Азаттық және Мұқағали мұңы
09.02.2021 2396

Ресми құжат бойынша 1931 жылы 9 ақпанда Мұқағали Мақатаев дүниеге келді. Ресми құжат бойынша дейтініміз, анасы Нағиманың естелігінде «нақты туған күні 8 наурыз еді» деген де дерек бар. Қай датаны алсақ та ұлы ақынның биыл 90 жылдығы. Біздің білуімізше Мұқағали өз дәуірінің рухани портретін өте шынайы жырлап кеткен ақын. Ақынның бүгінгі 90 жылдығына орай, ақын өлеңдерін өзі өмір сүрген дәуірмен, қоғаммен және тарихи кезеңдермен салыстыра талдап көруді жөн көрдік.


Бұл күнде Мұқағали даңқы барша қазаққа мәлім. Алғаш өлең жазып жүрген жас талант та ең алдымен Мұқағалиды үлгі етеді. Әдебиетпен еш қатысы жоқ адам да Мұқағалиды біледі, шын авторын білмеген өлеңін, Мұқағалиға тели салады. Яғни қазақ поэзиясы десе Мұқағали еске түседі екен. Бірақ әдебиетімізде Мұқағалимен деңгейлес ақындар баршылық.

Мұқағали өмір сүрген дәуірге назар салайық, соғыс жылдары, одан кейінгі өткен тарих бір жола тұмшаланған, руханиятты мүлдем жоққа шығарған, асқынған материалистік көзқарастың заманы. Жалаулатқан тың игеру, сосын жылымық, оның өзінде тоталитаризмнің ызғары есіп тұрған мимырт уақыт. Сондай заманда жазды, барша оқырманның көңілін тапты, кең тарады.

Советтік кезең – тек совет халықтары тарихында ғана емес, тұтас әлем тарихындағы ең жабық, шынжыр құрсаулы саяси жүйе билік еткен кезең екен. Тұтас халықты құрғақ ұрандарға сендіріп, адамзатта социалистік қоғамнан артық қоғам жоқ, сіздер ең бақытты жансыздар деп үгіт жүргізді. Сталин өлгеннен кейінгі «Хрущевтің жылымығы» кезінде де, одан кейінгі Брежневтің тоқырау жылдарында да «комунизмге аз-ақ қалдық» деген жасанды тұжырымдар бір тынған жоқ. Совет қазақ оқырманы газет пен журналдардағы, телеарналардағы «Бақытты совет адамы» деген образдан әбден шаршады, өздеріндей мұңы, қайғысы бар, сырлас қарапайым адам кейіпкер іздеді. Осы кезде алпысыншы жылғылар оқырман сұранысын дәл басты. Бірақ көптеген жазушылар ондай кейіпкерлерді өткен тарихтан іздеп кетті. Өйткені «Совет адамы бақытсыз болмайтын» еді. Бұның жақсы жағы тарихты танып-білуге, іздеуге деген ынтаны арттырды. Алайда көптеген кейіпкерлер тек ауыл қазағы ғана болғандықтан қалада өмір сүріп жатқан, аңсары мол оқырманның жан-дүниесін дәл таба алды дей алмаймыз. Алайда Мұқағали Мақатаев абстракты сезімдер арқылы әрбір оқырманының сусынын қандыра алды. Ал оның сыры неде болды?

Мұқағали өлеңдеріне назар салар болсақ, біржола жайлап алған мұңды көреміз. Қай өлеңін алып қарамаңыз, таусылмайтын белгісіз мұңның табы еседі. Кейбір ақындарда кездесетін шаттық, мақтан, сенімге толы пафос атымен жоқ. Ең бір қуанышқа жазылған өлеңінің өзінен толқыған мұң еседі де тұрады. Жазғы әдемі жаңбырды:

«Қарашы, әлгіндегі ашық аспан,

Қажып тұр, қара нөсер ласы басқан.

Жасаусыз кәрі терек жыламаса,

Мен дағы қуанар ем жасымастан», – деп кейіптейді. Бір жағынан қарасаңыз, күркірей жауған жаңбырға жоныңды төсеп, көк жүзінен төгілген мөлдір тамшыларға бойыңызды балқытып, рахат сезім кешуге де болады. Бойын жуған жаңбырдан кәрі терек те ләззат алып тұрған шығар. Бірақ Мұқағали мұңды көреді. Ең бір жайлы, мамыражай ауыл түнін:

«Ауыл түні бозғыл торғын мақпалдай,

Аспан жерге таңырқап тұр ақ маңдай.

Бір-біріне ғашық екі дүние,

Сырласа алмай, мұңдаса алмай жатқандай», – деп сұлу суретпен бастайды да, соңғы екі жолда бұл көріністен де сарғайған сағыныш пен сырлы мұң табады. Аңсаған, жете алмаған амалсыздықтың, шарасыздықтың мұңы. Бұндай тізбектерді тізе берсек, Мұқағалидың барлық өлеңін келтіруге де болады. Екі шумақ қарама-қарсы екі жағдайды сурттеп тұр, бірі ашық, жайлы түн, бірі жазғы күнгі жаңбыр. Екеуінен де мұң көреді. Шын мәнінде бұл үлкен сұрақ.

