Қазақ ДНҚ-сын зерттеу жұмыстары I бөлім
23.02.2021 1958

Жақында генетика мен тарихты қатар зерттеп жүрген тарихшы Жақсылық Сәбитов caa-network.org сайтына берген сұхбатында қазақ халқының ДНҚ-сын зерттеу жұмыстарындағы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Онда ғалым қазақ халқының генетикалық шығу тегі мен Алтын Орданың, көне сақтар мен ғұндар арасындағы ұқсастықтар туралы сөз етеді. Осы шағын жазбамызда аталған сұхбатта берілген мәліметтерден қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көріп отырмыз.


Қазақтар біртұтас этнос ретінде Алтын Орда кезінде қалыптасқан

Жақсылық Сәбитовтің сұхбатында берген мәліметтерді бірнеше мазмұнға бөліп жеткізуге болады. Соның біріншісі: қазіргі қазақтардың этногенетикалық тобы қашан пайда болды деген сұрақ. Әдетте, генетикада өсіп-өнуді көрсетіп бере алатын үш түрлі туысқандық жүйесі бар. 1) Митохондриальды ДНҚ – бұл тікелей аналық желі бойынша таралу; 2) Полиморфизм Y-хромосомасы (бала жынысын белгілейтін және ешбір өзгеріссіз бейнеде әкеден балаға берілетін 46 хромосоманың біреуі) – бұл тікелей аталық желі бойынша таралу; 3) Аутосома – бұл барлық хромосомалар негізіндегі ортақ генетикалық портрет.

Егер қазіргі таңда қалыптасқан қандай да бір атаумен аталатын ұлттың немесе этногенетикалық топтың қай кезеңде қалыптасқанын білгіміз келсе, онда ортақ генетикалық портрет негізінде зерттеу жасауымыз керек. Бұл бағыт бойынша Баязит Юнүсбаевтың өте жақсы зерттеуі бар. Осы зерттеу нәтижесі бізге қазақтардың этногенетикалық тобы XIII ғасырда қалыптасқанын айқындап береді. Яғни қазақ халқының қалыптасуы «Қазақ» атауы пайда болмас бұрын, XIII ғасырда шығыстан Шыңғысхан жорығымен бірге келген түрік тайпалары мен жергілікті түрік тайпаларының араласуы негізінде жүзеге асқан.

Бұл деректер физикалық антропология деректерімен толықтана түседі. Бұл бағытта бізде екі сапалы зерттеу жұмысы бар. Алғашқысы – Оразақ Смағұловтың зерттеуі. Бұнда да қазіргі қазақтардың антропологиялық типінің шыққан кезі XIII ғасыр екенін көрсетеді. Ал оның да нәтижесі шығыстағы тайпалардың қазіргі қазақ жеріне қоныс аударуы деп таниды. XIII ғасырға дейін Қазақстандағы монголоидты және еуропеоидты халықтың үлес салмағы 50/50 болған. Шығыстағы көшпенді тайпалар (монғолдар, найман, жалайырлар мен т.б. тайпалар) көшіп келгеннен кейін бұл көрсеткіш өзгеріп 70/30 пайызды көрсеткен, яғни монголоидтардың үлесі өскен.

Екінші зерттеу антрополог Леонид Яблонскийдікі. Ол антропология бойынша қазақтардың Алтын Орда көшпенділеріне ең жақын екенін көрсетеді. Ол бүгінгі тұрғындар мен антропологтардың палео-үлгілерін қатар қойып зерттегенде, бүгінгі қазақтардың Алтын Орда тұсындағы қала халқымен емес, көшпенді халықпен анағұрлық жақын бет-бейнеде екенін байқаған.

Генетикалық зерттеулер қазақ шежіресімен сәйкес келеді

Жақсылық Сәбитов сұхбатындағы тағы бір тың дерек: қазақтардың ДНҚ-сын тексеру нәтижесіндегі аналық желі мен аталық желінің рөлі туралы. Онда айтуынша, егер митохондриальды ДНҚ-ның ақпараттары бойынша, яғни аналық желі бойынша тексерсек, онда қандай да бір бірізділікті табу қиынға түседі екен. Өйткені бұл үлгіде аса үлкен алуантүрлілік байқалған. Алуантүрлілік жағынан орыстармен салыстырғанда үш есе көп болған. Бұл көптеген көші-қонның, өзге халықтардан көбірек қыз алып-қыз берісудің және көп әйел алудың нәтижесі екенін айтады тарихшы.

Ал аталық желі негізіндегі зерттеулер өте нақты нәтижелер ұсынған. Тарихшының айтуынша аталық желі бойынша жасалған ДНҚ зерттеулері қазақтардың рулық шежіресімен көп жағдайда сәйкес келіп отырған. Және әр рудың шежіресіндегі тізбек бойынша, орта есеппен рудың басталған жылдарын есептегенде, рудың алғашқы аталары өмір сүрген кезең негізінен дерлік Алтын Орда (Жошы ұлысы) кезеңі деген нәтижені беріп отырған. Яғни осы бірнеше түрлі – гентикалық, антропологиялық, этнографиялық зерттеулердің нәтижесі бірдей – қазақ халқының қалыптасқан кезеңі Алтын Орда кезеңі екенін нұсқайды.


