Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлихан Бөкейхан тамсанған түріктің тұлғасы кім?

2258
Әлихан Бөкейхан тамсанған түріктің тұлғасы кім? - e-history.kz
Әлихан Бөкейханның артында қалған мол мұрасында тек қазақ халқына қатысты ғана емес, әлемдік тарихқа, жеке тұлғаларға қатысты қызықты деректер мен құнды мәліметтер мол.

Әсіресе, адамзат тарихында мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени дамуына өздерінің үлестерін қосып, тарихта есімін қалдырған көрнекті тұлғалар тағдырын жазу арқылы кемел білім иесі әзіз Әлихан Бөкейханның бүкіләлемдік тарихтағы қоғамдық үдерістерді, жаһандық гуманитарияның көрнекті өкілдерінің қызметін жете бақылап отырғанын айқын аңғарамыз. Оның қысқа да болса нұсқа, мазмұнды мақаласының бірі – «Хасейн Халами паша». Самар қаласында қызметте жүрген кезеңінде «Қыр баласы» деген бүркеншік есіммен «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №46-санында жарық көрген.

Ә.Бөкейхан қазақ даласына, кішкентай ғана қазақ ұлтына тигізген шапағаты мен алаңдаған көңіліне орай өз дәуірінен ілгері-кейінді ғұмыр кешкен бірнеше ірі тұлғаны айрықша атайды. Әлиханның көңіліне жаққан, сөйтіп қаламына ілінген тұлғалардың қатарында «Жұрт үшін қиядағы қиынды алған, жұртқа қызметі май болған» Халами да бар. Түркияның Памуккале университетінде өткізген ғылыми тағылымдама кезінде біздің ойымыздан Халами есімі бір шықпады, оның кім болғаны, қандай еңбек сіңіргені, Алаш көсемінің үлгі етуінде қандай мән бар дегендей сауалдар мазалап тұрды. Алғашында біздің «Хасейн Халами» деп іздеп жүргеніміз жаңсақ болып шықты: дұрысы Хусейн Хилми (түрікшесі – Hüseyin Hilmi Paşa) екен. «Қазақ» газеті араб графикасымен жа­рияланып тұрғанын ескерсек, сол заман тұр­ғысынан алғанда онша үлкен қателік те емес. Алаш көсемі «ескі, жаңа түріктің Еуропамен арбасқанда жол бермейтін жүйрігі – осы Халами. Еуропа елшілерінің арасында Халамиді жалғызға балайды» деп тамсанған Хусейн Хилми паша – ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында Түркия мүддесі үшін көршілес, алыс-жақын елдерде жүріп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, абыройлы қызмет қылған тарихи тұлға.

Ол 1855 жылы 22 қарашада Лесбос аралында­ дүниеге келген. Арғы аталары әйгілі Кутахия өңірінен шыққан, өз әкесі Мұстафа – әпенді саудагер. Лесбостағы мешіт-медреседе хат ­танып, кейіннен орта мектепті бітіріп шығады. Жеке оқытушылардан француз тілін үйреніп, фиқһ дәрістерін оқыған. Бұдан кейінгі білім жолы қақында Ә.Бөкейхан: «Жасында оқуды Ыстамбулда кадетски корпусында оқып, өскен соң Франция һәм Германия университетінде бітірген» деп жазады.

№1 сурет. Хусейн Хилми пашаның жас кезі

Хусейн Хилми еңбек жолын туған өлкесі Мидиллиде бастады. Осы кезеңде ол өміріне айрықша із қалдырған, саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен Намык Кемалмен танысады. Дәуірдің дүлдүл перзенті Намык бұл кезде қуғын-сүргіннің дәмін татып, түрмеде отырған болатын, Хусейн оның шығармаларын оқып, жаңа идеяларымен танысып, оны өзіне ұстаз тұтты. Бұл жақын таныстықтың соңы ­Намык Кемал Мидиллидің губернаторы болған кезде Хусейн Хилмидің Мидилли ирригация басқармасына тағайындалуына ұласты.

Жұмысына тиянақты, еңбекторы қалпымен жұртқа жаққан Хусейн мемлекеттік қызметтегі тоғыз жылынан кейін қызмет баспалдағымен өсе бастады. Сириядағы Жер басқармасы комиссиясының құрметті мүшесі болады, бұл қызметті алты жыл атқарады. Бұдан кейінгі қызмет жолы Бурдур, Бағдад, Мерсин, Наблус пен Сулеймания болып жалғасып, соңында Адана губернаторы болып тағайындалады (1897). Хусейннің араб елдеріндегі саяси қызметіне байланысты Әлихан: «Өткен 1890-ыншы жылдарда Арабстан­ бөлінемін деп жанжал­ жасағанда, үкімет Арабстанға Халамиді жіберді» деп жазады.

