Есілдің орта ағысында, қазіргі Ақмола облысының аумағында біз бірнеше ортағасырлық қалашықтардың орнын таптық. Олардың ішінде бұрын тарихи жазбаларға түскендері де, болмаса еш деректерде аталмайтыны да бар. Орманбет қалашығы қазақ шежіресінде «Орманбет тамы» деген атаумен кездеседі, қазіргі ғылыми әдебиет ережелеріне сәйкес біз оны «Орманбет қалашығы» деп атауды ұйғардық. Жалпы «там» сөзі көне қазақ тілінде шатыры жоқ, төбесі жадағай тұрғын үй мағынасында қолданылады. Орманбет аты да әртүрлі вариантта кездеседі, мысалы Ормамбет, біз М.-Ж.Көпейұлы жазбаларына сүйеніп Орманбет вариантын қабылдадық.
Ә.Х.Марғұлан Орманбет қалашығын Ақ Орда мен Алтын Орданы қоса билеген атақты Орыс (Ұрыс, Ырыс т.б.) ханмен байланыстырады: «В архиве И.Фалька обнаружены чертежи и рисунки безымянных городищ на р.Ишим, сделанные Х.Барданесом в 60-х годах ХУІІІ века.Одно из городищ довольн обширное (342х159 м) с остатками угловых башен, ориентированных по сторонам света. Высота вала 2,8 м. Городище отмечено недалеко от впадения р.Терсаккана в р.Ишим. По казахским преданиям, в этом месте находятся развалины города под названием Урмамбет, построенного Урусханом (Урмамбет-одно из имен Урус хана). Там имеется и старый олвянный рудник» (Маргулан,1978.19-б.).
Ә.Х.Марғұлан Орманбет қалашығы туралы XVІІІ ғасыр деректеріне сүйеніп жазғанмен, өкінішке орай, ол жерде болмағанға ұқсайды. Егер ұлы ғалым Есілдің осы Атбасар-Жарқайың тұсында болған болса, бүгінгі күні біздің қолымызда ол екі ортадағы қалашықтардың сипаттамасы толығырақ болар еді. Дегенмен біз үшін Ә.Х.Марғұланның қазақ аңыздарына ұлы билеуші ретінде енген Орманбетті Алтын Орда заманында Ұлы далаға үкім айтқан, империяны сақтау үшін бірнеше ауыр қадамдарға барған, қазақ хандарының атасы Орыс ханмен шендестіруін біз қабылдаймыз.
Орыс-Ормамбет туралы әңгіме
Орыс ханның өмір сүрген жылдары нақты белгісіз, шамамен 1360-70-ші жылдар. Бердібектен кейін өз ара қырық пышақ болғанда Орыс хан Сайын тағына, Еуразия көшпелілерінің соңғы империясы Алтын Орданың алтын тағына бірнеше жыл отырды. Бұл кезеңде орталық билік қарамағынан қият Исатай бектің ұлы Жырқұтлы кетіп қалып еді. Қадырғали бек «Жамиғ-ат тауарих» кітабында Орыс ханның бұлғақты (сепаратизм) тоқтатпақ болып Қият Исатай бидің ұлы Жырқұтлыны, Едігенің әкесі Құтлы қияны өлтіретінін баяндайды (Қадырғали Жалайыр, 1997, 114, 117 бб.).
Қазақ шежіресінде Орыс хан туралы деректер аз емес. Соның ішіндегі маңыздысының бірі Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» кітабында кездеседі. Шежіреші былай дейді «Төрелердің атасы туралы көп сөз болып, соның лайықтырағын келтірдім: негізіміз Шыңғыстан Орысханға тоқтайды, одан арғысын анық блімеймін деген айтушы адам. Орысхан ұлы Жыңхан, ұлы Бадақұл хан, Барақ хан, ұлы Жәнтекей хан, ұлы Жәдік хан, ұлы Сығай хан, ұлы Есім хан- бір әйелден. Есім хан ұзын бойлы, денелі кісі болған соң «Еңсегей бойлы ер Есім» деп дәрәптеледі екен. Орыс ханның қызық туы осының қолында қалған» (Халид, 1992, 103 б.).
