Жыр алыбы
28.02.2021 2587
Бүгін – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күні. Нақты айтар болсақ, ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл бабамыздың туғанына 175 жыл толып отыр.

Алаш жұрты Жамбылдай ұлы тұлғасының мерейтойын ескерусіз қалдырып көрген жоқ деуге болады. Ұлы жыраудың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 және 170 жылдық меретойлары халықаралық деңгейде салтанатты түрде аталып өтілгенін айта кету керек. Биыл да сол қалыптасқан әдет бойынша, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтілгелі отыр.

Мемлекет басшысы ұлы жырауға арналған мерейтойлық іс-шаралардың ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету үшін «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» арнайы Жарлық қабылдағаны белгілі.

Осы мақсатта Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Отырыс барысында мерейтойлық іс-шаралардың жалпыреспубликалық жоспары мақұлданып, бекітілді. Жоспарға сәйкес, мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық іс-шаралар өткізілмек. Одан бөлек, ақынның саналы ғұмырынан сыр шертетін деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделіп отырғанын айта кету керек.


Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттелген тақырыптардың бірі. Сонымен қатар, үздіксіз зерттеліп жатқан, әлі де зерттеуді қажет ететін, зерттеле беретін мәңгілік тақырыптардың бірі деуге болады.

Дегенмен соңғы кездері кейбір ғалымдар жыр алыбы Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулердің тек қана бір сарынды болып келгенін айтып жүр. Олардың пайымынша, Жамбыл Жабаев тек партия құралы ретінде ғана зерттеліп келген.


Жақында бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде филология ғылымдарының докторы, журналист-жазушы Уәлихан Қалижанұлының Мемлекет басшысының атына хат ретінде жазған мақаласы жарияланды. Онда Коммунистік жүйе мен оның идеологтарының Жамбыл есімін партияның ұранына айналдырып жібергені айтылған.

«Рас, Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық ғұмырының соңғы 28 жылы Кеңестер одағы тұсында өтті. Бұл ақынның қасиетіне де, қасіретіне де айналды. Коммунистік жүйе, оның идеологтары Жамбылды партияның ұранына айналдырып жіберді. Тек партиялық тұрғыдан бағалады.

Ал Жамбыл қандай ақын!? Алтын қылыш қынабында жатпайды. Жамбылды тану үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек. Мәселен, Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі әлі толық зерттелмей келеді. Жамбыл жәй ғана ақын емес, ол күрескер ақын. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 61 жасына қарамай, көтерілісшілерді қолдап, жыр арнады. Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына арналған Верныйдағы ақындар айтысындағы ақындық болмысы көзден тыс қалды. Сонымен қатар, Жамбылдың Балуан Шолақ, Әсет ақын, Шашубай сынды ақындармен арасындағы әңгімелер қалың оқырманға жеткен жоқ», - деп атап өткенін айту керек.

Сонымен қатар ол Жамбылдың заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Жамбыл Жабаевтың туғанына 2021 жылдың 28 ақпанында 175 жыл толады. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы бас иген, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сияқты әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрмет тұтқан ұлы тұлға екенін атап өткен.

«Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асанқайғы, Қазтұған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді. Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев та осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болғандай еді. Ол «Менің – пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп өмірін өлеңге арнады. Атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды. Елімнің жақсыларын таныстырған, Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң, – деген Жамбыл баба қандай құрметке де лайық», - деп атап өткен Қалижанұлы


Айтпақшы. У.Қалижанұлы бұл мақала-хатында жамбылтанушылардың назарынан тыс қалып келе жатқан бірнеше жайтқа тоқталып өткен:

Абай мен Жамбыл бір заманның адамдары. Екеуі де ұлт ұранына айналған тұлғалар.

Көзден таса болып келе жатқан кейбір деректерді айта кеткенімді артық көрмеңіз.

Бірде Мұхтар Әуезов Жамбылдан: «Абай қандай ақын?»,- деп сұрайды. Сонда Жамбыл: «Абай ақын емес» деп бір қайырыпты. Әуезов қатты сасады. Жамбыл, мырс етіп күліп. «Әй, шоң бала, Абай ақын ғана емес, ол пайғамбар», дейді.

Қырғыздың ұлы ақыны Тоқтағұл Сатылғанов Сібір тұтқынынан қашып, жолай Жамбыл Жабаевты іздеп келеді. Жамбыл Тоқтағұлды екі-үш ай қасында ұстап, ел қыдыртып, ән айтқызып, халықпен таныстырады. Той-томалақтарға қатысады. Тоқтағұлдың алдына ірілі-ұсақты біраз мал жинап беріп, ат мінгізіп шығарып салады.

Жамбылдың мұндай азаматтық қыры тіпті айтылмайды десе де болады.

...Бірде Жетісуға Садық сұлтан Кенесарин келеді. Алдынан Жамбыл шығады. Атақты Абылайханның ұрпағы, Хан Кененің ұлы Садық сұлтанды қалың қазақ қонақ етіп, қырғызға апармақшы болады.

Бұл хабар қырғыздарға шанышқыдай қадалады. Бірақ, Садық сұлтанды Жамбыл ақын ертіп келе жатыр дегенді естігенде, сабырларына түседі.

Қырғыздар Садық сұлтанды ерекше құрметтеп қарсы алады. Жамбыл сөздің мәнісін айтады. Садық сұлтан әкесі хан Кененің қылышы мен ертоқымын алып кері қайтады.

Ақын тағдырындағы осындай деректер санатқа алынбай, еленбей келеді.

Енді Жамбылтанудың жаңа кезеңі келді, - деп атап өткен өзінің хатында.


 

Ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпан күні Жамбыл облысы, Жамбыл тауының етегінде дүниеге келді.

Жастайынан өлең-жырға құмар болып өскен Жамбыл жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.


Оның үздік шығармалары 40-тан астам тіліне аударылған.

Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысады. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғайды.

1941 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды.

Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. 

Жамбыл 1945 жылғы мауысым айының 22-інде Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.