Ақын туралы естеліктерден аңғарғанымыздай, ол бір өлшемге сыймайтын, өзінен өзі тасып, төгіліп жүрген өзгеше болмыстағы пенде. Оның шығармашылығы ғана мұңға толы емес, өмірінде де әлде нені іздеп, аңсап, жаны тыныштық таппайды. Совет заманында қаламгер қауымды идеология құралы ретінде қарап, материалдық жақтан тарықтырмағаны бұл күнде баршаға мәлім. Ал Мұқаңдай үзбей кітабы жарық көріп тұрған және ең жоғары тиражбен сатылып кететін өтімді автордың ол кезде қаржылай қиыншылық тартуы екіталай. Бойын меңдеген дертпен алысқан сәті де соңғы 4-5 жылдың айналасы. Және ауруға мойын ұсынып, одан жеңілді деу – осынша биік туындылар қалдырған рухани тұлғаны қорлау болар еді. Аурудан жеңілген адам өлімін күтіп жата берер еді, ал ол жазды, тыншымады. Оның ішкі жан дүниесіндегі белгісіз бір мұң тыншытпады. «Ауыратын жүрек те, бауыр да емес, Қызыл ала қан болған жаным екен», – деп бекер айтқан жоқ. «Үмітпенен, арманмен, күдікпенен, Өтіп жатыр зымырап зырлауық күн», – деп әлде нені іздеп, аңсады да жүрді.

«Білмейді екем...

Қолымнан келмейді екен,

Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем...», – деп аңсаған дүниесінің қол жетпестей алыста екенін де сездіреді. Бірақ не екенін айта алмайды. Содан келіп:

«Жырларым менің, жылдарым,

Айтылар ма екен сырларым.

Ашылар ма екен мұңдарым,

Жазылар ма екен жырларым», – деп арман етеді. Өстіп көкірегін буған мұңның атын атай алмай қиналады. Осы жолдарға мән берсеңіз, ақынның көкірегінде алдағы бір алыс күндерге сақтаған әлде бір лебізі бардай сезіледі.

«Оңашада ойларын тыным еткен,

Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Ақындар бар амалсыз бұтып өткен,

Ақындар бар ішінен тынып өткен», – деп ол өзін меңзеп тұрған жоқ па? Болмаса:

«...Айтарын ашып айтқан абайламай,

Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай!!!» – дер ме еді?

Осы өлеңдерде әлденені саналы түрде ұғатыны, түсінетіні және айтқысы келетіні аңғарылады. «Нені аңсаймын?» деп өзі айтпақшы, ақын нені аңсайды екен? Және сол өлеңдердің оқырман көкірегіне бірден құйыла кетуінің сыры не екен? Бір өлеңінде «түсінбейді жырларымды» дегенді айтады. Түсініксіз жыр бұлай оқылмас еді. Сонда ақынның меңзегені басқа шығар, өлеңдегі мұңды таны дейтін шығар. Ал ол не мұң?

«Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа образына назар салайықшы, ешқандай тәртіп, жалаң мораль оны шектей алмайды. Ылғи да шеңберден шығып кете береді. Неге? «Біржан сал» фильмінде Біржанға ағасы: «Әй, осы сенікі не мұң?», – демеуші ме еді. Енді тұтас қарап көріңізші, Біржан, Қожа, Мұқағали – шығармашылығын былай қоя тұрыңыз, бірі шал, бірі бала, бірі тепсе темір үзетін азамат, осылардың мұңында бір ортақтық тұрған жоқ па? Үшеуі де қалыпқа сыймай, жұрттан өзгеше өмірді аңсайды, ортақ тәртіп, ортақ тыныштықтан қашады.

Фариза Оңғарсынованың естелігінде Мұқаңның оған бірнеше рет: «Шеңберден шығу керек» деп айтқанын келтіреді. Бұл қандай шеңбер? «Тоқбергенге» деген өлеңінде:

«Ескегіңді ал, не жетсін сермегенге,

Есің кетіп, ұйықтама тербегенге.

Ағынменен ығысып кете берсең,

Өлмегенде қайтесің, өлмегенде?!» – дейді. Енді бірде:

«Қайтем анау төсекті иі қанған,

Сәл жантайсам болғаны – күйік, арман.

Рақат-ау ұйқы да, әйткенменен,

Ұйықтамауы керек қой миы бар жан», – деп күңіренді. Бұл жерде де физикалық ұйқыны айтып отырған жоқ. Мынау ұйқыдағы әлемнің «шырылдаған сәбидей мазасын алып», есіңді жи, «Оян, қазақ» деп тұрған жоқ па екен? Бірде «Жапырақ жүрек жас қайың! Жанымды айырбастайын» десе, бірде «сәби болғым келеді» дейді. Ол неге осы сәтінен кеткісі келеді, өзі сүрген тірліктен басқа бір мәнді дүниені іздейді? Басқа әлемде өмір сүргісі келеді. Бұл уақытқа, бұл тәртіпке, мұндағы адамдардан, қоғамнан өзін жат сезінеді. «Өзгереді дүние, өзгереді...» дейді бір сөзінде, одан артық айтуға мүмкіндік те жоқ секілді.

