Сұлтан Бейбарыстың саяси билікке келуі және оның түркі-мұсылман әлеміне ықпалы
05.07.2023 10514

Сұлтан Бейбарыс немесе оның толық есімі әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Бейбарыс әл-Бұндуқтари әс-Салих [1] Мысыр мен Сирияда билік құрған қыпшақ текті даңқты қолбасшы, Мәмлүк мемлекетінің сұлтаны.  

Сұлтан Бейбарыс – 1233 жылы Қара теңіздің солтүстігінде дүниеге келген қыпшақ. Оны он төрт жасында моңғолдар тұтқынға алса керек. Ол тұтқын ретінде Сивас-Алеппо арқылы Дамаскіге жеткізіліп, осы жердегі құл базарында сатылған. Бейбарысты сатып алған Айюбид сұлтаны Салих Эйюбтің мәмлүктерінің бірі болған Айтекин әл-Бундукдари. Кейінірек, 1246 жылы оның зеректігі Салих Эйюбтің көзіне түскенде, оны сатып алып, әскери дайындықтан өту үшін әскери казармаға жібереді. Білімін тәмамдаған Бейбарыс әскерге алынып, крестшілермен бірнеше шайқастарға қатысып, аз уақыттың ішінде билеуші дәрежесіне дейін көтеріледі.


Ол шайқаста сәтті қолбасшылық ету және басқаруымен Мансур және Айн Жалут шайқастарының жеңісінде жетекші рөл атқарып, атақ-даңққа ие болады. Ол Мысырдың Эйюби сұлтаны Тұраншахты өлтіргеннен кейін Құтұз сұлтан болады. Уақыт өте келе Бейбарыс оны белгілі себептермен өлтіріп, Мәмлүк сұлтандығының билеушісі болады. (№1-сурет)

 

№1-сурет. Сұлтан Бейбарыс.

 

Бейбарыстың Мансура шайқасында қол жеткізген жетістіктері

Байбарыстың алғашқы ірі әскери жетістігі 1250 жылғы Мансур шайқасында қол жеткізеді, ол Айюбид әскерінің қолбасшысы ретінде Франция королі Людовик IX басқарған 1500 адамдық крестшілер мен бірнеше жүз рыцарьлары бар әскеріне қарсы шайқаста жеңіске жетті. 

Жетінші крест жорығында крестшілер әскері Дамиеттаға келіп тоқтағанда, сол маңдағы мәмлүктердің әскери бөлімшесінің командирі Фахреддин жауға кедергі бола алмай, кері шегінеді. Мәмлүк сарбаздарының қаланы қорғамағанын көрген қала халқы үрейленеді. Крестшілер әскері қаланы басып алып, кейін Каирге қарай бет алады. Түнде олар Ніл өзенінің жағасында уақытша қоныс құраса, Мәмлүк әскері қарсы жағалаудағы қоныс құрады. Таңға қарай крестшілер әскерінің басшысы Роберт Артуа аз ғана әскермен кенеттен шабуыл жасау үшін әскердің басым бөлігінің өзеннен өтуін күтпестен өтіп, Мансураға үш шақырымдай жетеді. Ол таң ата алыстағы Айюбид әскерінің штабына өте жылдам шабуыл жасайды. Мысыр сарбаздары қолдарына қару ала алмай өлтіріліп, аз бөлігі Мансураға қашып үлгереді. Роберт осы сәтті кеңейтіп, Мансураға жорық жасауды шешеді және бүкіл Мысыр қарулы күштерін жою үшін Мансураға тез жетеді.

Сабырлық танытқан Байбарыс жорықта қаза тапқан қолбасшы Фахреддиннің орнына қолбасшылықты алып, қашқан сарбаздарды қол астына жинап, қаланы қорғауға дайындалады. Бейбарыс өз сарбаздарын қаланың қақ ортасына орналастырып, тығылуды бұйырады, осылайша қаланың негізгі кіреберіс қақпасын ашады. Роберттің шабуылдаушы әскерлері қалаға келгенде, Роберт қаланы босатты деп ойлады және тез арада қала орталығына қарай жүреді. Бейбарыс шабуылға шығуға бұйрық бергенде тар көшелер мен аудандарда шайқаса алмаған крест жорықтарының ауыр атты әскері қырылады. Қаладан жаяу немесе атпен қашып құтылғандар аз болған. Қаза тапқандардың арасында Франция королі IX-Людовиктің ағасы Роберт және Гийом де Соннак сияқты атақты рыцарьлар бар. 

