Кеңес Одағындағы қазақ ұшқыштары
11.11.2014 6016
10 қараша қазақ халқы үшін қаралы күн болды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов дүниеден озды.

2014 жылдың 11 шілдесінде дүниеден озған Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауынбаевтан кейінгі көзі тірі қазақ батыр өзі ғана еді.

Ол Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған төрт Қазақстандықтың (П.Беда, С.Луганский, И.Павлов) бірі болды. Жалпы алып қарасақ, екінші дүниежүзілік соғыста 500 Қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Кеңес Одағы бойынша төрт-ақ адам алған «Даңқ» орденінің толық иегерінің бірі де біздің отандасымыз еді. 

Талғат Жақыпбекұлы 1922 жылы 5 тамызда, Ақмола облысы Майбалық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға түседі. Ұшқыштар мектебін екі жыл оқып, сержант шенімен бітірген соң, Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін-де аяқтайды. Ал майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «Ил-2» штурмовигімен ұшуды үйреніп шығады. 

Талғат Бигелдинов


Сол күннен бастап әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Ил-2» мен 1942 жылы майданға аттанады. Ол ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығады. Оның ұшағының нөмірі 13 болған. Ұшқыштар өте ырымшыл халық, 13 нөмірмен одан басқа ешқайсысы ұшқысы келмеген.1942, 1945 жылдары Кеңес Одағының Батыры атағын алып Мәскеудегі Қызыл Алаңда өткен Жеңіс парадына қатысқан. Бүгінгі мақаламызда Талғат Бигелдиновтен басқа 1941-1945 жылдары болған кеңес-герман соғысында және Кеңес өкіметі тұсында ерлік көрсеткен қазақ ұшқыштары жайлы жазбақпыз.

Соғыс кезінде ұшқыштардың алар орны ерекше болды. «Әуе сұңқарлары» атанған олар көк аспанда қалықтап, ерліктің небір үлгісін танытты. Соғыста ерлік танытқан қазақ ұшқыштарының ішінде Н. Гастеллоның ерлігін қайталаған сержант Нұркен Әбдіров ерлігін айтпау кету мүмкін емес. 

Нұркен Әбдіров


1919 жылы Қарқаралы өңірінде дүниеге келген қыран, 16 рет әуе шайқасына қатысып, неміс әскерінің 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер кұштырған екен. Ол 1942 жылы жаудың Сталинград шебіне енетін Боков-Пономаревка аудандағы қорғаныс бекінісі мен шоғырланған танкілерін жою үшін әуеге көтеріледі. Тапсырманы орындау кезінде бірнеше дзотты, зенит артиллериясының 2 нүктесін, 6 танкті жояды, бірақ өзінің де ұшағы зақымданды. Жалынға оранған ұшағын жау техникасы шоғырланған тұсқа бағыттап, капитан Н. Ф. Гастелло ерлігін қайталап, ерлікпен қаза табады. Сөйтіп есіл ер, 1943 жылы қаза тапқан соң, Кеңес Одағының Батыры атағымен марапатталады.

Астана көшелеріне есімі берілген Бақтыораз Бейсекбаев есімін біреубілсе біреу білмес. Жиырма бір жасында жан қиған, кіші сержант Бақтыораз ерлігі көп жылдар бойы Н. Гастеллоға телініп келді. 

Бақтыораз Бейсекбаев


1941 жылы 26 маусымда Смоленск түбінде Маслов экипажында ерлік көрсеткен кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаев есімі араға жарты ғасыр салып лайықты бағасын алды. 1996 жылы 2 мамыр күні Ресей Федерациясының Батыры атағы берілсе, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылы 6 мамырдағы Жарлығымен Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Осылайша ащы шындық қын түбінде жатпай өз дегеніне жетті.

Ұшқыштар жайлы жазу барысында қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз, гвардия, аға лейтенанты Хиуаз Доспанова жайлы міндетті түрде айту керек. 

Хиуаз Доспанова


1922 жылдың мамыр айының 15-інде Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз соғыста әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған қазақтың қаһарман қызы. Ол 300-ден астам маңызды тапсырмаларға жіберіліп, 14 рет ұшақтан құлаған екен. Төрт мәрте ауыр жарақат алған. Немістер Хиуаз қызмет еткен 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы — ұшқыштар полкін «түнгі мыстандар» деп атаған. Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 2004 жылы оны ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Халық қаһарманы» атағымен марапаттады. Қаһарман апамыз 2008 жылдың мамыр айының 20-сы күні өмірден өтті.

1956 жылы Сырым ауданының Тасқұдық ауылында дүниеге келген, Кеңес Одағының және РФ Батыры тікұшақты тізгіндеген, полковник Қайырболат Майданов жасаған ерліктер көпке үлгі боларлықтай.

Қайырболат Майданов


Ол, 1988 жылы ауған жеріндегі бір ұрыста қоршауда қалған арнаулы жасақ жауынгерлерін құтқаруға барып, құлап түскен екі тікұшақтың экипажын (46 адам) оқ пен оттың ортасынан алып шығады. Ауған жерінде барлығы 1250 мәрте әскери тапсырмамен ұшып, 1100 сағат әуеде болған. Оның тәжірибелілігі мен асқан шеберлігіне сенген басшылық кез келген уақытта авиациялық полк жетекшілігінің келісімінсіз көкке көтеріліп, тау арасын барлауға, жау күштеріне қарсы ұрыс жүргізуіне ерік берген.

Осындай көзсіз ерлігі үшін оған 1988 жылы 29 шілдеде Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ал екінші рет 2000 жылдың 28 қаңтарында Шешенстанның Аргунь шатқалында генерал-полковник В. Казанцевті құтқаруда көрсеткен ерен ерлігі үшін қайсар қазаққа Ресей Батыры атағы берілді. Бірақ алған жарақатынан ол әуежайда қаза табады. Қайырболат Кеңес Одағы мен РФ Батыры атанған төрт адамның бірі және екеуін-де ұрыс даласындағы ерлігі үшін алған ЖАЛҒЫЗ БАТЫР.

Қазақ халқы ежелден көк жүзінде самғауды, аңсаған… Көк аспанның құдіретін түсінген. Көк аспанда қалықтаған қыранды қолға үйретіп, аңға салған. Сондықтан болар соғыстарда сыналған қазақ халқының ұл-қызы саны аз болса да, ерлік көрсетпей қалған емес. Оған бүгінгі мақаламыз дәлел болса керек. Сондықтан ер есімдері ел есінен шықпаса екен…

Олжас БЕРКІНБАЕВ