Күндерек. 20 қыркүйек - әлем және Қазақстан тарихында
19.09.2023 686

20 қыркүйек - Григориан жылнамасының 263-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.


20 қыркүйекте дүниеге келген танымал тұлғалар

Жұмақан Маусымбайұлы Күдерин – қазақтан шыққан алғашқы биолог ғалымдардың бірі. Қоғам қайраткері. Ол 1891 жылы 20 қыркүйекте қазіргі Абай облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген. Алдымен туған өңіріндегі ауыл мектебінде білім алады. Кейін Қапалдағы ауыл шаруашылығы мектебін бітіреді. 1918 жылы Лепсі қаласының кеңестеріне делегат болады. Лепсі қаласында жер комиссары қызметінде атқарады. 

1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, Жұмақан Күдериннің тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың отбасы еліне қайтып оралды. Сондай-ақ 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індеті кезінде Күдеринде жұмыс атқарып, халыққа індетке қарсы емдеу жұмыстарын жүргізді. Қоғам қайраткері, ғалым Күдерин Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1930 жылы өзінің туған күнінде тұтқындалып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылады. Бес жылдай тұтқында болып, 1935 жылы босап шығады. Алматыға оралып, Қазақ КСР-і Жер халкомының Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болып қызметтер атқарған. 

Советтік-сталиндік режим кезінде жазықсыз тұтқынға алынып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1990 жылы маусымда ақталып, Жұмақан Күдерин есімі қазақ ғылымына қайта оралды. Ғалымның  «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» деген этнографиялық еңбектері, «Ботаника», «Кендір» тағы басқа биологиялық зерттеулері қазақ ғылымындағы сүбелі еңбектердің бірі. Алматы қаласында Жұмақан Күдерин есімімен аталған көше бар. 

Қалдыбек Сәбденұлы Сәбденов – ғалым, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Құрмет орденінің иегері, Алматы облысының және Жаңа қала ауданының (Батыс Қазақстан облысы) құрметті азаматы. 

Қалдыбек Сәбденұлы 1932 жылы 20 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының бас малдәрігері болып бастаған. 1959–1968 жылдары Батыс Қазақстан облысы ауылы шаруашылық саласында басшы қызметте болды. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бөлім бастығы, директор, Алматы облысы ауылы шаруашылық басқарма бастығының бірінші орынбасары, басқарма бастығы, Қазақстан Компартиясының Алматы облыстық комитетінің хатшысы, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректоры қызметтерін абыройлы атқарған. 

Жаратылыстану ғылымдары академиясының, халықараралық жоғары мектептер академиясының академигі. КСРО өнертапқышы. Атақты ғалымның 160-тан астам ғылым еңбектері,  5 монографиялық, 6 оқулық пен оқу құралдары жарық көрген. 

Нұрғали Нығметұлы Хамитов - қаржыгер. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. 1936 жылы 20 қыркүйекте Алматы облысы, Панфилов ауданны, Жаркент қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ экономика университетін тәмамдаған. Әр жылдары Алматы облысында банкте, қаржы бөлімінде, «Казгипропищепром» институтында аға экономист, Қазақстан ғылым академиясының Экономика институтында ғылыми қызметкер, Қазақ экономика университетінде кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ғалымның 100-ден астам ғылыми жарияланымы мен 16 монографиясы жарық көрген. «Экономический механизм инновационного процесса в основном звене производства» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.

Байдеш Әбішев – ғалым, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1940 жылы 20 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Абай кеңшарында дүниеге келген. Алматы қаласындағы қазіргі ҚазҰАУ бітірген. Еңбек жолын Қазақстан ғылым академиясының «Экспериментальдық биология институтында» аспирант болып бастаған. Кейіннен аталған институттың ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі болып қызметтер атқарды. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мал селекциясы мен генетикасына арналған. Түраралық будандастыру әдісі арқылы алынған Қазақтың арқар-меринос биязы жүнді қой тұқымын сұрыптау жұмыстарының авторы. Ғалымның 150-ден астам ғылыми еңбегі және 1 монографиясы жарық көрген.

