Бір суреттің тарихы. Жолдас Душамбаев
21.04.2015 1514
1943 жылдың 1-ші сәуірінде атам басына оқ тиіп, ауыр жараланды. Ол «огонь!» белгісін берейін деп, бойымен тік тұрған. Осы кезде неміс снаряды жарылды.

Менің атам Душамбаев Жолдас бір анадан туған 16 баладан тірі қалған жалғыз тұяқ. Інісі Атабай 27 жасында туберкулез дертінен қайтыс болды. Қалған ағалары мен әпкелері бала кезінде дүниеден өтті. Құжаттардағы мәліметтерге сүйенсек, атам 1920 жылдың 21 мамырында Түрікмен КСРО Ташауыз облысының Таза-Ярмыш Ташауыз ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. 

Майданға өз еркімен аттаған атамды десант бөліміндегі (20-шы бригада) жауынгерлердің тізіміне атқыш-десантшы қылып тіркеді. Кейіннен 2-ші Киев артиллериялық училищесіне, Саратов қаласындағы қысқа мерзімді офицерлер курстарына жіберді. Курсанттарға ең үздік офицерлер сабақ берді. Оқытушылар бір мақсатты көздеді: өздерінің орнына сабақ беретін офицерлерді дайындап, майданға аттану. 

Бүкіл ел бойынша, сондай-ақ училищеде де ашаршылық орнады. Егер ас үйге арнап отын аралау үшін наряд алсаң, онда өзіңді бақытты жауынгердің қатарына қоса аласың. Мейрімді аспазшы ыстық судың бір кружкасын құйып, өз көмекшілеріне бір тілім нан беретін. Кейде тіпті волгоградтық қақталған балықтың дәмін татқызатын. Атамның әңгімесі бойыншы, бір айға берілетін кесек сабынды үнемдеп жүріп, көршілес қазақ ауылында түйенің өркешіне айырбастайтын... Уақыт өте келе, майдан шебіне аттанады. Сол кезде курсанттық бұрынғы өмірі жұмақтай көрінді. Ал училище қабырғасында оқып жатқанда, әскери ғылымның бар сырларына үйренуге тырысты. Математика, физика және бұл ғылыммен байланысты артиллериялық есептерді тез меңгеріп, үздік оқыды. Орыс тілін меңгеру қиын болды. Бірақ, әскери мамандықты игеру ынтасы және курстастарының көмегінің арқасында бұл кедергіден де өтті. Алайда, сол бойы шаңғы тебуді үйрене алмапты. 

1942 жылдың шілдесі. Офицер атағын алу салтанатты рәсімі өтетін күн. Бір жағынан, жауынгерлер оқудан құтылып, қуанышқа бөленді. Бірақ 1942 жыл келді. Бұл қорғаныс шайқастарындағы ең ауыр дәуірлердің бірі: енді ғана фашисттерді Мәскеу түбінен қуып шыққанда, Ленинград қаласы қоршауға алынды, жауымыз күшейіп, оңтүстік бағытта өз шабуылын жоспарлап отырған екен. 

Кеше ғана курсант болып жүргендердің барлығы қайғылы статиститиканы білді: майдан шебіне түскен жас офицердің бір-ақ апта өмірі бар... Ешкім майдан тозағынан құтылудан үмітін үзбеді. 

Бір кезде атам соғыс жылдарын есіне алып, былай деді: «егер соғыста аяқтан айырылсам да, ең бастысы қолым аман қалса болды, етікші болсам да өз отбасымды асыраймын». Міне, майдан даласында жүргенде осылай ойлар келетін. 

Ескі Русса, Ұлы Луки — ұлы орыс қалалары. Мұнда Солтүстік Шығыс майданда 1942-1943 жылдардың қысы-жазы қорғаныс ұрыстары жүріп өтті. Жауынгерлердің міндеті қиын: бар құралдарды пайдалана отырып, жауларға тойтарыс беріп, астананы солтүстіктен айналып өтуге және Ленинград қаласын қиратуға жол бермеу. Солтүстік Батыс майданның құрамында 27 армияның 480-ші миномет полкы болды. Атам батарея командирінің орынбасары болып қызмет етті. 

Қысқы айларда суық түсіп, борандар басым болып, фашисттік ұшақтар біздің позицияларымызды үздіксіз бомбалады. Қорғанысымызды эшелондап орналастыруға бұйрық берді. Күн сайын жүздеген, мыңдаған сарбаздар қаза тапты. Жауымыз аяусыз болып, жауынгерлерімізге оқ жаудыра берді. Әскерлеріміз де мүмкіндігінше тойтарыс беруге тырысты. Зеңбіректердің жер жарған гүрсілінен жауынгерлер командирдің бұйрығын анық естімесе де, майдан тозағына бірге түскен әскери жолдастардың өлімін өз көзімен көрмей-ақ, іштей сезген. Ешбір көркем фильмдердің желісі қайғыға толы соғыс күндерінің трагизмін бейнелей алмайды. 

