Төрт-түлікті кәсіпке айналдырғандың бірі – Дәурен Наурызбаев
Бөлісу:
01.08.20231605
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Ата-бабамыздан қалған «Төрт түліктің бабын тап» нақыл сөзі қазіргі таңда бизнес кеңеске де айналған. Әр қазақ қорасындағы қойын отарға, сиырын табынға айналдырғысы келетіні рас. Бүгінде төрт түлікті кәсіпке айналдырған жандар аз емес. Солардың бірі – мал шаруа қожалығының басшысы, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Дәурен Дайырұлы Наурызбаевпен жақында кәсібі жайлы сұхбаттасқан едік.
- Дәурен Дайырұлы, мал шаруашылығымен қашаннан бері айналысып жүрсіз?
- Мен Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Баян ауылының тумасымын. «Ата көрген – оқ жонар» демекші, кезінде атам мал баққан. Әкем де біраз мал ұстаған. Бала кезімнен төрт түлік малды көріп өскен соң, менде біртіндеп қызығушылық пайда бола бастады. Мектепте оқып жүрген кезден бастап ат құлағында ойнап, өстім. 2005 жылы анам жеке кәсіпкер ретінде шаруа қожалығын ашты. Ал 22 жасымнан бастап мен мал шаруашылығымен шұғылданып жүрмін.
- Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жылқы, сиыр, қой өсіріп, кәсібіңізді дөңгелетіп отырсыз. Сіздіңше, мал шаруашылығында қандай қиындықтар бар?
- Мал бағу – атадан балаға мирас болып келе жатқан ата кәсіп. Кейін мен де мұны мирас ретінде ұрпағыма қалдырғым келеді. Қазіргі кезде жылқы ұстаймыз. Мәселен, қатардағы қой ауырса, онда аса қынжылмайсың. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, асыл тұқымды бұқа ауырса, қатты қиналасың. Өйткені ол қаражатқа келіп тіреледі емес пе? «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар» деген қазақтың мәтел бар. Қаржы жағынан аздаған қиындықтар болып жатады. Сол уақытта ветеринарларға хабарлассаң, олар немқұрайлылық танытады. Тіпті, кейде қажетті дәрі-дәрмек таба алмайтын сәттер де болады. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан облысының кей аудандарында жылқы малдарының қызуы көтеріліп, жөтеліп, бірінен соң бірі ауырды. Олардың мұрнынан су ағып, тұмауратты. Бірақ, оның емін таба алмадық. Облысымызда 15 шақты аудан бар. Аудандардағы шаруа қожалығымен айналысатын азаматтармен аралас-құраласпыз. Бір-бірімізден ақыл-кеңес сұрап тұрамыз. Былтыр малдар ауырған сәтте адамға егілетін антибиотик дәрілер беріп, емдеп алдым. Айта кетейін, бұрын Кеңес Одағы кезінде нағашы атам ветеринар болып жұмыс істеген. Сол кісінің қасында жүріп, малға қатысты біраз пайдалы ақпаратқа қанық болдым. Жоғарыда айтқанымдай, жастайымнан малға бір табан жақын адаммын.
– Ал Солтүстік Қазақстанда ветеринарлар жеткілікті ме?
– Расын айтсам, нақты білмедім. Жеткілікті шығар деп ойлаймын. Әлбетте, кез келген тіршілік иесінің жаны тәтті ғой. Өздеріңіз білесіздер, қазір дала қапырық. Ана жолы бір мал аптап ыстықтан құрттап кетті. Оны тазалап, емдейік деп едік, алайда мал адамды өзіне жақындатпай, екі қолыма теуіп, тіпті, екі саусағымды сындырып алдым. Ол кезде бір малмен бес адам арпалыстық. Меніңше, бір малға 1 ветеринардың шамасы жетпейді. Мал дәрігердің қасына малды жығып беруге жәрдемдесетін 2 көмекші тағайындаса деген ұсынысым бар.
- Малдардың жем-шөбін қайдан аласыз?
- «Ас – адамның арқауы» демекші, мал немен қоректенсе, соны береді. Кезінде Асан қайғы бабамыз Солтүстік Қазақстан өңірінде 6 күнде ат семіретін деп сипаттама берген екен. Малдардың шөбін өзіміз шабамыз. Ата-бабадан мирас болып қалған жайылым жерлер бар. Оның ішінде ол – орман-ағаштың айналасы. Шаруа қожалығына арналған шағын жер бар. Сол аумаққа бидай егеміз. Сөйтіп, азықты жинап аламыз. Біз малдың етін арнайы сататын жерлерге өткіземіз. Әзірше ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп жүрміз.
- Дәурен мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Алға қойған жоспарлар өте көп. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» - деп Абай атамыз айтқандай, біртіндеп сол жоспар іске асып жатыр. Алдымен, шаруа қожалығын кеңейту. Кейін жылқы тұқымын асылдандыру, жаңа техника алу секілді жұмыстар ойда бар.
- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
-Ұстанымым – ешкімді алдамау. Еліме, жеріме, отбасыма – адал қызмет ету. Сондай-ақ адам болып келдім, адам болып кету тілегім. Бастысы – адамдықты әрі адалдықты сақтау.
- Алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап жүргендерге қандай пайдалы кеңестер бересіз?
- Бұл кәсіппен жеті рет ойланып барып, айналысу керек. Өйткені осы кәсіптің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Малда – тіл жоқ. Сондықтан оның жағдайы қандай екенін біліп отыру қабілеті адамға жылдар бойы тәжірибемен жинақталады. Мәселен, биыл ауа райының қолайсыздығынан шөп нашар шығып жатыр. Мұндай жағдайға шаруа қожалығының басшысы ертерек қамдану қажет. Өздеріңіз байқағандай, барлығы өз уақытымен болуға тиіс. Адам кез келген жағдайға дайын болу керек. Бұл кәсіпте аптап ыстықта, не ызғарлы аязда болсын, яғни малдың соңында қысы-жазы жүресіз. Сондағы мақсат – кәсіп алға басу. Бір айта кетерлігі, мұнда біреуге сенім артып отырмау қажет. Керісінше, алдыңғы шепте өзіңіз жүруіңіз тиіс. Ең бастысы, бұл кәсіппен айналысатын адамның алға қойған мақсаттары айқын болуы керек.
- Мақсат деп отырсыз... жалпы қазіргі таңда кәсіпкердің мақсаты қандай болуға тиіс?
- Бес саусақ бірдей емес! Біреу тез байысам дейді. Кейбіреу табысына қызығып бұл салаға бет бұрады. Ал басқа біреу бүкіл өмірін арнайды. Негізінен, бұл кәсіппен малды жақсы көретін және оның ішкі жай-күйін білетін адам айналысады ғой. Менің мақсатым – мал шаруашылығымен айналысу арқылы бала-шағама табиғи өнім ұсыну. Мысалы, малдардан таза өнім алатыныма сенімдімін. Өйткені олар табиғат аясында емін-еркін жүріп, семірген. Екіншіден, бұл кәсіппен айналысу арқылы айналамдағы туған-туыс, дос-жараңға үлгі-өнеге болу. Үшіншіден, көкпарға қатысамын. Ұлттық спорттың бұл түрі – ата-бабамымыздан қалған асыл мұра. Ілгеріде айтқанымдай, ес білгелі ат құлағында ойнадым. Бабадан қалған мирасты ары қарай жалғастыру әрі көпшілікке дәріптеу – мақсатым. Көкпар – біздің қазақилығымыздың айғағы. Елімізде өтетін көкпар бәйгесіне қатысып тұрамын, жылқыны баптаймын. Атқа мінген қазақ азат әрі ғажап сезімде болады дейді. Сондай-ақ кейбір жандар мал шаруашылығымен айналысқанымызды көріп, бізге қарап бой түзеп жатады. Сол кезде ішкі жан дүнием керемет сезімге бөленеді.
- Кәсіпкерге қажет басты қасиеттер қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Ол – табандылық, шыдамдылық және қайрат. Сондай-ақ, кәсіпкер төзімді болуы керек. Өйткені бүгінгі таңда кәсіппен айналысып жатқандар өте көп. Ал оның шарықтау шегіне жететіндер аз. Сондықтан «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, ерінбей еңбек ету өте маңызды.