Бұдан сырт Жақсылық Сәбитов қазақ эпосы мен фальклорындағы деректердің де қазақ халқының қалыптасу кезеңін Алтын Орда дәуірі етіп көрсететінін айтады. Жоғарыда атаған дереккөздерден тыс, қазақтың ауызекі әңгімелеріндегі деректер де керекке жарайды дейді тарихшы. Мысалы, Ирина Викторқызы Ерофееваның соңғы мақаласында, қазақ аңыз-әңгімелеріндегі «Әз-Жәнібек» аталатын Жәнібек хан – Қазақ хандығын құрушы Жәнібек емес, Алтын Орданың Жәнібек ханы (1342-1357) екенін дәлелдеген. Қазақтар ол билік құрған кезеңді мемлекеттің «алтын ғасыры» ретінде қараған. Бұрындары Ілияс Есенберлиннің беруімен Әз-Жәнібек хан Қазақ хандығының ханы ретінде қаралып келді, бірақ И. Ерофеева олай емес екенін жақсы дәлелдеп берді.

Әз Жәнібек бейнесі қазақ фальклорының көптеген түрлерінде кездеседі, ол бірде басты кейіпкер, бірде жанама кейіпкер болып, бірде дәуірдің белгісі ретінде аталып келіп отырады. Әр түрлі аңыздардағы, ертегілердегі Әз Жәнібекпен кездесті, Әз Жәнібектің заманында өмір сүрді делінетін кейіпкерлерді шежірелік тізбек арқылы зерттеп көргенде, солардың көп бөлігінің Алтын Орда кезінде, немесе одан сәл ғана бері өмір сүргенін көреміз. Яғни Алтын Орда – қазақ фальклорының ауқымды бөлегі әңгіме ететін кезең.

Тарихшының айтуынша генетикалық зерттеулердің тарих ғылымына беретін пайдасы өте көп. Бұрындары әлдебір ерте дәуірге жететін адам сүйегін қазып алғанда оның қай ұлт өкілі екенін, қай тілде сөйлеп, кімдерден тарады, ұрпақтары қайда өмір сүріп жатыр деген секілді сұрақтарға жауап табу қиын болатын. Ал қазір генетикалық зерттеулер нәтижесінде оның қай тілде сөйлегенін анық біле алмасақ та қандай генетикалық топқа жататынын, ұрпақтары мен ата-бабалары туралы қанық, дұрыс мәлімет алу мүмкіндігі туды. Және де палеогенетика нәтижелері көп жағдайда палеоантропологиямен сәйкес келіп жатады. Мысалы, Шығыс Қазақстан жеріндегі сақтардың, скифтердің палеоантропологиясы бойынша зерттеулерді алайық. Совет кезінде, егер антропологияны қарастырмасақ, сақ, скифтер барлық өңірде бірдей болатын. Ал антропология бойынша қарастырсақ, онда Алтайда өмір сүрген сақтар мен Минусинск шұңқырында өмір сүрген сақтардың жақын екенін білеміз. Генетика да тура осыны көрсетеді, бұл жерде палеоантропология бұл жерде палеогенетикамен жиі сәйкес келеді.

Сондай-ақ, тағы да сол Ботай тұрағына жататын бізге мәлім екі түрлі ДНҚ бар. Бірі біздің қазақ ішіндегі қыпшақтардың (негізінен қарабалық, көлденең, ұзын, торы рулары) ата-бабасы болып шықты. Палеогенетикалық деректерсіз біз бұл сүйектердің кімнің ата-бабасы екенін, кімдерден тарағанын біле алмас едік, егер осы әдіс-тәсілдер (палеогенетика) болмаса тек қана құр қиялға жүгінетін едік. Сондай-ақ, бұл қазақ шежіресін тексерудің де өте ыңғайлы әдісі. Тарихшының айтуынша қазақ рулары бойынша қазір бір неше ДНҚ кейстері бар. Осы негізде шежірелермен салыстыра зерттеу жұмыстары да жүріп жатқан көрінеді.

«Қарға тамырлы қазақ»

Тағы бір қызықты мәлімет, тарихшының айтуынша қазақтардың ДНҚ-сы аутосомды ДНҚ бойынша негізінен бірдей екендігі. Егер біз аутосома және Y-хромосомасы бойынша қарайтын болсақ, онда аутосомалы түрде барлық қазақтардың ДНҚ-сы бірдей екенін, үлкен айырмашылық негізінен жоқтың қасы екенін байқаймыз. Батыстағы адай, шығыстағы найман, солтүстіктегі арғын, оңтүстіктегі дулат – бәрі аутосомды негізде көрші ұлттардың аутосомды негізімен салыстырғанда әлде-қайда бір-біріне жақын, өте аз айырмашылық қана байқалады. Қазақ рулары ДНҚ-сының негізгі айырмашылықтары Y-хромосомалары (тікелей аталық желі) бойынша болып келеді, және бізде нақты аутосомалық бірлік бар, сонымен қатар түпнұсқа мен айырмашылық тікелей аталық желі бойынша кездеседі, ал бұл қазақ шежіресімен сәйкес келеді.

Бұл біздің қазақ ішінде айтылып жүретін «Қарға тамырлы қазақ» сөзін одан әрмен дәлелдей түсетін секілді. Яғни қазақтардың таралу аймағы қаншалық кең болғанымен туыстық жақындық басқа халықтармен салыстырғанда әлде-қайда тығыз екенін аңғартады.

Жақсылық Сәбитов қазақ руларының ДНҚ-сы 70% зерттеліп үлгергенін айтып өтті. Арғын руы бойынша мақала жарияланғанын, қыпшақ руы бойынша жазылып жатқанын, биыл керей және қоңырат рулары бойынша материал жазуды бастамақшы екенін айтты. Ал жүздер бойынша да зерттеулер жасалғанын, кейбір ұсақ рулардан басқа негізгі үлкен рулардың негізінен қамтылғанын атап өтті.

Батыс сақтар мен шығыс сақтары бір халық болмаған

Осыған дейін қалыптасқан тарихи тақырыптағы мифтерге қатысты пікірінде тарихшы сақтардың бір ғана халық болмағанын атайды. Миф – әлдебір қиын мәселенің жеңіл берілуі. Мифтер әдетте мақсатты түрде жасалған мемлекеттік және өздігінен пайда болатын халықтық миф болуы мүмкін. Олар ғылыми негізіде дүниеге келуі де, немесе ғылымға қарама-қарсы негізде дүниеге келуі де мүмкін. Сол мифтердің бірі, совет кезінде дүниеге келген, Молдова мен Украинадан тартып Туваға дейінгі сақтар тұтас бір халық болған деген миф. Егер Геродотқа қарасақ, жақын қоныстанған 3-4 халықты сақ (скиф) деп атаған. Және бұлар Қазақстан териториясына кірмеген. Мысалы, сақ-хаумаваргалар – Тәжікстан мен Өзбекстанда, сақ-тиграхаудалар – Өзбекстанда және мүмкін Қазақстанның оңтүстігінде, ал сақ-парадарайялар – Украинада өмір сүрген. Геродоттың дерегінше, Қазақстан жерінде аримаспалар, агипеилер, исседондар, савроматтар (кейінгі сарматтар), массагеттер өмір сүрген болып шығады.

Яғни Геродот осы әр түрлі халықтарды тұтастай скифтер немесе сақтар деп атамаған. Совет кезінде бұлар ортақ материалдық мәдениетке ие сақ-скиф әлемі деген түсінік қалыптасқан болатын, ал генетика бұны теріске шығарып отыр.

Соңғы кездерде жарияланып жүрген генетикалық тұрғыдағы зерттеулер нәтижесі біртұтас сақ-скиф халқы болмағанын дәлелдеп жүр. Біздің скиф-сақ халқы деп тұтастай атап жүрген халықтар өзара әр түрлі генетикалық кодқа ие. Батыс және шығыс сақтар әр түрлі генетикаға ие, мысалы, аутосомды негізде шығыс сақтар Сібірдегі түрік халықтарының, қазақтардың, қырғыздардың және қазан татарларының ата-бабасы болып шықты. Ал батыс «скифтер» өзге текке тәуелді болған. Осының бәрі біздегі академиялық тарих ретінде қалыптасқан түсінікті өзгерту керек екенін көрсетеді, себебі ол ең әуелі алғашқы дерек көзіне (Геродотқа) сәйкес келмейді. Екінші жағынан, генетика да тұтас бірлік болмағанын көрсетіп тұр.

Материалдық мәдениетінде ұқсастықтар болуы мүмкін, оған аң стилін қосыңыз, алайда бұл олар бір халық болды дегенді білдірмесе керек. Яғни сақтар ұқсас материалдық мәдениетке ие әр түрлі халықтардың құрамасы болған.

Екінші миф – бүгінгі таңда өз бетінше генетиканы зерттеген боп, оған миға кірмейтін болжамдар әкеп қосып жүрген адамдардан тарап жүр. Мысалы, C гаплотобы монғол гаплотобы деген түсінік пайда болды. Бұл қазір енді буырқанып келе жатқан миф абсолютты өтірік. Ғұндарды және басқа да халықтарды зерттеу нәтижесі бізге ерте кезеңде халықтардың өте аралас болғанын, ол кезде моногаплотопты халықтардың болмағанын көрсетеді, және ешқандай да гаплотопты қандай да бір ұлтпен, этноспен, тайпамен байланыстыруға болмайды. Яғни кейбір реконструкциялардың болуы мүмкін, бірақ осындай ұлт немесе тайпа осындай гаплотопқа жатады деп айтуға болмайды. Себебі гаплогруппа тікелей аталық желімен беріледі, ал тіл – әлеуметтік қарым-қатынастар негізінде берілетін әлеуметтік құбылыс, және тікелей аталық желі сіз сөйлеген, сіз естіп өскен тілмен сәйкес келе бермейді. Бұл жерде гаплотоп пен тілдің екі түрлі әуендегі дүние екенін анық ескерткен жөн.

(жалғасы бар)