыптасқан достық пен ұғыныстыққа қаяу түсіріп, мемлекеттер қатынасын күрделендірген Қазақстан мен Ресей арасындағы территория мәселесі де қазақ халқының ұзақ дәуірден қалыптасқан ата қонысының негізінде түбегейлі заңдастырылды. Екі мемлекет шекаралары достық пен ұғыныстықтың орнына айналып отыр; - Ғасырлар бойы, соның ішінде Қазақ хандығы кезінде танылмай, одан кейінгі мерзімдегі қазақ жері құрамында болған Ресей патшалығы және Кеңес Одағымен арадағы жиі орын алған араздықтар, тіпті қарулы қақтығыстардың ошағына айналған Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны белгілеу қазіргі күні толығымен және түпкілікті біздің халқымыздың мүддесіне сай қорытындысын тапты; - Тарихи тамырлас ұлттар арасындағы орын алып келген түсініспестіктердің екі жақты қанағаттанушылық тұрғысындағы жауабы табылып, Өзбекстанмен арадағы шекара мәселесі де өзара әділдік нәтижесінде айқындалды. -Қырғызстанмен екі арадағы қазіргі күнгі шекара туыстас қос халық арасындағы ынтымақтастық, тарихи тамырластық, ұғыныстықтың белгісіне айналып, екі халықтың одан ары экономикалық, мәдени, салттық, тұрғыдағы араласуына мүмкіндік беріп отыр - Түркіменстанмен арадағы шекара да екі ел тұрғындары арасынан барынша қолдау табу арқылы өзара толық қанағаттанғандық тұрғысында белгіленіп, заңдылық тұрғысында бекітілді”[13]. Яғни, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан халқымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен арманы қысқа мерзімде және де бейбіт, дипломатиялық келісім жолымен іске аырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды.

Бұл тұрғыда Н.Ә.Назарбаев: “Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Міне осылай ата-бабаларымыздан бізге мұра болып қалған кең –байтақ жеріміз толығымен қалпына келтірілді”,[14]-деген мәлімдеме жасады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ мемлекет және үкімет басшыларымен болған кезекті кездесуінде: “Территориялық тұтастықтық пен шекараның мызғымастығы қақтығыстарды болдырмаудың берік негізі болып табылады. Жаңа әсер ету аймақтарына ұмтылушылықты болдырмау және осыған орай бөлектену шептерін қалыптастыруды жоққа шығара отыра Еуропалық қауіпсіздіктің беріктігін мойындау жоғарыдағы аталған талаптарды іске асырумен қатар жүру арқылы ортақ қауіпсіздік кеңістігіне қарай жетелейді.

Міне осы негізде ХХІ ғасырдағы еуропалық қауіпсіздіктің жаңа жолы қалыптастырылады,”[15]-дей келе, осы саладағы мемлекеттераралық шекараны мүдделі жақтардың өзара келісімі, халықаралық ұйымдардың араласуы арқылы заңдастыру қажеттігіне тоқтады. Мұндай келісім мен шешім арқылы қалыптасқан территорияның беріктігі мен бұлжымастығы аймақтық, әлемдік бейбітшілікті сақтаудың негізгі кепілі екендігін көрсетті. Қазақстанның өзімен көршілес елдермен арадағы шекарасының аталған қажеттілікке сай белгіленуі бұл талаптардың орындалуының айқын мысалы екендігі баршаға аян болды. Осылармен қатар Тәуелсіз Қазақстанның көрші елдермен арадағы шекарасын қысқа мерзімде ешқандай да жанжалсыз, бейбіт келісімдер арқылы анықтап, халықаралық ережелерге сай заңдастыруы әлемдік шекара мәселесіндегі сирек оқиға ретінде белгілі болды.

Тәуелсіз Еліміздің шекарасын халқымыздың тарихи мүддесіне сай айқындап, бекіту жолындағы аса жауапты қызметтің өлшеусіз нәтижесі мен маңызы туралы Н.Ә.Назарбаев өзінің осы кітабында: “Мемлекеттік шекараны белгілеу жолында біз жұмсаған күш- жігердің маңыздылығын түсіну үшін жаңа тәуелсіз мемлекеттердің басым бөлігі мұндай шаруаны атқара алмағанын, олардың әлі де өзара бекітілген мемлекеттік шекарасы жоқ екенін есте ұстаған жөн. Қазақстан-Орталық Азия өңірінде делимитациялау мен демаркациялау мәселесін толық шешкен жалғыз мемлекет. Қазақстан Республикасының 2000-жылдары бекітілген мемлекеттік шекарасы –толықтай заңды. ... Қазақстанның мемлекеттік шекарасын саяси растаудың, заң жүзінде рәсімдеудің және оның халықаралық дәрежеде мойындалуының тарихи маңызын айтып жеткізу мүмкін емес”[1.295,296], деп жазды. Осы сөздерден Мәңгілік Ел болуға бет алған қазақ халқының ұлан-байтақ ата қонысын түгелімен және түпкілікті тұрғыда қалпына келтірудегі Елбасының орасан зор қызметінің толығымен іске асырылғандығы паш етіледі.

Ғани ҚАРАСАЕВ, т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017.-508 б.

2. Аяған Буркитбай, Ауанасова Алима. Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства (исторический аспект).-Алматы: ТОО “Литера-М”, 2012,-256c.

3.РФ СС М. Қор 897, тір. 4, папка 14, іс 12, п.201.

4.РФ СС М. Қор 897, тір.3, папка 10, іс 21,п.198.

5. Н.Ә.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында- Алматы: Өнер,1996.- 209,210 бб.

6. РФ СС М. Қор. 897, тір.4, папка 14, іс 12, п.197

7. Cовременный Казахстан: цифры и факты.-Алматы, 1998, С.112.

8. Қазақстан-Ресей қатынастары. 2005. Құжаттар мен материалдар жинағы.-М.:РМ, 2006, 2б

9.Касымбеков М.Б. Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности (01.01.2004-31.12.2005). – Астана: Елорда, 2006. – 544 с.214

10.РФ СС М.Қор 897, тір. 2, папка 4,іс 8, п. 81

11.Қазақтай бауыры барда қырғызды қуаңшылық та, қиыншылық та ала алмайды. // Егемен Қазақстан. 2012 жыл 23 тамыз

12.Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. Оқулық. / Б.Ғ.Аяғанның жалпы редакциясымен. -Алматы: Раритет. 2010 -160 б.

13.Қарасаев Ғ.М. Тәуелсіз Қазақстанның шекара мәселесі –Мемлекет тұтастығының негізі (Абылай хан мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатының сабақтастығынан)Абылай ханның 300 жылдығына арналған “Абылай хан және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі”Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, 5 қазан. 2013, Көкшетау,45-50 бб.

14. Интервью Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева телеканалам “Казахстан” и “Хабар” 01.01.2005, с.2 15. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5947, п.5