Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға

270
Әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға - e-history.kz

Шыңғыс хан – әлемдік деңгейдегі тұлға. Ол туралы қызықты әрі шытырманға толы тарихи зерттеулер аз емес. Тарихи тұлғаның жасаған іс-әрекетіне әлем тарихшылары тарапынан қарама-қайшы екі түрлі баға берілді және әлі беріліп те жүр. Бірі оны сайыпқыран қолбасшы ретінде таныса, екіншісі қанішер, жауыз ретінде қабылдайды. Бұл екі түрлі бағытты түсінуге де болады. Өйткені Шыңғыс хан жаулап алған немесе басып алған жерлерде келісімге келгендер үшін жағымды көрінсе, елі мен жерін қорғап, қарсыласқандар үшін басқыншы болды. Нәтижесінде Шыңғыс хан тұлғасына байланысты бір-біріне қарама-қарсы зерттеулер, пікірлер, көзқарастар мен көркем шығармалар туындады.

Шыңғыс хан жайлы жазылған көркем туындылар әлем әдебиетінде көптеп кездеседі. Тарихи тұлға Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) туралы тұңғыш туынды ХІІІ ғасырда жазылған – «Моңғолдың құпия шежіресі» (Сұлтанияұлы, 1979a) атты фольклорлық-әдеби туынды. Бұдан соң ХІХ ғасырда монғол жазушысы В.Инжинаштың «Хөх судар» (Көк шежіре) (Инжаннаши, 2009) романы, ХХ ғасырда орыс жазушылары В.Янның «Шыңғыс хан» (Ян, 2003), И.Калашниковтың «Сұм заман» (Калашников, 1985), А.Бушковтың «Чингисхан. Неизвестная Азия» (Бушков, 2008), жапон жазушысы Ионе Ясашидің «Көкжал» (Ясаши, 1992), эстон жазушысы А.Валтонның «Пути сходятся в вечность» (Валтон, 1989) т.б. көптеген тарихи романдар жазылғаны баршаға мәлім [1]. Оның есімі тек көркем шығармаларға ғана емес талай-талай пьесалар мен деректі және көркем фильмдерге арқау болды.

Қырғыз әдебиетінде Шыңғыс хан бейнесі белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қаламынан шыққан «Шыңғыс ханның ақ бұлты» шығармасында кездеседі. Онда Шыңғыс ханның әлемді жаулап, билеймін деген билікқұмарлық, ашкөздігі, өз мақсатына жету жолында кез келген кедергіден тайсалмайтын қатаң басшы кейпінде сипатталады. Сондай-ақ өзі шығарған заңдардың қатаңдығын қадағалайтын қатаң басшы ретінде көрінеді. Шығармаға негіз болған басты жағдай Көк Тәңірі көмегінің белгісі – ақ бұлт. Шыңғыс ханның Көк Тәңірі қолдайды деген сенімі. Сол сенім пенде Шыңғыс ханда жер бетінде не істесем де Құдай қолдайды деген соқыр сезімді тудырды.  Еуропа елдерін жауламақ болған Шыңғыс ханның «Батыс экспедициясы» кезінде бала тууға тыйым салуын бұзғандарды жазалағанын баяндайтын хикаят. Осы шығарма арқылы Ш.Айтматов өзі өмір сүрген уақыттағы Кеңес үкіметіне, Сталиндік диктатураға Шыңғыс хан арқылы репрессиялық және озбыр билеушімен қарым-қатынасқа сілтеме жасай отырып, жасырын сын айтады. Сонымен бірге, Шыңғыс ханның көп қырлылығын оның физикалық сипаттамаларымен, өмірбаянымен, психологиясымен, ішкі қақтығыстарымен, сенімдері мен қорқыныштарымен қатар, автор оқырман санасында Шыңғыс ханның тұтас бейнесін қалыптастыра алады. Бұл бейненің әртүрлі аспектілерін талдау және романның құрылымдық элементтерімен, мысалы, сюжет, баяндаушының қызметі, уақыты мен кеңістігі сияқты тұтастығын анықтау Шыңғыс ханның ұлы тарихи тұлға екенін түсінуге ықпал етеді.

