«Самалтау» әні немесе «он алтының зары» (соңы)
24.08.2020 2423

Жоғарыда баяндағанымыз тек Жетісу өңірінде ғана болған басып-жаншу шаралары еді. Ал бұдан өзге батыс өңірлер мен шығыс және Торғай өңірінің шығыны да аз болмаған. Мұнда Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің ең ауқымды аймағы Торғай өңірі болды. Торғайдағы көтерілгендер саны 50 мыңнан асты. Бұл кезде Торғай уезі 13 болыстықтан тұратын. Көтерілістің алғашқы кезеңінде толқулар Аққұм, Қайдауыл, Сарытоғай, Қаратоғай, Қарақопа болыстарын, сонымен қатар Сарықопа, Тосын, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын да қамтыды.


Торғай өңіріндегі көтерілістің де себебі тек маусым жарлығы емес екені айдан-анық. Патша үкіметі қоластындағы халыққа орыс халқымен тең деңгейде, бірдей көзқараспен қарап, бірдей құқық бергенде, бәлкім, әскерге бала жіберуден ешкім қашпас па еді? Алаш зиялылары болса, осы әскер жіберу арқылы теңдікті алғысы келді, есесіне ел іргесі бүтін, және бүтін ғана емес, бұған дейін шешілмей келген оқу ісі, жер мәселесі, саяси құқық және депутаттық мәселелерін шешуге болар еді деп есеп қылды. Патша үкіметінің қазақ даласын үш бөлікке бөліп басқарғанын жоғарыда айттық. Торғай даласы осының ішінде шығыс бөлікке кірді. 1845 жылы Торғай өзенінің оң жағалауына торғай бекінісі салынды. 1868 жылы және бірнеше облыстарға бөліп басқарып, қазақтардан артқан жер деген желеумен көптеген жайлау-қыстауларды тартып ала бастады. Мұнда да переселендер әкелініп, олар егін шаруашылығымен айналыса бастады. Бекіністерге солдаттар әкелініп, тұрақты түрде қорқалды. Осының бәрі де тұтас елдің наразылығын күшейте берді. Қоныс аударушылармен екі ортада дау болса көбінде қоныс аударушылардың мүддесі басты орынға қойылып отырды. Және парақорлық шегінен шықты. 1905 жылға келгенде ел ішінде ояну басталды. Міржақып Дулатовтың пікірінше Ресейдің Жапониядан соғыста жеңілуі – елдің үмітін тудырды, патша үкіметі де біреуден жеңіледі екен ғой деген ой туғызды дейді.

Жоғарыда отарлау саясатының кеселінен патша үкіметі 1916 жылға дейін қазақтың 45 мың десятина жерін тартып алғанын айтқанбыз. Оның ішінде көптеген жайлымдар, шұрайлы жерлер кеткен болатын. Суы жоқ, мал жаятын шабындығы жоқ, тар жерді паналаудан қазақ-қырғыз халқының кедейленген тобыры күн санап молайды. Жерді күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен орыс-украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықты молайтып, іштей жаулық көңіл-күйді одан әрі шиеліністірді. Салықтың молдығы, жердің тарлығы, елдің кедейлігі аз болғандай, 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік бірінші соғысқа қатысты. Одан әрі патша чиновниктерінің жемқорлығы, жергілікті әкімдердің, билеушілердің сатқындығы, отарлаушылардың зорлық-зомбылығы күшейіп, Қазақстанда жағдай нашарлай берді. Осы кезде жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен малдың жемін соғыс қажетіне алу күшейді, әскерлердің қажетін қамтамасыз ету үшін киіз алынды, жығып-құруға өте ыңғайлы киіз үй т.б, жиналды, әскери салық ретінде әрбір отбасы 1 сом 84 мөлшерінде төлеуге міндетті болды.

Осындай алғышарттардың негізінде 1916 жылғы көтеріліс басталған болатын. Соның ішінде Торғай өңіріндегі көтеріліс анағұрлым ұйымдасқан, жүйелі болды.

