
Түйіндеме: Мақалада қазақ хандық мемлекеті тарихындағы ерекше орны бар Орта жүзде хан сайланған Ғұбайдолла Уәлиұлының қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге арналған. Осы күнге дейінгі Ғұбайдолла тарихын зерттеушілердің еңбектері сараланып, Ресейдің 1822-1824 жж. қазақ хандық мемлекеттерін жою мақсатындағы сырттан шығарылып, зорлықпен танылған устав-заңдарының ХIХ ғ. қазақ халқының саяси тағдырына тигізген әсері мен салдары зерделенеді. Ғұбайдоллаға қатысты Орта жүз хандығындағы оқиғалар жалпы қазақ еліндегі саяси оқиғалармен байланыстыра қарастырылады. Осы уақытқа дейінгі Ғұбайдолла тарихын зерттеген зерттеушілерідің еңбектеріне сүйене отырып, барынша ресейлік, кеңестік тарихнама дәстүрінен тыс ұлттық саяси тарих контексті тұрғысынан қарастыруға талпыныс жасалған.
Кілт сөздер: Ғұбайдолла хан, хан сайлау рәсімі, Сібір қырғыздары туралы жарғы, аға-сұлтан, дуан-приказ, заседательдер.
Кіріспе: Қазақ Елінің тәуелсіздігіне 34 жыл толған шақта Қазақстан деген мемлекеттің өткен елдік, мемлекеттік тарихына деген қызығушылық жылдан-жылға артуы қазақ тарихнамасындағы жетекші тенденция болып қалыптасып келе жатқандығы заңды құбылыс деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, бұрындары көлеңкеде, елеусіз қалып келе жатқан Кіші жүздегі Нұралы, Арынғазы, Қаратай, Шерғазы, Орта жүздегі Уәли, Бөкей, Ғұбайдолла сияқты хан-сұлтандар тарихына, олардың тарихтағы орны мен маңызына тек соңғы уақытта, Қазақстанның тәуелсіз мемлекетке айналған тұста ғана жіті көңіл аударыла бастағаны белгілі. Көптеген осы заманғы тарихшылардың пікіріне сүйенсек, әсіресе ХVIII ғ. ақырғы ширегі мен ХIХ ғ.40-шы жж.дейінгі уақыт Қазақстан тарихының ең бір күрделі кезеңі. Себебі бұл тарихи кезең қазақ халқының тарихи санасы мен жадында қазақ елі мен жері үшін үлкен сілкіністер мен бетбұрыстар уақыты, халық жырларынан бұл уақыт «зар заман» мен кертолғаудың заманы болатын. Қазақстанның қазіргі заманғы саяси дамуының нәтижесінде өткен, таяу тарихымызға саяси тәуелсіздікке қол жеткізген елдің тарихшысының осы заманғы көзқарасы тұрғысынан зерттеп, зерделеуге назар аударуды қазіргі заманғы геосаяси жағдайлар да өз ықпалын жасап отыр. Ғұбайдолла хан тарихы қазақ хандық мемлекетін жоюдағы Ресей империясының саясатының кейбір көлеңкелі тұстарының тарихи астарларына қарастырып, тың тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.
Материалдар мен методологиялық әдістер: Мақалада қолданылатын әдістер осыған дейінгі ресейлік, отандық тарихшылардың монографиялық еңбектері мен жекелеген ғылыми мақалалардағы ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, Орта жүз ханы Ғұбайдолланың қоғамдық-саяси қызметі мен күресі тарихшылдық, жүйелілік ғылыми қағидаларына сүйеніліп жазылды. ХIХ ғ. бірінші ширегіндегі Орта жүздегі саяси үдерістер Кіші жүздегі саяси оқиғалармен салыстыра қарастырылып, талдау жасалады. Зеттеуде әр тарихи құбылыстың табиғатын ашатын генетикалық әдістер мен ретроспективалы әдәстер де аталмыш зерттеуде қолданылатын болатын.
