Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тағдыр теперішін тартқан

2587
Тағдыр теперішін тартқан - e-history.kz
Өткен ғасырдың 30 жылдарында елге лаң тигені тарихтан белгілі. Ашаршылықтан тұралап қалған ел енді есін жиып, етегін түре бастаған кезде елім деген ердің басына қара бұлт боп үйірілді

Елдің атқамінерлері түрлі жалған айыппен ұсталып, қамалып, атылған кезде осынау есіл ерлермен бірге қазақтың үш бірдей өрімдей қызы да атылып кете барған еді. Атылып кеткен Шахзада Шонанова туралы өткен мақаламызда айттық, бүгін сөз кезегін қазақ жерінде атылған екінші қазақ әйелі – Торғай Қиқымқызы Сүлейменова туралы жалғасақ.

Торғай Қиқымқызы Сүлейменова 1904 жылы Нұра ауданының «Көкмөлдір» деген жерінде дүниеге келген. «Тұтқын анкетасында» «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі» екені көрсетілген (ҰҚК мұрағаты, № 0867 іс). Тағылған ресми айып: «Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, Әлсеневтің бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Сүлейменов Мәженді тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында «Исаев» колхозының төрағасы қызметін атқарған Сүлейменова колхоздан 1404 рубль жымқырған, стахановшылардың қозғалысына кедергі келтірген, «Исаев» колхозында мал басын кемітіп, 45%-ға қысқартқан...».

1937 жылғы 11 тамызда Қарағанды облыстық УНКВД үштігінің (төраға – жолдас Адамович, мүшелері – Пинхасик, Макатов, Шанкин. Хатшы – Иваненко) үкімімен ату жазасына кесілген. Үкім 15 тамызда орындалған. «Өте құпия» деп белгі соққан қағазда үштіктің сот отырысындағы үкіміне қатысты 11 адамды (тізімі толық берілген) атқаны туралы акт толтырылған.

Торғай Қиқымқызымен бірге жолдасы Мәжен, әкесі Қиқым да атылған. Әкесіне «молдасың» деген айып тағылады.

Бұл жөнінде Қорғалжын мемлекеттік қорығының бұрынғы директоры Сайдалы Мәженұлы Сүлейменов былай деп еске алады:
«Әкем Мәжен Сүлейменұлы 1894 жылы, анам Торғай Қиқымқызы Сүлейменова 1904 жылы Нұра ауданының «Көкмөлдір» деген жерінде дүниеге келді. Әкем 1937 жылдың сәуірінде «Шахаман» деген колхозда ауылдық кеңестің төрағасы, ал анам осы колхоздың басқарма төрайымы болып қызмет атқарады. Екеуі де жастайынан совет өкіметін барынша жақтап, азаттық жолында ат жалын тартып жүрді. 1932-33 жылдардағы ақсирақ аштықтан аман қалған елдің басын біріктіріп, «Шахаман» атты колхоздың іргетасын көтеріп, бірі ауылдық кеңестің төрағасы, бірі – басқарма төрайымы болып сайланды.
Дегенмен 1937 жылдың наурыз айының ортасында түнде үйдің есігін сартылдата қағып, өңкей қара киінген бір топ жендеттер сау етіп, үйге кіріп келді. Үй-ішін тінтіп, астан-кестенін шығарды. Қарындасымыз екеуміз әжемнің қолтығына тығылумен аңырап қалдық. Әкем мен шешемді қара киген адамдар сыртқа сүйреп бара жатты. Содан бері «Шахаман» колхозында тұрғанымызда үйімізге тірі жан басын сұғып көрген емес. Жазықсыз әке-шешеме «халық жауы» атты нақақтан жабылған жала өмір-бақи қыр соңымыздан қалмай қойды.
Біраз жылдар артқа салып, әкем мен шешемнің тағдыры беймәлім күйінше қалды. Кейін іздеуге өтініш білдіріп, мұрағат құжаттарымен танысуға рұқсат алдым.
– Қағаз-қаламдарыңызды мында қойыңыз, құжаттарды оқып шығыңыз, – деген орыс әйелі сәлден соң бір сарғайған папканы маған ұстатты. Папканы маған ашып қалғанда, бірден көзіме оқтай қадалған мынау еді:
«Мәжен мен Торғай Сүлейменовтер 1937 жылы наурыз-сәуір айларында тұтқындалған. Ерлі-зайыпты. 1937 жылы 10 тамызда үштіктің шешімімен ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді. 1937 жылы 21 тамызда үкім орындалды» делініпті («Ана тілі» газеті, 11.05.2011).

Осы қағазды оқыған Сайдалы ағаның сай-сүйегінің сырқырап-сыздағаны айтпасақ та белгілі.

Торғай Сүлейменова 1958 жылдың 30 қазанында ақталған. 1989 жылдың 29 қазанында «Индустриальная Караганда» газетінің № 274 санында «КПСС қатарына қайта алынғандар» деген мақала басылып, онда «Қарағанды обкомының партиялық комиссиясы шешімімен Шахаман ауылдық кеңесінің төрағасы Сүлейменов Мәжен, Шахаман колхозының төрайымы Сүлейменова Торғай КПСС қатарына өлгеннен соң қайта алынды» деп жазылған екен. 50 жылдай бұрын жазықсыз атылып кеткен жандарға «коммунистердің қатарына қайта алыну» қаншалықты керек болды десеңізші?! Бұл сол кездегі жүйенің мазағы ма, қорлығы ма, кім білсін. Әлде талай жанның обалына қалып, қолын қанға бояған жүйенің ел алдында бойын тіктегісі келген түрі ме екен? Не де болса, өлгендер қайтып келмейтіні анық...

Бірақ, артында қалған бала-шағасына бұның өзі де бір медет болған шығар. Торғай мен Мәжен Сүлейменовтердің атында қазір Қарағанды облысы Нұра ауданының Нұра кентінде көше бар. Бірінші Мамыр ауылдық кеңсесінің қабырғасына «Торғай Қиқымқызы мен Мәжен Сүлейменұлына артта қалған ұрпақтарынан мәңгілік ескерткіш» тақтасы ілінген... 
 

Мақаланы даярлау кезінде Қ. Сімәділдің «Қара шаңырақ» кітабындағы деректер пайдаланылды.  

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?