Бұл өңірдегі патша үкіметіне іштей қарсылық ауыр алман-салыққа байланысты әуелден-ақ бар еді. 1916 жылы 7 шілдеде «Қазақ» газеті аса үлкен қырғынның төніп тұрғанын сезіп, «Патша жарлығына қарсылық болмасын» деп үндеу жариялайды. Алайда бір мезеттік эмоцияға ерік берген ел ішіндегі жағдай бұған мүмкіндік бермеді. 9 шілде күні Қостанай үйезі, Қарабалық болысынан ауыл бойынша адам тізімін жасауға жастардың қарсылығы туралы хабар басылды. Шілденің орта кезінде Батпаққарада Жағыпар Жанбосынұлы басқарған жастар тобы патша жарлығына қарсы көтеріледі. 15 шілдеде Қарабалық көтерілісшілері болыстарын өлтіріп, әскерге алынбақ жастардың тізімін жояды. Шілденің соңына қарай қаладағы қазақтар да жұмысын тастап, қырға көшіп, топтаса бастайды. 11 тамызда Алаш зиялылары «Қазақ» газетінде тағы да үндеу жариялап, халықты тынышталуға, патша бұйрығын орындауға шақырды. Тамыздың соңында Әбдіғапар бастаған шығыс болыстары Қоға деген жерде жиналып, патшаға қарсы көтеріліс жасауға уәделесті. 21 қарашада 13 болыс өкілдерінің құрылтайында Әбдіғаппар Жан­босынов көтеріліске шыққан Торғай уезі­нің ханы болып сайланды. Құрылтайға қатысушылардың келісімімен Амангелді Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып таға­йындалды. Орталық Ресейден келіп, көтерілісшілер қатарына қосылған, осы өңірдің тумасы Әліби Жангелдин көтеріліс басшыларының бірі болады. Ә.Жанбосынов пен А.Иманов көте­рі­ліс­­шілерді ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөліп, арнайы жасақ құрады. Әрбір қолды басқаруға тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалады. 22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршады. Мұны көрген генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алады. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға жуық сарбаздар Түпқойма пошта стансасына шабуыл жасайды. Көтерілісшілердің басым көпшілігі, адам күшін сақтау үшін, қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына дейін жазалаушыларға қарсы партизандық іс-қимылдар ұйымдастырылады. Көте­рілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте қиян-кескі шайқастар болады. Торғай көтерілісшілеріне қарсы 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқа да күштер әкелінді. Соған қарамастан бір жағы, Торғай облысында көтерілістің жүйелі болғанынан болса, екінші жағынан патша үкіметі шекара өңірлерінің маңызы жоғары деп тапса керек, көтеріліс тек патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтаған.

Көтеріліс Торғайдан өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көте­рілісшілерге қарсы патша үкіметінің 12 атты әскер жүздігі, 11 күшейтілген қарулы жаяу әскер ротасы әкелінді. Әсіресе шығыс өңірдегі ел іргесі бір бұзылған соң ұзақ уақытқа тыныштық таба алмады. Ұйымдасқан көтерілісші топты қолына түсіре алмаған жазалаушылар бейбіт ауылдарды қоршап қырып кетіп отырды. Елдің бір бөлігі жарыла көшіп қытай асты. Осы нәубет азамат соғысы тұсында тағы жалғасты, Семей өңірі алаштықтар орда тіккен жер болған соң, қызыл үкімет те сұғын қадай түсті, соғыс жылдарында кей ауылдарды бірде ақтар келіп шауып кетсе, одан қалғанын қызылдар ойрандап кетіп отырған жағдайлар да көп кездескен. Осы оқиғаларға байланысты қазақ арасында «сары орыстың – бәрі орыс» деген сөз қалған. Тіпті осы бір бүліну азамат соғысынан кейін 1921-22 жылдардағы аштыққа ұласып, одан әрі 1928 жылдардағы кәмпескеге, одан 1931-32 дегі аштыққа дейін жалғасты. Шын мәнінде 1916 жылдан кейін қазақтың өмірі мүлде бөлек сарынға түсті, ұлтқа қарата жасалған геноциттің, отарлаудың жаңа, әрі ең қатал кезеңі басталды. Ауылдағы қарапайым қазақ үшін патша билігі де, уақытша үкімет те, кеңес үкіметі де тек отаршыл билік қана еді.

