Жамбыл Жабаев және Павел Кузнецов
26.02.2021 2921
Биыл - қазақтың жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. Ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл тауы етегінде дүниеге келген. 

Бала жастайынан өлең-жырға құмартып, «Қобыланды», «Алпамыс» батырлық экпостарын, қырғыздың «Манас» эпосын жатқа білген. Сондықтан болар, ғасыр жасаған жыр алыбының шығармашылығы батырлықты, өрлікті, әділдік пен теңдікке жырланған. Анасы Ұлдан бала Жамбылдың алғашқы ұстазы болған. Ақындық таланты анасынан дарыған. Кейін «Менің пірім - Сүйінбай...» деп өзі жырға қосқан, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған. Жас кезінен айтысқа қатысып, 16-17 жасында қазақ халқына танымал болды. Жас ақын өзінің суырып салма өнері арқылы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қозғады, халықтың мұң-мұқтажын сөз етті, заңсыздықты сипаттады, бостандық үшін күресуге шақырды.

Жамбыл Жабаев 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетіне қатысқан. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап,  тағы бір көзге түсті. Ақынға 1936 жылдан бастап үкіметтік деңгейде көңіл бөліне бастайды. Ақынның немересі, Жамбыл Жабаев әдеби мемориалды музейінің меңгерушісі Салтанат Жамбылова «Ұлылық сыры: Жамбыл мен Сәбит» атты мақаласында:  «1936 жылы апрель айында Алматы қаласында болатын қазақстандық бірін­ші ақындар слетінде Жәкең ерекше көзге түсті де, сол слеттен бастап, бұрын кең Қа­зақ­станның Алатау өлкесіне ғана мәлім Жә­кеңнің аты бүкіл Қазақстанға тарады» дегені сол шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушы қата­рының сөзі сияқты. Осы слет тек үкіметті ғана емес, әдеби ортаны да елең еткізгені аң­ғарылады» дейді. 

Ақынның неремесі жазған жоғарыдағы мақалада, Жамбыл Жабаевтың шығармашы­лығынан жақсы хабардар Сәбит төкпе ақын болғанмен, қағаз бен қаламға есе­сін жіберіп алған Жамбыл атамыздың хат­шылары қай жылдан қай жылға дейін кім болған дегенді де тасқа таң­ба басқандай етіп айтады. «1936-1938 жылдары ақынның қасында болып, жыр­ларын жазып алып отырған ақы­нымыз – Қалмақан Әбдіқадыров. 1938-1942 жылдардың арасында ақын Тайыр Жароков, 1942 жылдан бастап, Жәкең дүниеден көзін жұмғанша үнемі қасында болып, барлық жырларын жазып отырған ақынымыз – Ғали Орманов» дегені – тарих үшін таптырмас құжат. 1936-1941 жылдардың арасында Жамбылдың бар­лық жырларын орыс тіліне аударған – Павел Николаевич Кузнецов. Осы ең­бегі үшін 1940 жылы П.Н.Кузнецовқа «Құрмет белгісі» ордені берілді. Кейін П.Н.Кузнецов өзі сұранып майданға кет­кеннен соң, ақынның Отан соғысына арналған өлеңдерінің көбін орыс тіліне Марк Аркадьевич Тарловский аударды. 

Жоғарыдағы деректерде айтылғандай, Жамбыл жырларын орыс тіліне тәржімалағандардың бірі - Павел Кузнецов. 

Павел Николаевич Кузнецов - КСРО Кеңестік жазушылар одағының, Кеңестік журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Кеңестік жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Шығыс Қазақстан Мемлекеттік мұрағатында 1975 жылы қызы Ольга Павловна Пастернак (Кузнецова) сыйға тартқан Павел Николаевич Кузнецовтың жеке қоры бар.


Жамбыл Жабаев және Павел Кузнецов

Павел Николаевич Кузнецов 1909 жылғы 7 тамызда Өскемен уезінің Михайло-Архангельское болысының Солдатово селосында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданы) Уфа губерниясынан қоныс аударған шаруаның отбасында дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында отбасы Өскеменге, кейін 1924 жылы Семейге көшеді.

