Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өрімдей жастағы өнерпаздар

1907
Өрімдей жастағы өнерпаздар  - e-history.kz
2019 жыл – Жастар жылы. Бір ойшыл «..мемлекетті жойып жіберу үшін бір ғана іс керек. Сол тілде орындалатын әндер мен шығармаларды өртеп, жоқ қылу керек» деген екен

Елдің өлшеусіз қазынасы – алтын мен күміс емес, мәдениеті мен тілі. Мәдениет пен өнердің өрлеуіне жастайынан өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлермен таныс болыңыз.

Иса Байзақов

1900 жылы әйгілі домбырашы, ақын, домбырашы және композитор Иса Байзақов Павлодар облысы Ертіс ауданының Үлгілі аулында дүниеге келген. Әкесі Байзақ ескіше хат таныған, жастайынан ән салып, өлең шығарған, кішігім шаурасы бар кісі болған. Жастайынан анасынан ерте айырылған Иса әжесі Жанбала мен ағасы Рахметтің қолдарында өседі. Өлең айтудың хас шебері болған әжесінен ән үйренсе, ағасы Рахметтен домбыра тартуды шерткен. Ағасының арқасында Исаны кішкентай кезінде «Домбырашы бала», «Әнші Иса» деп атап кеткен.

Иса Семейдегі жұмысшылар факультетін, Орынбордағы қазақ халық ағарту институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Оқу оқып жүргенде ортасына өзінің әншілігімен қатар домбыра мықты тартатын қасиетімен де көзге түседі. Өнерлі баланың өнерге толы шығармалары баспасөз беттерінде алғаш рет 24 жасында шыға бастады.

1926 жылы 26 жасында Қызылорда қаласында тұңғыш қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі атанған. Сол театрдың алғашқы қойылған М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше тоқалында» қойылымдарында басты рөлдерді сомдаған.

Аты әлемге жайылған Әміре Қашаубаев пен Қазақ АССР-інің халық артисі Елубай Өмірзақовтың айтатын «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Назқоңыр» атты әндерін жаңа нақышпен, жаңа мазмұнды мәтіндермен жазып берген. Жасьықтың жалыны желпілдеп тұрған Иса Байзақов қазақтың әні мен әріпі соттталған заманда  әндердің сөзін сақтап қалу мақсатында 50-ге жуық әннің сөздерін қайта жазып шыққан.

1924 жылы, 24 жасында туысының үйінде жатқан Иса Байзақов бір түн ішінде «Ақ бөпе» поэмасын жазып шыққан.

Өмірінің соңғы жылдары еңбегі жақсы бағаланып жүрген Иса Байзақов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Өкінішке қарай өнерге өлердей ғашық, ешбір концерт, қойылымды жібермеген И. Байзақовтың өкпесі қабынып, небәрі 40 жасында өмірмен қош айтысқан.

Шәкен Айманов

Қазақ киносының саңлағы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1928 жылы орта мектепті бітіріп, Семей қаласындағы Қазақ ағарту институтын 1931-1933 жылдары оқиды. Оқу бітіргеннен соң, 19 жаста Алматы қаласындағы Ш. Айманов бірден Қазақ драма театрға қабылданады.

Жұмысының көп бөлігі театрға байланысты болды. Ол Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасындағы Ақан серіні, Александр Островскийдің «Найзағай» пьесасында Тихонды, Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымында Петруччио сияқты рөлдерді сомдап шығады.

1938 жылы 24 жасында Ш.Аймановтің кино саласындағы алғашқы қадамы басталды. Сол жылы «Аманкелді» фильміне түседі. Жалпы санағанда Ш. Айманов 11 толықметражды фильмге түскен. Режиссер ретінде де 11 кино түсіріпті. Оның ішінде қазақ киносының алтын қорына енген: «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдері бар.

Өкінішке қарай 1970 жылы Ш. Айманов өзінің түсірген фильмінің тұсаукесеріне 1 апта қалғанда Мәскеу қаласында жүйткіп келе жатқан машинаның астына түсіп қайтыс болады. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына Ш. Айманов есімі берілді.

Қазіргі таңда Ш. Айманов тұрған үйде мемориалды тақта орнатылған. «Қазақфильм» киностудиясының территориясында Ш. Айманов бюсті бар. 2003 жылдан бастап Алматы қаласында «Шәкен жұлдыздары» атты фестиваль өтеді.

Әмина Өмірзақова

Маңайындағыларға үнемі жұмсақ жымиятын, жүзінде күлкі үйірілген,  мейірімді жүзінен шуақ төгілген өнер иесі Әмина Өмірзақова Семей өңірі Қарауыл ауылында 1919 жылы дүниеге келді.

Жастайынан әкесінен ерте айырылған ол Қаптағай ағасының шешімі бойынша 1932 жылы 13 жасында Алматы қаласына қоныс аударады. Әмина мектеп қабырғасында жүріп, Б. Ерзакович жүргізетін хор үйірмесіне қатысады. Ол кезде хорға қатысушыларға қаламақы төленетін. Осылай кішкентай Әмина отбасының туған қиын кездерде ақшалай көмектесетін.

Әмина 19 жасында 1938 жылы Санкт-Петербургтағы (бұрынғы Ленинград) мемлекеттік сахна өнері техникумында білім алып, кейінен сол қалада театр, музыка және киноматография институтында бітірген.