Бақылау және талқылау: Ресей тарихнамасы мен кеңестік тарихнамада Ресейге қызмет жасағысы келмеген аға-сұлтан деп сипатталынып, Ғұбайдолла ханның ХIХ ғ. бірінші жартысындағы қазақ халқының саяси тарихындағы орны мен рөлі назардан тыс қалып келді. Дегенмен, Ғұбайдола туралы алғашқы зерттеулер ресейлік тарихнамадан басталалады. Осы тақырыпқа алғаш қалам тартқан Ресей тарихшысы А.И. Левшин болатын. Ал сол замандағы тарихи үдеріс турасында А.И. Левшин: «Ал бұл уақытта орыс үкіметі қазақ ордаларындағы хандық билік-дәрежесін мүлдем жойып тастаған болатын» [1,178-179]. Зерттеушілердің көпшілігі жоғарыдағы Қазақ хандықтарының протектораттықттан (сырттай бағынышты, өзге мықты державаның қорғауындағы ел) Ресейге тура бағынышты, бодан ел жағдайына өтуі, саяси статусының осыншама құлдырауы сол кезеңдегі қазақ жүздеріндегі саяси элитада дағдарысты жағдайдың одан әрі ушыға түсуіне алып келді. Жасы сексенді алқымдаған Нұралының қартайған шағында Уфаға жер аударылуы, Арынғазы мен Шерғазының, Жантөре ханның қайғылы оқиғалары Уәли ханнан кейін заңды түрде хан хан сайланған Ғұбайдоллаға үлкен ой салғаны анық. Өткен ғасырдың 90-шы жж.Ғұбайдолла ханды алғаш зеррттеу нысанына айналдырған Қ.К. Әбуев: «Ғұбайдолла сұлтан бірінші болып, патшалық Ресейдің отаршылдық саясаттың күшеюіне қарсы шықты. Ол бастаған қозғалыс қазақ халқының отаршылдық қанаушылыққа қарсы бағытталған Кенесары Қасымұлының басшылығымен басталған ұлт-азаттық қозғалысына ұласты [2, 134]. Одан кейінгі уақытта Ж.К. Қасымбаевтың қазақ хандығы тұсындағы мемлекет қайраткерлері, И. Ерофееваның қазақ хандары мен сұлтандарының генеологиясы, эпистолярлық мұралары туралы маңызды еңбектері жарық көрген болатын. Орта жүзде хан сайланып, Ресейдің қысымшылық көрсетуі нәтижесінде тақтан тайдырылғаны жүйелі түрде зерттеп, көлемді монография түрінде 2017 жылы шығарылған зерттеушілер Қ. Әбуев пен Г. Жапекованың еңбегі болып табылады [3].
Осы еңбектерде берілген баға мен қорытынды тұжырымдар өз заманы үшін әділ де дәлелді, өтпелі кезеңдегі тарихи тұлғалар турасында Қазақстан тарихындағы тұлғатануға қосылған зор үлес болатын. Алайда, ХVIII-ХIХ ғғ. қазақ хандықтарын мемлекеттер деп санауға бола ма? Ол мемлекеттердің алдыңғы дәуірлердегі негізгі жері Қазақстан территориясында жатқан Жошы ұлысы негізінде құрылған – «Ұлық Ордамен» (Алтын Ордамен) мемлекеттілігімен қандай сабақтастықта болған, ХIХ ғ. бірінші ширегінде Шыңғыс хан тұқымы-қазақ ақсүйектер элитасы не үшін күресті, кіммен күресті (Ресейдің патшалық дәуір тарихнамасында Жантөре хан, Ахмет Жантөриндер, Қоңырқұлжа Құдаймендиндер жағымды тарихи персоналар, Кеңестік тарихнамада Ғұбайдолла мен Кенесары да үстем тап өкілі, прогрессивті Ресейден қазақты бөліп әкетпекші болған реакцияшыл-керітартпалар ретінде қарастырылып келді.
Ғұбайдолла хан, Кенесары хан тарихын ХVIII-ХIХ ғғ. қазақ мемлекеттілігі идеясымен тығыз байланысты тақырып, ал қазіргі ресейлік тарихнамада Ресей экспансиясының бейбітшіл – прогрессивті сипаты, оның испан, ағылшын отаршылдығына ұқсамайтындығы, отаршылдық мәні болмаған – мыс деген сыңайлы нарративтер белең ала бастады). Сондықтан, Ғұбайдолла ханның қандай саяси мұрат-мақсаттары болды, Ресей империясы өкілдерімен қандай мәселелерде келісе алмады, Ғұбайдолланың Қасым төре мен Кенесары ханадармен қарым-қатынас сипаттарын анықтай түсу де қажет болып тұр деп санаймыз.