Шығармада негізгі және драмалық сюжет бар деп айтуға болады. Негізгі оқиға желісі Шыңғыс хан туралы оқиғадан тұрады. Оқырманды өткенге жетелеп Шыңғыс ханмен таныстырады. Шыңғыс хан туралы шығармада ханның өмірі хронологиялық тәртіпте сипатталмаған. Шыңғыс ханның Батысты жаулап алу науқанынан басталатын сюжет кейде өткенді ретроспективті техникамен қайтарып, содан кейін қазіргі уақытқа оралғанда үзіледі. Шыңғыс ханның әлемде қалдырған іздерінің психологиялық себептері оның бұрын бастан өткерген оқиғаларына негізделген. Мұны айтқысы келген автор Шыңғыс ханның ішкі әлемін талдауға тырысады, хан туралы өмірбаяндық мәліметтерді келтіреді, онда бұрын өз ізін қалдырған оқиғаларды сипаттайды. Шығарманың соңында ханның отбасы туралы және олардың балалық шағынан бастап өліміне дейінгі кезең ішінде қалай өмір сүргені туралы мәліметтер берілген. Деректер белгілі бір хронологиялық тәртіпте берілмегенімен, оқырман санасында Шыңғыс ханның өмірбаяны толықтай қалыптасады. Ш. Айтматов шығармасында Шыңғыс ханның мінез-құлқына психологиялық талдаулар жасай отырып, оны саяси және әскери қолбасшы Шыңғыс хан ретінде ғана емес, ішкі қақтығыстарымен арпалысқан адам тұрғысынан да суреттеген.

Шыңғыс Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» шығармасында Шыңғыс ханның Еуропа елдерін жаулауға аттанған кезі баяндалады. Оқиғаларды оқырманға жеткізетін нарратор, аңыздық әлем кейіпкерлерінің бірі емес, ол оқиғаларды сырттан бақылайтын үшінші тұлға ретінде қолданылады. Шығармада кейбір оқиғалар Шыңғыс ханның көзқарасы тұрғысынан айтылатынын көруге болады, дегенмен әңгімеші Шыңғыс хан емес. Жазушының бұл романында нарратор мен оның көзқарасы әрқашан бірдей бола бермейтінін ескеру қажет. Мәтіндегі сюжет бәрінен хабардар нарратор тұрғысынан беріледі. Бірақ кейбір эпизодтарда баяндаушы өзгеріссіз қалса да, ол ұстанған көзқарас өзгеріп, Шыңғыс ханның көзқарасы пайда болады. 

«Шыңғыс ханның ақ бұлты» шығармасында негізгі символдық мән – ақ бұлт. Шыңғыс хан ақ бұлтты Тәңірінің қолдауының символы, өзінің күшінің белгісі ретінде көреді. Шығармадағы сипатталатын негізгі орын Сары Өзек даласы. Шыңғыс ханның бала тууға тыйым салуды бұзғандарды жазалайтын даласы да осы – Сары Өзек. 

Хикаяның басты кейіпкері – Шыңғыс хан. Шығармадағы сипаттамаға сәйкес, Шыңғыс хан (ол кезде Темучин деп аталған) – жағдайы төмен отбасынан шыққан жетім бала. Оның отбасы ежелден бері мал шаруашылығымен айналысады. Әкесі – Есугей батыр, ал анасы – Оэлун. Темучиннің Бектер есімді інісі туралы да естелік кездеседі. Тимучин оны балыққа таласу кезінде өлтірген. Меншік тұрғысынан Темучинде жылқыдан басқа ештеңе жоқ. Жас Темучиннің өмірінен күтуге болатын жалғыз нәрсе – жылқы ұрлау арқылы өмір сүру. Бірақ кейінірек жағдай өзгеріп, Темучин Азияның көп бөлігін жаулап алған Шыңғыс ханға айналады. Шыңғыс ханның айтуынша, бұл өзгеріске әкелген Көк Тәңірінің қолдауы. Хан болуды Көк Тәңірінің рақымымен байланыстыра отырып, Шыңғыс хан өзінің күші мен батылдығын Тәңірі оны қолдайды деген сенімінен алады. Бұл кезеңде сенімнің психологияға әсері көрінеді. Кейде Тәңірі оны қатыгездігі үшін жазалайды деп қорқып, өз әрекетін біраз уақыт тоқтата тұрады. Егер жаман ештеңе болмаса, Тәңірі қолдайды деп Шыңғыс хан өзінің әрекетін қайтадан жалғастырады. Шыңғыс ханның санасында, ішкі әлемінде қалыптасқан осы сенімнен жаулап алған жерлерді еш өкінбей өртеп, адамдарын қырып-жою сынды қатыгез әрекеттерді шімірікпей жасайтын. 

