Аққағаздың оқу бітіруі
20.06.2024 1195

Маусым айы – жастық шақтың шуақты мезеті, білімге бас қойған, сусаған жас шәкірттердің, әсіресе түлектердің кеудесі дүрсілдеп, жүрегі лүпілдеп, көңілдері тасып, шаттанатын кезі. Оқу жылында кездескен қиындықтар мен кедергілерді еңсерген олардың жүздері бал-бұл жанып, көздері күлімдеп, езулеріне күлкі үйіріліп, мәз болатын шақтары. Себебі бұл адам өмірінің ең маңызды сәті – оқу бітіру қуанышы ешқашан ұмытылмайтын, өшпейтін бақытты күндерінің алғашқы баспалдағы емес пе.


Күні кеше ғана елорда төріндегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түлектерінің бітіру, диплом тапсырудың салтанатты кешіне куә болдық. Қазақтың оғлан ұлдары мен қаршадай қыздарының білім жолындағы бір биік белесті бағындырып, үлкен өмірге қадам басқанын тамашалап, ұзақ-ұзақ қол соқтық. Бұл салтанатты марапаттау рәсімі ректор деңгейінде алғаш рет ұйымдастырылып отырғаны, әр түрлі түстегі мантиялар киген жастар шаттығы, құттықтаушы ата-аналар мен туыс-туғандардың көптігі, ең бастысы университет басшылығының жанашырлығы – осының бәрі де қосылып келіп басымызға бақ болып қонған «атыңнан айналайын!» дегізген ұлы мұрат азаттықтың арқасында екені даусыз ақиқат. Ал осы тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өз жанын құрбандыққа шалған ұлы қайраткерлер – алаш арыстарының миссиясы, идеясы ешқашан ұмытылмауға тиісті. Осындай емен-жарқын шақта ойымызға осыдан тура жүз жыл бұрынғы оқиға оралады. 

Бұл – қазақ қыздарының арасынан алғашқы болып медициналық мамандықты таңдап, бірнеше оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, білімге деген құштарлығымен төңірегін түгел тәнті еткен Аққағаз Досжанқызының оқу бітіруі деген ғажап оқиға. Қазақ оқығандарын «қара таяқтар» деп атаған осы кезеңде қазақ қыздары да алғаш рет қараңғылық құрсауынан құтылып, жарық әлемге – оқу-білімге ұмтылып, ерлермен бірге ірі қалаларға аттанып жатты. Сондай саналы жандардың арасында Аққағаз да бар еді.

Аққағаз – қазақ халқының текті әулетінен шыққан, бай-ауқатты отбасында өсіп тәрбиеленген. Олардың аталары ықпалды адамдар, өз өлкесінде қыр балаларына арнап мектеп салдырған, көз ашық, көкірегі даңғыл тұлғалар еді. Осы мектепте қара танып, хат жазып үйренген қаршадай қыз орыс, татар тілдерін де меңгеріп шығады. Ақылды ағасының кеңесіменен оқуын Орынборда жалғастырады. Оны ойдағыдай тауысқан соң, білімге шөлдеген жүрек мұнысын қанағат тұтпай, ары Мәскеудегі жоғары әйелдер курсының дәрігерлік факультетін да тәмамдайды. 

Оқу орындары

Оқыған жылдары

1

Орынбордағы әйелдер гимназиясы

 

1914 жылы аяқтады

 

2

Мәскеу медициналық курсы

 

1914 жылы қабылданған

3

Томбы медицина институты

 