Нәтиже: Ғұбайдолла тақырыбының өзектілігі әсіресе, Қазақстан мемлекетінің Президенті Қ. Тоқаевтың 2024 жылдың 15 наурызында Түркістан қаласында Ұлттық Құрылтайда айтқан мына бір ойлары осы күнге дейін тарихнамада сұлтан, аға сұлтан деген атаулармен жүрген Ғұбайдолла хан тұлғасын қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздігі үшін күресімен концептуалды түрде байланыстыра қарастыруымызға жол ашады. Осы жиылыста Президент Қ. Тоқаев былай деген болатын: «Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек[4].
Сондықтан, тарихымызға деген жаңаша бетбұрысты көзқарасқа негіз қалап отырған дискурс Ғұбайдолла ханның – қазақтың мемлекеттілігі жолындағы күрескер болғандығын жан-жақты аша түсуімізге толық мүмкіндік береді. Қазіргі күнде екі импершіл дәстүрі күшті, Қазақ елі мен мемлекеттілігі концепциясына өзіндік дауы бар державалар қыспағында отырған елдің тарихи, саяси-мемлекеттілік негіздерін нығайтудағы осы өткен тарихымыздың бұлыңғыр тұстарын анықтаудың маңызы өте зор болып отыр. Ал Ғұбайдолла қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу жолында күрескен қайраткерлер ішіндегі осы кейінгі кездерге дейін жетіспей тұрған, кезінде өз миссиясын зор абыроймен атқарып, рухы жеңілмей кеткен қазақтың мемлекетшіл тұлғасысының көрнекті өкілінің бірі де бірегейі деп тануымыз қажет екендігін, қазіргі уақыттың өзі көрсетуде.
Қазақ хандық мемлекеті Жошы хан ұлысының негізінде құрылған Ұлық Орданың қанатының астынан түлеп шығып 400 жылдай дәуірлеп тұрып, Ресей және Қытай имперлік мемлекеттерінің қыспағынан 1847 ж. соңғы ханы Кенесары хан опат болған соң тарих сахнасынан кетті. Оның негізгі Ордалы бөлігі Ресей империясы құрамына өтіп кеткен болса, оның оңтүстік-шығыстағы үш аймағы Іле мен Алтайдың оңтүстігі, Тарбағатай Қытай империясы құрамына біржола қосылып кетті.
Қазақ мемлекеті Ұлы Далада сан ғасырлар бойы жасап келе жатқан мемлекеттердің Ізбасар-мұрагері. Осы ел мен жердің – автохтон байырғы тұрғындары оның шекарасы мен елдік мұраттарын сан ғасыр бойына қорғап келді. Алайда, осы бір қазақ мемлекетінің бір қилы тағдыр кезеңі Абылай дәуірінен соң біртіндеп әлсіреген қазақ хандығының жойылар сәтіндегі оқиғалар. Осы оқиғаларға қатысушы тарихи тұлғалар. Соның ішінде Орта жүз ханы Уәли қайтыс болған соң оның үлкен ұлы Мәшһүр Жүсіптің жазуы бойынша Ғұбайдолланы қазақтар хан етіп сайлаған. Ресей империясы бұл кезеңде қазақ жерлерін бекініс-қорғандармен қоршап, ендігі жерде ішкі отарлауға дайын тұр еді. Қазақтың өз заңы дала Конституциясы Жеті жарғысы бойынша, қалыптасқан саяси-мемлекеттік дәстүр бойынша да Ғұбайдолланың хандыққа сайлануы заңды, яғни легитимді акт болатын. Бір ескертетін жай Орта жүз хандары өз балаларын Ресейге аманатқа бермей келді. Ресей протектораты көп жағынан формальды-номиналды сипатта еді. Уәли хан тұсында да Орта Азия елдеріне Қазақ жері арқылы өткен керуіндер баж салығын төледі. Уәли ханның осындай іс-әрекеттері, оның бірбеткейлігі Ресей шекара әкімшілігінің наразылығын тудырып отырды.
