Тың және тыңайған жерлерді игерудің негізгі шарттары
03.09.2020 3323

Қоғамдық, өмірдің барлық жақтарын қайта құру біздің арғы және бepгi тарихымызды ой елегінен өткізіп, орын алған проблемаларды алдыңғы қатарға шығаруға мумкіндік берді. Біздің заманымыздың ең өткір де үлкен проблемаларының бipi – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету еді. СОКП-нің 27 съезінде осындай ұйғарым жасалып, артынан ол 28 съезде тағы қайталанды. Алайда дүние жүзінің алтыдан бip бөлігінде осындай мүмкіндікті жүзеге асыруда Коммунистік партия барынша дәрменсіздік танытты.


Дүние жүзі бойынша көлемі ең үлкен құнарлы жерлерге ие бола тұрып, елді нансыз, азық-түліксіз калдыруға СОКП-ға оншалықты «даналық» қажет емес еді. Әттең, қоғамымыз аграрлық саясатты дұрыс жүргізе білмеудің нәтижесінде бүгінгідей тығырыққа тірелді. Ғалымдар осынау дағдарыстың сырын анықтау үшін ауыл шаруашылығын дамытудың тарихына, соның ішінде 1954—1964 жылдарға назар аударуды ғылыми нысан етті. Бұл кезең кеңес елінің тарихындағы «Тың эпопеясы» жылдары деп аталды.

Қазақстан жерінде соғыс әрекеттері болған жоқ, әйтсе де оның зардаптары сезіліп тұрды. Әcipece бұл жағдай ауыл шаруашылығында айқын білінді. Бұл саладағы соғысқа дейінгі деңгей тек 50-ші жылдары ғана өз дәрежесіне жетті. Бipaқ ол елдің азық-түлік пен шикізатты тұтыну қажетін өтей алмады. Сондықтан үкімет «ауыл шаруашылығындағы жағдайды түзеуге ден қойды. Мәселен, 1950 жылы партиялық-үкімет комиссиясы құрылды. Оған колхоздарды қаржыландыруды жақсарту мәселесін қарау ұсынылды.

1952 жылы басқа комиссия мал шаруашылығындағы жағдайды жақсартуға көңіл бөлді. Аталмыш комиссиялардың жұмыс нәтижесі КСРО Жоғарғы Кеңесінің cecсиясында талқыланды. (тамыз 1953 ж.). Үкімет экономиканы сауықтырудың ойластырылған шарасын ұсынды. КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Г. Маленков халық тұтынатын товарларды өндіруді ұлғайту үшін ауыл шаруашылығын көтермей болмайды деген тұжырым жасады. «Біздің басты міндетіміз, – деді ол, – қысқа мерзім ішінде ауыл шаруашылығындағы колхоздар мен совхоздардың артта қалушылығын жойып, оны тез аяғынан қоя отырып, шаруашылықтарды нығайту, колхозшылардың еңбек күнін көбейтіп, оларға ақша бөлуді ұлғайту». Баяндамада астық мәселесі маңызды деп танылып, оны өндіруді көбейту мақсаты қойылды. Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері КОКП Орталық Комитетінің 1953 жылғы 3-7 қыркүйек айында болған Пленумында да қаралды .

Саланың жағдайын сараптай келіп, пленум ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде жаңа көзқарас қалыптастырды. Алдымен ауыл шаруашылығына күрделі қаржы бөлуді ұлғайту көзделді. Пленум сонымен қатар алғаш рет социалистік шаруашылықты жүргізудің негізi ретінде қызметкерлерді материалдық қаржыландыру принципін шаруашылық табысымен байланыстырды. Қаулыға сәйкес ферма мен егістіктен өндірілетін өнімдерді сатып алу бағасы бірнеше есе өсті. Шартты міндеттемеден тыс сатылатын өнімдердің бағасын колхоздар үшін күрт көтерілді. Мұның өзi колхоз экономикасын нығайтты. Жеке шаруашылықтан алынатын өнімнің көлемі азайтылды, қаржы салығы төмендетілді, тағы басқа тәуip шаралар белгіленді. Қыркүйек пленумы ау­ыл шаруашылығын дамытуға әжептәуір жол ашты. Әйтсе де көптеген зерттеушілер Хрущевтің бастамасы оның табансыздығының арқасында өз мақсатына жетпеді деп есептейді.

Н. Хрущев партияның қыркүек пленумында қабылдаған аграрлық саясатының бастаушысы емес, мұндай саясат оның ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі көзқарасына сәйкес келмеді. Ондай тұжырым жасауға төмендегі көрсетілгендер негіз болады. Бастысы Орталық Комитеттің қыркүйек пленумы ауыл шаруа­шылығын басқару экономикалық әдістерге қаржымен ынталандыруға, агробиологиялық ғылым жетістіктеріне негізделді. Бірақ, өкінішке орай, пленум өз бағытынан ауытқып кетті. Ауыл шаруашылығын басқаруда әкімшілік әдістері орын ала бастады. Демократия көріністеpi КОКП Орталық Комитетінің асығыс өткізген мәжілістері мен пленумдары санымен бағаланды. 1953—1964 жылдардың аралығында ауыл шаруашылығы жөнінде арнайы мәселе он бip пленумда және тағы екеуінде күн тәртібіне қойылды. Аталмыш материалдарды жоғарыдан да, төменнен де жүргізді, оларды орындау үшін жергілікті жерлерде мыңдаған қаулы және міндеттемелер қабылданды. Екіншіден, қыркүйек идеялары мен Хрущевтің колхоздарды ірілендіру, бipaздан кейін оларды совхозға айналдыру, МТС-тарды жою міндеті де аш қабыспайтын еді.