1920 жылы қабылданды

4

Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті

1922 жылы аяқтады

Аққағаз Досжанқызы  оқыған оқу орындары

Өз арамызда «Аққағаз» деп атаған, «Қыр баласы» қоғамдық қорының белді мүшесі, жас зерттеуші Таңнұр Жеңісқызы қайраткер апамыздың Мәскеу кезеңі туралы былай деп жазады: «Аққағаз бұл оқу орнынан «Қайырымды медбике» куәлігін алып шығады. Үнемі оқудың соңына түсіп, ашқұрсақ жүре берген Аққағаздың денсаулығы сыр беріп, дәрігерлік факультетті ерте аяқтауына тура келеді. Бірақ қайсар қыз бір орында тұрақтап қалмай, елге келген соң бір жылдай демалып, сауығып оқуына қайта оралады. Аққағаздың Томск университетінің медицина факультетінде оқып жүрген кезі Қазан революциясымен тұспа-тұс келді. Медбике болғандықтан госпитальмен Польшаға дейін барып, жаралы солдаттарға көмек көрсетеді. Сөйтіп дәрігер қыз Томскіге барады. Соғыстың кесірінен бұл жердегі медициналық университетте студенттер азайып қалған. Осыны естіген Аққағаз ойланбастан құжатын тапсырып, оқу орнының екінші курсына қабылданады. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық медицина факультетіне ауысады».

Міне, осылай уақыт зымырап, біздің сәулелі сәтімізге таяды. Бір жылдан соң, яғни 1922 жылы Аққағаз Ташкентте университетті үлкен жетістікпен аяқтап шығады. Бұл туралы Түркістан республикасының Халық комиссарлары кеңесі 14 желтоқсанда арнайы қаулы қабылдап, Шығыс қыздарына арнап Халық комиссариатының қаржысынан Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындайтыны жөнінде жария етеді. 

Аққағаздың университетті бітіріп шығуына байланысты «Жоғарғы басқыш мектептi, САГУ-дiң медицина факультетiн бiтiрген бүкiл шығыстың тұңғыш қызының күнi» деген атпен үкімет айрықша мән беріп, Түркістан Орталық атқару комитеті аста-төк дастархан жайып, үлкен той өткізеді. Бұл тойдың атақты қайраткер Сұлтанбек Қожанұлының үйінде өткені туралы қызықты деректі Сәйділ Талжановтың «Адам туралы толғау» кітабынан кездестіруге болады. Осы еңбектегі «Телқара» деген әңгімеде: «Аққағаз Досжанованың тойы Сұлтанбек Қожановтың үйінде өтті. Жоғары басқыш мектепті САГУ-дің медицина факультетін бітірген бүкіл Шығыстың тұңғыш қызының күні деп тойланды. Осы мәжілісте заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов құттықтау сөз айтты» деп жазылған. 

Ең өкініштісі, ұлы жазушының сөзі жазылып сақталмапты. «Әкеңіздің бар мұрасы шықты ма?» деп сауал қойған алаштанушы ұстазымыз Дихан Қамзабекұлына кеше ғана дүниеден өткен асылдың сынығы Мұрат Мұхтарұлы Әуез: «Жоқ. Қиын жылдары жоғалғаны қаншама. Ол әлем зиялыларына хат жазып тұрды. Осыларды іздеу керек. Әкемнің Алаш кезеңіндегі мұрасы да толық жинақталмаған. Біраз билік қызметіне араласқан кезі бар. Сондағы баяндамаларын, жазбаларын тауып, жинау қажет» деп жауап бергені толық рас және оның астарында біздің кейіпкеріміз Аққағаз сынды алаш айымдары туралы жазғандары сақталмай қалып отыр ғой. 

Сонымен Аққағаздың дүбірлі тойына алаштың аймаңдай азаматтары, игі жақсылары мен жайсаңдарынан Халел Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбай, Тұрар Рысқұл, Әшім Омар, Санжар Асфендияр, Біләл Сүлейұлы, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреқұл, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабай, Иса Қашқынбайұлы және басқалар қатысып, зор қошемет пен тілектестік білдірген. Әр жерде қысым көріп, партиялық бақылау мен аңдудан ығысқан ұлт зиялылары бұл кезде Ташкент шаһарын паналаған болатын. 

Дабыралы дастархан басында қазақ зиялыларының құдiреттi тобы қаладағы қашқан-пысқан жетім балаларды тауып, денсаулығын тексеріп, қоғамдық үлкен істердің шетін қайырып жүрген қайраткер қызға кең өрiс тiлеп, сол жерде барлығы бiрауыздан Түркiстан Республикасы Халық комиссарлары кеңесiнiң төрағасы Тұрар Рысқұловқа қаулы қабылдатқызады. 