Ресей жағы қазақ рубасыларының жемқорлығы мен атаққұмарлық даңғойлығын үнемі қолдап-қолпаштап хан билігінің беделін барынша түсіруге тырысты. Кәрі кетіп, қартайған шағында Уәли хан шынында да Абылайдан қалған ұлан-ғайыр территорияның жұқанасын ғана ұстап қалды. Міне, Ғұбайдолланың хандық таққа отыруы осы бір қиын-қыстау кезеңге тап келді. Өз заманына сай білім мен тәрбие алған Ғұбайдолла төрелерге тән ел басқару мен қатар әскери өнер-машықтың бәрін игерді. Ол Патша үкіметің Сібір қазақтары туралы 1822 ж. шығарған низам-жарлығын мойындағысы келмеді. Қайткен күнде де хандық мемлекетті сақтап қалудың барлық амалдарын, соның ішінде дипломатиялық жолдарын да қарастырып Пекинмен дипломатиялық байланыстарды қайтадан жандандырды. Ресей империясы қазақ ханын қорлау мен кемсітудің барлық айла-шарғыларын жасады. Ең алдымен оны хан атағынан зорлықпен айырып, сұлтан дәрежесінде Ресей әкімшілігінің чиновнигіне айналдырғысы келді. Осы ресей билігі мен тарихнамасы қалыптастырға көзқарас осы күнге дейін Ғұбайдолла хан тұлғасын толық өз орнымен тануға жол бермей келеді. Осы күнге дейін Ғұбайдолла хан туралы жазылған тұшымды зерттеулер көп емес. Соның ішіндегі көлемдісі де мазмұндысы да белгілі тарихшы т.ғ.д. профессор Қадіржан Қабиденұлы Әбуовтың «Ғұбайдолла сұлтан» тарихи зерттеу очеркі алғашқы бұл тақырыптағы еңбек еді.
Қазақтардағы хандық басқару билігін жойып, империяның басқа бөліктеріндегідей жалпы негіздегі басқару жүйесін енгізу туралы жоспар А. Левшиннің куәлік келтіруі бойынша, императрица Екатерина II-ші патшалығы тұсында пайда болған еді. Бірақ, тарихи жағдайларға байланысты ол ойларда сол кезеңде іске асыру мүмкін болмады.
Қазақстанда хандық билік институтын жоюға қолайлы жағдай ХIХ ғ. екінші онжылдығында қалыптасты. Қазақтың дәстүрлі мемлекеттік билік жүйесін жоюға бағытталған саяси акцияны Сібір әкімшілігі бақылауында болып келген Орта жүз хандығынан бастауды жөн деп тапты. Орта жүз билеушісі Уәли ханның қайтыс болуына байланысты 1819 ж. 7-ші тамызда Батыс Сібір Бас басқармасы келесі шешімді қабылдады: «Жаңа хан сайлау талабы кері қайтарылсын» сұлтандар мен старшындар біз рұқсат бермей, біз басшылық етпей, олардың өз беттерімен хан сайлауына ешқандай да жол берілмесін деген шешімге келген еді. Ресей билік орындарының бұл қауіптенулері негізсіз де емес болатын, себебі жаңа хан сайлауын қазақтар өткізіп те қойған еді. Орта жүздің хан тағына Ғұбайдолла сұлтан сайланды. Сайлаудың дәл қашан өткендігі туралы нақты мәлімет болмағанымен, хан сайлауы Уәли ханның құрметіне берілген аста өткен болуы керек. Алайда, патша үкіметі «қайтыс болған хан құрметіне берілген ас кезіндегі сайлауға Орта жүздің көптеген сұлтандары мен старшындары қатысқан жоқ, сондықтан бұл билікке жеткілікті негіз де жоқ» деген сылтауларды алға тартып, хан сайлауын мойындаудан бас тартты [5].
Осы ретте, Ғұбайдолла сұлтан деген кім, ол қазақ тарихында қандай орын алады деген сияқты сұрақтар туады. Ғұбайдолла Уәлиханұлының хан сайланғаны туралы бірнеше тарихи дерек-куәліктертер сақталынған. Оның бірі Ш. Уәлихановтың кадет корпусында бірге оқыған досы, белгілі зерттеуші-этнограф Г.Н. Потаниннің «Соңғы қырғыз ханзадасының кигіз үйінде» деген этнографиялық очеркі Г. Потанин былай деп жазды: Уәли ханның екі әйелі болды: үлкен әйелінен Ғұбайдолла және басқалары; кіші әйелі Айғаным ханшадан туған үлкен ұлы Шыңғыс, оның Шепе және Әлжан деген інілері бар. Уәли хан өлгеннен кейін, қазақтар Ғұбайдолланы хан деп жариялады, бірақ ордада хан билігін сақтау орыс үкіметінің есебіне кірмегендіктен Ғұбайдолла тұтқындалып, Березовка әкетілді, сөйтіп, ордадағы хан билігі біткен болатын» [6].