Айтып-айтпай, көтеріліс Қазақстанды тұтас қамтығанымен, Торғайдан басқа өңірлерде жеңіліске ұшырады. Ел іргесі бүлінді, көптеген ауылдар тұтасымен жоқ болып кетті. Тылға бәрі бір адам алынды, бірақ әуелде жоспарлағандай көп алынған жоқ. Кейін соғыс тоқтаған соң тылға алынған жастарды қайтарып әкелу ісіне және Қытайға ауған елді қайтадан өз қонысына алып келуге тағы да алаш қайраткерлері бар күшін салды. Көтеріліс салдарынан Жетісу жерінен Қытайға ауған адам саны 300 мыңдай деп көрсетеді тарихшылар. Жетісудағы уақытша өкіметтің комиссары О.А. Шкапскийдің 1917 ж. 1 мамырында жазған мәліметі бойынша қазақ пен қырғыз халқының Құлжа мен Қашқар аудандарына 164 мыңы көшті, 64 мыңы қайтып келді, 50 мыңнан 62 мыңға дейін Қытайда қайтыс болып, 38 мыңы қалып қойды.

«Самалтау» әні осы тылға қара жұмысқа алынған қазақ жасының зары болатын. Әннің авторы туралы көптеген пікірлер бар. 2013 жылы Алматыда шыққан «Талас-Сарысу» атты жинақта 1891 жылы туған, 1930 жылы қызыл үкіметтің үкімімен атылған әйгілі әнші, сал Сапалай Исатаевтың әні деген дерек беріледі. Әнде айтылған «қос мүшел» – 25 жасты меңзейтініне қарасақ қисынға келеді. Самалтау атты жердің қай өңірде екені анықталса бұл да үлкен жіп ұшы болар еді. Ақын, дәстүрлі әнші Ықылас Ожайұлы әннің құрлымына қарағанда Қапез Байғабылұлының әні деп қарауға болар еді дейді. Алайда Қапездің 1896 жылы туғанын ескерсек 1916 жылы ол бар болғаны 20 жаста ғана болады екен. Дәстүрлі әнші, музыкатанушы Ерлан Төлеутай әнді Ақмола өңірінің адамы шығарған болуы мүмкін дейді. Және ән авторы тіпті соғыстан тірі қайтпаған да шығар деген пәтуа айтады. Қалай деген күнде де ән 1916 жылғы қасіретті бүгінгі күнге өзімен ала келген ұлы туынды.

Осы кезекте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы өзге де өнер туындыларын қысқаша атап өткен жөн болар. Бұның ең шоқтықтысы Жетісу жеріндегі Қарқара көтеріліс туралы жазылған Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романы. Романда халықтың жайбырахатмінезі мен елдікке, бостандыққа деген талпынысы терең суреттелген. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы, қатал жазалау саясаты көркем тілмен, шебер баяндаумен суреттелген. Енді бірі сәкен сейфулинның «Тар жол, тайғақ кешу» романында да арқа өңіріндегі жағдайлар туралы сөздер бар. Алайда бұл шығарма көбінесе социалистік реализм тұрғысынан көзқарас білдіруге бағытталды. Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы – Торғай көтерілісшілерінің негізгі жетекшілерінің бірі болған, әрі атақты мерген Кейкі батыр туралы сөз қозғайды. Бұдан сырт, Қытай қазақтары арасында, 2000 жылы Үрімжіде жарық көрген «Арманда кеткен арыстар» атты тарихи-деректі роман бар. Романдағы оқиға Албан ішінде айт және бозым деп аталатын рулардың көтерілісі туралы баяндайды. Көтеріліс басшылары Тазабек пен Саурықтың елін бастап Қытай жеріне өтуі, патша әскерімен, Қытайдың шекара әскерімен қақтығысы, Қытайға барғаннан кейінгі халі, артта қалған жұрттың 1930 жылдарға дейінгі тағдыры сөз болады. Ғылыми материалдардан 1998 жылы жарық көрген «Қаһарлы 1916 жыл: Грозный 1916-й год» атты екі томдық кітап бар, алғашқы томына архив материалдары жинақталса, екінші томына көтеріліс туралы естеліктер енгізілген. Бұдан сырт «Ұлт-азаттық көтерілісі» атты көптомдық құжаттар жинағының екі томы 1916 жылғы қозғалысқа арналған.

