Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы Алматыда тойланды
28.09.2023 1012

Алматыда көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің  80 жылдығына орай «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференция өтті. Конференция аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, суретшілердің туындылары таныстырылды.


Қаламгердің мерейтойын атап өту үшін еліміздің мәдениет пен қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері Ұлттық кітапханада бас қосты. 

«Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған шаралар жазушының туған жерінен басталды. Қатонқарағайда үлкен аламан бәйге өткізіп, Шыңғыстайда қаламгердің музейін аштық. Астанада ұйымдастырылған мерейтойлық конференция, енді міне, Алматыға жетіп отыр»,– деді Оралхан Бөкей мерейтойын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Дәулет Әшімхан.

Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Кестелі сөздің Кербұғысы», филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Гауһар Балтабаева «Оралхан Бөкейдің прозасындағы тәуелсіздік идеясы» тақырыбында баяндама оқыды. Кәдірбек Сегізбай, Бексұлтан Нұржеке, Ұлықбек Есдәулет, Мағира Қожахметова, Әлібек Асқаров, Әмірхан Меңдеке, Бигелді Ғабдуллин, Жүсіпбек Қорғасбек және Тоқтарбек Мағзұмов бастаған Қазақстан жазушылар одағының мүшелері мерейтойлық шарада сөз сөйлеп, жазушыны еске алды.

«Оралханды қайталап оқыған сайын жаңа қыры ашыла түседі. Ол өз арман-тілегінде «Қазағымыздың  қадір-қасиетін төмендетпей, асқақтатайық, ағайын!» деген ұлтжанды ой айтады. Сондықтан бұл мерейтойды атап өтудің астары тереңде жатыр»,– деді филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Гаухар Саяділқызы.

Конференцияда сөз алған қаламгердің жиені Клара Нұржақыпқызы бала кезінен Оралхан шығармаларымен сусындап өскенін айта келіп, оның бүкіл қазақтың мақтан тұтар тұлғасы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол аймақтан ғана бастау алған шараның мемлекеттік деңгейде қолдау тапқанына өз ризашылығын білдірді.

«Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін үлкен жауапкершілік. Мұны өзімізге аманат етіп жүктедік. Алматы – жазушының жастық шағы өткен қала. Сол үшін мерейтойдың қорытынды шараларын осында өткізуді ұйғардық. Ертең қаламгер рухына арнап ас берілсе, келесі күні республикалық аламан айтыс болады. Баршаңызды сонда күтеміз»,– деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов.

Айта кетсек, бас жүлде қоры 2 500 000 теңгені құрайтын ақындар айтысы 30 қыркүйек күні «Алатау» театрында өтеді. Кіру тегін. Қаламгердің мерейтойын республикалық көлемде атап өту үшін Қатонқарағай кәсіпкерлері қолдау көрсетіп отыр.