Ресей үкіметі тарапынан өз билігін мойындата алмаған Ғұбайдолла, енді ол талабын Ресей жағына қайта қойған жоқ, себебі оның немен аяқталуы мүмкін екендігін жақсы білді. Ол, 1816 ж. орыс үкіметінің ырқынан тыс Кіші жүзге хан сайланған Арынғазының қайғылы тағдыры туралы естіп білген еді.
Арынғазы Әбілғазыұлы хандық дәрежеге бекітілуі үшін деген желеумен Петербургке шақыртылады, алайда ол жолда опасыздықпен тұтқынға алынып, Калугаға жер аударылады, сонда жүріп, жұмбақ жағдайда қазаға ұшырайды. Бұл акция арқылы Ресей билігі ықпалды ханды биліктен тайдырып, Кіші жүзде хандық билік институтын біржола жоюды көздеді. Ресей жағы оның алдында кіші жүзде 38 жыл билік құрған, Ресей империясының үнемі айтқанын орындап, айдауына жүре қоймаған жасы 86 келген Нұралы ханды абақтыға қамап, Уфаға жер аударғанда, араша түскен де Ғұбайдолланың әкесі Уәли хан еді. Бірақ, Орынбор әкімшілігі Уәли ханның бұл талабын орындаудан бас тартып, біздің қарауымыздағы Кіші жүз қазақтарына сенің не қатысың бар деген жауап берген еді. Уәли қайтыс болған кезде хандық билік институты әбден құлдырауға бет алған еді. Орта жүзде бірнеше хан мен сұлтандар, билер параллель билік жүргізіп отырды. Осы жағдайларды ескерген, Ғұбайдолла сұлтан Абылай өсиетін басшылыққа алып, қытай императорының қолдауына сүйеніп, хандық билігін бекіттіріп алуға шешім қабылдайды.
Ал Ғұбайдолла сұлтан, Қасым Абылайханұлы мен Сартай Шыңғысұлының ықпалымен Цин Сарайының көмегіне сүйеніп, Қазақстанның өзін-өзі басқаруын сақтап қалуға әрекеттеніп жатты. Осы мақсатпен Пекинге сұлтан Жантөре бастаған елшілік миссиясы аттандырылды. Елшілік Пекинде жылы қарсы алынды, Уәли ханның қайтыс болуына байланысты бата рәсімін жасау үшін қытайлықтар жақын арада делегация жіберіледі деген уәде беріп, елшілік салтанат-құрметпен шығарып салынды. Одан бері жыл өтсе де Пекиннен хабар кешіге берді. Ресей жағы болса, тез қимыл-әрекетке көшті. Александр I патша 1822 жылдың 22 шілдесінде Сібірді басқару жөніндегі бір топ заң жобаларына қол қойды. Оның ішіндегі ең бастысы – «Сібір қырғыздары туралы Жарғысы Ресей империясының сырттан зорлықпен танылған Ресей отаршылдығының жаңа кезеңіне жол ашқан заң жобасы болатын.