Осы бір қасіретті жылдардан «Самалтаудан» басқа да бірнеше ән мен күй қалған екен. Оның бірі Сәтмағамбет деген кісінің «Қанатталды» әні, бұл күнде ән сөзі өзгеріп, басқаша орындалып жүр дейді Ерлан Төлеутай. Әннің бұрынғы мәтіні бойынша «Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды, Біртіндеп төл мінезді заман азды. Асылзат шаһибаздар шабыт таппай, Шөлге ұшып, сайын далада қанат талды» деп келетін сөзі өзгертіліп: «Әндердің ұлы атасы «Қанатталды», Арқада аңыратып Сәтжан салды. Талдырып, тамылжытып шырқағанда, Үзілтіп, естігенде жұрт таңқалды» деп орындалып, ел арасына таралған. Ал қазіргі күнде бізге белгілі күйлер саны бесеу. «Он алтыншы жыл» деп аталатын екі күй бар, бірі – баласын тыл жұмысына алған кезде шығарған Дина Нұрпейісованың күйі, екіншісінің авторы – Сейтек Оразалыұлы 1916 жылғы елдің халын суреттеген деседі. «Сейтек Оразалыұлы жан-тәнімен патшалық Ресейге қарсы болып өткен адам. Қарсылығы үшін Сібірге дейін айдалып, Сахалинге жер аударылған», – дейді күйші Мұрат Әбуғазы. Бұдан басқа үш күй – «Қош бол, балам» «Жұртта қалған», «Сен кеткенде мен қайтем» – Қазанғап Тілепбергенұлыныкі.

