ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде «Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі ашылады
13.03.2015 1678
2015 жылы 18 наурызда ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде «Ұлттық игілік» музейаралық серіктестік жобасы аясында «Мыңжылдықтар сәулесі» атты көрменің ашылуы болады.

2015 жылы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы (Түркістан қ.) қорынан ұйымдастырылған «Мыңжылдықтар сәулесі» атты көрменің ашылуы болады. 

Амудария мен Сырдария өзендерінің аралығында орналасқан Түркістан өңірі Түркі өркениетінің ежелгі ошақтарының бірі. Бұған дәлел жазба деректер мен Түркістан жазирасында жүргізілген археологиялық зерттеулер. Көрме әркезеңді қамтитын археологиялық артефактер кешені — шырағдандар арқылы келушілерді өлкенің өркениеттік тарихына үңілдіреді. Шырағдан жасау өнері дала өркениетінде ежелгі дәуірден басталады. Алғашқы кезеңде шеберлер шырақтарды күнделікті тұрмысқа қажетті бұйым ретінде жасады. 

Экспозицияда көпшілік қауымның назарына ғылыми зерттеудің археологиялық кезеңінен бастап музейтану кезеңінен өткен 60 астам археологиялық және этнографиялық артефактер қойылады. Кешенде: әр дәуірге жататын бірегей шырағыдандар үлгілері; отты өшуден сақтаған кірпіштер; далалық зерттеулер нәтижелері; ғылыми мүліктеу мен реконструкциялардың мәліметтері. 

Музей қорларында мерзімдері көлемді болып келетін жәдігерлердің түпнұсқалары сақталған. Экспозицияға қойылған шырағдандардың ең «байырғысы» б.з.д. ІІ мың жылдықты қамтиды, ал ең «кейінгісі» ХІХ ғ. жатады. Бұл топтамада маңызды орынды Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда арнайы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі үшін шебер Изз адөдин ибн Тадж адөдин Исфахани жасаған шырағдандар алады. Шырағдандарды әшекейлеп тұрған аман-саулықты тілейтін бірегей жазбалар (эпиграфика) аса маңызды тарихи құндылықтар болып табылады. Сонымен қатар бүгінде ХІV ғасырға жататын екі шырағдан цилиндрлерінің резервуарлары Санкт-Петербургтегі Эрмитажда және бір шырағданның төменгі және орта бөліктері Париждегі Лувр музейінде сақтаулы. 

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің тұрақты серіктесі болып табылады. Ол Қазақстанның орта ғасырлық тарихының өзіндік нышаны тәріздес болып келетін археологиялық және сәулет өнері ескерткішетірінің тұтас бір кешенін құрайды. 1989 жылы қорық-мұражайды ашуға көптеген жылдар бойы ғалымдардың бірнеше ұрпақтарының сол өлкенің археологиясы мен сәулет өнерін зерттеулері себеп болды. Олардың ісін қазіргі уақыттың зерттеушілері жалғастыруда. Олардың көбі 1996 жылы мамырда құрылған Түркістан археологиялық экспедициясының құрамында қызмет етеді. Экспедиция қызметінің бірден бір нәтижесі ол — Түркістан алқабының қала мәдениеті ескерткіштерінің Археологиялық картасының жаңадан жасалуы болды. 

Археологтар қазып алып жатқан құнды тарихи артефактер жыл сайын «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының қорларын толықтыра түсуде. Археологиялық ескерткіштер мен артефактларды зерттеу, консервациялау және музей құндылығына айналдыру, мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, Қазақстанның археология мен музейтану ғылымының тарихы, рухани құндылықтардың сабақтастығы — міне, көрмеге арқау болған басты тақырыптар. 

Түркі әлемінің рухани орталығы — ұлы Түркістанның көп қырлы мұрасының бір бөлігімен Астана тұрғындары мен қонақтары жақынырақ таныса алады.

Көрме 2015 жылдың 13 сәуіріне дейін жалғасады.

Байланыс мәліметтері: 8(7172) 75-12-15, 8(7172) 75-12-14