Ұлы Отан соғысында із-түссіз жоғалғандар еске алынды
22.04.2015 2549
Астанада Ұлы Отан соғысында із-түссіз жоғалып кетіп, қайта оралмаған майдангерлерді еске алу митингі ұйымдастырылды.

Әскери киімдегі отыздан астам мектеп оқушылары Жеңіс даңғылынан Астана вокзалына дейін шеру жасады. Бұл шара, Ақмоладан соғысқа аттанған 310, 387 және 29 атқыштар дивизиясын майданға шығарып салу оқиғасының тарихи реконструкциясы болып табылады. Жаяу және атты әскердің шеруінен соң, «Мемориальная зона» іздеу отряды мен «Лига профессиональных родологов Казахстана» ұйымы із-түссіз жоғалған майдангерлердің туған туыстарына «Әскери ерлігі үшін» құрмет белгісін табыс етті. 

«Әскери ерлігі үшін» құрмет белгісі

— Ұлы Отан соғысында 27 із-түссіз жоғалған майдангерлердің туған-туыстарына салтанатты түрде Құрмет белгілер табыс еттік. Олар соғыстан оралмаған майдангер-туысын іздеуге сұраныс бергендердің алғашқылары, — деді «Мемориальная зона» іздестіру отрядының командирі Майдан Құсайынов.

Суреттерде: Ақмоладан соғысқа аттанған 310, 387 және 29 атқыштар дивизиясын майданға шығарып салу оқиғасының тарихи реконструкциясы