«Он алтының зарын» сол кезеңде ел ауызында қорқынышпен айтылып жүретін қаншама естеліктерден де білуге болар еді, алайда деректердің көбі жойылып, білетіндердің көбі өмірден озып кетті. Ал кеңес үкіметі осы ұлт-азаттық көтерілісті мүмкіндігінше өз пайдасына шешуге тырысты. Олар ең әуелі әскерге бала іріктеу кезіндегі парақорлықты бай мен кедейдің бөлінуіне әкеп тіреді. Байлар мен болыстар мал беріп балаларын алып қалды, кедейлер зардап шекті, сол үшін тек кедей тап, яғни пролетарият табы көтерілді деген жалған теорея ойлап тапты. Көтеріліс деректерін барынша осы тарапқа бұрып, ұлттық бояуларын жоюуға күш салды. Бұл туралы Мұстафа Шоқай «1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» деген мақаласында 1931 жылғы Қазақстан мен Орта Азия баспасөзіндегі 1916 жылғы көтерілістің 15 жылдығына орай жарияланған материалдар туралы: «Бұл материалдардың бәрінде дерлік 16 жыл оқиғалардың шындығы бұрмаланып, мәні өзгертіліп («Автономия мен басмашылдық әрекеттері сияқтылардың») түсіндірілді. 16 жылғы көтерілістің баса көңіл аударатын ең бір маңызды тұстары қайсылар? Бұл сұрауға «16 жылғы қозғалыс жалпы алғанда ұлттық қозғалыс еді» деп жауап беруге болады. Онда таптық күрестің елесі де жоқ еді» дейді. Осы мақалада көтерілісті басушы жазалаушы жасақ құрамына тартылып, қолына қару алып, бейуаз жұртты аяусыз қырған қоныстанушы орыс мұжықтарын да көтерлісшілерге көмектескен етіп көрсетуге тырысып жатқанын сынайды. Кеңес үкіметі 70 жылдық өмірінде бәрі бір сол дегеніне жетті, көтерілістің тек өздері таптық сипат берген тұстарын асыра айтып, ұлттық сипатын барынша көлегейлеп, ұмыттырып та жіберді. Соның бір дәлелі «Амангелді» фильмі. Осы фильмде Мұстафа Шоұқайдың сөзімен айтқанда: «әліпті таяқ деп білмеген», Торғай өңірінен басқа жер, өз руынан басқа ел көрмеген қараңғы Амангелдіні дүниеде теңдесі жоқ төңкерісшіл, ұлт пен ұлтшылдықтан жоғары тұратын интернационал большевик, дінге дұшпан, Түркістан түріктігін орыс большевизмі және интернационалдық төңкерісшілдікпен табиғи түрде тығыз жымдастырған ірі тұлға ретінде көрсетуге» еңбек еткен. Фильмде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Алаш қайраткерлерін «патшаның жақтастары, оқыған ақсүйек» етіп «жау тапқа» қосып масқаралайды. Бұның сыртында көптеген жыр-дастандар жазылып, Амангелді секілді бір неше көтеріліс жетекшілерін кедейдің қорғаушысы, тап батыры етіп көрсетеді. Осы жырлар мен театрлардың, кинолардың көлеңкесінде 1916 жылғы көтеріліс шындығы көмескіленіп, ақиқат естеліктер ұмытыла берді.


Алайда осы тарихи ақиқат жайлы Кеңес кезінің өзінде батыл түрде шындықты айтқан тұлғалар болды. Солардан бір неше мысал келтіре кетейік. Темірбек Жүргенев «1916 ж. қазақ көтерілісінде қала мен ауыл арасындағы наразылық» мақаласында: «Осы жоғарыда айтылған ауылдың қалаға, орыстың отарына, мәдениетіне наразылығы күшейе-күшейе отының жайылу себебімен жалпы көтеріліске айналды. Елдің бойын кернеген ашу, наразылығы. 1916 ж. көтерілісі – ұлт (бөлек ел) көтерілісі еді. Өйткені жоғарыда айтылған наразылықты тудырған үкімет озбырлығы, капитал құлдығы бүкіл қазақ еліне батты, бүкіл қазақ елі зорлық көрді. Әрине, үкімет озбырлығы, капитал ауырмалығы, әсіресе аз руға батыңқырады. Осы күйінде қазақ даласына Аурыпаның [Европаның] отаршылық саясаты келіп жетті. Сондықтан қазақ даласындағы қалалар тұрмыстың айдауымен, шаруа түрінің өзгеруімен салынбай отаршылықтың арқасында өкімет бұйрығымен салынды. Қазақ даласындағы қазіргі қалалар сол қазақ елін қыспаққа қысуға, Шығыс елдерін отарлауға салған қорғандар. Осы қалалар арқылы патша өкіметі қазақ даласын өзіне бағындырды» деді. Міржақып Дулатов: «Дүние тарихында Европа соғысы адам баласы көрмеген қиын оқиға болса, біздің қазақ жұрты үшін 1916 жыл айрықша терең із қалдырған бір тарихи жыл екендігіне шүбә жоқ. Патша жарлығы хақ. Бұл сұрапыл соғыста басына ауырлық келген жалғыз біздің қазақ халқы емес. Жұрт ұйлығып, дағдырып, ойға-қырға шабуылдап жүргенде, 25 июнь жарлығы орындалып, жұрттың көбі ерікті-еріксіз көніп, балаларын солдатқа бере бастады», - дейді.