Орта жүзде сыртқы округтар ашу мәселесі Сібір комитеті мәжілісінде 1824 жылдың 25 ақпанында Санкт-Петербургте қаралды. Батыс генерал-губернаторының ұсынысымен алдымен екі округ – Қарқаралы және Көкшетау сияқты бұрынғы хан ордалары болған жерлерде ашылатын болып шешілді. Бұл турасында округтарды ашу жөніндегі нұсқауда Сібір комитеті: «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» бабына сәйкес округтарға атақты қоныс аттары берілсін, яғни бірінші округ Көкшетау, ал екіншісі Қарқаралы аталсын, – делініп, құжатта «Омбы облысынан ашылатын екі сыртқы округ қырғыз-қазақ сұлтандары Ғазы Бөкеев пен Ғұбайдолла Уәлихановтың – сол өлкелердің бұрынғы хандарының балаларының ұсыныс – тілегімен шешілді» [7] деп көрсетілген. Көкшетау сыртықы окугі 1824 ж. 29-шы сәуірде орыс чиновниктерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды, оның бірінші аға сұлтаны, басқаша айтқанда дуан төрағалығына Ғұбайдолла Уәлиханов сайланды. Абылай хандай ұлы билеушінің немересі, Уәли ханның заңды мұрагері қайдағы бір майор шеніндегі округ чиновнигіне айналып шыға келді. Округті (дуан) басқару жұмысын іс жүзінде округ кеңесі мәслихатшылары болып орыс үкіметі тарапынан тағайындалған: әскери отряд бастығы, әскери старшина А. Лукин мен колледж ассесоры А. Путинцев жүргізді. Оларға керек уақытында жергілікті халықтың өкілдері ретінде мәслихатшылар болып сайланған старшындар М. Жәнібеков пен З. Байтоқиндер көмектесіп отырған. Құжаттарда соңғысының орыс билік орындары алдында ерекше қызмет етіп, көзге түскендігі айтылады. Ғұбайдолла Уәлихановтың сұлтан аға сұлтандыққа сайланып, іс жүзінде мықты билікке ие боламын деген үміті ақталмады. Ғұбайдола өзінің абыройсыз екіұшты саяси жағдайда қалғанына қатты қапаланды. Ол даңқты әулеттің заңды мұрагері орыс әкімшілігінің елге ешбір ықпалы жоқ «қуыршағы» болуды өзіне қорлық санады. Осындай қалыптасқан төтенше саяси жағдайда Ғұбайдолла Уәлиханов өзінің Пекинмен байланыстарын, дәлірек атқанда Боғдыханның Құлжадағы өкілімен қайта жалғастырды. Алайда, бұл туралы өз жансыздары арқылы Омбы әкімшілігі біліп отырған еді. Нәтижесінде орыс билігі Ғұбайдолланың әр басқан қадамын бақылауға алып, ақыры дуан басқару ісінен шеттетеді. Бұған қарсылық ретінде Ғ. Уәлиханов өзінің Есіл бойындағы жаз жайлауына көшіп кетеді. Дәл осы уақытта, Омбыдағылар Семей жағынан Баянауылға қарай амбан (Шығыс Түркістандағы ең жоғарғы қытай чиновнигі – Қ. Ә.) бастаған 10 қытай чиновнигінен тұратын елшілік миссиясы 300 қытай сарбазынан тұратын әскери отрядтың қорғауымен келе жатқандығы туралы хабар алады. Олардың алдынан кес-кестеп жүзбасы Карбышев бастаған орыс-казак отряды қарсы шыққан болатын. Жүзбасы Карбышевтің мұнда қандай мақсатпен келдіңіздер деген сұрағына қытай генералы былай деп мәлімдеді: Азиялықтардың әдет-ғұрпы бойыша Уәли ханның асына келгендіктерін және Ғ. Уәлихановтың өтінішімен оны хандық дәрежеге бекіту үшін келгендерін, өздерін Ғ. Уәлихановқа жіберілгендіктерін ашық мәлімдеді»
Осыған байланысты Ғ. Уәлихановтың қытай елшілерімен кездесуіне жол бермеу үшін генерал-губернатордың арнайы нұсқауымен Баянауылға облыстың басқарма бастығы полковник Григоровский жіберілді. Оған егер Ғұбайдолла қытайлықтармен қалайда кездесемін деп талап қоятын болса, онда оны күзетке алып, Омбыға жөнелтуге, ал елшілерден Орта жүз территориясынан кетуді талап ету туралы нұсқау берілді. Бірақ қытай чиновниктері өздеріне тапсырылған миссияны орындамайынша қазақ жерінен кетіп қалуға құқықтары жоқ екендіктерін мәлімдеді.
Дәл осы уақытта генерал-губернатордың арнайы тапсырмаларды орындайтын чиновнигі Путинцев пен 3-ші орыс-казак полкінің командирі Лукин Ғұбайдолла сұлтанды Ресей патшасына чиновник ретінде ант бергендіктен, қытай эмиссарларымен кездесуден бас тартуға көндіруге әрекеттенді. Ол басқаша шешімге бекінген жағдайда Ғұбайдолла сатқын ретінде тиісті жазаға тартылатындығы ескертілді. Бірақ, Ғұбайдолла сұлтан алған бетінен қайтпауға бел шешіп бекініп, өзіне сенімді бірнеше ондаған адамдарымен қытайлықтармен кездесуге Баянауылға аттанды.