«Қазақта монастырь жоқ, мен оған барар едім» деп басталатын өлеңінде:

«Барлығын да ұмытар ем, барлығын да,

Беймаза тірлігімнің тарлығын да,

Біреудің қорлығын да, зорлығын да,

Біреудің билігін де, жарлығын да,

Ұмытар ем өзімнің хандығымда», – дейді. Енді түсінікті болғандай, ол еркіндікті іздейді екен. Жоғарыдағы үш кейіпкер де бір-ақ нәрсені – шынайы еркіндікті аңсайды екен. Ешқандай идеологияға бағынбаған, жанның еркіндігі, тілдің еркіндігі, рухтың, ұлттың еркіндігін аңсайды екен. Біз Мұқағалидан революционер жасағымыз кеп отырған жоқ, алай да оның өз отанын, ұлтын сүйгенін, оның еркіндігі тоналған бейшара кейпін көріп, ашып айта алмайтын, тек жан дүниесін ғана қажаған ауыр мұңға шалдыққанын тани алсақ дейміз.

«Отан! Отан!

Бәрінен биік екен.

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

Отанды сүймеуің де күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен...», – деп ермек үшін айтпаса керек.

Отанды сүюдің күйігі де – оның бостандығы жоқ екенін көріп отырғандығынан екенін аңғару қиын емес. Сөйткен мұңшыл ақын да алдағы күннен, болашақтан үміт күтеді. «Болашағыма» деген өлеңінде:

«Білемін,

Керемет бір күн келеді!

Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді.

Білмеймін, оны маған кім береді,

Кім босатар жүректі түрмедегі?» – деп бастайды. Өз кезінде ол күнді комунизм таңы деп те талдаған шығар. Шын мәнінде ол азаттық таңын аңсаған деп кесіп айтуға құқымыз бар. «Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!» деген жолдағы «Мен» де сол ұлттық болмыс немесе қазақтың жаны деп атар едік. Өйткені әр адамның жанының азаттығы, құқық бостандығы бірігіп тұтас ұлттың бостандығын жасайды.

XX ғасыр бойындағы осы отарлық жүйенің ызғары есті біткеннің арқасына батқаны анық. Жалпы халық іштей болса да өгейлігін сезініп, оңашада жанын кеміріп жүрген бір мұңның жауабын таппай қиналғаны мәлім. Олай болса Мұқағали мұңы жалпы халықтық мұң еді, барша жұрттың көкейінде бұдан өзгеше, басқа бір өмірге деген ынта бар болатын, Мұқағали сол жараны тырнады. Сондықтан да кең тарады, жақсы оқылды. Мұның бәрі саналы түрде болды деп қолмен қойғандай айта алмаймыз, бодандық қамтын киген жұрттың бейсаналы түрдегі ішкі қарсылығы мен қалыптасқан психологиялық қайшылығы негізінде пайда болған көзқарас пен мінезді зерттеу арқылы сөзіміздің ұшығын табуға болады деп білеміз. Бұл күнге дейін жеке адамның шығармашылығын ұлттық психология деңгейінде зерттеу өте аз, тіпті жоқ деуге болады. Сын жанрындағы мақалалардың өзі жалаң мақтау мен пафосқа құрылып, жел сөзді сабалаумен әлек. Бізше, шығармашылықты автордың өмір сүрген кезеңі мен оның айта алған, айта алмаған сөздерінің астарын ақтарып, салыстыру және сол дәуірге тән жалпы жұрттық психологияны негізге ала отырып зерттеу керек. Сонда ғана, «Қап-қара түнді көрдім де, жап-жарық таңға кездестім» дейтін Мұқағалидың аңсағаны еркі мен құқы қорғалған, шынайы демократиялы ұлттық мемлекет еді деп анық айта аламыз.

«Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, менің нәзік жанымды кім түсінер?» деген ақын жанының жұмбағы біздің білуімізше дәуірдің әлеуметтік психологиясында жатыр. Ондағы экзитенциялық аңсау, түпсанадағы ізденіс мұқағали өлеңінен көрініс тапқан. Осылай қарағанда, Алаш зиялылары арқылы өмірге келген ұлттық мемлекет идеясы Совет кезінде ұлттың экзитенциялық, мистикалық ішкі болмысында ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келді деп ұғуымызға осы Мұқағали өлеңдері куә. Бұл біздің ұғымдағы Мұқағали жұмбағының шешімі, әрине қысқа мақалада бәрін айтып жеткізу мүмкін болмас, бұл ақын өлеңін екінші бір тұрғыдан талдап көруге жасалған шағын талпыныс деп ұғыңыз.