П.Н. Кузнецов – «Турецкий уполномоченный», «Патриарх с порогов Убы», «Хозяева золотых жил». «Сосновый бор», «Ухабы строительных участков» және т.б. мақала, очерк, фельетондар авторы. Жиырмаға толғанда Кузнецов алматылық «Ленинская смена» газеті бас редакторының орынбасары болады. 1930-шы жылдардың басында Самарадағы «Колхозная газета» және «Волжская коммуна» газеттерінің редакцияларында және Қазандағы «Красная Татария» газетінде жұмыс істейді. 1935 жылы Алматыға қайтып оралып, «Казахстанская правда» газетінің редакциясында қызмет етеді. 1941 жылдың шілдесінде ерікті болып соғысқа аттанады, аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы қатарында шайқасады, дивизияның «За Родину» газетінің тұңғыш редакторы, журналист әрі ақыны болады. 1943 жылғы 31 наурызда П.Н. Кузнецов «Правда» газетінің әскери тілшісі болып тағайындалады, жиырма жылдан аса уақыт осы газетте қызмет етіп, оның ең дарынды публицистерінің қатарында болды.

Балалық шағы Өскемен мен Семейде өткен аудармашы алтай қалжыңдарын, ертістің тапқыр сөздері мен теңеулерін, қазақтың батырлар туралы аңыздарын, қымыз бен бауырсақтың дәмін, қазақтардың қарттарды қалай құрметтейтінін жақсы білген. Осында да болар Жамбылдың ауылына алғаш рет аяқ басқан 1936 жылдан-ақ сол ауылдың өз кісісіндей болып кетеді.

Жамбылдың киіз үйінің шаңырағы астында өткен көптеген сағат, күн, айлар ақындардың шығармашылық өмірбаяндарын бір-бірімен тығыз байланыстырды. Дана ақын аудармашыны жоғары бағалап, жылы лебізін білдіріп, қымыз ұсынып, қуана-қуана қарсы алған. Көп ұзамай Павел Кузнецов ұлы ақынның жақын адамына айналады.  Оның ел ішіндегі сапарларына ілесіп жүреді. Олардың достығы мен шығармашылық ынтымақтастығы ақын өмірінің соңғы күндеріне дейін жалғасты.

Г.Шмидт Павел Кузнецовтың Жамбылдан аударған алғашқы аудармасының нақты күнін көрсетеді: «1936 жылғы 7 мамырда П.Кузнецовтың аудармасындағы Жамбылдың «Менің Отаным» поэмасын «Правда» газеті басып шығарды. Бұл шашын ақ қырау басқан ақынға үлкен даңқ әкелген алғашқы қарлығаш болды». Алғашқы поэманың ізін ала бере «Біздің дәуірдің батырлары», «Жүз жасаған жүректен», «Өмір жыры» және басқа да өлеңдері орысшаға аударылады.

Жыр алыбының шығармаларын аудару және оның өмірбаянының көркем нұсқасын жасау Кузнецовтың әдебиетші ретінде қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Жамбылдың өмірлік тәжірибесі мен адами даналығына негізделген поэзиясының бейнелі әлемі, алтайлық ақынның эстетикалық көзқарасын дамытуға көмектесті.

Сұрапыл соғыс жылдарында қаламгерлердің қаруы - ерлікке бастар өткір жырларының күші жауға жасындай жауған жауынгер оғынан кем болған жоқ. Сондай шығармалардың бірі – Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі:

Ленинградтық өренім!

Мақтанышым сен едің!

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін…

… Жабықпағын, Ленинград,

Сап-сап болып қол барар,

Қорғап сені ол қалар,

Талай майдан алда бар,

Жанышталар айдаһар!

Жата алмаймын төсекте,

Жаным қалай жайланар!

Құс ұйқылы көнемін,

Қайтіп ұйқы көремін!…

Жетсін деймін сендерге,

Жыл құсындай өлеңім,

Қаласындағы Лениннің Сайыпқыран өренім!

П.Кузнецовтың аудармасындағы Жәкеңнің осы өлеңіне келген П.Кузнецовтың жеке архивіндегі мына жауап хаттар былай дейді:

«Қымбатты Жамбыл! Ленин қаласының төбесінен төнген қаһарлы күндері «Ленинград правдасының» (4. lХ. 1941ж.) беттерінен Сіздің «Ленинградтық өренім!» атты өленіңізді оқыдық. Патриотизм рухымен суарылған, адамды бүкіл болмысымен жауға қарсы шайқасқа үндейтін өлеңіңізді зор ықыласпен оқып шықтық және сол үшін Сізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Ұлы отан соғысына арналған Сіздің жаңа шығармаларыңызды күтеміз. Бұрынғы қазақстандықтар

(В.М.Молотов атындағы Қазмеммединституттың қызметкерлері) бүгінгі әскери дәрігерлер Ю.В.Букин, С.Р. Қарынбаев. 7.lХ. 1941ж. Ленинград қаласы.

