Қазақ ізі: Атажұрттан ағартушылық мақсатта аттанғандар (Эксклюзив)
20.05.2021 2204

Қазақстан – дүниенің төрт бұрышындағы барша қазақтардың қара шаңырағы, түпқазығы. Әлемнің қырықтан астам еліндегі қазақ диаспораларының әрқайсысының өз қалыптасу тарихы бар. Және тарихи жағдайларға сәйкес олардың Атажұртпен байланысының да тек өзіне тән тарихи даму жолы бар.


Қазақстан шетелдерде тұратын қазақтарға тек қандастық тұрғысындағы барыс-келістік қарым-қатынас орнатумен қатар, оларға мәдени-ағартушылық бағытта ықпал да жасап отырған және қазір де солай. Бұл – тың әрі қызық тақырып. Осыған орай біз Қазақстанның Монғолия қазақтарына жасаған мәдени-ағартушылық ықпалы туралы қарастыруды жөн көрдік. Әрі мұның өзі екі ғасыр жүзіндегі үдеріс болғандықтан, өткен ғасырдың бірінші жартысындағы байланысты ғана алып отырмыз.

Монғолия қазақтары – ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап сол мемлекет аумағында тұрақты өмір сүріп жатыр. Алтай тауының төрт тарабында мекендеген қазақтар Цинь мен Патшалық Ресей империяларының бір-бірімен шекаралық келсімдеріне қарамастан, өзара туысқандық байланыс жасап, араласып тұрған. Әр дәуірдегі тарихи оқиғалар, шекаралық өзгерістерге сәйкес Атажұртпен өзара байланыстар да әр түрлі сипат алып отырған. Біз мақаламызда Қазақстанның Монғолия қазақтарының білім беру саласына ықпалы туралы мәселені қарастыратын боламыз.

Моңғолия қазақтары. Фото авторы ағылшын фоторафы Джимми Нельсон

Жоғарыда атап өткеніміздей, Монғолиядағы қазақтар мен Атажұрттың рухани байланысы қай кезеңде болмасын, үзілмеген. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Монғолиядағы қазақтарда нақты білім беру жүйесі болған жоқ. Балалар ауыл молдасынан сабақ алатын. Бірен -сараны әр аймақтағы медреселерден, атап айтқанда Семей, Ташкент, Қазан т.б. қалаларға діни білім алып оралатын еді. Бұқарадан, Қазаннан келген діни оқытушылардың ықпалы зор болды.

Монғолиядағы қазақтар арасындағы алғашқы заманауи білім беру жүйесінің негізі 1928 жылы қаланды. Осы жылы Ақбалшықта, яғни қазіргі Ұлаңқұсын сұмыны (аудан) орталығында жаңаша оқытатын білім ошағы құрылып, алғашқы мұғалімі тыва ұлтты Тарба ұлы Дүгэрэг болады. Бұл мұғалімнің үйрететіні – ескі монғолша әліпби мен есеп амалдары екен. Бұдан кейін жаңаша бала оқыту ісін Баймұхамет Қанапияұлы жалғастырады. Баймұхамет Қанапияұлы – Монғолия қазақтары арасында жаңаша білім берудің алғашқы қарлығашы. Ол 1888 жылы Қарқаралы уезі, Бауыр бошан болыстығында туып-өскен. Руы – арғын. Тағдыр жолымен Шыңжанға өтіп, одан Қобда бетке (қазіргі Баян-Өлгей аймағы) асы келеді. Осындағы Шеруші хошууны (аудан дәрежесіндегі басқару әкімшілігі) аумағына келіп тұрақтап, үйлі-баранды болып, бала оқытып жүргенде 1938 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, қайта оралмаған. Бір ұл, екі қызынан тараған ұрпақтар баршылық. Немересі Биқұмар Кәмалашұлы – тарих ғылымдарының докторы, қазақтың салт-дәстүрі бойынша бірнеше кітап жазған ғалым. Шөбересі Өмірбек Биқұмарұлы – танымал археолог ғалым. Баймұхамет Қанапияұлы білім берген Ұлаңқұсындағы тұңғыш балабақша ұстаздың есімімен аталған.