Сонымен қыркүйек пленумында қоғамдық және жекеменшік қатар жүргенде ғана колхоздар қалыпты жағдайда дами алады деп көрсетілгеніне қарамастан шаруалардың жеке меншігіндегі малдарды алу тоқтатылмады. Үшіншіден, жарты жыл өтпей жатып ауыл шаруашылығын жеделдетуден бас тартылып, бұрынғы қалыпты жағдайға ауысты. КОКП Орталық Комитетінің ақпан-наурыз (1954 ж.) пленумы елдің шығыс аудандарында тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шeшiм қабылдады. Бұл жөнінде ресми пiкip мынадай: «Орталық Комитет қыркүйек пленумы бекіткен шаралар бipaз уақыт өткен соң ғана жемісін береді» деп есептеді. Дегенмен елдегі астықтың жағдайы алаңдатарлық еді. 1953 жылы 31 миллион тонна астық дайындалса, 32 миллион тонна астық жұмсалды. Мемлекеттік қордың аздаған бөлігін пайдалануға тура келді. Сөйте тұра сол кездің өзінде Американы қуып жетіп, басып озу жөнінде ұран тасталды. Шынында да дәл сондай авантюристік Хрущевтің мінезіне сай келетін әрекеттердің бipi – «тың эпопеясы». Ал енді кеңес тарихында кең өpic алған мынандай тұжырымға тоқталайық: «Жер қорларын жүйелі түрде игеру елде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ғана мүмкін болды. Олай болса неге Хрущев «жоспарды» жеделдетуге тырысты. Ал ақпан-наурыз пленумында астықты өндіруді ұлғайтудың басты көзі – тың деген тұжырым жасалғанын қалай түсіндіруге болады? Тың игерудің ең басты дәлелі – жүргізілген бірлі-жарымды тәжірибе болатын. Атап айтқанда, Челябі облысындағы «Петропавловск», Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ленин жолы» шаруашылықтарының негізінде енгізілді. Олар гектарынан 22 және 30 центнерден өнім алды. (Бұл үлкен күмән келтіреді). Осының негізінде Қазақстанның тың аудандарында, Ciбip, Орал және басқа аймақтарда 13 миллион гектар, оның ішінде Қазақстанда 6,3 миллион гектар тың және тыңайған жерлерді игеру мандаты қойылды. Бұл жерлерден 1100-1200 миллион пұт астық жинап, егін өнімділігін 14-15 гектарға жеткізу көзделді.                                                                                                                                                                                                                          

Қойылған міндетті орындау көп күш жұмсауды қажет eттi. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін әміршілдік әкімшілдік жүйенің барлық күш-қуаты icкe қосылды. СОКП Орталық Комитетінің, февраль-март Пленумының (1954 ж.) шешімдері республикалардың Орталық Комитеттерінің облыстық, қалалық және аудандық партия ұйымдарының жиналыстарында талқыланды. Насихат пен үгіт құралдарының барлық түpi кеңінен, пәрменділікпен пайдаланылды. СОКП Орталық Комитет Қазақстанның және еліміздің басқа да шығыс аймақтарының «Тың және тыңайған жерлерді игеруге аттануға» шақырған барлық совет халқына арналған үндеу қабылдады.

Коммунистік партияның Орталық Комитетіне өткізілген жиналыстардың саны, оған қанша жанның қатысып, сөз сөйлегендері туралы мәліметтер үcтi-үcтiнe түсiп жатты. Мұндай шақыруларға үн қосып, әдеттенген совет жастары тың жерлерге аттануды да қызу жігермен қабылдады. Алғашқыда 1954 жылдың март айына дейін, Қазақстан жерлеріне 250 мың, ал 1956 жылда 640 мың тың игерушілер қоныстанды. Олар негізінен Ресей, Ук­раина жоне Белоруссия калаларынан келген жігіттер мен қыздар еді. Қозғалысқа (шын мәнінде, ұйымдастырылған қоныс аудару) бүкілхалқтық сипат беру үшін басқа республикаларға да тапсырмалар беріліп, қағылған-соғылғандар тың жерлерге жөнелтіліп жатты. Жеткіліксіз жұмысшы күшi Совет Армиясы қатарынан босатылған жауынгерлер есебінен де толтырылды. Сондай-ақ, мемлекет батыс аймақтардан тыңға қоныс аударған от-басыларына көмектесуге мол қаражат бөлді. Алғашқы екі жылда ғана Қазақстанның тың жерлеріне 200 мыңнан астам отбасы қоныс аударды.