****

«… Мен түнгі соғыс дабылынан ұйқы көрмей, қабақтары шарт түйілген адамдардың арасында тұрдым. Солдаттар мен офицерлер, теңізшілер, противогаз киген көк комбинизонды қыздар – барлығы да Жамбыл жырын шын көңілмен дүниенің көз көріп, құлақ естімеген қиын шағында туған адамынан келген хаттай оқып жатыр…», – дейді өзінің естелігінде белгілі орыс ақыны, қазақ әдебиетінің үлкен досы Николай Тихонов. Тағы бір ленинградтық жауынгер Евгений Зубков былай деп толғанады:

Жамбыл ақын, алаң болма,

Балтықтың соқты күшті желі.

Нева бойы алғы шепте,

Жайрады жау жендеттері,

Жамбыл ақын, алаң болма!

Ленинградтық-өрендерің, сенің,

Бір Одақтың балалары.

Сын сағатта қорғап елін,

Бөлінген жоқ аралары.

Қамал бұзар жырларыңды,

Әлемге Москва таратты.

Қайталайды сұңқар үнді,

Еділ, Орал,Қиыр Шығыс,

Және Британ аралдары…

****

Жамбылдың есімі Одақ оқырманына бұдан бұрын да таныс болатын. Бірақ орталық баспасөз беттерінде жарияланған осы «Ленинградтық өренім» өлеңінен кейін, соғыс жылдары ақынның есімі зор ілтипатпен аталып, оның жырлары окоптарда, блиндаждарда, шайқасқа шығар алдында жауынгерлік ант болып жатталды, қоршаудағы ленинградтықтар көшедегі оның плакаттарын нан кезегіне тұрғандай төзімділікпен, бойларына қуат құяр қасиетті дұғадай жаттады.

Жауынгерлер, командирлер, байтақ елдің әр түкпірінен колхозшылар, комсомолдар мен пионерлер ыстық лебіздерін білдіріп, Алатаудағы жыр алыбына хаттарын жолдап, қонаққа шақырып, көптеген басылымдар мен редакциялар өтініш айтып, тапсырыс беріп жатты.

Сөз құдіретіне еріксіз табынасың…

Құрметті Жамбыл! СССР Байланыс Халық комиссариатының “Байланыс хабаршысы” бұқаралық қорғаныс журналының редакциясы 1 Май нөміріне жариялау үшін өлеңдеріңізді жіберуіңізді өтінеді. Журналдың Қырғызстан бойынша тілшісі И.М.Новиков. 2.lll. 42 ж. Фрунзе қаласы. 

Аса құрметті Жамбыл! Сталинград майданының «Сталин туы» газетінің редакциясы Сіздің Сталинградты қорғауға арналған «Алынбас қамал» атты өлеңіңізді алғандығын хабарлайды. Редакция ұжымы, және бізбен бірге майдан жауынгерлерінің барлығы Сізге, қазақ халқының Ұлы жыршысына шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сіздің тамаша өлеңіңіз жаумен шайқастағы Сталинград қорғаушыларының бойына тың күш қосып, жауға деген өшпенділікті еселей түседі. Оның әсіресе, қазақ жауынгерлерін ерекше сезімге бөлейтініне кәміл сенеміз… 

«Сталин туы» газетінің жауапты редакторы, батальондық аға комиссар – И.Половнинин. 4.Хl.42ж. Сталинград маңы.

****

20. 10. 42. Қазақ халқының ұлы ақыны, өзіміздің аса қымбатты Жамбылға!