Нәтижесінде Бейбарыс бүкіл крест жорықтары әскерін, соның ішінде олардың қолбасшысы француз королі IX-Людовикті көптеген француз дворяндарымен бірге тұтқынға алады [2]. (№2-сурет)

 

№2-сурет. Густав Доренің Мансура шайқасы нәтижесінде IX-Людовиктің тұтқында болғанын бейнелейтін картинасы

 

Бейбарыстың Айн Джалут шайқасында қол жеткізген жетістіктері

Бейбарыстың әскери мансабындағы екінші ең жарқын жетістігі – 1260 жылы 3 қыркүйекте Айн Джалут шайқасында мәмлүк әскерінің авангардының қолбасшысы ретіндегі рөлі. Әскер дайын болған соң Бейбарыс жорық аттанады. Жерорта теңізінің жағалауындағы Акка қаласына келгенде Моңғол әскерінің Өлі теңіздің шығысынан оңтүстік бағытта алға жылжып келе жатқаны туралы хабар келеді. Содан кейін Құтұз моңғол әскерін қарсы алу үшін оңтүстік-шығысқа қарай Өлі теңіздің оңтүстігінде орналасқан Айн Джалутқа әскер жібереді. Сол жерде Мәмлүк әскері моңғол әскерімен бетпе-бет келіп, шайқас басталады [3, 23 s.].

Мысырдан шыққан соң бұл аймақты жақсы білген Бейбарыстың нағыз соғыс жоспарын дайындағаны айтылады. Бұл жоспар бойынша әскердің басым бөлігі орманда жасырынып жатқанда Бейбарыс өз бөлімшесімен моңғол әскеріне қарсы бірнеше сағат бойы соққы жасап-қашу тактикасымен шайқасты, содан кейін моңғолдарды әскердің басым бөлігі торуылдап тұрған аймаққа алдап түсіреді. Мәмлүктер аз уақытта моңғол әскерін кері шегіндіреді. Қиян-кескі шайқастың соңында моңғол әскерінің көпшілігі, соның ішінде моңғолдардың Таяу Шығысқа жорығын қолбастаған Хулагудың нояны Кетбұға ноян қаза табады [4]. (№3-сурет)

 

№3-сурет. Моңғолдардың атқа мінген садақшылары. Айн Джалут шайқасы. Рашид-ад-Диннің «Ғами’ ат-таварих» суреті.

 

Айн Джалут шайқасына байланысты Таяу Шығыстың, Анадолының, тіпті Еуропаның тарихы өзгерді. Бейбарыстың қол жеткізген жетістігінің нәтижесінде Ливия, Тунис, Алжир және бүкіл солтүстік-батыс африка аймағы моңғолдардың үстемдігінен құтқарылды. Осылайша, шапқыншылықтың Еуропаға таралуына және көптеген өркениеттердің жойылуына тосқауыл қойылды. Таяу Шығыстағы мұсылмандардың үстемдігі күшейіп, бетбұрыс кезеңіне айналды. Сонымен бірге моңғолдардың исламға деген көзқарасы өзгеріп, уақыт өте келе кейбір моңғол билеушілері ислам дінін қабылдады. 

 

Құтұз бен Бейбарыс арасындағы саяси күрес 

Айн Джалут шайқасындағы жеңістің басты сәулетшілерінің бірі болған екі ұлы сарбаз Сұлтан Сейфеттин Кұтұз бен оның серігі, кейін қолбасшысы болған Бейбарыс, өкінішке орай, шайқастан кейін бетпе-бет келді. Бейбарыс талап еткен Алеппо патшалығының бас тартуымен басталған бұл оқиға аң аулау кешінде Құтұздың өлтірілуімен аяқталды.

Құтұз Бейбарыстың ұрыс нәтижесінде пайда болған атақ-даңқынан қорықты. Осы себепті ол Сирия регенті туралы теріс жауап берді. Бірақ Бейбарыстың табандылығымен қиын жағдайға тап болды. Өйткені, ол қаласа, жан-жағына көп адамды жинай алатынын және бұл жағдайдың мемлекетті екі жақтылыққа сүйрейтінін білген. Сондай-ақ, ол Бейбарыстың Фариседдин Ақтайды өлтіруге өзінің қатысы бар екенін білгені туралы жедел ақпарат алды. Осы себептерге байланысты ол сенімді адамдарымен ақылдаса отырып, Бейбарысты өлтіруді ұйғарды.

