Бір суреттің баяны: Иса Шорманұлының отбасы
16.11.2020 2736

Бұл суретті 1899 жылы Баянауыл болысына барған сапарында белгілі этнограф Самуил Дудин түсірген. Этнограф осы экспедициясы кезінде Баянауыл аймағы, Шормановтар әулеті, олардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мол мұра жинақтаған. Бүгінде ол коллекциялар Ресей ғылым академиясына қарасты Антропология және этнография музейінің (Кунсткамера) иллюстрациялар қорында сақталған.


Кунсткамераның иллюстрациялар қорындағы бұл сурет «Семья богатого хозяина» деген атпен сақталыпты. Суретте сол жақтан бірінші отырған ақсақал Иса Шорманұлы, одан кейінгі қыз немересі Бапық, сосын кемпірі Жақай, ұлы Зинда, немесесі Рахымтай. Зер салып қарасаңыздар, Иса ақсақалдың оң жағында жартылай ғана көрініп тағы бір немересі Ахуан отыр.

Иса Шорманұлы жайлы не білеміз? Атақты Шорман би Күшікұлының төрт ұлы (Мұса, Мұстафа, Иса, Әбіжан) мен екі қызы болғаны белгілі (Осындағы Әбіжан – Кемел Ақышевтың атасы, ал Зейнеп – Шоқанның анасы).

Заманында Иса Шорманұлы (1826-1901) Павлодар уезi Баянауыл аймағы ауқаттыларының бірі болды. Деректерде Иса қажының 1881-1883 жылдары Баянауыл болысын басқарғаны айтылады. Осы кезде замандасы Сәтбай Шөтікұлы (Қаныш Сәтпаевтың атасы) болыс биі болған екен.

Шорманның ұлдары ішінде Мұса мен Мұстафа жайлы дерек мол. Ал Иса мен Әбіжан жайлы дерек аз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Иса Шорманұлы» атты өлеңінде ақсақалды «Шорманның Иса мырза бел баласы» деп құрметтей келіп, имандылығын, жомарттығын, білгірлігін өлеңмен өрнектеген. Әсіресе Иса қажының қажыға барған сапары жайлы мол мағлұмат берген. «Жолдасы Шөтікұлы Сәтбай ер-ді, Жарасып тел қозыдай бірге жүрді», «Сәтекең Исекеңмен бірге жүрген, Дүние-ай, енді қайда ондай заман?!» деген жолдары арқылы Исаның ұлық сапарға Сәтбай Шөтікұлымен бірге барғанын жырға қосқан. Мәшһүр Жүсіптің осы жырынан бір қызық дерек кезіктірдік. 

Жүз алпыстан үш жүз жиырмаға

Исекең бір құл, бір күң сатып алған.

Тұрған соң күші келіп, еркі жетіп,

Бұ дүние, уа, дариға, естен кетіп.

Қуантып шатландырды байғұстарды

Күңдік пенен құлдықтан азат етіп.

Міне, осы Исекеңнің қылған ісі,

Қылған жоқ мұнан бұрын басқа кісі. 

Соған қарағанда Иса Шорманұлы осы қажылық сапарында бір құл мен бір күңді азат етіп, «Кімде-кім бір мұсылман құлды азат етсе, Алла (құлдың) әр мүшесі үшін оның бір мүшесін тозақтан азат етеді» деген пайғамбар сүннетін тірілткен секілді. 

Баласы Шорман бидің Иса мырза,

Жайылған мәшһүр аты ойға-қырға.

Жақсының өзі өлсе, аты өлмейді,

Ісіне Исекеңнің болдым риза! 

Мәшһүр Жүсіп өлеңін осылай түйіндейді. Жырда ұзақ сапарда сары ауру жұқтырып Сәтбай дүние салғаны, Арафаттан түскен кезде Иса да дерт жамап Жидда маңында бақилық болғаны айтылады. Қаныш Сәтбаевтың қызы Шәмшиябану Сәтбаева естелігінде мұны қуаттайды. «Мұсылманшылық парызын өтеу үшiн алыстағы Сауд Арабиясындағы Мекке мен Мәдина шаһарларына Ақкелiннен аттанған сегiз кiсiмен бiрге Иса Шорманұлы да сапар шеккен. Солардың үшеуi сол сапардан қайта елге оралмай қайтыс болған: Иса Шорманұлы – 75 жаста, Сәтбай Шөтiкұлы – 80 жаста, Алтыбасар Жылқыбаев 74 жаста екен. Бұл құжат 31.12.1901 жылы Павлодар уезi Ақкелiн болысынан Сәтбай Шөтiкұлына берiлген. Сәтбай Шөтiкұлы (1823-1901) – Қаныштың атасы» (Ш.Сәтбаева, «Сәулелі әулет», Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1996 жыл).

Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова естелігінде: «Исадан туған Сахизинданы Зинда төре деп атаған. Омбыда оқыған екі тілге жетік кісі екен. Ел-жұрт сыйлаған өте адал, мейірімді адам болса керек. Шорман әулетінің ішінде ең дәулеттісі, салтанатты тұрмыс құрған, іскер, шаруасына мықты болған деседі» дейді (Г.Дулатова, «Алаштың сөнбес жұлдыздары», Алматы, «Мектеп» баспасы», 2012 жыл).

Иә, Зинда төре Иса қажының жалғыз тұяғы болды. Зиндадан алты ұл (Рахымтай, Рапық, Кәрім, Ахуан, Бақи, Әди) және екі қыз (Бапық, Шәмсия) тарады. Зинда да әке жолын қуып, мыңғырған мал ұстады. Деректерде Зинданың ұлы Кәріммен бірге сол кездегі астана Петерборға барып, патша сарайына жылқы жеткізгені, 1887-1898 жылдары болыс болғаны айтылады.

1928 жылы байларды тәркілеу науқаны басталғанда Павлодар округы комиссиясының қаулысы бойынша ірі байлармен бірге Зинданың да мал-мүлкін тәркілеп, өзін Ақтөбе облысына жер аударған.

«1932-33 жылдардағы ашаршылықта Зинданың үй іші өте ауыр жағдайда жоқшылықтың зардабын аз шекпеген көрінеді. Айдау мерзімін өтеген соң, сағынған еліне бармақшы болып пойызбен Омбыға әзер жетеді. Мұндағы ағайын-туыстары ашаршылықтан жан-жаққа бытырап кеткенін көрген Зинда қайтадан үйіне кетуге оқталса да, жолы түспепті. Ошақ-отынан, балаларынан жырақ, панасыз қалған Зинданың өмірі ұзаққа бармай, аурудан қайтыс болыпты» деп жазады Гүлнар Дулатова.

Осылайша заманында мол дәулет иесі болған Шорман би ұрпақтары ауыр нәубетті бастан өткерді. Зинданың жұбайы Мағида (Шоқанның жиені) тіске басар талғажу таппай 1933 жылы жан тапсырса, өзі 1935 жылы жоқшылықтың зардабын тарта жүріп Омбы облысында дүние салды.