Кездесуге тиісті жерге бір күндік жер қалғанда,қытайларды өзінің келе жатқанын ескерту үшін жаушы жіберді. Алайда, түн жамылып жол торыған жүзбасы Карбышевтің казак отряды жаушыны қолға түсіріп, сол түні бейғам түнемелікке тоқтаған хан тағынан үміткер Ғұбайдолланың шатырын қоршап алып, оның жанындағы серігі Торайғыр бимен бірге күзетке алды. Түні бойы жүрген келіссөздер нәтижесінде Ғұбайдолла сұлтан хан тағынан үміткерліктен бас тартуға мәжбүр етілді. Қазақ хандығы тағына заңды мұрагерді қысымға алған ресейлік билік өкілдері оның «өз еркімен» бас тартатындығы жөніндегі «келісімін» қытай елшілігіне жазбаша хат түрінде жаздырып алды.
Ресей жағының істеріне үлкен күдікпен қараған қытай елшілері орыстардан Ғұбайдолла сұлтанмен кездестіруді талап етті. Мұндай кездесу екі орыс офицерінің қатысуымен ұйымдастырылды да. Кездесуде Ғұбайдолла сұлтан өзінің Ресей боданы бола тұра қытайлықтар тарапынан хан атағын иеленуге қақысы жоқ екендігін растады. Ол Пекинге елшілікті Ресей заңдарын жете білмегендіктен жібергенін. Баянауылға хандыққа бекуден бас тарту үшін келдім-мыс деген сөздерді айтты. Қытай елшілігі 12-ші шілдеде өзіне тапсырылған миссияны орындай алмай, орыс-казак отрядының бақылауымен кері қайтып кетуге тиіс болды. Сұлтан Ғұбайдолла мен Торайғыр би Омбыға жөнелтіліп, мықты күзетке алынды. Өзге қазақ сұлтандары Ғұбайдоллаға дер кезінде қолдау көрсетпегендіктен ол өз мұратына жете алмады.
Орта жүз қазақтарының заңды билеушісі Ғұбайдолла Кенесарының Ресей патшалығы отаршылдығына қарсы күресі басталғанда дереу тұтқынға алынып Сібірдегі әйгілі Березовқа айдалды. Қасым сұлтан бастаған қазақтың ықпалды адамдары қанша арызданып, Ресей билігінен қазақ ханы Ғұбайдолланы босатуды талап етсе де, елге беделімен танылып қалған Ғұбайдолланы патша өкіметі тұтқында ұстап отырды. Ол турасында зерттеуші А.А. Шапкенов Березов училищесі инспекторы, өлкетанушы Абрамовтың жазбаларына сүйніп, келесі деректер келтіреді: «Н.А. Абрамовтың мәлімдеуі бойынша, Абылай ханның немересі, Уәли ханның ұлы, Көкшетау округының бұрынғы аға сұлтаны, Андреев ленталы алтын медалі бар подполковник Ғұбайдолла Березовқа Кенесары Қасымұлымен байланыс жасағаны үшін 1841 жылдан бастап жер аударылып келіп қоныстанған. Автор Ресей патша өкіметіне қызмет еткен әкімшілік шенеунік болуы себепті, өз еңбегінде Ғұбайдолланың туысы, қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ұлт-азаттық көтерілісті басқарған Кенесары Қасымұлын 1837 жылдан бастап бірнеше жыл бойы дала өлкесінде үрей туғызушы, бүлік салушы ретінде сипаттайды. Ғұбайдолла сұлтан өз туыстарынан шалғайда жалғыз төлеңгіт қызметшісімен ғана көңілсіз ғұмыр кешіп жатты, бірақ, 1844 жылы, оның шексіз қуанышына ғана орай, оны әйелі – Ұлбөбек – Әбілмәмбеттің ұрпағынан, отыз төрт жастағы сұңғақ бойлы, сымбатты, әдемі әрі ақылды әйел және сүйкімді жүзді он бір жасар қызы Хадиша іздеп келді. Хадиша Березовта болған үш жылдың ішінде қазақша сауатын ашып қана қоймай, арабша Құранды түсініп оқуды, сонымен бірге жібек жіптермен кестелеуді және орысша сөйлеуді, оқу мен жазуды үйренді. Ғұбайдолланың өзі 1844 жылы алпыс жеті жаста болған, бірақ, тағдырдың тауқыметтеріне қарамастан, ол әлі ширақ болды, оның бір кездегі әдемі жүзінің іздері сақталғаны байқалды. Сұлтанның Березовта айналысқан басты ісі – намаз оқу болды. 1848 жылы Ғұбайдолла Уәлиханов өз жанұясымен бірге Көкшетауға қайтарылды [9].