Бірақ бұл жерде Құтұздың бақытсыздығы Бейбарыстың мұндай көшті күтіп, жасырын ізіне түсуінде еді. Енді жебе садақтан шығып, екі ұлы қолбасшы бірін-бірі жоюға мүмкіндік іздеді. Құтұздың тағы бір бақытсыздығы – оның қалаусыз адам болғаны. Ол таққа отырғанына аз уақыт болса да, халық арасында, сарай әкімшілігінде Құтұзға қарсы көзқарас қалыптасты. Бұған оның соғысқа байланысты қабылдаған қатаң шаралары себеп болды. Осының бәрі Құтұзға дұшпандық танытқандардың қатарын көбейтсе, оның тақтан тайдырылуын қалағандардың даусы көтеріле бастады. Моңғолдарға қарсы абсолютті жеңіс те көмектеспеді. Керісінше, жеңіс Бейбарысқа тиесілі болды және бұл Бейбарыстың күшеюіне себеп болды.

Бұл өзара тартыста Бейбарыс мүмкіндікті бірінші болып пайдаланды. Шайқастан кейін Сұлтан Мысырға оралып, Каирге жақындағанда оның атында ұйымдастырылған аңшылық кешке қатысады. Бір сәт бейқам қалған Құтұз ескертпестен лагерьден шығып кетті. Осы жағдайды пайдаланған Бейбарыс 1260 жылы 23 қазанда тұтқиылдан шабуыл жасаған Құтұз сұлтанды жебемен өлтіреді.

Бұл оқиға мысырлықтар тарапынан қуана қарсы алынды, өйткені басым көпшілігі Құтұзды қаламады, ал келесі күні 1260 жылы 24 қазанда мәмлүк әмірлері Бейбарысты Мелик-уз-захир Рукнеддин етіп тағайындады. Сөйтіп, Қара теңіздің солтүстігінен басталған шытырман оқиға отыз жеті жылдан кейін сұлтандыққа жетеді [3, 25 s.].(№4-сурет)

 

№4-сурет. Мәмлүк найзашылары, 16 ғасырдың басы. Дэниел Хопфердің оюы (шамамен 1526–1536), Британ мұражайы, Лондон.

 

Бейбарыстың саяси билікке келуі 

Жаңа сұлтанды анықтауға мемлекет қайраткерлері құрылтайда жиналғанда бірауыздан Бейбарысты қолдады. Мемлекет қайраткерлері шатырға кірген кезде сұлтанның наибі, мәмлүк әскерінің бас қолбасшысы Атабет[1]-үл Асакир Фариседдин Ақтай жиынға сәлем беріп, сұлтан Құтұздың қайтыс болғанын біліп, олардан: «Оны кім өлтірді?» деп сұрайды. Бейбарыс: «Менмін», – деп жауап береді. Бұл жауапқа Атабек: «Сұлтаным, таққа отыр», – дейді. Көріп отырғаныңыздай, Құтұзды өлтірген адамның сұлтан болуы заңды болып көрінді. Сол күні, 1260 жылы 26 қазанда Калатул-Жебелге барып, мәмлүк тағына отырды. Калатул-Жебелге – 1176 жылы Салахаддин Эйюби сұлтандық орталығы ретінде құрылысын бастаған қамал және ішіндегі сарайлар [5, 132 s.].

Оның таққа отырғандағы алғашқы әрекеттерінің бірі Құтуз алған салықты азайту болды. Бұл шешім оның орнына сұлтанды өлтірген адамның таққа отыруынан туындаған наразылықты жойып, Байбарыстың абыройын асқақтатты. Осы арада біраз ішкі көтерілістер болды. Олардың кейбіреулері Құтуз басқарған өз адамдары немесе Айюбилер әулетінің өкілдері болды. Бейбарыс көтерілістерді басып, көтерілісшілерді тұтқынға алды, бірақ кейін оны кешіріп, бұрынғы міндеттерін қайтарды [3, 30-33 s.].

Осы ішкі келісімдерден кейін Бейбарыстың жаңадан құрылған Мәмлүк сұлтандығының қауіпсіздігі үшін сыртқы қауіптерді жою керек болды. Бұл қауіптер: Солтүстікте Армян Киликия Корольдігімен проблемалар болды. Леванттың жағалық бөлігінде үнемі моңғолдармен ынтымақтасатын крест жорықтары уездері қауіп төндірді. Хулагудың да Айн Джалуттың кегін қайтарғысы келетіні сөзсіз[3, 28 s.].

 

Сұлтан Бейбарыстың түркі-мұсылман әлеміне ықпалы

Сұлтан Байбарыс ішкі мәселелерді ретке келтіргеннен елінің жауы Леванттағы крестсішер, Киликиядағы Армян патшалығы және Шыңғыс ханның немересі Хулагудың Илхан хандығы болды. Бұл жауларға қарсы мүдделер қайшылығы жоқ билеушілермен одақ құруға тырысты.