Монғолияда 1921 жылы 11 шілдеде болған халық төңкерісі нәтижесінде әлем тарихындағы екінші комунистік мемлекет өмірге келді. Кеңес Одағының қорғаныс, экономикалық, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау – барлық салалар бойынша қолдау көмегіне сүйенген Монғолия халықты жаңаша сауаттандыруға баса назар аударды. 1926 жылы халықтың мәдениет, ағарту ісін дамытудың он жылдық жоспарын құруы маңызды болды. Осыған орай шетелдерден, әсіресе Кеңес Одағынан қажетті педагог мамандарды шақырып әкелу үрдісі жүзеге асырыла бастады.

Кеңес Одағы да өзінің одақтасы Монғолиядан жан жақты көмекті аяған жоқ. Соның ішінде идеологиялық күресті жандандыруға ерекше мән берілді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары басында мұндағы жағдай өте күрделі еді. Коммунистік партия ішіндегі оңшылдар мен солшылдардың өзара тартысы, Коминтерн өкілдерінің солақай саясаты т.б. кесірінен Монғолияның біраз жұрты Қытайға қашып өтіп, соның салдарынан мектептер жабылып, жағдай көрделене түскен еді.


Суретте: Ұстаз, қайраткер Абай Қасымов 

Осы қарсаңда, 1930 жылы маусым айында КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) өкілдері Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов отбасымен Монғолияға келеді. Олар Шеруші хошуны жанына партия, жастар ұйымын құрып жұмысын бастайды. Халыққа коммунистік партияның қағидаттарын насихаттау, лайықты тәрбие беру, жаңаша сауаттандыру, мәдениетке баулу сияқты жұмыстарға олардың жары Тәшинке Қасымова мен Ділнұз Өтепова да бірге атсалысады. Жәшейке (ячейка) құрылып, оларға белсенді жастарды ұйымдастырып, халықты сауаттандыру ісін бастап кетеді. Бұдан кейін Монғолияға 1931 жылы келген қазақстандық ұстаздар – Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердин болды.


Суретте: А.Қасымовтың жары Ташинке Мірқасымқызы мен Ш.Өтеповтың жары Дилнұз Әсетқызы. Фото Қобда бетінде түсірілген. 

Баян-Өлгей аймағы құрылғанға дейін бұл өлкедегі қазақтардың рухани, білім берудегі тірек нүктесі Шеруші хошуунының орталығы Ақбалшық болып келді. Қазақстандық мұғалімдер келген соң қазақтар мекендеп тұрған өзге де өңірлерде білім беру курстарын ашуға мүмкіндік туды. Осының нәтижесінде Аққол, Тұлба т.б. жерлерде бала оқытыла бастады. Бұлар уақыт өте келе бір-бір мектептің негізі болып қаланды. Бердіқожа Жолтаев 1931 жылы күзде Самыхан Өкшебайұлымен бірге Ботағара хошуунына (қазіргі Тұлба) мектеп ашуға барады.

 

   Суретте: Бердіқожа Жолтаев пен жұбайы Қанипа Мұқашқызы. 1963 жыл, Өлгей қаласы.

1930 жылы күзде Шеруші хошуунынан бір топ жас ел астанасы Ұланбатырға оқуға аттанады. Бұлардың біразы Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге оқуға жіберіліп, мұнда оларға қазақстандық оқытушылар сабақ береді. Осы алғашқы шәкірттер арасынан кейіннен белгілі қоғам қайраткерлері: Баян-Өлгий аймағының басшысы болған Жеңісхан Дүзелбайұлы, Қаби Бәжіұлы, алғашқы Еңбек сіңірген ұстаз Шолтай Себетұлы, МХР тұңғыш авиация қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсанов т.б. белгілі қайраткер адамдар туып шықты.

Осылайша Монғолия қазақтарының жаңаша білім алуына негіз қаланды. Сауатты, білімді маман кадрлар қалыптаса бастады. Мұның өзі жақын кезеңде ұлттық аймақ құрылуының алғышарты болды.