Атамыз офицер ретінде айына бір рет қосымша паек (арақ немесе спирт — 100 грамм, ет немесе балық консервілердің бір банкасы, бір қорап печенье, бір-біріне жабыстырылған мұз кәмпиттердің қағаз қорабы, темекінің 2 қорабы, бір кесек сабын, «Шипр» одеколоны) алып жүрді. Қосымша азық-түліктер берілетін болса, бұл оқиға нағыз мерекеге айналатын. Атам өзіне бір кесек сабын және одеколонды қалдырып, қалған заттарды қайтарып беретін. Осы кезде темекі тартпаған адамға темекінің қажеті қанша? Ал сарбаздарды темекі рақатқа бөлеп, соғысқа дейінгі бейбіт өмір, үй, отбасы туралы естеліктер оятты. 

Қысқы суықтан кейін жылымық басталды. Окоптар мен траншеяларды су басты. Күндізгі уақытта етіктер жайылып, суланып қалған шинельдердің салмағы ауыр болды. Ал түнде аяз тұрды, сондықтан да мұздай суды кешіп жүргендіктен, атамның аяғы ісініп кетеді екен. Аяқ киімді кептіруге ешқандай мүмкіндік болмады: үздіксіз шайқастар жүріп жатты. Жаяу әскерлердің тағдыры аса ауыр болды: жер бауырлап алға жылжи беретін. Майдан даласында қаза тапқан сарбаздардың саны шексіз. Кейбір деректер бойынша, бірнеше айға созылған ұрыстарда Солтүстік Батыс майданда бір жарым миллионнан астам сарбаз дүниеден өтті. Олардың арасында жерленбеген жауынгерлер бар. Денелері ормандар мен батпақтарда мәңгіге көміліп қалды. Күн сайын бөлімше командирлері «Қаза тапқан сарбаздар» бойынша мәліметтер тапсыратын...

Соғыс қатыгез болғанымен, қаза тапқан әрбір сарбаздың жер бетінде өз туған-туыстары, жақындары болған. Олардың шеккен қасірет-қайғысын көзге елестете алмаймыз.

Алыс жерде орналасқан Түрікмен еліне де қаралы қағаздар келетін болды. Үлкен әжем күні-түні өз баласының амандығын Алладан сұрады. Ол онсыз да жеткіліксіз тағамды үнемдеп, соңғы қойларды көзідің қарашындай сақтап отырған. Соғыс жылдарында ауылдастар үшін ет сорпасын, бауырсақ пісіріп берді. Жесір әйелдерді, қариялар мен балаларды жинап, тамақтандыра берді. Үлкен әжемнің бір ғана тілегі болды: «Ұлым майдан даласынан тірі қайтса екен!» 

1943 жылдың 1 сәуірінде атамның басына оқ тиіп, ауыр жарақаттанды. Ол күні таңертең артиллериялық дайындық басталған еді. Атам батарея командирі еді. Ол «огонь!» белгісін берейін деп, бойымен тік тұрған. Осы кезде неміс снаряды жарылды. 

Есінен танар алдында, біреу оны ұстап алып, окопка әкеткенін ұмытпаған. Өзбек жауынгері атамды майдан даласынан көтеріп шығарды. Сөйтіп, оны медициналық санитарлық батальонға жібереді. Жолда сөйлеу қабілетінен айырылғандықтан, бірден операция жасауға дәрігердің рұқсаты берілмеген. 8 күннен кейін бас сүйегіне ауыр операция жасалды. 

1943 жылдың аяғында Ярославль қаласында орналасқан госпиталге жіберілді. Егде жастағы дәрігер атамды госпитальге жіберер алдында былай деген: «Өмір сүргің келсе, темекі шегу және арақ ішуге болмайды». Атам дәрігердің кеңесіне құлақ асты. 

Атам ұзақ емделуден кейін запасқа жіберілген. Ол туған қаласына қайтып, заңгер білімін алды, прокуратура органдарында жұмыс істеді.1968 жылы Шымкент қаласында қоныстанып, мұнда Армияға, авиация және флотқа өз еркімен көмектесетін қоғамда ұзақ уақыт бойы жұмыс жасап жүрді. Еңбекші Депутаттар Кеңесінің депутаты болып, бірнеше рет сайланды. 

Оның курсант болған кезден бергі соғыс жазбаларына арналған кішкентай кітапшасы отбасымыздың қорында сақтаулы тұр. Бұл кітапшада полктастарының туған-туыстарының мекен жайлары көрсетілген. Егер олардың біреуі майдан даласында қаза тапса, жақындарына хабарласуға болатын еді.

Дәулет Душамбаев, 

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласындағы 

«Caravan Beverage Group» ЖШС-нің маркетингі және сатулары бойынша менеждер

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.