 

Анадолы Селжұқ мемлекетімен қарым-қатынасы

Сұлтан Бейбарыстың Анадолы селжұқтарымен қарым-қатынасы, нақтырақ айтқанда Анадолы селжұқының тақтан тайған сұлтаны ІІ Иззеддин Кейкавус ІІ Анталияға шегініп кеткен кезеңде одақтас болған Бейбарыс арасындағы хат алмасуы тарихтың ағымын айқындады. Бұл одақ Кейкавустың Константинопольге қашуымен аяқталмады. Бұл одақтық көзқарас бірде-бір бірлескен әрекетке қол жеткізбесе де Кейкавустың өліміне дейін жалғасты [7]. 

 

Алтын Орда мемлекетімен қарым-қатынасы

Сұлтан Бейбарыс билігінің алғашқы жылдарында Алтын Орда мемлекетінің ханы Берке хан болды. Ол хан болғанға дейін мұсылмандықты қабылдады. Нағашысының ұлы Хулагу хан екеуінің арасында шиеленіс, тіпті араздық болды, шамасы Хулагу ханның ислам елдеріне шабуылына байланысты болса керек, оның артында Әзірбайжанға қатысты келіспеушіліктер болды. Бейбарысқа келсек, екі моңғол хандығының арасындағы бұл араздық оған өз елінің игілігі үшін пайдалана алатын мүмкіндіктер береді. Осы мақсатта әрекет еткен Бейбарыс дипломатиялық қатынас арқылы екі ел арасында достық қарым-қатынас орнатты. Бұл достық екі билеушіге де пайда әкелетін одақ. Байбарыс пен Берке хан арасындағы алғашқы хат алмасу ол таққа отырғаннан кейін бірден 1261 жылы болған. Бейбарыстың хаты 1261 жылы қарашада болғаны анық. Берке ханның жауабы 1263 жылы 11 мамырда жазылған. Осы күнге дейін Мәмлүк сұлтандығы мен Алтын Орда мемлекеті арасында одақ жасалды деген болжам бар [6].

 

Батыспен қарым-қатынас

Бейбарыстың ислам тарихында христиан әлемімен жүйелі және үздіксіз дипломатиялық байланыс орнатуға ұмтылған алғашқы билеушісі екені айтылады. Оның 1261 жылы Византия императоры Михаэль VIII-мен жасаған сауда келісімі, бір жағынан, одақ іздеу болып табылады. Содан кейін тәуелсіз қала-мемлекеті Генуямен тағы бір сауда келісімі жасалды. Бұл келісімдер екінші тарапқа айтарлықтай пайда әкелмеді, бірақ Бейбарыстың Еуропадағы оқиғалар мен үрдістер туралы ақпарат алуына мүмкіндік берді. Екінші жағынан, ол 1138-1254 жылдар аралығында Орталық Еуропада билік еткен корольдік отбасы Гогенштауфен әулетімен байланыс жасады, бұл Папалықтың шығыс амбицияларына үлкен кедергі ретінде қарастырылды. Бірақ бұл әулет 1266 жылы ыдырағанда, ол бірден басқалармен байланысқа шықты. Бұл байланыстар 1271 жылы Туниске сегізінші крест жорығына апаруының ең айқын себебі болды деп айтылады [8].

 

Қорытындының орнына: Сұлтан Бейбарыстың мәдениет пен ғылымның дамуына қосқан үлесі 

Сұлтан Бейбарыс даңқты билеуші болды. Оның кезеңі мәмлүк тарихындағы жаңа кезең ретінде қарастырылады. Бейбарыс қандай да бір жолмен мәмлүк мемлекетінің нағыз негізін қалаушы болып табылады. Бейбарыс құрған мәмлүк сұлтандығының шекаралары мемлекет тарихында іс жүзінде өзгерген жоқ. Мемлекет құрылған алғашқы он жылда бес сұлтанның билік еткенін ескерсек, елдің қаншалықты саяси аласапыран болғаны таң қалдырады. Алайда Бейбарыстың билігі 17 жыл болды. Ол мәмлүктердің ең ұзақ билік еткен екінші сұлтаны. Бұл оның қаншалықты дарынды әрі қабілетті билеуші екенін көрсетіп қана қоймай, елдегі әрбір салада тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді [8].