1939 жылы Монғолия мемлекетінің басшысы, маршал Чойбалсан Хорлоогийн өз атынан КСРО басшылығына хат жолдап, Баян-Өлгий қазақтарын оқытуға Қазақстаннан маман кадрлар жіберуін өтінеді. Себебі, 1940 жылы Қобда аймағын бөлу арқылы ұлттық қазақ аймағы құрылуы мұндағы қазақтардың ана тілінде білім алуына үлкен сұраныс туатынын аңғарған болар. КСРО тарапы бұл өтінішке орай бір топ маман кадрды Монғолияға жібереді. 1940 жылы 20 тамызда Баян-Өлгий аймағы орталығында аймақ әкімшілігі жанынан оқу-ағарту ісін жауаптанатын бөлім құрылды. Аймақ құрылған кезде 11 бастауыш мектепте 570 оқушы болған екен. Осы мектептерде Қазақстаннан келген мына мұғалімдер сабақ береді:

1. Есмағанбетов Сейтахмет – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. 1908 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданында туған. Пединститут бітірген.

2. Қожақметова Рашида – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында туған. Пединститут бітірген.

3. Қадыкенов Мұғди – Жамбыл облысы, Қордай ауданында туған. Пединститут бітірген.

4. Иманғалин Ораз – Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында туған. Пединститут бітірген.

5. Құрбанғалин Сәмбет – Физика -математика пәнінің мұғалімі. 1904 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында туған.

6. Қайыргелдин Айдарбек – 1913 жылы Павлодар облысы, Павлодар ауданында туған.

7. Тіналин Жапар – биология пәнінің мұғалімі. 1916 жылы Алматы облысы Красногор ауданында туған. Зоовет институтын бітірген.

8. Айтмұқамбетов Сұлтан – 1909 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. Орал пединститутын бітірген.

9. Молдағалиев Қайролла – 1911 жылы Батыс Қазақстан облысы, Чапаев ауданында дүниеге келген. Ленинград пединститутын бітірген.

10. Қордабаев Төлеубай. 1915 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абралы ауданында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазПи-ді бітірген.

11. Сауранбаев Тілеуберді – тарих пәнінің мұғалімі. 1909 жылы Алматы облысында туған. Алматы педтехникумын, алматы пединститутын бітірген.

Бұлардан өзге Бижанов Қалымтай (география), Мақсұтов Сейтахмет (тарих), Шүкеев Мұхтар (қазақ тілі) қатарлы мұғалімдер келіп жұмыс істеп тұрған. Олардың көбі 1-2 жылдан жұмыс істеп, Ұлы Отан соғысы басталғанда майданған шақырылып кеткен.

1942 жылы 3 қыркүйекте: «Қазақ аймағында жаңа әріпті қолдану туралы» қаулы қабылданып, бұған дейін Баян-Өлгий аймағы білім беру жүйесінде қолданылып келген латын әліпбиін Кеңес Одағында, соның ішінде Қазақстанда қолданылатын кирилл жазуын енгізуге шешім қабылданды. Осыған орай Қазақстаннан шақырылған филолог маман Төлеубай Қордабаев аймақ орталығына келіп семинар өткізеді. Осылайша, Монғолиядағы қандастардың коммунистік кезеңде Қазақстандағы қазақтармен бір әліпбиді пайдаланып білім алуы, атажұртпен рухани бірізділікте, байланыста өмір сүруінің берік негізі қаланды. 1940 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді бітіріп, Монғолиядағы қазақтар арасын жолдамамен барған жас ұстаз Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев (1915-2000) – мұндағы қазақтардың ана тілінде білім алу жүйесін жолға қоюшылардың бірі болды. Жаңадан мектеп ашты. Ұстаздың бұдан кейінгі еңбек жолы жемісті болды. Ол тіл білімі бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, оннан астам оқулық, ғылыми еңбектер мен монографиялар жазды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қазқстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Төлеубай Қордабаевтың еңбегін жоғары бағалаған Монғолия мемлекеті жоғары дәрежелі «Алтан гадас» («Алтын жұлдыз»)орденімен марапаттаған болатын. Сондай-ақ белгілі ғалым Тілеуберді Сауранбаевтың да еңбегі ерекше.

Арнайы іріктеуден өтіп, Монғолиядағы қазақтар арасына педагогикалық жұмыстар ұйымдастыруға жіберілген қазақстандық мұғалімдер теориялық білімдерін шыңдаумен қатар, өздерімен бірге оқу бағдарламаларын, оқулықтар, көрнекі құралдарын да ала келген екен.