Біз, бір топ майдангер-қазақтар Сізге хат жазайық деген шешімге келдік. Ұлы орыс халқының ұлдарымен бірге, белорус, украин, әзірбайжан, Совет елінің басқа да халықтары өкілдерімен бір семьядай болып біз де фашист басқыншыларымен аяусыз ұрыста Ұлы Октябрь соцалистік революциясының жеңіп алған жетістіктерін аянбай қорғаудамыз. Туған даламыздан неше мыңдаған шақырым қашықта жүрсек те біз өзіміздің туған жерді, Советтік отанымызды – өзіміздің Қазақстанды қорғап жүргенімізді жақсы түсінеміз… … Біз, аяулы Жәке, Сіздің алдыңызда, жаумен арыстанша алысып, майдан даласында оларға даңқты Советтік Гвардияшылар ретінде аусыз соққы беруге салтанатты түрде ант етеміз!…

П.Кузнецов өзінің әйелі, Натальяға жазған хатында да өзінің ақын атасын ұмытпай, сәлем айтып жатады. 1941 жылғы 18 қарашада «… Леня Суминға, Володя Чугунуовқа, Тайыр Жароковқа көп-көп сәлем айт. Олар менің өтінішімді, маған берген өз уәделерін – Жамбылдан бір хабарды тезірек жіберсін. Қарттан ең құрығанда бірнеше шумақ өлең жолдаса, бізге қандай үлкен көмек болар еді…» деп жазады.

Ақынның жеке архивінде Жәкеңнің Павел Николаевичке жазған хаты, Кузнецовтың Жамбылға жазған хаттары да бар екен. Солардың кейбірінен үзінді келтіре кетуді де жөн көріп отырмыз.

«Павел балам! Ғалиға жазған хатың арқылы хабарыңды білгемін. Тумасаң да туғандай болған едің, амандығыңды естіп, қатты қуандым, қарағым … …Павел қарағым, араларыңнан атағы жер жарып шыққан батыр жігіттерге сәлем айт. Жамбыл атасынан, «Бәрекелді, балаларым, ризамын», депті де. Ердің ерлігі осындай заманда көрінеді ғой, тегі!…

… Сөз қысқасы сол, балам, бәріңнің қолдарыңды қысып, беттеріңнен сүйдім, қарақтарым. Тойларыңның ішіндемін. Күліп-ойнап көріселік. Атаң Жамбыл. Январь 1943ж.


Ортада халық ақыны Ж.Жабаев пен К.Әзірбаев

  ****

«Қымбаттым, айналайын, өзімнің Жәкем! … Хатыңызды землянкалар мен окоптарда орысша және қазақша қызыға оқып, Сізді өзіміздің жанымызда отырғандай сезіндік.

Айналайын Жәке!

Сіздің аманатыңызды ұлдарыңыз адал атқаруда. Төлеуғали Әбдібеков- «Пахта-Арал» совхозынан келген мерген, немістің 259 барымташысын жайратты. Ол өте өжет жігіт және адал дос. Бауыржан-үлкен командир, жақында өз әскерімен немістерге қирата соққы берді. Ол ержүрек және ақылды әскер басы. Дихан, Ахметжан, Балтабек, басқа да көп жігіттер осында, майданда…

Өз семьяңыз аман-саулықта ма? Тезекбай, Алғадай, Марыш қайда? Жартыбай тірі ме? Өз қолыңызбен еккен алма бағы өсіп қалған шығар, биыл төрт жыл болды ғой. Жеміс берді ме, алмалары үлкен бе? Ақалтеке тұқымдас Ақтұяғыңыз қалай, бұрынғыша Ұзынағаш жылқылары үйірінің көркі болып жүр ме? Атым-ақ, өзі бар ма? Жәке! Айтарым көп-ақ, бірақ барлығын хатқа сиғыза алмай отырмын. Бауыржан, Балтабек, Митя Снегин (“Ұзын жігіт”), Құрманбек Ахметжан, Төлеуғали, гвардияшыл панфиловшылардың барлығы да өзіңізге балалық сәлемдерін жолдайды. Денсаулығыңыз жақсы болып, уақытыңыз мүмкіндік берсе бізге бір хат жазыңыз, өзіңіздің қанатты сөздеріңіз бен жүрекжарды өлеңдеріңізді жолдаңыз. Өзіңізді қатты құшақтап, ыстық жүрекпен сүюші – балаңыз Павел.

Дала почтасы 95926–С П.Н.Кузнецов”.

    ****

«Қымбатты Жамбыл!

Біздің Гвардиялық бөлім ерлерінің құрметті тізімінде ең алғашқылардың бірі болып, Сіздің немереңіз Көбіс Жамбылұлы Жұмабековтың аты-жөні жазулы.