Ақмола облысы «Мариновский» совхозының комсомолдарының шақыруына үн қосып, 1954 жылдың күзінде тың игеруге тағы да 60 мың жас әйелдер мен қыздар келді. Тың игеру дәуіріндегі Қазақстанға жаппай қоныс аудару дүмпуі 60-шы жылдардың ақырына дейін созылып, еш тоқтамады.

Тың игерудің шаруашылықты жүргізудегі тиімділігі қаншама мадақталып «дәлелденгенімен» оған орасан зор күрделі қаржы жұмсалды. Республиканың ауыл шаруашылығына алғашқы екі жылдың ішінде ғана 6.105 миллион сом қаржы жұмсалды. Бұл төртінші бесжылдықта жұмсалған барлық қаржыдан төрт есеге жуық көп деген сөз. 1954—1958 жылдары Қазақстанда 337 жаңа сов­хоз ұйымдастырылды. Мемлекет оның құрылысына 10.814 мың сом жұмсады. Өндірістік негізгі қор 1953 жылғы 276 миллион сомнан 1965 жылы 2,6 миллиард сомға дейін өсті.

Тың игеруге ауқымды материалдық қор бөлінді. Рес­публиканың басқа ауыл шаруашылықтары аудандарының есебінен тыңга құрылыс материалдары, техника үсті-үстіне жөнелтілді. 1953 жылмен салыстырғанда 1956 жылы тыңға әкелінген тракторлардың саны 213 процентке, комбайндар 232 процентке артты. Осыған орай техниканың жалпы саны да молайды.   Егер 1958 жылы республикада 40 мың трактор болса 1960-шы жылдың басында 156,2 мынға, немесе төрт есе, ал комбайндар 4,3 есе көбейді. Осыншама есе техниканы кем алған басқа аймақтардың әлеуметтік экономикалық дамуының мешеулеп қалуы айдан анық.

Осыншама «қуатты күштің» бос жатқан тың алқаптарына тұтқиылдан шабуылға шығуын Л. И. Брежнев кітабында былайша түсіндіреді: «Тың жерлердің астығы шұғыл қажет болды», дей келе пікірін одан әpi жалғастырып, «социализмді нығайта отырып, уақыттын алдын орау үшін совет адамдары көп нәрсені бұрын түк жоқ жерден бастады. Партия тыңды игеруге шақырылғандарға: онда қиын, тіпті өте қиын болатынын, алда ауыр шайқастар тұрғанын, ал қандай шайқастың да ерлікті керек ететінін ашықтан ашық айтты. Расында да тың игерушілердің өмірінде қиындыққа төтеп беретін ic қимылдар бастан асатын. Тыңға шабуыл ешқандай дайындықсыз шұғыл басталды. Қара топырақты құнарлы аймақтармен бipre көк қауданы желкілдеген шұрайлы жайылымдықтар да қыраттар да, тіпті сортаң жерлер де өткір түрен жүзіне ілекті. Интернационалдық комсомол-жастар екпінді бригадалары жазушы Шерхан Мұртазаның cөзiмен айтқанда «қазақ даласының бүкіл ішек қарнын ақтарды». Майдандағы соғыс дабылдарының мәліметтері сияқты жүздеген, мыңдаған миллиондаған гектар жер жыртылғаны туралы даурықпа рапорттар қарша борады. 1954 жылы тапсырмадағы 6,3 миллион гектардың орнына 8,5 миллион гектар жер жыртылды .

Осыдан кейін-ақ, «қымбатты Никита Сергевич» сабырлық жасап, алды-артын пайымдап, аялдауы қажет еді, бipaқ, халықтың күткен үмiтi ақталмады.

1954 жылдың тамыз айында СОКП Орталык Комитеті мен КСРО Министрлер Советінің тыңға шабуылды одан әpi өpicтeтy жөнінде шешімі қабылданды. Оған сәйкес eкiншi жылы тағы да 9,5 миллион гектар, ал 1954-1960 жылдары аралығында барлығы 26,484 мың гектар жер соқамен қақ айрылды. Баспасөзде жарияланғандай тарихшы және ақын, географ және экономист Сергей Николаевич Марков Қазақстанға «Жаңа өмip» әкелушілердің ic қимылдары туралы шындықты сонау 1931 жылы жазып қалдырыпты. «Олар, – деді Сергей Николаевич, - тарихи қорған төбелерді бұзып, халық батырлары жерленген ескерткіш мавзолейлерді, бейіттерді, болат сүңгімен кирата алмаған соң оқ-дәрімен түбipімен қопарған». Амал не, Докучаевтің ғылыми болжамы да, Сердалиннің, Бөкейхановтың, Марковтың сақтандырулары да Хрущев пен Брежневтің «алғашқы тың игерушілерін» еш тоқтата алмады. Ал жерді бей-берекет талан-таражға салуға қарсы тұрғандарды партияға қарсы топқа, немесе «өмірден артта қалған, ойлау қабілетінен айрылған ұлтшылдар» қатарына жатқызып, қудалады.


