ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Ақмола
07.05.2018 2128
Мақалада соғыстың алдында және кейінгі жылдардағы Ақмола жағдайы, мұнда құрылған дивизиялар мен олардың майдандағы ерліктері, еңбек ардагерлерінің қыруар көмегі, т.б. нақты деректермен жазылған

Қала соғыс жылдарының алдында

1939 жылы облыс орталығы болған Ақмолада 32 мыңдай тұрғын тұрды. Ақмола қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуы жаңа мүмкіндіктер мен көріністерге жол ашты. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында қала өнеркәсіп орталығына айнала бастады. Мұнда 41 кәсіпорын, оның ішінде: бір электрстанция, пима басатын зауыт, бетон зауыты, промкомбинат, баспахана, ағаш зауыты, диірмендер, т.б. Жалпы жұмысшы саны 800-ге жуық адамды құрады. Қалада 260 орындық 2 емхана, аналар босанатын үй мен жедел дәрігерлік көмек станциясы жұмыс істеді.

1940 жылы облыстық орыс совет-колхоз театры ашылды. Қала билігінің мәліметтерінше, осы уақытта қалада сауатсыздық толығымен жойылған.

 

Ақмола соғыс жылдарында

Соғыс жылдары қала билігі әскер жасындағы ер адамдардың толық мәліметін жасап, әскери бөлімдерді құру, біріктіру мен орналастыру мәселесін қолға алды. Жалпы тәртіппен соғыс үшін және жаудан қорғану мақсатында адамдар резервін дайындады. 1945 жылы Ақмолада әуе шабуылына қарсы және химиялық шабуылдарға қарсы қорғаныс жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілді. ӘШҚҚМ-нің (Әуе шабуылынан қарсы қорғану министрлігі – авт.) штабы құрылды және өзін-өзі қорғаушылар тобы жасақталды. Қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін карточка жүйесі енгізілді.

Соғыс жылдарында қалада ірі зауыттардың қатарында Насос зауыты мен «Казсельмаш» пайда болды. Соғыстың аяғында қаладағы жұмысшылар саны 3 мың адамға өсті. Қаладағы тұрғындардың өсуі: 1945 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша мұнда 80,5 мың адам тұрған. Қаладағы тұрғындардың өсуіне соғыс жүріп жатқан аудандардан мәжбүрлі түрде көшкен қоныс аударушылардың есебінен болды. Қалада жаппай көшет егу  қозғалысы жүріп, 29 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

1943 жылдың басында орыс-қазақ облыстық театр ашылды, бес жылдан кейін облыстық орыс драмтеатр болып өзгертіліп, қазақ тобы Қарағандыдағы қазақ облыстық театрына қосылды.

Қалаға Совет Одағының батыры облыстың тумалары сирек келетін. Бірде көп адаммен және жаппай митинг ұйымдастырылды. 1943 жылы 14 тамызда қалаға 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының құрамында соғысып, ерлік көрсеткен, Совет Одағының батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин келді. Бұл жөнінде жергілікті Ақмола газеті «Сталин туы» («Знамя Сталина» – авт.) төмендегідей жазды: «Батыр Мәліктің келген маңызды тіректерінің бірі – Ақмола».

Салтанатты митингте қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Купцов, облыстық партия комиетінің хатшысы Цветков, облыстық атқару комитетінен – Бектасов, стахановшы-жұмысшы – Альховский, облыстық комсомол ұйымының хатшысы Ташмағанбетов, пионер Айдаболов және тағы да басқа көптеген адамдар сөз сөйледі. Аталған шараның негізгі мақсаты – негізінен жас ұрпақты, оның ішінде майданға аттанушы қалалықтардың патриоттық рухын көтеру болатын. Қала қазақстандық әскери бөлімдердің құрылуында негізгі рөл атқара білді. Бұнда 310, 387, 29 атқыштар және 106 атты кавалериялық двизиялары құрылды.

 

310-атқыштар дивизиясы

1941 жылы маусымда Ақмолада 310-атқыштар двизиясы жасақталды. Оның құрамы негізінен Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарынан әскер қатарына шақырушылардан тұрды. Олар Ленинградтың іргесіндегі Синявск батпағы мен биіктерінде ерлікпен шайқасты. Қазіргі таңда осы бөлім шайқасқан жерлерде 30 жылға жуық Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Мемориалды аймақ» студенттік іздеу отряды өзінің тұрақты командирі, «комбриг» профессор М. Құсаиновтың басшылығымен жұмыс жүргізіп келеді.

Дивизияның ақырғы қалыптасуы 18-19 тамызда аяқталды. Оларды Волхов аймағына Ленинградты қорғауға жіберді. Новгородск 310-атқыштар дивизиясы Шығыс Померанияда Балтық теңізінің жағалауында соғысты. Қызыл Ту және Ленин ордендерімен марапатталған. Олар жүздеген елді мекендер мен он екі қаланы жаудан босатып алған, солардың ішінде Новгород, Гдыня, Кезлин, Шлохау, Бублиц, т.б. Он мыңға жуық жауынгер мен командирлер соғыс барысында жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды. 310-атқыштар дивизиясын әр жылдары полковниктер: Н. Замировский, М. Орлов, Н. Рогов, В. Полувешкин, Н. Кошиенколар басқарды.

 

387-атқыштар дивизиясы

 

1941 жылы тамыз айында Ақмола мен Қарағанды облыстарынан әскерге шақырылғандардан жасақталған 387-атқыштар дивизиясы құрылды. 1941 жылы 6 қарашада 387-дивизия қала көшелерімен теміржол вокзалына қарай жүріп өтті. 27 желтоқсанда бұл дивизияның бөлімдері Орлов облысының Троицкое селосының жанында фашисттермен ауыр шайқасқа түсті. 1942 жылдың басында 387-дивизияны Сталингардқа ауыстырды, Паулюс армиясын қоршаудан шығаруға көмекке келген генерал-фельдмаршал Манштейн басқарған «Дон» тобын талқандауға атсалысты. Одан кейін бұл дивизия Қырымда соғысып, Севастопольды босатқан. 1271-полктің капитаны 2-атқыштар батальонының командирі Ф.Д. Дибров Совет Одағының Батыры атағымен марапатталады.

 

29-атқыштар дивизиясы

29-атқыштар дивизиясы Ақмолада 1941 жылы 15 желтоқсанда құрылды. 1942 жылы сәуір айының басында Ақмола мен Қарағанды теміржол станцияларында 29-дивизияның бөлімдері эшелондарға отырып, Тула облысына жіберілді. 1942 жылы шілде айында дивизияны Сталинград бағытына жібереді, ол жерде бірден қала үшін шайқасқа қатысты. Дивизия немістерге қарсы төтеп беріп, әскерлері мен техникасын біраз әлсіретті. Фельдмаршал Паулюс әскерлеріне қарсы көшелердегі шайқас барысында 1943 жылы 10 мен 31 қаңтар аралығында 5200-ге жуық адамды өлтіріп, 13 мыңға жуық неміс, румын әскері мен офицерін, соның ішінде екі генералды тұтқынға алды. Сталинград қорғанысы барысындағы ерліктері үшін 29-атқыштар дивизиясы 72-гвардиялық дивизиясы болып қайта құрылды.

1943 жылы жазда бұл дивизия Белгород жанындағы Курск доғасы шайқасына қатысты. Олар Харьков, Красноград, Кировоград қалалары үшін ауыр шайқастардан өтті, сондай-ақ немістерден Румынияны, Трансильванияны, Венгрияны, Австрияны және Чехословакияны босатуға қатысты.

Өлкетанушы және соғыс ардагері А. Дубицкий өзінің «Город на Ишиме» кітабында бұл туралы былай жазды: «72-гвардиялық атқыштар дивизиясының Ұлы Отан соғысы тарихындағы ірі кезең – 1943 жылдың жазындағы Курск доғасы шайқасы. Ол жерде 72-дивизияның жауынгерлері мен командирлері табандылық пен ерлікті көрсетті. 5-нші мен 10-ншы шілде аралығында немістердің шабуылы кезінде Белгород аймағындағы қорғаныс шебінде гитлерліктерден шайқас алаңында 6985 адам өліп, 46 қиратылған танк, 30 әртүрлі калибрдегі қарулар: миномет, пулемет, автомат, винтовка, оқ-дәрілері мен басқада мүліктері жойылды».