Патша үкіметі бойынша асыққан жоқ Ғұбайдолла Сібір шебінен Кенесары көтерілісі әбден басылғаннан кейін ғана босатылды. Ол туралы Николай Середа өзінің «Қазақ сұлтаны Кенесарының бүлігі» («Бунт киргизского султана Кенесары») мақаласында жазған болатын. Белгілі зерттеуші Қ. Әбуевтың пікіріне сүйенсек Ғ. Уәлиханов бірнеше жылдан кейін Сібірден оралған соң (шамамен 1851 жылдан кейін) қайтыс болды деген дерек келтіреді.
Қорытынды: Қорытындылай келе, Қазақстан тарихында Ғұбайдолла сұлтан қандай орынға ие деген мақала басында қойылған сұрақтарға жауап беру үшін, оны хандық билікке жетелеген не нәрсе екендігін анықтау қажет. Ол өзіне тиісті хан билігін тартып алынғанына келісе алмады ма? Әлде отаршылдық биліктің күшеюіне қарсы басталған стихиалды халық наразылығын білдіруші тұлға ма еді? Жоғарыда келтірілген фактілерді саралай келе, бұл сауалдарға бір жақты жауап беруге болмайтындығын көреміз. Ең бастысы Уәли ханның заңды мұрагері, өз халқы сайлаған билеуші ретінде Ресей патшалық үкіметінің отарлық саясатына қарсы шықты. Егер ол өз қара басының қамын ойласа, аға сұлтандық қызмет пен сый-сияпаттарды қабылдап алып тып-тыныш өмір сүруіне әбден болушы еді, бірақ ол олай істемеді. Ол өз атасы Ұлы хан Абылайдай, аңыз-жырға айналған Кенесарыдай болмаса да ол өз халқының ар-намысты ұлы, қазақты жүз жылдай билеп келген Абылай әулетінің лайықты өкілі бола білді. Ең бастысы Ғұбайдолла сұлтан Ресей патшалығының отарлау-колонизация саясатына ашық қарсылығын білдірген саяси тұлға екені даусыз мәселе. [10,58]
Біздің ойымызша қазақтың өзін-өзі басқару құқығын қорғауды бастаған Ғұбайдолланың ісі, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Қалай десек те, Ғұбайдолла Уәлихановтың өмірі мен тағдыры Қазақстан тарихының, қазақ мемлекттілігі-елдігі тарихының ең бір драмалы уақытын, әрі әлі күнге дейін аз зертелген, мемлекет тарихы үшін принципті маңызы бар кезеңді зерделеуге мүмкіндік береді.
Қолданылған әдебиеттер.
- А.И. Левшин. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацских, орд и степей (под общ. ред, акад. М.К.Козыбаева). - Алматы, "Санат", 2009. - 656 стр.
- Абуев К. Кокшетау: истор. очерки. – Кокшетау, 1997. – 300 с.
Абуев К. К., Жапекова Г. К. А 17 Губайдулла Уалиханов: жизнь и общественно-политическая деятельность : монография / К. К. Абуев, Г. К. Жапекова. | Павлодар : Кереку, 2017.-169 с
- ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2024 ж.15 наурыздағы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі.// Егемен Қазақстан.2024 ж. 15 наурыз.
- Әбуев Қ.Қ. Уәли хан мұрагерлері мен ұрпақтары. Көкшетау 2022. 65 б.
- Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 5 – Алма-Ата, Главная Абуев К.К Кокшетау. Исторические очерки. Кокшетау. 1997. – 300
- стр. 311-313
- Шангин И.П. Извлечение из описания экспедиции, бывшей в Киргизской степи в 1816 г. // Сибирский вестник. 1820. — Ч. 11. — С. 101.
- Абуев К.К Кокшетау. Исторические очерки. Кокшетау. 1997. – 300.
- Шапкенов А.А Көкшетау округінің аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлихановтың Березов өлкесіне жер аударылуы тарихынан.
10. Қ.Қ. Әбуев, А.Т. Бексейтова Ғұбайдолла Уәлиханов. Көкшетау, 58 б., 1993 ж.
Кувандыков Сави, Шокан Уәлиханов университеті
Ғылыми жетекшісі Бексеитова Акбота Тастанбековна