Тың игерудегі өрескелдіктерді тың игерушілердің өздері де мойындайды. 1954 жылы «Ленинград» совхозына жолдамамен келген Еңбек Қызыл Ту орденді В. Ки­риченко былай деп жазады: «Тыңды игеруге айтылған сынды дұрыс қабылдау керек. Сол кездегі әміршілік-әкімшілдік жүйенің басшылырына орай асығыстық, істі ойластырмай шешу орын алды». Өздерінің өмірлеріне, тағдырларына ciңiciп, шeшyшi роль аткарған тыңды бағындырушылардың қазіргі кезеңдегі әділ сын көзбен жасалған тарихи талдауға қарсылық білдіретіні әбден түciнiктi. Әрине, тың игеру тарихындағы қажырлықты, жанқиярлық күресті, табандылықты ешкім жоққа шығармайды. Егістікке жарамды құнарлы жерлерді игерудің тиімділігі де күмәнсіз. Мәселе, қысқа мерзімнің ішінде ұлан-ғайыр 25 миллион гектар жердің іріктеліп сұрыпталмастан қатарынан тасталқаны шығарылып жыртылуында, оның әлеуметтік экономикалық, демографиялық және экологиялық зардаптарға қиындыққа ұрындыруында. Тың жерлерді игеруді қауырт жүргізу саясатының қыр-сырын баяндаудан бұрын халық белсенділігінен туған игі бастамаларға да тоқтала кеткен жөн.

Тыңға келген мыңдаған саналы еңбеккерлердің жігерлі еңбегінің нәтижесінде пайдалы игі істер туындады. Оның бipi – студенттердің кұрылыс отрядтары. Костанай облысы Таран ауданының жастары 1954 жылдың күзінде игі бастама көтерді. Олар республиканың барлық еңбекшілерін мәдени-ағарту мекемелерінің жаңа құрылыстарын салуға, жөндеуден өткізу, қызметін жақсартуға көмектесуге үндеу тастады. Тарандықтардың бастамасы кең қолдау тапты. 1955—1956 жылдары селолық жерлерде 17 мәдениет үш, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу үйі, 500-ден астам қызыл мүйіс, 10 стадион мен спорттық алаңдар салынып, 230 елдімекенге радио және 130 елдімекенге электр жүйелері тартылды.

Тың игеру жылдарында совхоз жұмысшылары мен колхозшылар селолық мектептерді өз қамқорлығына ал­ды. 1957 жылға дейін олардың көмегімен 2828 оқу шеберханасы, 1700 пәндік кабинет жабдықталды. Совхоздар мен колхоздарда 3 мыңнан астам окушылардың өндірістік бригадалары мен участоктары ұйымдастырылды. Тұрғын үй құрылысы да кеңейді. 1954-1955 жылдары республиканың тың аймағында 853 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жаңа поселкелер орнығып, автомобиль жолдары төселіп, астық қоймалары бой көтерді.

Тың туралы жазылған кітаптарда ауыл шаруашылық өнімдерінің, алдымен астық өндірудің артқандығы тілге тиек етілді. Расында да өciм бар. Егер Қазақстан бұрын (1949-1953 жылдары) мемлекетке орта есеппен жылына 111 миллион пұт астық тапсырса, тың игеру жылдарында (1954-58 жылдары) 521,4 миллион пұттан астық өткізді. Әcipece, 1956 жылы барлығы 1.483 мил­лион пұт астық жинап, мемлекетке 1 миллиард пұт ас­тық тапсырған Қазақстан диқандары ең жоғары көрсеткішке жетті. Бipaқ келесі жылдары астық өндіру кеми бастады. 1963-64 жылдары астық өндіру 1953 жылғы мөлшерден сәл ғана асты. Осы кезден бастап еліміз шетелдерден, АҚШ, Канада, Аргентина, Франция сияқты мемлекеттерден астық сатып алуға кірісті.

Тың игеруді қарқынды жүргізуге асыққан мемлекет басшылары алда шешуші қиын күрделі мәселелердің туындайтынын түсінбеді. Жұмысты ғылыми түрде терең зерттеу негізінде жүргізудің орнына өктемдікке жол берілді. Табиғатты қорғау тарихи ескерткіштерді сақтау жөнінде ешқандай шара қолданылмады. Н. Хрущев тыңды бағындыру күресінде наполеондық арандатушылық бағытты ұстанып: «ең бастысы майдан ашу, кейінгісін көре жатармыз» принципін ұстады. Сондай-ақ тың жер дұшпан шебі ретінде қаралып, жаппай шабуылға шығуға шақырылды. Тың игеру дәуіріндегі жиі қайталанатын тұжырымдар: «Тыңға шабуыл», «Тыңды бағындыру», «Тыңды бас идіру» сияқты ұрандардан құралатыны да тегін емес.

Тыңға шабуыл жасауға шақырушыларды жолдың, астық қоймаларының жоқтығы да имендірмеді. Маңдай тepi төгіліп, өсірілген диқан астығының жүздеген мың тоннасы қырмандарда, дестелерде, жаңбыр мен қар астында жатып, іріп-шіріп, шығынға ұшырады. Шаруашылықты жүргізудегі бойға сіңген қырсыздықтың, салғырттықтың салдарынан күн сайын 15 мың трактордьң сынып босқа туруы сияқты бей-берекетсіздікті есепке қоссақ, тың игерудің бағасы да айқындала түспек.