Бұл шежіре жазбада бірталай қателіктер де бар, дегенмен маңыздысы Қазақ хандығының негізгі туы- қызыл тудың Орыс ханнан қалғандығы. Бұл туды Түркістанда соңғы сақтаған қасиетті қаладағы Қазақ хандығының алтын тағында 30 жыл билік құрған, үш жүзге, қырғыз, қарақалпақ, құрамаға бірдей үкімі жүрген Әбілмәмбет хан. Бұл ту Әбілмәмбеттен оның кенже баласы Әбілпейізге өткен болуы керек. Себебі Әлихан Бөкейханов «Әбілмәмбеттің кенже үйі - қарашаңырағы Шұбартау елінде, Күнгей Саяқта» дейді (Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі, 2015, 302 б.).
Қазақ арасында Орманбет ханға қатысты айтылған біраз сөздер бар, олардың ішінде «Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде, Ордың Қара ағашы жанғанда» деп басталатын «Ел айрылған» жырлары көпшілікке белгілі. «Қырымның қырық батыры» жырлар жинағына кіретін «Ер Шора» жыры «Алаш-алаш болғанда, ала тай ат болғанда, Орманбет хан өлгенде, Қазан қаласында қырық мың үйлі тамада төрт түлігі сай болған Нәрікбай деген бай болған» деп басталады.
Олардан басқа қазақ ауыз әдебиетінде «Орманбет хан әңгімесі» деген қызықты дүние бар. Орманбет хан ел ішіне зорлық, ұрлық, өтірік кірген заманда «Қой, мен көптің аузын тия алмаспын. Онан да басымды алып қашайын» деп бір түнде ғайып болған екен дейді. Аңыз былай басталады: «Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде»-деп айтылатұғын Ормамбет Есіл, Нұра бойында «Тоғанастың тоқсан екі көлінде» жайлап, қыстап жүрген күнінде Орманбет ханның үйіне үш жаяу келіп қоныпты.
-Халифа патшасы жіберіп еді: «Үш қашқын қашты. Сол үш қашқынның барған жері құриды. Соны мұсылманның қай жұртына барып паналаса, сол орамында болған мұсылман патшалары ұстап берсін !» деп, бізді солардың соңынан қудырып жіберді,-десіпті.
Ормамбет хан:
-Біздің бұл орамға ондай жын-саяқ келген жоқ,-депті.
Сонда ол үшеуі айтыпты:
-Сіздің қол астыңыздағы жұрттан таптық, бар екен,-депті.
-Бекітіп берсеңіз, ол үш қашқынның дөкейі, аса бұзылғаны зорлық еді, онан соңғысы ұрлық еді, онан соңғысы өтірік еді. Сол үш залым сіздің қол астыңызға келіп, қорғалап, тығылған екен. Соны ұстап берсеңіз, жұртыңыз жұрт болып отырады да, оны ұстап бермесеңіз, ел-жұртыңызға бүліншілік кіреді !-депті.
Сонан соң Орманбет хан ойға түсті дейді:
-Менің бұл жұртыма мұндай жаман пиғылдар араласқан екен. Әуел ақырдан бері қарай зорлықтың, ұрлықтың, өтіріктің араласқан жері оңбаушы еді. Қой, менің көптің аузын тия алмаспын. Онан да басымды алып қашайын!-деп бір түнде ғайып болып жоғалып шыққан екен» (Көпейұлы, 2013, 11 т, 114 -б.).
Жолай келе жатып Орманбет хан бір топ баланы көреді, солардың жанына тоқтап намаз оқымақшы болып балаларға атты ұстай тұр десе олар тіл алмай, тек бір жасырақ бала ғана « әз ағаның батасын аламын» деп аттың басына ие болып тұрды дейді. Сол балаға Орманбет ханның батасы тиіп атақты Мөңке би атанған екен -мыс.
Баламен қоштасып Орманбеттің айтқан сөзі деген жыр бар:
Біздің бұл жұрт жайлады
Нұра менен Есілді,
Арқаның тарлау шөбінің
Арқасымен семірді.
...............
Бұ жерден ауар қонысы,
Бір- бір ұшар көзінен
Өн бойы Есіл , Нұраның
Малдың бір жатқан өрісі.
Өз- өзінен бүлінді
Ноғайлы мырза баласы
Күн-түн боп орыс кірісі,
Үлкені кетер көре алмай,
Бейнетті жүрер өле алмай.
Кедейліктен тентірер
Алумен тауып бере алмай !
Алдына салып желкелер
Мәскеудің казак-орысы !