Қасымхан Сейітханұлы Бегманов – ақын, Қазақстан жастар одағы сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары.  Ақын 1958 жылы 20 қыркүйекте Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласына қарасты Бабайқорған орта мектебін тәмамдап, Алматы қаласындағы қазіргі ҚазҰТУ-ін машина жасау мамандығы бойынша бітірген. Бұрынғы Шымкент облысы атқару кабинетінде жауапты қызметтер атқарған. Түркістан қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан үкіметі Премьер-министрінің кеңсесінде бас маман, референт, аға референты, Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми-зертхана институты директорының орынбасары, Тұран Әлем Банктің баспасөз қызметіндегі жетекшісі, республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 

Қасымхан Сейітханұлы  Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының  бас жүлдегері, Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының бірінші орын иегері. Түркістан, Кентау  қалаларының құрметті азаматы. Тұңғыш жыр кітабы «Бастау» деген атпен студент кезінде «Жалын» баспасынан шыққан. «Жазушы» баспасынан «Қарашық» (1990ж.), «Бесіктен бейітке дейін» (1997ж.), «Өлке» баспасынан «Сағыныш» (2000ж.), «Ол көктем оралмайды» (2006ж.), «Атамұра» баспасынан «Менің Түркістаным» (2008ж.).  «Ұшпақ» баспасынан (2008ж.) екі томдық таңдамалы кітаптары жарық көрген. «Қайнар» баспасынан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010ж.), 2014 жылы «Дәстүр» баспасынан «Күреңбел»  жыр жинағы шықты. Қырғызстанның «Улуу Тоолор» баспасынан 2017 жылы «Гүл көктем» деген атпен  қырғыз тіліндегі жыр кітабы қырғыз ақыны Марқабай Ааматовтың аудармасымен жарық көрді. 2017 жылы «Күреңбел» кітабы Татарстанның «Илһам  нәшрияты» атты баспасынан ақын Рафис Құрбанның аудармасымен татар тілінде жарық көрген. ХХХVII халықаралық поэзия конгресінің аясында моңғол тілінде «Алаш орда гэрээслэл» атты кітабы шығып, «Word poetry 2017» атты ағылшын тіліндегі антологияға өлеңдері енген. 

Бір поэмасы мен бірнеше өлеңдері Ресейдің белгілі ақыны Михаил Синельниковтің аудармасымен «Семиречье» атты кітабына шыққан. Өзбекстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, жазушы Насыр Фазыловтың алғы сөзімен, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзафар Ахматтың аудармасымен Ташкент  шаһарында «Әдебиет ұшқындары»  баспасынан 2017 жылы «Саогинич» деген атпен жыр кітабы өзбек тілінде жарық көрді.

Сонымен қатар «Дәстүр» баспасынан  «Этнографпен әңгіме» (бірінші басылым) (2010), «Салты мықтының – халқы мықты» (екінші басылым, 2011) «Өлке» баспасынан жарық көрді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық бірінші рет (2012), мемлекттік бағдарлама бойынша екінші рет (2013) көлемді тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрді. 2017 жылы "Дәстүр: кеше, бүгін, ертең" атты төрт томдық кітабы шықты. 

«Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі  фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген. 

Елге кең тараған көптеген ән-өлеңдерінің авторы. Шығармашылық өмірбаяны ұлттық және қазақ әдебиеті энциклопедияларында, топтама жырлары қазақ поэзиясының антологиясында жарық көрген. Ақын өлеңдері сондай-ақ, орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енген. 

Ғани Әбдуалиұлы Құлжанов – актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері. Танымал кино және театр актері Ғани Әбдуалиұлы 1965 жылы 20 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін,  1987 - 1991 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан бастаған.  2007 жылы Астана қаласының әкімдігінің шақыртуымен Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына актер ретінде қабылданды. Сол жылы Астана қаласындағы Жастар театрына директорлық қызыметіне тағайындалды.  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» қойылымындағы Айбар ролін, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» Гортензио, Ж.Аймауытовың «Ақбілегінде» Мұсабай, Ә.Кекілбаевың «Абылайханында» Әбілмансұр, Г.Гауптманның, «Ымырттағы махаббат» спектаклінде Э.Кламрот, Ысқақов пен Шахимарденнің «Қазақтарындағы» Қасымхан, Д.Исабековтың «Әпкесінде» Омар, Қ. Аширдың «Қабыл адам Ата перзенті» спектаклінде Абыл бейнелерін сомдады.

Ғани Құлжанов «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм» киностудияларында киноға түсіп, көптеген бейне сомдады. «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке» фильмдеріндегі Жохангир, Диас рөльдері көпшілік қауымның көңілінен шықты.

Гастрольдік сапармен Иран, Өзбекстан, Ресей елдерінде және Қазақстанның барлық облыстарында болып, өнер көрсеткен.