Мемлекетке Қазақстанның миллиард пұт астығы тапсырылған жеңіс тойы одан әpi жалғаспады. Келесі 1957 жылы астық екі жарым есе кем жиналды. Ал 1963-64 жылдары eгic көлемі бес есе кем болған 1953 жылғы өндірілген астықтың мөлшерімен деңгейлес мөлшерде қалды. Кесе-көлденеңнен де, ұзынынан да, қиғаштап да аяусыз үсті-үстіне жыртылған тың жерлердің үстінде ұйытқыған шаң-боран тұрғанда ғана мамандар, ғалымдар жеңіске шақырған урандауынан айыға бастады.

Не пайда, болар ic болды. 1958—1965 жылдары агротехникалық төмендігінен 3 миллион гектарға жуық eгicтiк жер пайдаланудан шығарылды. Орасан зор егін алқаптарының шығымдылығы жылдан-жылға кеміді. Мысалы, тың игеруші басшы қызмет аткарған Федор Моргун өзінің «Тың туралы ойлар» деген кітабында 1955 жылғы қуаңшылықты былай суреттейді: «Алпыс градусқа жеткен аптаған ыстықтан жер тілім-тілім, торкөздене жарылып кеткен. Бүкіл көктем, жаз бойы бip тамшы жаңбыр тамбады». Осы очерктің авторы Көкшетау жерінде туып өскендіктен де соңғы қырық жылдың төңірегінде бірде-бір рет ыстықтың 50 градустан аспағанына қарсы дәлел айта қоймас. Алайда, тың аймақтары қатыгез қуаңшылыққа жиі ұшырайтыны жөніндегі оның дерегі өмірден алынған.

Тың игерушінің кітабында басқа да маңызды, назар аударарлық деректер мен мәліметтер бар. Мысалы, «1955 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан аймақтарында жер жаппай жыртылғаннан кейін шаң бораны тұрған алқаптар жиі ұшырай бастаса, Павлодар облысында мүлдем орнығып тұрақтанды» деп жазады автор. Бұдан Ф. Моргунның шығаратын корытындысы мынадай: «Тыңға таза пардың көмегінсіз шығымды егін өcipe алмайсыз. Егіншіліктің дүниежүзілік тәжірибесінде дәлелденгеніндей жылына түсетін ылғал 300-350 миллиметрден аспайтын аудандарға парды қолданбай астық шаруашылығын дамыту еш мүмкін емес».

Eгін шаруашылығы күрт кеміп, тың жерге жасалған сұрапыл қиянаттардан кейін ғана шабуылды бастаушылар өз кателерін түсінді. Агрохимиялық, гидрологиялық, геоботаникалық зерттеулер жүргізуге кірісті. Алғашқыда қатарынан көзсіз тас-талқаны шығарылған жалпақ даланың, енді топырақ құрылысының ерекшелігі сақталатын ылғалының мөлшері зерттеле бастады. Алпысыншы жылдарда тыңдағы шаруашылықтардың едәуір бөлігі егіншіліктің қayiпті аймағына орналасқанын, оларда эрозияны болдырмайтын техниканы, агротехниканы ұтымды пайдалану кажеттігі туралы әңгіме қозғалды. Сол кездегі СОКП Орталык Комитеті мен СССР Министрлер Советінің бірлескен қаулысында да: «Қазақ ССР-інде жыл сайын шаң борандары топырақтың құнарлы қыртыстарын ұшырып, eгicтіктің едәуір көлемін зақымдап, құртуда. Ал жекелеген аудандарда суармалы жерлерді суландыру жүйелерін арықтарды көміп тастады» деп мойындауға мәжбүр болды.

Дегенмен, әлі де барлык зерттеушілер оның ішінде қазақстандықтар да тың игеру өзін ақтады деген пікірді жақтап жүр. Олар мұнда орталық статистика санақ басқармасының мәліметіне, 1954—1955 жылдары аралығында тың игеруге 8,5 миллиард сом қаржы жұмсалса, табыс 13,8 миллиард сом болды деген дерегіне сүйенеді. Шындығына келсек, мұнда нақты дерек келтірілгенімен бүркемелеп жалған айтушылық та сезіледі.

Тың топырағының алғашқы құнарлы кезінде бітік егін өсірілгенде оны жинау қиындықтар туғызып, басқа аймақтардың көмегі ұйымдастырылды. Орақ науқаны астық үшін күрес майданына айналды. Мысалы 1956 жылдың егінін жинауға еліміздің түкпір-түкпірінен Қазақстан тыңына техникасымен қоса 11700 комбайншы, 20 мың атвомашина жүргізушісі, негізінен комсомолдың жолдамасымен 200 мың жігіттер мен қыздар келді. Бұдан кейінгі eкi жылдың егінін жинауға астық шыгымдылығының төмендігіне қарамастан миллионнан астам жас жұмысшылар, қызметкерлер мен студенттер қатысты. Сондай-ақ бұдан тыс ондаған әскери бөлімшелердің жауынгерлері де тың орағына жыл сайын тасылды. Осындай жүздеген мың адамдардың ондаған мың техниканың еліміздің шалғай шеттерінен қысқа мерзімді маусымдық жұмысқа қаншама шығын жұмсалып, тасылуының, пайдалануының тиімділігі күмән туғызады.