… Жуықта Гвардия кіші лейтенанты, офицер-танкист Жұмабеков қорғап тұрған участкеге жаяу әскер ротасын қорғаған сегіз жау танкісі шабуыл жасады. Ержүрек ұл қаймықпай ұрысқа кірді. Екі-үш снарядпен алдыңғы танкіні істен шығарып, үш пушканы қиратып, немістің жиырма солдаты мен офицерінің көзін жойды…

62832 әскери бөлімнің командованиесі мен саяси бөлімі. 12. 07. 44ж. 

Павел Николаевич шабуылға бара жатқандағы тағы бір хатын өзінің ақын атасына көтеріңкі көңіл-күймен жазыпты.

… Қазір, Жәке, немістер советтік оқ-дәрінің иісін мықтап иіскеп, өздері басып алмақ болған кең байтақ жерімізде ол сұмдардың өліктері жұттан кейінгі өлекселердей шашылып жатыр. Өз Отаны үшін жауынгер-қазақтар арыстанша арпаласып, халқының сенімін абыроймен ақтауда.

… Алыстағы, алыс та болса сондай жақын, өзім туып өскен Ұзынағаштан хаттар және асыға өлеңдер күтемін… Денсаулық пен бақыт тілеймін.

Өзіңіздің Павел Кузнецов. Алғы шептегі Армия. Солтүстік-батыс майдан. Дала почтасы 993, 01 почта жәшігі».

Сонау бір сұрапыл заман тынысынан аз да болса сыр шерткен мұрағаттық құжаттар осы. Ол бір жағынан халқымыздың ерлігін, өрлігін, достығын паш етер болса, екінші жағынан ғасыр жасаған жыршымыздың даналығына, абырой-атағына кейінгі ұрпақтың көзін тағы бір жеткізе түскендей.

П.Н.Кузнецовтың аудармалары басқалармен салыстырғанда Жамбыл шығармаларының поэтикалық өзіндік ерекшелігін дәл береді.

Павел Николаевич қазақ тілін жетік білген, халықтың тарихын, оның мәдени ескерткіштерін, әдет-ғұрпын да білген. Өлкетанушы С. Е. Черных атап өткендей, ұлы ақын Жамбылдың өлеңдерін аударғанда Павел Кузнецов өлеңнің сөздік құрамы мен құрылымын барынша сақтай отырып, авторлық түпнұсқаның поэтикалық ерекшеліктерін дәл және мәнерлі жеткізе білген.

Кейіннен П.Кузнецов Жамбылға деген сүйіспеншілігін, оның бай және қайталанбас дарынына деген тамсанысын М.И.Калининнің кеңесі бойынша жазылған «Человек находит счастье» романында білдірді. Шығарма бастапқыда повесть ретінде жазылған, кейіннен роман формасын алды. П.Н. Кузнецовтың «Джамбул – внук Истыбая» атты кітабы 1950 жылы жарық көреді. «Человек находит счастье» романдық нұсқасы 1953 жылы жарияланады. Роман 1955 жылы «Советский писатель» баспасынан, 1950 және 1953 жылдары екі рет Алматыдағы баспадан шыққан.

Шығармада Жамбылдың дарынының оянып, қалыптасуы, қазақ даласының тіршілігі аясында оның сана-сезімінің қалыптасуы мейлінше шынайылықпен суреттеледі. Атауының өзі қазақтың ұлы өмір заңын бейнелейді: әр адам өзінің ата-бабасының өмірін жалғастырушы. Ақын ұлы Жамбылдан басқа Орымбай, Тайжан, Алмабек, Қаратай, Сартай ақындардың да өлеңдерін аударған.


Пайдаланылған әдебиеттер: 

Дорожная тетрадь: Песни о труде и борьбе (1942). – Алма-Ата, 1962. – 132 с.

Великая дружба: Рассказы о виденном. – М.: Правда, 1948. – 180 с.

Герой Советского Союза Н.В.Панфилов. – М.: Воениздат, 1948. – 22 с.

Джамбул – внук Истыбая. – 1950. (1-я книга), 1952. (2-я книга).

Первые месяцы войны: Дневники военных лет // Простор. – 1985.– №6. – С.167-172.

https://turkystan.kz/article/49571-zhambyl-zh-ne-pavel-kuznetsov/

http://kray.pushkinlibrary.kz/kz/a-tar/9-uncategorised/1434-pavel-nikolaevich-kuznetsov.html