Осылайша болашақты болжап бірсыпыра сөз айтқан екен, кейін Ормамбетті көрдім -білдім деген адам жоқ дейді шежіре. Тек Мөңке бидің айтуымен «Осы жерде амандасып қалдым» дегеніне сілтеп Ормамбетке там салған екен. Осылайша қазақ шежіресі Ормамбет қаласы аталатын қоныстың пайда болуын ертегіге жақын түсіндіреді. Қалай болғанда да «Ормамбет хан әңгімесі» Еуразия көшпелілерінің соңғы Империясы, соңғы Ұлық ұлысы Алтын Орданың әбден ыдырап, ел берекесі кеткен жағдайды меңзейді.
Ұлы даланың ғұлама философы, атақты жырау Асан қайғы айтты делінетін «Орманбет хан ордадан шыққан күні, Асан ата қайғырып айтыпты жыр» деген жыр жолдары да осы бұлғақ жағдайдың дәлелі. Бірнеше ұрпақтың, талай ерлердің, хандардың еңбегімен, қара терімен, қызыл қанымен құрылған империя оңайлықпен ыдырамайды. Оның келмеске кетіп бара жатқанын халқының ниетіне-пиғылын бақылап алдын ала айырған Ормамбет хан, Асан қайғы сияқты кемеңгерлер болған:
Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық-қанық емес едім,
Естігенім тақсыр-ау солай деймін.
Тегінде ноғай –қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды еткен дүбір.
Ормамбет хан ордадан шыққан күнде,
Асан ата қайғырып айтыпты жыр.
Орманбет хан ордадан қашан шықты, не себептен шықты оның бәрі де біз үшін әлі жұмбақ. Бұл оқиға Орманбет-Орыс ханның Алтын Орданың астанасы Сарайды тастап шығуымен байланысты деген пікірдеміз, яғни шамасы 1375-ші жылдары болды. Осылайша Орманбет хан бұлғаққа біржолата бет бұрған Еділ бойындағы Сарайды тастап қайтадан Есіл-Нұра аралығындағы өзінің ата қонысына келді. Орманбет ханның Бату тұқымы бірін-бірі әбден қырып-жойған Сарайда тәртіп орнатпақ болып жүргізген күресі арнайы зерттелетін тарих. Қазақ Бату тұқымының биліктен кетіп, оның орнына Орда Ежен мен Шайбан тұқымынан шыққан сұлтандарының таласуын «Нар мойыны Бердібекте үзілді» дейді. Бет-бетіне би болған өңкей қиқымның ортасында, зорлық, ұрлық, өтірік билеген елде Ормамбет хандық құра алмаған болды.
Орманбет хан өлімі туралы тарихнамада бір-біріне келе бермейтін бірнеше болжам бар. Біріншісі, жоғарыда баяндалған «Орманбет хан әңгімесі», яғни ханның зорлық, ұрлық, өтірік кірген елінен қашып, бір түнде ғайып болып жоғалып кеткені. Екіншісі Қадырғали бек жазатын «Ақыр аяғында солтүстік жақта Қыштам деген жерде дүние салды» деген мәліметі (Қадырғали, 1997, 114 б.). Бұл жер қазіргі РФ Челябинск облысы құрамындағы Кыштым деген шағын қалашыққа келеді. Шамасы Қыштам орыс тілі әсерімен Кыштым болып өзгерген, «Қыштам» атына қарағанда әуел баста ол жерде құрылысына қыш (керамика) араласқан бір үй ғимараты болса керек. Үшіншісі, атақты ортағасырлық шежіреші Өтеміс қажының «Шыңғыс –наме» кітабында айтылатын оқиға. Орыс хан Есіл –Нұра бойын жайлап жүргенде, шежіреде «хан жайлау» делінеді. Тоқтамыс оғлан өзінің атсасының елі болған шырын, барын, арғын, қыпшақтың біраз елін соңынан ертіп Еділ дариясына қарай қашады. Қашқан елдің соңынан Орыс хан екі-үш жүздей жігітпен қуады да түнг шайқастың кезінде қайтыс болады: «Қайтыб уруш йәрінге кәлділер. Ханның өлүкін табдылар. Філһал ханның мәййітін алыб қайта әвләрігә качдылар. Урус ханның өлгенінің кәйфійәті бу әрді» (Утемиш- хаджи, 1992, 142-143 бб.). Соңғы дерекке қарағанда Орыс хан Сарыарқа жерінде жерленген сияқты. Анығын Алла біледі, әрине!