Жерді талан-таражға салу орны толмас шығынға ұрындырды. Ғалымдардың eceбi бойынша тыңды игеру жылдарында топырақтың сапалы қыртысының 15—20 проценті, ал кей жерлерде 23 процентке дейін бүлініп, құнарсызданған. Қaзip бұрыңғы тың игерілген аймақтардағы жердің құнарсыздануы 35 процентке дейін жеттi, оны қалпына келтірудің алғышарттары әлі күнге дейін жасалған жоқ.

Егерде «игерудің» осы қарқынынан айрылмасақ алдағы ондаған жылдардан кейін тыңның басты байлығы жеріміз де түгелдей құнарынан айрылып тынбақ. Сонда біз кейінгі ұрпағымызға қандай қазына қалдырмақпыз.

Елуінші, алпысыншы жылдардағы жел эрозиясыпың етек алуы eгін шығымдылығын да күрт кемітті: 1954-58 жылдары әр гектардан 11,4 центнерден, 1959-63 жылда­ры 6,1 центнерден астық бастырылды. Осыған орай арамшөптерді химикаттармен отау және егістікке тыңайтқыштар себу жұмыстары қолға алынды. Егер 1960 жылдары Солтүстік Қазақстанның шаруашылықтарында 5,8 мың тонна минералдық тыңайтқыштар пайдаланылса, 1969 жылы 247,7 мың тонна немесе 44 есе көп минералдық тыңайтқыш бөлінді.

Әрине, минералдық тыңайтқыштарды пайдаланбайтын бip де бip ел жоқ. Мәселе, ғылыми зерттеулердің негізінде қоршаған ортаға табиғатқа зиянын тигізбей тиімділікпен пайдалана білуде. Амал не, алпысыншы, жетпісінші жылдарда тың аймақтарында тыңайтқыштарды бей-берекетсіз пайдаланудың салдарынан табиғаттың өсімдігі мен жәндіктеріне орасан зор зиянын тигізіп, апатқа ұшыратты.

Солтүстік Қазақстанның егіншілігінде таза парды айналымға енгізудің тиімділігі мол екендігі тәжірибеде айқын дәлелденген. Мұның өзі басқа елдердің де, соның ішінде бізбен табиғаты және ауа райы epeкшілігі қанаттас Канаданың егіншілікті жүргізудегі тәжірибесі де осы бағыттың дұрыстығына күмән келтірмейді. Оларда eгicтік жерлердің 30-35 процент парға қалдырылады, астық шаруашылығы жөніндегі Қазақ ғылыми зерттеу институтының ұсынысы бойынша тың жерлердегі егістіктің 20-25 проценті парға қалдырылуы керек. Не пай­да, Хрущев отандық және дүниежүзілік тәжірибелерді бұрмалап, тек жедел астық молшылығын жасау мақсатын көздеп, егістіктің көлемін одан әpi шұғыл ұлғайтуды ұсынды.

Н. Хрущев парды мойындамауымен қатар көпжылдық шөп егуге егінді тікелей орып жинауға да тиым салды. Ал оның ececiнe жүгері өсірудегі құлшынысы жұртшылыққа мәлім. Tiптi, ол солтүстік шеңберге дейін жүгepi өcipyмeн шұғылдануды жақтады. Әрине, жүгері жергілікті табиғи ерекшеліктер ескеріліп, агротехника сақталып, өcipce аса пайдалы дақыл. Не пайда, мұнда да өcipyre аттаныс науқаны басталып бей-берекетсіздік белең алды. Хрущевтің 1957 жылғы 22 мамырдағы сөйлеген тағы бip сөзіндегі «Таяу жылдарда еліміздің әр тұрғынына шаққанда ет, сүт, май өндіру жөнінде АКШ-ты қуып жетеміз» деген ұраны да icкe аспады.

Осының бәріне қоса «Тың дәуірінде» ұйымдастыру жұмысында да тұрақсыздық қалыптасты. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрлгінің үстіне совхоздар министрлігі, жергілікті жерлерде совхоздар тpеci, өлкелік басқару салалары құрылды. Облыстық партия және совет органдары салалық негізгі байланысты өнеркәсіптік және селолық болып екігі бөлінді. Селолық аудандар ipiлендіріліп территориялық басқармалар ұйымдастырылды. Айналасы бес-алты жылдың ішінде колхоздар екі мәрте бipiктipілiп, ірілендірілді де, ақыры олар совхоздарға айналдырылды. Машина-трактор станциялары ажыратылды. Мұндай ұйымдастыру жаналықтары еліміздегі экономикалық немесе әлеуметтік қажетіліктен туындамады, қайта әкімшілдік-әмipшiлдiк әдіспен жүзеге асырылды да, дамуға кepi әсерін тигізді. Халық «кымбатты Никита Сергеевичтің» толып жатқан реформаторлық жұлқынысынан әбден жалығып қажыды.