Айн Джалут шайқасынан кейін, моңғолдардың жаңа шабуылы болған жағдайда, ол елдің ең маңызды екі қаласы Каир мен Дамаск арасында атпен қарым-қатынас құру жүйесін құрды және жолдар, көпірлер, осы жүйе үшін жылқыларды ауыстыратын аялдамалар орнатылды. Осылайша, байланыс пен көлік өте баяу болған кезде, ол Каир мен Дамаск арасындағы байланыс төрт күнде жіберілетініне көз жеткізді. Басқа көлік жобалары сияқты, ол өз еліндегі көпірлерді, су көлігі арналарын және порттарды жөндеді немесе қалпына келтірді. (№5-сурет)

 

№5-сурет. «Мәмлүк кілем сатушысы» Виберт Джехан Джордждың суреті

 

Ол крестшілерге қарсы билік пен қолбасшылықтың бірлігін қамтамасыз ету үшін Сирия мен Египетті біріктіріп, Сириядағы моңғолдар қиратқан құлып пен қала қабырғаларын жөндеді. Өз елінің ауыл шаруашылығын жақсарту үшін ол ескі суару жолдарын жөндеп, жаңа суару арналарын ашты. Ол Каирде өзінің есімімен аталатын Бейбарыс мешітін салды. Оның Дамаскідегі қабірі және оның жанындағы Закария медресесі оның құрметіне салынған әйгілі сәулет туындыларының бірі болып табылады. Закария медресесінің бір бөлігі болып табылатын Закария кітапханасында бүгінгі күнге дейін сақталған көптеген маңызды Ғылыми қолжазбалар бар.

Сұлтан Бейбарыстың басты күш-жігері моңғолдар мен крестшілерді аймақтан шығару болды. Бұл бағытта ол моңғолдарға қарсы Алтын Ордамен және крестшілерге қарсы Византия империясымен күш біріктірді. Екінші жағынан, ислам әлемін қолдау үшін моңғол ханы Хулагудың 1258 жылы Бағдадты алғаннан кейін бірден соңғы Аббасид халифасын өлтірген болатын. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында, біреуін Каирде Халифа етіп тағайындады. Осылайша, Бағдадтағы монғол қырғынынан аман қалғандар Каирден пана тапты.

Сұлтан Бейбарыс Каир мен оның еліндегі ислам ғұламалары мен ғалымдарына үлкен қолдау көрсетті. Мысалы, ол медициналық зерттеулерімен танымал араб дәрігері Ибн Нефисті қолдады [9].

Сұлтан Бейбарыстың есімі Ислам әлемінде, әсіресе Египет пен Сирияда қайтыс болғаннан кейінгі қаһарман ретінде есте қалды. Оның қосқан үлестері мен шайқастарын сипаттайтын «Сират әл-Захир Байбарс» («аз-Захир Байбарстың өмірі») мемуары араб әдебиетінде танымал шығарма болып қала береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

TDV İslâm Ansiklopedisi. Sultan Baybars I. https://islamansiklopedisi.org.tr/baybars-iTDV İslâm Ansiklopedisi. Haçlilar. https://islamansiklopedisi.org.tr/haclilarÇalık G. Sultan Baybars ve Haçlılarla Mücadelesi //Basılmamış Yüksek Lisans Tezi. Gazi Üniversitesi Sosyal Bilimler Enstitüsü. Ankara. – 2008.Encyclopaedia Britannica, Battle of ʿAyn Jālūt https://www.britannica.com/event/Battle-of-Ayn-JalutBostanci F. Berke Han Dönemi Altın Orda Devleti Tarihi (1256-1266) (Siyaset-Kültür-Din)-Fatih BOSTANCI. – Efe Akademi Yayınları, 2021.Kirişoğlu A. İlhanlı-Avrupa İlişkileri //Süleyman Demirel Üniversitesi Sosyal Bilimler Enstitüsü,(Basılmamış Yüksek Lisans Tezi), Isparta. – 2018.Bal M. S. Türkiye Selçukluları, Mısır Memlükleri ve Altın Orda Devleti’nin İlhanlılara Karşı Kurduğu İttifak //Selçuk Üniversitesi Türkiyat Araştırmaları Dergisi. – 2005. – Т. 1. – №. 17. – С. 295-310.Humpreys R. S., KILIÇ M., KILIÇ M. XIII. Yüzyılda Eyyubiler, Memlükler ve Latin Doğu //Cumhuriyet Üniversitesi İlahiyat Fakültesi Dergisi. – 2007. – Т. 11. – №. 1. – С. 359-378.Selin H. (ed.). Encyclopaedia of the history of science, technology, and medicine in non-westen cultures. – Springer Science & Business Media, 2013.

 

ҚОЖБАНХАН Еркеш Кубжанұлы

Мемлекет тарихы институты 

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері