Қазақша киін – ұлттық болмысыңды сақта
13.04.2015 2277
2015 жылдың 24 сәуірінде «Қазақша киін – ұлттық болмысыңды сақта!» атты бүкілреспубликалық акциясы өтеді.

Жазушы және тарихшы Арман Нурмуханбетов бастаған жасампаз топ барша қазақстандықтарды «Қазақтың Ұлттық Киімі Күні — День Казахской Национальной Одежды» акциясына қатысуға шақырады. 

Акция барысында елміздің барша ұлтжанды азаматтарына 24 сәуір күні жұмыс орнына, оқу орнына немесе қонаққа қазақтың ұлттық киімінде келу ұсынылады. Акция қорытындысы бойынша қатысушылардың фотолары мен видеолары монтаждалып, ролик ғаламторға жіберіледі. 

Сонымен қатар, Қазақтың ұлттық киімі күні аясында «Тай-шапан» акциясы да жол тартады. Еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен қала және ауыл атауларымен Қазақстан халқына бірлік, татулық пен береке тілеген жүрекжарды лебіздер жазылған мата кесінділері Алматыға жіберіледі. Алматыда бұл мата жыртыстарынан көпшілік алдында кең шапан тігіледі. Бұл шапан қазақтың ұлттық киімі күнінің нышаны болып қана қоймай, қасиетті Тайқазан секілді Тай-Шапан аталып, Ұлт Бірлігін паш етеді. Тай-Шапанды дайындау кезінде сахналық сипаттағы ұлттық мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Акция ұйымдастырушылары қазақтың ұлттық киімі күні ел экономикасына пайда әкелетінін (жеңіл өнеркәсіп пен туризмге), қазақстандықтардың қазақ мәдениетіне қатысты зерттеу және шығармышылық еңбегінің жандануына жол ашатынын, патриотизм сезімін күшейтіп, ел бірлігін нығайтатынын алға тартады. 

Бұл күні ұлы дала иелерінің көркем келбетін көрсетіледі. Бабаларымыздың биік талғамын танытатын дәстүрге деген адалдығы баршаға үлгі етіледі. «24 сәуір — Қазақтың ұлттық киім күнін қолдаймын» жазбасымен фото немесе видеоға түсіп, Фейсбуктегі «Қазақтың Ұлттық Киім Күні — День Казахской Национальной Одежды» тобына немесе qazaqkiym@gmail.com. электрондық мекен-жайымызға #qazaqkiіm хэштегімен жолданады.