Тың жерлердегі eгін шығымдылығы жылдан-жылға кеміп, мүлде шeгiнe жеткен шақта бұрынғы кателіктер одан әpi қайталанды. Жоғары жақтың бұйрығы бойынша астықты өндіруді арттыру үшiн «eкінші тыңды» игеруге немесе сортаң топырақты жерлерді жыртуға аттануға жұртшылықты жұмылдыру ұсынылды. Басшылар болса бұл кезеңде де көзге түciп қалуға ұмтылды. Ақтөбе облысының сол кездегі «бipiншici» В. Ливенцовтын сортаң топырақты жыртудағы «бағалы бастамасын» республиканың барлық партия, шаруашылық белсенділері қолдап, кезекті айқай-шу басталды . «Өз iciн» тындырып, Социалистік Еңбек Epi атағын алған В. Ливенцов кұрметті демалысқа шықты да, ал оның бүгiнгi ізбасарлары түкке жарамсыз дал-дұлы шыққан, тіпті арамшөп те өспейтін сортаң жерлерді бұрынғы қалпына келтіре алмай әуреге түсуде. Ғасырлар бойы малдың құнарлы жайылымдылығына есептеліп келген игерілген 4 миллион гектар сортан топырақты аймактардың 500 мың гектары осы актөбеліктердің үлесінде. Жерді пайдаланудағы осындай тағылык көзқарасты ақтайтын eшбip дәлел жоқ.

Ғылыми негізделген жүйе болмағандықтан Солтүстік облыстарда игерілген (жыртылған) жерлердің үлесі 65-70 процентке дейін жетті, кей жерлерде бұдан да жоғары. Ғалымдардың ұсынысы 40 проценттен аспауы керек. «Бiз осы арақатынасты сақтамай асыра сілтеп, Целиноград облысы жерінің 60 проценттен астамы жыртылды, жердің іріктелмей қатарынан жыртылуы пестицидтер және улы химикаттармен закымдануы, орман қойнауларының құртылуы сулы өзен көлдердің тартылып суалуы сияқты зардаптар айнала табиғатқа, экологияға xayiп төндірді. Егер жерді аяусыз тағылықпен пайдалану тоқтатылмаса, біздің болашақ ұрпағымыздың күні не болмақ.

Енді мәселенің ең бастысы – адамдар туралы. Демек осы кезде «бәpi де адам үшін» деген ұран көтерілді емес пе! Алайда тыңға шабуылды бастаған еліміздің және республиканың басшылары халықтың мүддесін назардан тыс қалдырды. Алды-арты ойластырылмаған тың майданы бұқараның, әcipece жергілікті тұрғындардың өміріне, тұрмысына қиындықтар туғызды, республика бойынша 25,4 миллион гектар жердің жыртылуы жайылымдыктың шұғыл азаюына, жеке меншіктегі малдарды өсіруді тежеуге әкеліп соқты. Мысалы ұсақ мал өсу қарқыны шаруашылыктың барлық категориясында үш есе азайды, жылқы саны 1916 жылғы 4340 мыңнан 1961 жылы 1158 мыңға азайды, ал түйенің саны 1928 жылға қарағанда сегіз есе кеміп, небары 140-ақ мың қалды. Жергілікті тұрғындарды дәстүрлі тағамынан (қымыз, айран, тұз, сары май т. б.) айырып шектеу Қазақстандағы ядролық каруды сынаумен тұстас келді. Мұның өзі халықтың денсаулығына әсер етті, алпысыншы жылдардың басында республикада өкпе ауруына, бруцеллезге, лейкомияға және онкологиялық ауруларға шалдығушылардың қауырт көбеюінің де ceбeбi міне осыдан еді.

1954-1960 жылдарда тың жерлерді жаппай игеру кезеңінде Қазақстан халқы 2,6 миллион адамға, ал Көкшетау облысында екі есе (612 мың адамға) өcтi. РСФСР, Украина және Белоруссиядан жүздеген мың адамдардың Солтүстік Қазақстанның жерлеріне қоныс аударуы мұндағы демографиялық жағдайдың күрделенуіне, жергілікті тұрғындардың ата-баба мұраты мәдениетінің құдырауына жол берді.

Тыңды игеру тым шұғыл және өте асығыс, осыдан бірнеше жыл бұрын аяқталған Ұлы Отан соғысының майдандарындағы шайқастар тәрізді жүргізлетін болды. Тың игергеннен кейін Қазақстан 6 рет Отан қоймасына 1 миллиарда немесе одан да артық астық өткізді. Рас, бұл миллиардтар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХХ пленумында (1990 ж.) белгілі ғалым М. Сүлейменов айтқандай, кезінде шу туғызып, ол шын мәнінде ауа райы қолайлы жылдары ғана алынды. Солай бола тұрса да қазақтың жаны жайсаң жомарт даласы сияқты шынында да кеңпейіл болып шықты. Бұл 1949-1953 және 1959-1963 жылдардағы екі бесжылдық кезеңінің көрсеткіштерін салыстырғанда айқын байқалады. Осы мерзімдерде еліміздегі негізгі тыңды игеруші аудандар астықтың орташа жылдық жалпы түсімін 227 процентке, ал РСФСР тыңында – 167 пайызға арттырса, ал Қазақстанның тың игерілген солтүстік аудандарында бұл көрсеткіш 500 пайызға көбейді. Қазақстан біртіндеп Кеңес одағындағы өндірілген бидайдың аса бағалы қатты және күшті сорттарының 60 пайызын беретін аймаққа айналды.

Дегенмен де, Қазақстан астық өнімділігі жағынан өзінен әлдеқайда жоғары көрсеткішке жете алатын, бірақ астық астық өсіруді негізгі кәсіпке айналдырғысы келмеген аймақтарды асыраушы мекенге айналды. Басқанын нанын жеп күнелтетін және нағыз диқаншының дағдыларын жоғалта бастаған Қаратопырпақсыз облыстардың селоларының көп кешікпей-ақ адамдардан айырылып, қақпасы қаңырап бос қалатынын ол кездегі ғылым болжай алмай қалды. Тоқырау жылдары деп аталып жүрген 1971-1985 жылдар аралығында Қаратопырақсыз облыстардың көпшілігіне астықтың жалпы түсімі айтарлықтай төмендеп кетті.

Сондықтан да Қазақстан тыңы астық өндіруге зор үлес қоса тұрса да бүкіл Одақ көлемінде астық дайындау жоспарлары тиянақты орындалмай жатты. 1954-1964 жылдары Одақ көлемінде 3 рет қана – 1956,1958 және 1964 жылдары ғана астық сатып алу жоспары орындалды.

Бұл орайда Қаратопырақсыз аймақта мол мүмкіндіктер болса да, Қазақстан тыңы мемлекет пен партия басшыларын неге қызықтырды?

Шығыстағы тың жерді игерудің қуатты базасын одан әрі дамытуда тек өнімділікті арттыруды қанағат етпей, тағы да жаңа, жақсы тың жерлер жыртуға шақыру ұраны 60-шы жылдары да еш толастамады. Өйткені, Қазақстан тыңы өзіндік құны төмен, еліміздегі ең арзан астықты бере бастады. Жері тегіс, әрі құнарлы, қуатты техника өзінің қуатын толық – 24 сағат бойы тоқтаусыз пайдалана алатын ен далада астық өсіру тиімді болып шықты.

Егер жоғарыда аталған Россияның Қаратопырақсыз аймағында 1958-1959 жылдары 1 центнер астықтың өзіндік құны – 33 сом (сол кездегі баға бойынша), басқа аймақтардағы совхоздарда – 34 сом болса, Қазақстанның тың игеруші совхоздарында 30 сом ғана болды. Мемлекеттің ол жылдары совхоздардан бидайдың әрбір центнеріне 47-62 сом төлеп сатып алғанын ескерер болсақ, Қазақстан тыңының өзін-өзі қаржыландырып қана қоймай, орасан зор пайда түсетіні де белгілі еді. Оның үстіне сол жылдары Қазақстан тыңының дүниежүзілік қалыпқа сәйкес келетін бидайдың қатты және күшті сорттарын көптеп өсіре алатыны да анықталды. Қазақстан тыңы бәрінен бұрын республиканың қадір-қасиетін білетінді де, білмейтінді де әрі дәмді, әрі арзан нанмен сылқита тойғызатын шаруашылық есептегі Бүкілодақтық наубайханаға айналып кеткен еді. Осы орайда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХХ пленумында сөз алған Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Ж.Ғ. Ысқақовтың «Сапасы жағынан дүниежүзілік стандарттан кем түспейтін біздің қазақстандық астықты мемлекеттің су тегінге сатып алатыны өрескелдік емес пе?!» - деп, реніш білдіруі өте орынды емес пе еді.

1965 жылдан бастап Қазақстан өзінің бидайының әр тоннасын 65 сомнан, ал қара бидайын 60 сомнан сататын болды. Дәл осы дақылдар Өзбекстанда, Грузияда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда, Арменияда, Түркіменстанда едәуір қымбат – 90 және 85, ал РСФСР-дың және Украинаның Қаратопырақсыз аудадарында, Белоруссияда, Прибалтика республикаларында – 130 да 130 еді .

Қорытындылай келе, басқалар мемлекетке өздерінің бидайын бізге қарағанда, екі есе қымбатқа сатып, қыруар пайда тапты. Ал Қазақстан бидайының сапасын мақтағанда, елдің бәрі алдына жан салмады. Олай болса, Қазақстан астығы мемлекетке неге арзан бағамен сатылды? Егер оған деген одақтық сұраныс өте жоғары болса, оны басқа республикалар «ауыстыра алмайтын болса», оны неге қымбатқа сатпады? Мінкей, осы іспетті сұрақтардан бас айналады...

                                                                                (жалғасы бар)