Көтеріліс зардаптары тек адам шығынымен ғана тиылып қалған жоқ, осы көтерілістен пайда болған экономикалық құлдырау, саяси жеңіліс, рухани тозу мен ел санасына із қалдырған психологиялық ақаулар да аса ауыр шығын екенін ескерген жөн. Әуелі экономикалық жағын тілге тиек етер болсақ, жаппай майданға алу мен қарсылықты басып-жаншу мал шаруашылығының сандық және сапалық жақтан құлдырауына әкеліп соқты. Жылқы, түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мысалы, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай жағдайлар орын алды. Бұл, әрине 1921-22 жылдардағы аштыққа алып келді.

Екіншіден, саяси жақтан жеңіліске ұшырады. Алаш қайраткерлерінің пікірі бойынша Ресейде теңдікті қолға келтіру үшін – оған өзге ұлтпен бірдей деңгейде үлес қосып, бірдей деңгейде сауаттылыққа жету керек болатын. Тылға адам беру – сондай бір үлкен қадам болатын. Осы арқылы думадан қазақ мұңын айтарлық мінбер алуға, оқу-ағарту ісін дамытуға қаражат алуға және жер мәселесін тең тұрғыдан шешуге мүмкіндік алар еді. Көтеріліс патша үкіметінің қазаққа деген көзқарасын одан арман қатаң ете түсті.

Үшіншіден, қазақ халқы ел іргесінің тыныштығынан айырылды, сөйтіп рухани тұтастығынан, салт-дәстүр, мәдениетінен көз жазып қалды. Мәдениет, салт-дәстүр – баланың тууынан бастап адамның қартайып өлгеніне дейінгі тұтас өмірі қалыптасқан салттардан, ұғымдардан тұратыны анық. Тіпті қарапайым ғана шай құю, ет тартудың өзінің сан түрлі мәдениеті бар. Онымен бірге тұтас ұлттық ұғым бар. Әр ұғым мен әр салт бір-бір атау, бір-бір сөз, бұның бәрі ұланғайыр мәдениет. Ал соғыс кезінде, үркін-қорқында мұның бәрі қалады, тек жанның амандығы ғана басты орынға шығады. Үркін-қорқын ұзаққа созылған сайын бейбіт күндегі әдет ұмытылады, онымен бірге тұтас мәдениет көзден ұшады. 1916 жылғы көтеріліс сол ұзақ қуғынның, ұзақ ұмытудың басы болды.

Төртіншіден, халық санасына үлкен психологиялық із қалтырды. Қаншама жұрт көз алдында еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін аяусыз өлтірілгенін көрді немесе естіді, жыл бойы халықтың санасын үрей биледі. Бұл үрей көтерілістен кейін ұмытылып кеткен жоқ, азамат соғысы, аштық, кәмпеске, репрессия болып жалғаса берді. Кейін жарты ғасырдан аса уақытқа созылған осы үрей халықтың психологиялық жадын мүлдем өзгертіп жіберді. Сондықтан да, бұл күнде көп айтылатын қазақ мінезі, қазақ салты бүгін жоқ. Дәл осы 1916 жылы тыл жұмысына адам бермейміз деп көтерілген елдің ұрпағы 1940 жылы «Сталин үшін» деп ұрандап, өз еркімен кеудесін оққа тосты. Бір сөзбен айтқанда қазақ халқының жарты ғасырлық қасіретінің басы сол 1916 жылы басталып еді.

Көтерлісітің жалғыз-ақ жақсы жағы болды, ол қазақ халқының өзін-өзі билеуге, еркіндікке деген асыл мұратын көрсете білді.

Сөз «Самалтау» әнінен басталған болатын. Әннің соңғы тармағы «Осынау әнді салдырған – он алтының зары еді» деп аяқталатын еді. Біздің де қолға қалам алдырған осы бір өткен тарихтың қасіреті болатын. Бұл тақырып әлі де терең қаузалып, зардаптары мен нақты сипаты әлі де анықтала түсеріне сенеміз.