Көркем шығармада Шыңғыс ханның сенім психологиясы да қарастырылған. Билікті жақсы көретін және барлық тіршілік иелеріне үстемдік еткісі келетін Шыңғыс хан тек аспанға, яғни Тәңіріге қол жеткізе алмайды. Өйткені Шыңғыс хан тіршілік иесі. Дегенмен ол Көк Тәңірігі мойынсұнады. Шыңғыс хан Тәңіріден халықтарды бағындыру үшін шексіз күш сұрайды. Көк Тәңірі оның жаулап алуына, мемлекетінің өсуіне және таралуына тиісті мейірімділік көрсеткен сынды. Оның барлық бастамаларында ешқандай кедергі болған жоқ. Ол әрдайым жетістікке жетті. Кейде ол күн күркіреуін Тәңірінің ашуы деп қабылдады. Найзағай түсіреді деп қорықты. Қазақ жазушысы Р.Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятында да Көк Тәңіріне сенген Шыңғыс ханның найзағай тиіп аттан ауып түсуі ес жиғызбай, елес-естелікпен өкініші суреттелетін. 

Шыңғыс Айтматов Шыңғыс ханның сенім психологиясын ашып, оның да қорқатынын көрсетеді. Кеңес Одағы кезінде жазылған шығармада мұндай күшті және харизматикалық көшбасшының саяси әрекеттері оның жеке қорқынышымен анықталатынын көрсету де өте маңызды болды.

Шыңғыс хан – белгілі бір принциптері бар көшбасшы. Бұл принциптердің өзіндік туындау себептері де баршылық. Ол үшін бірінші кезекте – тәртіп. Шығармада Шыңғыс ханның характері де бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстар кездеседі. Бірақ ол ішкі әлемін сыртқа шығармайды. Сырттай Шыңғыс хан байсалды және лайықты көшбасшы, бірақ оның ішкі әлемі мүлдем басқа жағдайларды өткеріп жатады. Бұл сезімдерді көрсету оның беделіне нұқсан келтіреді деп санайтын хан үнемі сабырлылықты, қаталдықты сақтайды. 