Адана губерниясын ол небары тоғыз ай ғана басқарды. Осман патшасы ІІ ­Абдулхамид имам Яхия бастаған бұлғақты басу үшін 1898 жылдың 21 сәуірінде Йеменге жіберді. Сұлтан аймақтағы тәртіпсіздікті жойып, тұрақты әкімшілік басқару жүйесін орнатудағы үлгілі еңбегі үшін бір жылдан кейін губернатор Хусейнді уәзір деп марапаттады. Түрік тарихшысы, Ерзінжан университеті Тарих бөлімінің доценті, доктор Яхия Иечілиурт ­«Хусейн Хилми­ пашаның Йемендегі қызметі және оған жасалған қастандық» атты мақаласында жан-жақты баяндаған.

Йеменде бес жыл тұрған Хусейн ескішіл топтардың арандатуымен жасалған қастан­дықта ауыр жараланады. Оның армия бас­тығы Абдулла пашамен ашық қарым-қаты­насы жығылған үстіне жұдырық болып тиіп, ­жұ­мыстан шығарылды. Он күн өткен соң, ол жаңа­дан құрылған Румелияның бас инспек­торлығына тағайындалады. «Арабстанда істі орнына келтірген соң Халами Македонияға генерал-губернатор болды. Осы Македонияда тәмам Еуропа дипломатын 5 жыл арбап, Халамидің Еуропаға аты шықты» дейді Әлихан.

Тағы бір түрік тарихшысы, Стратегиялық байланыстар институтының докторы Хасип Сайгілі «Хусейн Хилми пашаның Румелия инспекциясы кезеңдегі қызметі (1902-1908) және Болгария-Ресеймен дипломатиялық миссиясы» деген еңбек жазып, лауазымды тұлғаның елшілік қызметтегі ­жақсы-­­жа­манды­ қырларын ашып көрсетеді. Оның ойынша,­ әкімшілік мухтаризмнің бір түрі болатын инспекцияның басында Хусейн Хилми пашаның келуі аймақтағы шетелдік держа­валардың қызметіне кедергі келтірді. Паша француз тілін өзінің жеке күш-жігерімен үйренсе де, шетелдіктермен тығыз қарым-қатынас орнатпады және оның ұлттық сезім­дері әрқашан алдыңғы орынға шықты.

№2 сурет.  Османлының ұлық уәзірі Хусейн Хилми паша

Қалай болғанда да, Хусейн пашаның дәуір тынысын сезетін білгір ғана емес, келешектің беталысын, алдыңғы күннің ажарын айқын­дай алатын сұңғылалығын Әлихан да паш етеді. «…Македонияда жас түрік партиясына кірмей, ­панасын беріп отыра берді» дейді Әлекең, «1908-інші жылы Ниязы бек жұртқа құрдастық бер деп Ғабдалхамидке телеграм бергенде сұлтан Халамиден сұрады: «Әскер қай жақта?» деп. Халами сұлтанға жауап қайырады: – Менің тілімді алсаң, жас түрік пікіріне қарсы болма!» деп».
Тарихи деректердің сорабына қарағанда паша империя сұлтанымен жақсы қарым-қатынаста болған. Әлихан дерегінің өзі сөйлеп тұр. Македониядағы мансабынан кейін Хусейн паша 1908 жылдың 27 қарашасында Камил паша басқаратын жаңа кабинет Ішкі істер министрлігіне шақырылып, Ыстамбұлға қай­тып келеді. Пашаның одақтастармен таныс­тығы, тығыз байланысы билікке ұлтшылдардың тағайындалуында маңызды рөл атқарды. Көп ұзамай өзінің Камил пашаға қарсылас екенін дәлелдеді. Ол конституциялық құрылымды бұзды деп айыптап, өзі отставкаға кеткенде қалғандары оның соңынан ере шықты, ақыры кабинет таратылды. Әлихан: «Сұлтан бас билігі болған соң, Халами ішкі істер министрі болды» деп жазғандай, осыдан кейін Камил пашаның орнына тағайындалады.

Түркия тарихында әйгілі «31 наурыз» ісінде Хусейн Хилми пашаның есімі аталады. «31 ­наурыз» ісі конституциялық ережелерге бағынған үкімет жала жабушыларға қарсы шара қолдана алмағандықтан басталған. Толқудың алғашқы күнінде Хусейн Хилми паша Йылдыз сарайына барып, үкіметтің отставкаға кетуін ұсынады. Паша өзі көтерілісшілер қаупінен аулақ болу үшін біраз уақытқа Юсуф Рази бейдің үйінде бой тасалайды.

Көп өтпей әскердің Ыстамбұлға кіруінен соң және II Абдулхамидтің тағына Сұлтан Решад отырғаннан кейін империяның ­садразамы (бас уәзірі) етіп тағайындалады. Әлиханның: «1909-ыншы жылы осы күнгі сұлтан ұлық уәзір қойды» дейтіні осы. 27 сәуірден 28 желтоқсанға дейінгі жеті ай төрт күн уақыт ішінде қазіргіше премьер-министр лауазымындағы ол Аданадағы қақтығыстарға назар аударды, жергілікті қоғамдық тәртіпті нығайтты, көршілес Босния мен Герцеговина­ мен Болгария мәселелеріне бас қатырды. Алайда «31 наурыз» оқиғасын тоқтатуды мақтаныш санаған кіші шенді әскерилердің есерлігі шегіне жетті. Мемлекеттік бюджетті, басқа да қажетті заңдарды қабылдай алмаған Хусейн Хилми паша кабинеті отставкаға кетуге мәжбүр болады.

 

«1911-інші жылы орыс патшалығын аралады, біздің патша «Царское селода» Халамиді қабыл етті. Петербордан қазандатып Халами үйіне қайтты» деген Әлихан дерегіне жіті мән беретін тұстар бар.

Біріншіден, қалыптасқан, әбден сүзгіден өткен өмірбаяндық деректерде Х.Хилми паша 1909 жылы 14 қарашасынан бастап Еуропаға сапарға аттанған. Осы сапарда ол Ресейге 1910 жылдың басында барып, орыс патшасымен жолығып, екеуара әңгімелескен. Мұндағы түрік саясаткерінің ойын Әлекең былайша түйіндейді: «Халами пікірі орыс патшалығымен дос, жақын болу дейді». Екіншіден, «Петербордан қазандатып Халами үйіне қайтты» дегенде мезгілді емес, қала атауын меңзеп тұр­ғанын ескеруіміз керек.

Шынтуайтында­ Хусейн паша 1910 жылы 15 сәуірде Татарстан­ астанасы Қазанға барған. Онда ол Н.Иванович, Ашмирин, Ф.Катанов сияқты белгілі түркологтармен кездесіп, қаланы аралайды. Қазандағы үш күндік сапары орыс және татар басылымдарында кеңінен жарияланады және шағын еңбегі Қазанда трактат ретінде жарық көреді. Назарға алынған тарихи фотосуретте Османлының Санкт-Петербургтегі елшісі Турхан паша және Қазан губернаторы Михаил Стрижевский секілді лауазымды тұл­ғалар бейнеленген. Мұқым түркі дүниесіне белгілі саясаткер қаланың қақ ортасында татар халқының ыстық ықыласына бөленеді.

Біздің Әлихан саясат жолында Бірінші дүние­жүзілік соғыс хабарын, әсіресе Бірін­ші, екінші Балқан соғыстарын назардан тыс қал­­дырмаған. Бұл сөзімізге оның «Керек сөз», «Балқан соғысы», «Тағы соғыс», «Ыстам­бұл мен қылилар», т.б. еңбектері дәлел. «Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі Түркия» атты зерттеуімізде талданғандықтан, бұл мақала­ларды қайталап жатпаймыз, есесіне Балқан соғысы мен оған Х.Хилми пашаның қатысы бар-жоғына байланысты сөзімізді жалғаймыз.

Бұл кезеңде Хусейн Хилми паша үкіметтегі ең ықпалды тұлға ретінде танылған болатын. Сондықтан оны үкіметтің қателіктері үшін жауапқа тартты. Одақшылар оны парламентті таратып жіберді деп айыптады. Паша оның бұл әрекетіне өкінбеді және шағымданғандарды көндіруге тырысты. Алайда ол Румелиядағы оқиғалардың соңы Балқан соғысына алып келген жағдайда үкіметте қалудың орынсыз екенін түсінді. Уақыт тілі 1912 жылдың 8 қазаны деп сөйлегенде ол Вена елшісі болып тағайындалады. Сонымен бірге ол Османлының Римдегі елшісі қызметін де қоса атқарған.

«Балқан соғысы басында Халамиді Камал [Кемәл] Венаға елші қылып жіберді. Түркияға бүлік те, жақсылық та осы Вена арқылы болушы еді, осы Хала­миді Венаға жібергені бір нысанаға келгенде атқан ескі түрік осы болды» дейді Ә.Бөкейхан.

Түрік тарихшылары Хилмидің Венадағы қызметін қатты сынайды. Невшеһир Қажы Бекташ Уәли университетінің оқытушысы, ­тарихшы Абдуллаһ Өздаһтың «Соңғы ұлық уәзір Хусейн Хилми пашаның өмірі мен қызметі (1855-1923)» атты мақаласында тұлғаның қызметіне жақсы баға бермейді. ­«Хусейн Хилми паша дипломатияға өте қабілетсіз еді. Терең білім мен бай тәжірибені қажет ететін осы салада ол жұмыс істеген емес» деп жазады. Басқа да қолға түскен деректерге сенсек, Хусейн Хилми пашаның дипломатияда­ анау айтқандай үлкен тәжірибесі болмаған. Оның Еуропа туралы бар білімі бірнеше жыл бұрын жасаған саяхаты және күнделікті ­газеттерден жиналған ақпарат болды.­ Көптеген тарихшылардың ортақ пікірі ол дипломатияда жетістікке жете алмады дегенге саяды. Әлихан да бұл жайлы: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген, Балқан ұйымы, Балқан бірлігі іріп-шірігенде Халамисіз болған жоқ еді-ау!» деп бір ауыз сөзбен түйін жасайды.

Азия мен Ауропаға бірдей аты шыққан Хилми пашаға Әлекең бәрібір іш тартады, үміт артады. Геосаяси жағдай, Балқан түбегі, армян мен түрік арасы, Кавказдың оңтүстік аймағы, империялар мүддесі тұрғысынан Хусейннің көзқарасын анықтау Әлихан қаламы үшін қол емес. «Кафказдың оңтүстігін жайлаған армян жұрты орыс пен Түркия қол астында. Өзіміз жұртқа құрдастықты таза беріп отырған немене, түрікке «сен өз армяныңа құрдастық бер» десіп, Түркияны жағадан алып отырмыз. Енді Балқан шатағынан соң Түркияның зор ісі осы армян болып тұр. Жас түрік партиясының Халамиді Петерборға жіберуі бұл күнде тапқан іс» дейді Ә.Бөкейхан.

Одақшылдармен қарым-қатынасын қай­тадан түзеген паша олардың соғысқа қарсы саясатын қолдады. Бірінші дүниежүзілік­ ­со­ғыстың соңында ол Вена елшісі ретінде Осман империясы таратылғанға дейін қызмет етті. Бітім­герліктен кейін де ол Ыстамбұлға оралмады және отбасымен Венада жалға алған үйде тұрды. Ол 1923 жылы 3 сәуірде қайтыс бол­­ды, оның денесі Ыстамбұлға жеткізіліп, Бесік­таштағы Яхия әпенді қабірінің қасында жерленді.

Хусейн Хилми паша ұзақ жылдар провинцияларда жұмыс істеді. Ол саналы ғұмырының көп бөлігін ауылдарда өткізді. Өз міндеттерін өте жақсы орындаған Хусейн Хилми пашаның аты «Румелияның Бас инспекциясы» кезеңінде жақсы танылды. Әлекеңше айтқанда: «…Тәмам Еуропа дипломатын 5 жыл арбап, Халамидің Еуропаға аты шықты».

Ол өз дәуірінде алдымен Абдулхамид сұлтанның ықыласына ие болып, алғашқы ұлық уәзірлікке қол жеткізсе, кейінгі сұлтан Решадты да талантымен таңғалдырған үлкен мемлекет қайраткері болды.

№3 сурет. Оң жақтағы шетте отырған Х. Хилми паша

Хусейн Хилми паша адал және еңбеккер, өте мықты түрік болып ғұмыр кешті. ­Османлы мен жаңа Түркияға, Азия мен Ауропаға танымал­ тұлғаға айналды. Оның шығармашылыққа ұқыптылығы мен хат алмасуға деген ерекше қызығушылығы оны өз қатарынан алдыңғы орынға шығарды.

«Жұрт үшін қиядағы қиынды алған, жұртқа қызметі май болған Халамидің ғұмыры бақытты жігіт ғұмыры ғой! Жүйрік, қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!» деген Алаш арысы Әлихан Бөкейхан бекер тамсансын ба?

Бұдан жүз жыл уақыт бұрын Әлихан ­Бөкей­хан­­ның қаламына ілінген, оның ғұмырын қазақ жас­тарына үлгі ете көрсетіп, «шіркін-ай!» дескен Хусейн Хилми паша хақында ойлана жүріп, толғана жүріп, Қазақ елінің әлем­дік қауымдастық арасындағы беделі үшін қыруар еңбек етіп жатқан Қазақстан елші­ле­ріне ризашылық сезімімді білдіргім келді. Бұл мақала мұнда жүріп танысқан алыс-жақын ағайынға, бауырмал һәм мейірімді интел­лигенттеріне, жалпы туысқан Түркия еліне ­деген айрықша ықыластан, сондай бір ізгі ниеттен туындады. Түркия елінде өткен үш ай уақыт ішінде іскерлігімен, белсенді әрі ашық көңі­лімен бізді баураған Қазақстанның ­Түр­кия­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал ­Сапар­бекұлына көрсетер құрметіміздің белгісі де.

Заңғар Кәрімхан,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің докторанты

anatili.kazgazeta.kz

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?