Орманбет ханның қонысы
Орманбет ханның қонысы М.Ж.Көпейұлы жазбасындағы «Орманбет Есіл, Нұра бойында «Тоғанастың тоқсан екі көлінде» жайлап, қыстап жүрген күнінде» деген мәліметтерге қарағанда Есіл-Нұра арасы. Бір есте болатын жағдай «Есіл-Нұра арасы» деген ұғым ұлан -байтақ жерді, сонау Ібір-Сібірден бастап Қорғалжынға дейінгі өлкені түгел қамтиды. Осынау ғажап өлкенің түп қазығы қазіргі Ақмола облысы, ішінәра Солтүстік Қазақстан және Павлодар аймақтары. Неге десеңіз Орыс хан атымен байланысты ескерткіштер тек Атбасар маңында ғана емес, одан бірталай алыс Сілеті мен Өлеңті бойында да бар.
Солардың бірі Сілеті өзенінің төменгі ағысында орналасқан «Орыс қорасы» деген қалашық. Біз 2007 жылғы экспедициялық зерттеулеріміздің кезінде ол жерде де қызыл кірпіштен көтерілген ескі құрылыстың орнын, оны жағалай қазылған орды т.б. ескерткіштерді таптық. «Орыс қорасымен» қатар Сырлытам, Қызыл оба сияқты оғыз-қыпшақ және Алтын Орда дәуірлерінің ескерткіштері де бар.
Орыс ханға қатысты ескерткіштер Арқаның атықты өзендерінің бірі Шідерті бойында да табылады. Оның бір дәлелі М-Ж.Көпейұлының шежіре жинағында айтылатын «Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген жер Ноғайлардың хандарының орда қылып, тақ орнатқан жері. Орманбет хан сол жерге тақ орнатқан екен деседі. Ол уақытта ноғайлының байлығы да сондай болыпты. Бір күнде қырық саба, елу саба қымыз толтыратұғын үйлер болыпты. Сол Орманбет: Адам -баласы, жер- анасы. Ана емшегін ембей, асқа жарымайды ! -деп халқына егін салуды машық қылдырыпты... Ноғайлының байлықтан асып-тасқандығы сондай: «Қымыз өзені деген өзен ағызамыз!» деп , Көкшетау, Қызылжар жақта «Қылшақты» деген өзенді қазып, өзен қылып қымыз құйған екен...» дейтін мәліметтер (Көпейұлы, 8 т, 2013, 278-279 бб). Бұл мәліметті тәпсірлесек Орманбет хан Сарыарқа жерінде тек қана тақ құрып билік жүргізгеннен басқа елін берекелі шаруашылыққа баулыған, өзінен кейінгі ұрпаққа ұлағат сөз және үлгі қалдырған реформатор, мәдени қаһарман.
Енді Атбасар маңындағы «Орманбет тамы» аталатын ортағасырлық ескерткішке келейік. Атбасардан Есілді бойлай Қимаға қарай баратын тас жолмен жолмен жүрсеңіз сол қапталыңыздан Сергеев, онан кейін Самар (қазақ заманындағы атауы - Жайлыбай ауылы) селолары кездеседі. Орманбет тамы осы екі ауылдың ортасында, Есілдің оң жағалауына салынған.
Бұл қалашықтың қорғанының ауданы бірталай, қалашықтың бекініс қабырғалары жойылғанмен, оның орнында толып жатқан үйінділер жатыр. Ескерткіш әбден мүжіліп, тозып біткендіктен ондағы байырғы құрылыс орындарын айыру қиын. Әр жерден таспен шегенделген құдық орындары мен үйлердің ірге тасы кездеседі. Патша заманында қалашықтың орналасқан жеріне қызығып бұл жерде сауда және почта қатынасына қажетті пикет (бекет) салынған. Оның басты себебі Орманбет солтүстік пен оңтүстік арасындағы меридиан сауда жолының бойында орналасқан. Бұл жер әуелден, Орманбет ханға дейін-ақ сауда жолындағы керуен сарайлы бекет қызметін атқарған. Осы қалашықтың орнына ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары бекет орнаса, кейіннен кейін келе қарашекпендердің Дмитриевка деген поселкесі салынды. Тың көтеру кезінде үкімет бар көңілді Сергеевкаға бөліп, Орманбет қалашығының қорған тасына дейін бұзып алып совхоз орталығына тасыған. Жалғыз қалашық емес, осы маңайдағы оғыз-қыпшақ дәуірінің тас обаларының да, олардың жанындағы сынтастардың да көзі жойылды. Осылайша бүгінгі күні Орманбет иесіз қалды.