20 қыркүйек - әлемде

20 қыркүйек - Дүниежүзілік күріш күні. Бүгін әлемде күріш күні аталып өтіледі. Бұл атаулы күнді Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен.  Күріш жер планетасының барлық елдеріне ең танымал дәнді дақылдардың бірі болып табылады. Бүгінде таңда дүние жүзінің көптеген елдері күріштен түрлі тағам өнімдерін әзірлейді. Бұл мереке шынымен де бүкіл әлемде, өйткені күріш Жер планетасының барлық континенттеріндегі ең танымал дәнді дақылдардың бірі болып табылады. Әр елдің ұлттық тағамдарында күрішті қолданатын әртүрлі тағам рецептері бар. Күріш күні мерекеден гөрі әлемде миллиондаған адамның аш жүргенін, оларды өлімнен күріш  — нәрлі, арзан азық құтқарып жүргенін еске салатын күн. Көптеген университет пен мектепте бұл күні түрлі акциялар өткізіледі, оқушылар күні бойы тек күріш қана жейді. Осылайша, олар күнде тек қана бір тамақ жеудің не екенін сезінеді.

Бұл дәнді дақылдың ұзақ тарихы бар.   Археологиялық мәліметтерге сүйенетін болсақ, күрішті 7 мың жылдан астам уақыт бұрын өсірген. Қай ел күріштің отаны болғаны белгісіз. Бірақ Шығыс Азияда алғаш өсіріле бастағаны анық.  Парсы елі күрішті алғаш әлем елдеріне тасылмадаушы мемлекет болды.  Парсылардың арқасында ол Африкаға одан әрі Еуропа мен әлемнің басқа елдеріне жетіп отырды. Бүгінгі таңда күрішті дақылдардың 20-ға жуық түрі бар. Негізгі өндіруші мемлекеттері қатарына Қытай, Үндістан, Бангладеш, Индонезия, Вьетнам және Таиланд кіреді. Олар әлемдегі күріш өнімінің 75% - дан астамын басқа елдерге жеткізеді.

20 қыркүйек - Әзербайжанда мұнайшылар күні. 2001 жылы 16 тамызда Әзірбайжан Президентінің жарлығымен мұнай өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі белгіленді. Осылайша жыл сайын 20 қыркүйекте Әзербайжанда мұнайшылар күні тойланады. Атаулы күн маңызды тарихи оқиғаға орайластырылған. 1994 жылғы 20 қыркүйекте Бакудегі «Гүлистан» сарайында Каспийдің Әзірбайжан секторындағы «Әзіри», «Чыраг», «Гүнешли» терең су кен орындарын игеруге қатысты «өнімді үлестік бөлу туралы»  келісім жасалды. Тарихи, саяси және халықаралық маңызы бар келісім «ғасыр келісімшарты» деп аталды.  

«Ғасыр келісімшарты» көмірсутек қорларының саны бойынша да, инвестициялар көлемі бойынша да ең ірі келісімдер тізіміне енді. Ол жүзеге асырылғаннан бері Әзірбайжан экономикасында үлкен жұмыстар атқарылып,  ең алдымен, 1995 жылы халықаралық стандарттарға сәйкес алғашқы мұнай өндіру жобасы аясында Чыраг-1 платформасы қалпына келтірілді.  1999 жылы Ыстамбұлда (Түркия) өткен ЕҚЫҰ саммитінде АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан және Түрікменстан Президенттері Баку — Тбилиси — Джейхан (БТД) «негізгі экспорттық мұнай құбырын» салу туралы мемлекетаралық келісімге қол қойды.

20 қыркүйек – Қырғызстанда кәсіпкерлері күні. Жыл сайын 20 қыркүйекте Қырғызстанда кәсіпкерлер күні мерекеленеді. Кәсіби мереке республика Үкіметінің 2000 жылғы 20 қазандағы қаулысымен белгіленіп, кәсіпкерлікті прогрестің басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде дамытудың маңыздылығы мен маңыздылығын ескере отырып және Қырғызстан кәсіпкерлерінің I съезінің қарарын қолдай отырып, кәсіпкерлердің республика экономикасына қосқан елеулі үлесін мойындады. Дәстүр бойынша, осы күнге дейін әр түрлі қалаларда кәсіпкерлер бизнесті жүргізу мәселелеріне байланысты түрлі тақырыптық іс-шаралар (семинарлар, конференциялар, көрмелер), сондай-ақ мерекелік мерекелер ұйымдастырады.

Тәуелсіздік жылдарында Қырғызстанда терең әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу нәтижесінде қуатты қоғамдық-саяси күш болып табылатын отандық кәсіпкерлік қалыптасты. 2002 жылғы 25 қарашада Қырғыз Республикасының Президенті А. Ақаев "Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Кеңес туралы"Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат келісілген саясатты жүргізуді қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы қатынастарды реттеу, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау тетігін жетілдіру мақсатында қабылданды.

Жарлыққа сәйкес, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңес қолайлы жағдайлар жасау және кәсіпкерлікті дамыту мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ, Кеңес Қырғызстан кәсіпкерлерінің республикалық конференцияларының міндеттерін іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде.