Көсемнен қалған көшелі ой
05.03.2021 1664

Алашорда үкіметінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым Әлихан БӨКЕЙХАН – ұлттық және әлемдік ой-сана биігіндегі алып тұлға. Тарих толқынындағы жанкешті арпалысқа толы ұлттық бұлқыныстар мен азаттыққа ұмтылған көтерілістердің жеңісі мен жеңілісіндегі тағылымын бойына сіңірген қыр перзенті жаңа тұрпаттағы қайраткерлік күресінде зайырлы ұстанымдағы реформаторлық әдіске иек артты. «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық» (Құрметті оқушылар!) деп қазақ намысын жаныды.

«Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды» деп ел тарихындағы бейуақытта ұлтының тұрлаулы тағдырын қолға алды. Күйреген қазақ хандығының ордасын ұлттық мемлекет ретінде қайтадан қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарды.

Қыр перзентінің өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен асыл қасиеттерін танытатын елдік сана мен мемлекетшілдік ұстанымдағы нақылдары өміршеңдігімен ерекшеленеді.

«Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!» (Қазақтың тарихы) деген қайраткер «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» екенін азаматтық асыл қасиеттерімен дәлелдей білді.

Алаш арысы зайырлы демократиялық мемлекет құрудың саяси-құқықтық негіздерін қалады. Әлихан «Закон тұрмысқа жанасып, қатарласып өзгеріп отырмаса, орнына келмейді. Далада қалады» (Ашық хат), «Ел хүкімет үшін емес, хүкімет ел үшін жасайтындығын еш уақыт естен шығармау керектігін» (Ашық хат) айтқанда, сол елдің ел болып қалуы, мемлекет құрып еңсесін тіктеуіндегі іргелі жұмыстың ең бастысы ата-бабаларымыздан мирас болып қалған жерімізді Ресей отаршылдарынан заңды түрде қайтару екенін есінен шығарған жоқ. Бұл жолда Әлихан бастаған отаншыл тұлғалар аянбай тер төкті, қажыр-қайрат танытты. Қазақ жерінің шекаралық межеленуінде, аумақтық тұтастығында өлшеусіз тарихи қызмет атқарды. Кім кімді болмасын «Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры» (Жер комитеті) деген толғанысы тебірентпей қоймайды. Толассыз тіршілік таласындағы тайталаста қапы қалмауды «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!.» (Алаштың талапты азаматтарына!) деп ұғындырды.

«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» (Ашық хат. Жаһанша Əлмұхамедұлы Сейдалинге) деген қыр перзенті «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат» (Сусағанның түсіне су кіреді) екенін сенімді үзеңгілестері мен соңынан ерген ізбасар інілеріне кемел істерімен көрсетті. Майданның қара жұмысындағы қандастарына қорған болып, жандарынан табылды. Сталиндік қара түнек жылдары қуғын-сүргінге түскен мұраттастарына көмек қолын созуда аянып қалғаны жоқ.

«Тәңірден соңғы күшті халық қой». Міне, туған жерінен нәр алып, қасиетті елінен қуаттанған дегдар «Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды» (Ұры тию) деген байрақты сөзімен қашанда харакеттегі істерде табандылықта болуға ой салып отырды.

Ата тарихын қадірлеуде «дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дəрежесінде ұғып білуге тиіс болады» (Қазақтың тарихы), ана тілін ардақтауда «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» (Мұсылман сиезі), туған жерін қастерлеуде «Жер ұжмағы – Түркістан» (Жалпы Сібір сиезі), «Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз Ертіс» (Екі жол) сипатындағы кемел ойларымен «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» (Қазақтың тарихы) деп түйді. «Қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер» (Жауап хат) екенін мақтан тұтты. «Мал бақ, егін сал, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын» (Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі) деп қалың елін кәсіби шеберлікке баулыды.

«Түзу қалам қисайған, өткір мүжілген заманда» (Ұры тию) ұлтына адал қызмет еткен қайраткер «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» (Қазақ депутаттары) деп саяси көрегендік танытты. Сол күннің тезірек жетуіне терін төкті, жанын салды. «Ала арқанмен шандыған сынық арба қазақ елінің мәңгі-бақи еншісіне тиген жоқ. Қазақ шаруасы да өркендемек. Әйтпесе, қазақ еліне кеңес өкіметінің орнағаны өтірік» (Оқытушыларға сенеміз), «Отырықшы болу бұйрықпен, әмірмен орындалмайды» (Ауылда мәдениет жұмысы), «Əділдік жоқ жұртта, береке бірлік болмайды» (Сайлау). «Ауылдағы балаларымызды қорғау – зор міндетіміз» (Ауылдағы панасы балаларды қорғау – міндетіміз), «Аштықты жою үшін оның қалдырған ізін жою керек. Ізі жойылмай – өзі жойылмайды» (Тағысын тағы айтамыз) деген азаматтық ұстанымымен жаңа биліктің басқару жүйесін сын тезіне салуда тізгін тартпаған асыл ер бастапқыда патша абақтысына қамалып, кейіннен кеңес түрмесінде атылды.

«Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі соныкі» (Ұры тию), «Заманнан қалған шабан адам – өлген адам. Заманнан қалған қоғам (ұлт, мемлекет) – өлген қоғам» («Оқытушының білімін толықтыру») деп қазақ елінің болашақ бағдарын бағамдаған бабамыздың ұлы мақсаты жүзеге асты. Ол – қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігі. Лайым, ғұмыр бәйгесіндегі Алаштың алар асуы асқарлы, шығар биігі зәулім болғай.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.

ortalyq.kz