Тойдың қызған шағында қуаныш иесі Аққағазға 100 мың сом сыйлық табысталып, құны 10 мың сомнан тұратын хирургиялық жабдықтары бар жұмыс кабинетімен бірге пәтер кілті де қоса тапсырылған екен. Бұл жаңалықты большевиктердің «Правда» газеті: «Ташкент. 1922 жылдың күзінде Түркістан республикасының медициналық факультетін бітірген, жоғары білім алған дәрігер әйелге – қырғыз қыз Досжановаға Түркістан республиканың Халық комиссариаты 100 000 сом мөлшерін сыйақы беру және өз қаражатына кабинетті жабдықтауды қаулы етті» деп хабарлап, жаһанға жария етті.  

Бұл тойдың ең кереметі сонда, тойдан соң барлығы жиналып фотосуретке түседі. Бұл ескерткіш тойдың өткеніне, ол тойдың қазақ қызына арналғанына және оған қазақтың зиялы қауымы түгелі болмаса да басым бөлігі қатысқанына толық айғақ бола алады.

Енді тарихи суретте бейнеленген тұлғаларды анықталғанына қарай жаза отырайын. Екінші қатарда сол жақтан оңға қарай 6-адам – баршамызға белгілі ұлт қайраткері Халел Досмұхамедұлы, 7) Аққағаз Досжанқызы, 8) А. Шмидт, 9) Қашқынбаева, 10) Күләндам Қожанова. Үшінші қатарда 6-адам – Мұхамеджан Тынышбайұлы, 7) Мағжан Жұмабай, 8) Иса Қашқынбайұлы, 9) Біләл Сүлейұлы және басқалар. Жоғарғы қатарда 4-адам – Сұлтанбек Қожанұлы, 6) Мұхтар Әуезов.  

Бұл фотосуретті арнайы мамандарға қаратып, Қарағанды облысы ішкі істер басқармасы сараптау криминалистика бөлімінің көмегімен (сарапшы Е.Цаплин) зерттеген тарихшы  ғалым, профессор З. Тайшыбайұлы өзге де анықталмаған адамдардың бар екенін жеткізді. Суреттің артқы бетіндегі тым көмескі тартып, тіпті өшуге айналған жазуды қалпына келтіру қиындық тудырғанына қарамастан, біршама есімдерді оқып, анықтаған. «6. Рабиға Қаратаева. 7. Мағрипа Қойайдарова. 8. Сара Қапина. 9.... 10. Сабыр Қапин. 11. Хайрулла Қаратаев. 13. Омаров. 14. Альжан... 15. Мәриям Ахенбекова. 16. Омарова. 17. Анель Асфендиярова. 18.... 19. Досмұхамедова». 

Тойға келген қауымның арасында балалардың да болғаны суреттен көрінеді. Осы балаларды қоса есептегенде барлығы 58 адам бейнеленген. 

Аққағаздың оқу бітіруі – қазақ қыздарының арасынан озып шығып, оқу үшін аянбаған, үнемі ізденісте, үнемі білімге ұмтылыстың қарлығашындай болған алғашқы қуаныш тойы. 

Аққағаздың оқу бітіруі – қанатсыз қаншама қаракөз қыздардың арманын ұштаған, мақсатын оятқан, ойын тілгілеп, санасын сілкіген мотивациялық кеш. 

Аққағаздың оқу бітіруі – Ташкентке жиылған ұлт зиялыларының биік парасаты мен адал ниетінің жемісі, білім алушы жастарға деген қамқорлығының өлшемі.

Осылайша тек ақ халатты иығына іліп алып, кабинетте ғана отырмайтын, туған халқының саулығы мен жаны үшін өлшеусіз еңбек еткен Аққағаз Досжанқызына көрсетілген құрмет тек оның өзіне ғана емес, бір жағынан барша қазақ қызына осындай деңгейде білім алып, құштарлықпен қызмет етуге ынталандырса, екіншіден, ел ағалары атанған абзал азаматтардың жалпы қыз балаға деген дұрыс көзқарасын, әрбір нәзік жандыға туған қарындасындай қараған жанашыр көңілін білдіреді. Тойдың мұндай жоғары деңгейде өткізілуі де туысқандық институт тұрғысынан аға мен қарындас арасындағы, мамандық жағынан келгенде дәрігер мен дәрігер арасындағы, адамгершілік нормалар бойынша алғанда адамдық биік парасат пен зор сыйластықты танытады.