Шығармадағы Шыңғыс ханнан басқа кейіпкерлер – Дөгелең мен Ерден. Ерден – Шыңғыс әскерінің жоғары дәрежелі сарбаздарының бірі, жүзбасы. Шыңғыс ханның аузынан от бүріккен айдаһар бейнеленген туы оның мемлекетінің басты символдарының бірі. Дөгелең, осы туға айдаһар бейнесін кестелейтін кестеші, қызметші әйел. Бұлар бір-бірін сүйетін жұп. Таза махаббаттың, адалдық пен батылдықтың бейнесі болып табылатын кейіпкерлер. Көркем шығармада осы махаббат хикаясын Шыңғыс ханның жазалауынан Көк Тәңірінің ханға деген қаһарын көруге болады. Олардың арқасында Шыңғыс хан өзінің алғашқы әйелі Бөртені есіне алады. Бірақ бұрын әйелін меркіттер ұрлап әкеткендіктен және ол қайтып келгендегі жүктілік Шыңғыс ханды баланың кімнен екендігі туралы күмәнмен өмір бойы жүруіне әкеледі. Бұл күмән оның психологиясына да әсер етеді, сондықтан да әрқашан еркек пен әйелдің қарым-қатынасына күмәнмен қарайды. Және де Еуропаны жаулап алуға екі жыл дайындалған Шыңғыс хан өз мақсатына жету жолында әскеріне ешқандай кедергі болмауын ойлағандықтан: «Шыңғыс хан бұрын-соңды болып көрмеген қатал бұйрық шығарды: жасы мен кәрісі түгел әскер болып табылатын халықтың арасында жорық кезінде бала тууға тыйым салынды» [2]. Осы жарлықты бұзған, хан пәрменін тыңдамаған Ерден мен Дөгелеңнің жорық жолында ұлдары туылады. Шыңғыс хан да бұл істі естігенде алғашқыда тосылып қалады. Бірақ әскерді шашыратып алмауы үшін, қол астындағылардың жарлықты қатаң сақтауы үшін бүкіл түмен алдында екі ғашыққа өлім жазасын кеседі. Шыңғыс хан үшін билік махаббаттан да құнды. Сондықтан ол махаббатты құрметтеу арқылы бұл жұпты кешірмеуді жөн көреді және әдеттегі дала көсемінің бейнесін көрсетеді. Автор Шыңғыс ханның психологиясын ішкі талдау әдісі арқылы көрсетеді. Оқиға Шыңғыс ханның бала тууға тыйым салу заңының бұзылғанын білген сәттен бастап үкім шығарылған күнге дейін өткен жағдайдың ханның көңіл-күйіне қалай әсер еткенін жеткізеді. Дөгелең мен Ерден – Шыңғыс ханға тән адами сезімдер мен құндылықтарды бейнелейтін қалыпты кейіпкерлер. Дөгелең мен Ерденнен туған Құнан есімді сәби Қытайлық күң Алтында қалады. Оны ешкім жорыққа ілестірмей тастап кетеді. Жаңа туған балаға сүт таппай, тіпті, тамағы жоқ екі бейбаққа Көк Тәңірінің өзі көмектеседі. Шыңғыс ханның Тәңірінің мені қолдау белгісі деген «ақ бұлт» осы сәбимен бірге қалады. Бұл Шыңғыс ханның екі адамды өлім жазасымен жазалауынан бастап оны Тәңірінің қолдамаған белгісі. Автор Шыңғыс ханның да Еуропа елдерін жаулаймын деген мақсатының орындалмауын Тәңірінің оны осы оқиғаға байланысты қолдамауымен байланыстырады. 

Шыңғыс хан енгізген бала тууға тыйым салудың басты себебі босанған әйелдердің дала қоғамындағы әскери экспедицияларға кедергі келтіруімен түсіндіріледі. Бұл өз кезегінде сол дәуірдің шарттары әлеуметтік нормаларды жоққа шығарғандығының көрінісі. Алайда, Ш.Айтматов осы оқиға арқылы адами құндылықтарды таптаған кеңес әкімшілігін жанама түрде сынға алып, адам табиғаты мен іргелі құндылықтарға қайшы келетін тыйымдарды Құдай жазалайтынын ескерткен.

Хикаятта Шыңғыс ханның «қатігез болмысы мен тарихтан алатын орны оның бүкіл әлемді жалғыз билеп, теңдессіз құдіретке қол жеткізсем деген есірік қиялы» [2]; көреген әрі есепшіл, өз ісіне жетік адами болмысы; өзі бекіткен тәртібіне халықтың сөзсіз бағынуы ғана емес, өзінің де бағынуына тура келетіндігі; адам бойында болатын ішкі сезімнен гөрі дала билеушісі ретіндегі бейнесіне өзінің де қарсы тұра алмайтындығы; қаталдығы мен билікқұмарлығы; Көк Тәңіріге деген сенімі; қол астындағылардың ешқайсысы да қағаннан қашып құтыла алмайтындығы т.б. бейнесі жан-жақты бейнеленген. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Жақан Ә.Қ. Қазақ әдебиетіндегі Шыңғыс хан тұлғасы. Монография. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2013. – 181 б.

2. Айтматов Ч. Шыңғыс ханның ақ бұлты. – Москва, 1991. – 176 с.

Қыран Алтай

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?