Бірақ осы бір ескерткіштің орналасқан жері, оның стратегиялық маңызы біздің жерімізді ертеде мекендеген ата-бабаларымыздың назарын қашанда өзіне аударып отырғаны анық. Біріншіден, бұл жер Терісаққан бойымен жүретін сауда жолы тармағына жақын. Екіншіден, Есілдің батысқа қарай ағып келіп жалт етіп солтүстікке бұрылатын жері, яғни түбек, табиғи қорған. Бұл жерде де үлкен ордың ізі көрінеді. Үшіншіден, Орманбет қалашығы Еділ мен Жайыққа иек артуға ыңғайлы жер, Сарыарқаның күнбатыс қабағы. Осы факторларды есептей келе Орманбет қалашығы атақты Орыс ханның негізгі ордасы деген пікірге әбден қосылуға болады.
Қалашықтың сипаттамасы
Ресей академиялық экспедициясының құрамында болған грек оқымыстысы Христофор .Барданестің ХVІІІ ғасырдың 60-шы жылдарындағы Есіл (Ишим) бойындағы тарихи жәдігерліктерді сипаттаған жазбасына көңіл аударсақ Орманбет тым шағын қалашық емес. Оның бекініс қабырғаларының ұзындығы 342х159 м, яғни Орманбет қарасуының жағасында тік төртбұрышты төрткүл сипатты ірі қалашық болған. Қалашықтың бұрыштарында қарауыл қарайтын биік мұнаралары бар, Ә.Х.Марғұланның жазуына қарағанда олар дүниенің төрт құбылысына қарай ыңғайланған. Мысалы бір бұрышы солтүстікке қараса, екіншісі оңтүстікке, басқа бұрыштары батыс пен шығысқа қарайды. Бекініс қорғанының биіктігі 2,8 м.
Мен Орманбет қалашығының орнына алғаш рет 2009 жылы, жаныма белгілі археолог Д.Талеевті ертіп бардым. Орманбет аталатын қоныс Атбасардан оңтүстікке қарай 20 шақырымдай жерде. Атбасардан Қима жолына түссеңіз алдымен Сергеевка, одан кейін Самар ауылына жете бере солға қарай, күре жолдан 200 метрде кездеседі. Ерте заманда Орманбет қалашығынан керуендер Жаркөлді жағалап Үкіге, одан Шұрымсайға, одан Терісаққанға, одан Арғанаты арқылы Ұлытауға, одан Сарысуды бойлап Бетпақтың шөлінен асып Түркістанға өтеді. Қалашық Терісаққаның төменгі ағысына әжептеуір жақын, шамамен 50-60 шақырымдай. Орманбет маңында бұл қалашықтан кішілеу қамалдер мен қалашықтар кездеседі. Сонымен бірге Қима жолының бойында, Сергеевка маңынды ерте көшпелілердің қорған-обалары бар.
Орманбет қалашығының қазіргі уақытта ұзындығы мен енін анықтаудың өзі қиын, әбден адам аяғы басып, әр түрлі шаруашылық жұмыстарымен тегістеп тастаған.
Қорытынды
-Міне, біз Сарыарқаның тек бір ескерткіші туралы шежіреден қаншама қызықты мәлімет алып отырмыз. Егер зерттеушілердің бәрі осылай ізденсе ортағасырлар туралы қаншама дерек шығар еді. Бұл бізді шынайы тарихқа алып баратын, сол арқылы ата -баба жолын толық түсінуге бастайтын негізгі жол. Шежіреге қарағанда Есіл, Нұра арасындағы қалашықтар мен егіндік жерлер, арықтар мен қолөнер орталықтарының бастауы Оғыз қағанмен, ал соңғы кезеңі Орыс хан тұлғасымен, яғни Ақ Орда тарихымен байланысты. Қалай болғанда да қазақ шежіресі орта ғасырларға қатысты кейбір деректерді терең интерпретациялау қажет екенін дәлелдейді.
Әдебиет:
Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі. Астана «Ғылым» баспасы, 2015,
Көпейұлы М.Ж.Шығармалары. 1-20 т. Павлодар, «ЭКО», 2013.
Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы, «Қазақстан», 1997,
А.Маргулан. Остатки оседлых послений в Центральном Казахстане//Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата, «Наука»,1978