Әмина Өмірзақова киноға институтта студент болып жүрген кезден бастап түсе бастайды. 1938 жылы 19 жасында «Амангелді», «Комсомольск», 1942 жылы 23 жасында «Алыптың әні», 1943 жылы 24 жасында «Ақ Раушан», 1945 жылы 26 жасында атақты Григорий Рошальдің республика киноөндірісі базасында жасалған алғашқы «Абай әні» фильмінде Ажардың рөлін сомдайды.

Институт қабырғасында оқып жүріп, 1938-1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының актрисасы болып қызмет атқарады. Театр өнеріне енді аяқ баса бастаған 20 жастағы қыз Шымкент облыстық драма театрымен қош айтысып, 1940-1942 жылға дейін Алматы қаласындағы «Қазақ мемлекеттік академия драма театрының» труппасында еңбек етеді. 

Отызға толмаған өнер саңлағы 1942-1949 жылдары «Қазақфильм» студиясына жұмысқа тұрады. 1949 жылдан бастап 29 жасында Алматы қаласында орналасқан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының (қазіргі Қазақ мемлекетік академия жастар мен балалар театры) актрисасы болды.

Жанның тазалығына бөлейтін театр сахнасында Қазақ киносының анасы М.Әуезовтің «Түнгі сарын» спектаклінде Мөржанның рөлінен бастаған. Кино мен театрды қатар алып жүретін, әмбебап Әмина Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» қойылымында Баянның, М. Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» Шәуәли образын (Шәуәли бейнесі үшін Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапталды) Т. Ахтановтің «Күшік күйеуінде» Гүлжамалдың образын сомдаған.

1969 жылы тұсаукесері болған «Тақиялы періште» фильмі Ә. Өмірзақова апамыздың атағын асқақты. Сценарийін Шәкен Айманов Ә. Өмірзақоваға арнай арнап жазған бұл фильмде ұлына қалыңдық іздеген Тана атты ананың рөлін ойнайды.  

«Шәкен ағай Айманов «сен ақылды ана болып түстің ғой, енді ақылды комедияға түсіп көр» деді. Оқыдым сценарийін. Ұнаттым. Тағы кім түседі екен деп өзімше ойладым. Сонда Шәкен аға: «Ешкімді де шақырғаным жоқ. Тек сені ғана, саған арнап жаздық» деп, бір бақыт сыйлады» деп еске алады халық артисінің өзі.

Жарқылдаған күлкісі, ерекше тартымдылыққа ие даусы бар, ардақты аналардың кинодағы образын салып кеткен бесаспап актриса Ә. Өмірзақованың «Гаухартас» фильміндегі неміс тұтқынына қарағандағы көз жанары мен «Тақиялы періштедегі» таңқылдақ күлкісі жадымызда мәңгілік сақталары хақ.

                                          Бибігүл Төлегенова

Қазақтың бұлбұл дауысы Бибігүл Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда қазіргі Семей қаласында дүниеген келген. Б. Төлегенова өнер атты әлемге кешірек келеді. Ұлы Отан соғысы бүкіл елдің жағдайын қиындатқан болатын. 1945 жылы үйдегі қаржы мәселесінің қиындауына байланысты ол ет комбинатының темір-қалбырлық цехында жұмыс істейді.

– Он үш жасымнан бастап ет комбинатында қара жұмыс істедім. Менде балалық шақ болмады. Соғыс кезінде аяғыма 45 размерлі етік, ішіне бірнеше Бибігүл сыйып кететін пальто киіп жүретінмін. Табылғанын киіп өстік. Киімім жаман болса да, ешкімнен кем болғам жоқ. Қазір басымда баспанам бар, үстімде әдемі көйлегім бар. Асып-тасып, төгіліп жатқан дүнием жоқ. Бірақ, маған жетеді. Ең үлкен байлығым – дауысым.

Бибігүл апамыздың естеліктерінен.

1937 жылы әкесі репрессияға ұшырап, атылады. Оған қоса 13 жасар Б. Төлегенова ауырып қайтыс болған ең кішкентай сіңілісі Клараны өз қолымен жерлеген.     

1951-1954 жылдары Алматы консерваториясында оқыды. 25 жасында, 1954 жылы консерваторияны аяқтағаннан соң Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының трупасына қабылданады. 1956 жылы 27 жасында Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестірінің әншісі болады. Б. Төлегенова сопрано дауысымен филармонияда он бес жылдай жұмыс істеген екен.

Өмірдің қиыншылығынан өнер жолына кеш келсе де Б. Төлегенова тек республика, одақ көлемінде ғана емес, әлемнің бірнеше елдеріне де «Қазақ бұлбұлы» танылды. 1967 жылы әкесінің халық жауы емес екені анықталып, ақталған соң, Б. Төлегенова гастрольдік сапармен Еуропа елдерінің бірнеше елдерімен қоса, Алжир, Үндістан, Сирия, Вьетнаммен Америка құрлығына дейін жеткен.

Бибігүл апайдың жұлдызы тек опера әлемінде жарқыраған жоқ. Сондай-ақ, 1954 жылы 25 жасында «Дала қызы» атты фильмде Қарашаш рөлін сомдаған. 26, 28 жасында «Біздің сүйікті дәрігер» және «Это было в Шугле» фильмдеріне түскен. 

Жұлдызы кештеу жанса да, Б. Төлегенова апамыздың аты асқақтап, өнерлі өрлей түсті. 1970 жылы ССРО Мемлекеттік сыйлығының, 1960 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Ал сіз 30 жасыңызға дейін не істедіңіз?

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?