1940-жылдардан бастап Монғолияның Баян-Өлгий аймағы орталығы мен сұмындарында, сондай-ақ Қобда аймағының Қобда сұмынында қазақ мектебі жұмыс істеп тұрды. Монғолия мектептеріндегі оқу үдерісіне пайдаланылатын оқулықтарды негізінен Қазақстанда әзірлеп, жеткізіп беріп тұрды. Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебінің оқу бағдарламасы негізге алынды. 1973 жылдан бастап Монғолиядағы қазақ мектептерінде пайдаланылатын оқу бағдарламасы мен жоспарын, оқулықтарын жаңаландыру жұмысы жүзеге асырылды. Бұған Қазақстаннан барған педагог маман Шәкір Аманов басшылық жасады.

Қазақстаннан келген мұғалімдер мұндағы білім жүйесіне түбегейлі бетбұрыс жасады деуге болады. Бұрынғы мектеп ғимараттарын заманауи корпустарға көшіру, жүйелі түрде бағадарлама бйоынша сабақ істеу т.б. жүзеге асырды. Маман кадрлардың жетіпсеушілігіне байланысты, әрі қазақ қыздарының әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында Өлгей орталығында «Өлгей педагогикалық техникумы» атты мұғалімдер даярлайтын курс ашылды. Осы курсқа қабылданған қыздар мұғалімдік куәлікке ие болып, ұстаздық өмірге жолдама алды.

Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасынан Монғолиядағы қазақ мектеп мұғалімдері әзірлеген оқулықтар мен көмекші оқу құралдары жарық көріп тұрды. Пәндер бойынша оқулықтар мен көркем әдеби кітаптар Алматыдан жеткізіліп тұрды.

   

Суретте: Академик-жазушы Сәбит Мұқанов Монғолия қазақтары қоныстанған Бай-өлке аймағында. 1967 жылдың маусым айы.

Сонымен қатар Қазақстаннан түрлі газет-журналдар, атап айтқанда «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Білім және еңбек» («Зерде»), «Балдырған», «Ара», «Жалын» журналдары мен «Қазақстан пионері» газеті үзіліссіз келіп, аймақ орталығы мен шалғай ауылдарға тарады. Монғолиядағы қазақтар Қазақстандық басылымдарды көптеп тапсырып алып оқитын болды.

Сонымен қатар Баян-Өлгейдегі музыкалық мұралардың сақталуына, мұндағы халық театрының базасы нығайып өсуіне, музыкант кадрлардың білім-дәрежесі өсуіне де Қазақстан үлкен көмек жасады. Қамар Қасымов, Хабиболла Тастанов, Алдаберген Мырзабеков, Мәлғаждар Әубәкіров, Зоя Жарасбаева қатарлы музыка мамандары келіп, музыкалды драма театр ұжымының біліктілігін арттыруға, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілуіне өлшеусіз үлес қосты.



Қазақстанның биік лауазым иелері, түрлі мамандықтар бойынша мамандар, көрнекті қаламгерлер Монғолияға сапарлап келіп отырды. Әсіресе, Монғолиядағы қазақтардың тарихы жадында Қазақстан басшысы Дінмұхамет Ахметұлының осы елге ресми сапары, сондай-ақ қазақтың әйгілі жазушысы, академик Сәбит Мұқановтың келуі, КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың гастрольдік сапармен келіп концерт қоюы үлкен әсер бергенін аға буын әлі күнге дейін еске алып отырады.

Міне, Атажұртпен осындай рухани үздіксіз байланыстың арқасында Алтайдың күн бетіндегі азғана қазақ өзінің ұлттық рухын, тілін, ділін, мәдениетін, әдебиетін қаз-қалпында таза сақтай алды. Сондықтан да болар, санасы сергек, ұлттық руханияты биік деңгейде дамыған бұл елдегі қазақтар Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған тұста алғашқы болып Атажұртқа көшті бастаған болатын.

Қазақстандық педагог маман кадрлардың Монғолиядағы қазақтар арасында білім беру, ағарту ісіне жасаған игі ықпалы жөнінде арнайы тоқталуды қажет етеді. Және мұны бірнеше кезең бойынша, нақты жүйелей зерттеулер арқылы қарастыруға болады деп білеміз.

   Суреттер «Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы, тарихшы Бекен Қайратұлының жеке архивінен алынды