 

106-Қазақ кавалериялық дивизиясы

Ақмола қаласында 106-Ақмола қазақ ұлттық кавалериялық дивизиясы құрылды. 1942 жылы мамыр айында ол Харьков маңында түгелдей жойылып кетті. Неміс генералы Клейст былай деп жазған: «Шайқас алаңында қаза тапқан адамдар мен жылқылардың өлі денелерінің тығыз жатқандары соншалықты, жеңіл көлік жүріп өтетін жол болмады».

Дивизия 1941 жылы 10 желтоқсанда қысқартылған штат бойынша құрастырыла бастады. Бұл бөлім Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындарынан жасақталды. Жылқылар осы өңірдегі шаруашылықтардан әкелінді.

Дивизияның күйреуіне сауатсыз басшылықтан, әлсіз ұйымдастырылған барлаудан және қару-жарақтың жетіспеушілігі әсер етті. Мысалы, 1942 жылы 15 мамырдағы бұл дивизияның 6-кавалериялық корпустың арнайы комиссиясындағы қабылдау актісінен алынған мәлімет: «Құрамы 4091 адам, 102 винтовкамен, 3100 қылышпен, 50 мм калибрлі 46 минометпен, 18 калибрлі минометпен қаруланған 3180 аты бар».

Қазір шайқас өткен жерде мемориалдық тақта орнатылған. Бұл дивизия 6-кавалериялық корпустың құрамында соғысқан. Бәрі дерлік қаза тапты. Тірі қалғандары фашисттерге тұтқынға түсіп, немістердің «Дулага-205» лагерінде отырды. Аман қалғандары советтік лагерлерінде де отырды, өздерінің ерліктері мен қасіреттері туралы айтпауға тырысты. Бұл дивизияның құжаттары қоршау кезінде тез арада жойылып кетті.

Сол кезде ауыр Харьков шайқасында ес-түссіз жоғалып кеткендерді есептемегенде 300 мыңға жуық адам қаза тапты. 250 мыңға жуық адам фашисттерге тұтқынға түсті, ал сол шайқастан 22 мыңға жуық жауынгер мен офицерлер аман қалды.

106-кавалериялық дивизияның ерлігі мен қасіреті туралы құжаттық материялдар жоқтың қасы, сондай-ақ, Мәскеу облысындағы Подольск архивінде де жоқ. Ол жерде тек құжаттардың барлығы қарсыластардың қолына түскен деген мәліметтер ғана бар... 

 

Ақмолалықтардың ақкөз ерліктері

Соғыстың барлық жылдарында майданға кеткен 9783 ақмолалықтың 7414-і қайтып келмеген. Олар соғыстың әртүрлі майдандарында ерлікпен шайқасқан. Отыз сегіз ақмолалық жауынгер Совет Одағының Батыры атағына ие болған, жетеуі үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Т.Ж. Бигелдинов (екі рет), В.К. Булавский, А.М. Герман, И.М. Льяченко және басқалар Совет Одағынынң Батыры атанған. В.С. Бабенко, А.А. Белокуров, В.А. Бовт, А.О. Сембинов және басқалар Даңқ орденінің толық кавалерлері атағын алған.

Батырлық пен ерлік көрсеткен көптеген жауынгерлер мен офицерлер ордендермен және медальдармен марапатталды. Олардың көбі соғыстан қайтып келмеді. Баренцев теңізінің суларында «Щ-401» сүңгуір қайықтың басшысы капитан-лейтенант А.Е. Моисеев екі жорықта жаудың екі кемесін батырды. Сталинград шайқасында мерген М.И. Маменов 253 солдат пен 18 неміс офицерлерін өлтірді.

1942 жылы 18 қазанда «Правда» газетінде әйгілі советтік жазушы және публицист Илья Эренбург біздің жерлестеріміздің ерліктеріне тамсанып, былай жазған: «Бір фриц (гитлерші – авт.) маған: «Бізге қарсы өте мықты жауынгерлер соғысты – оларды ешқандай оқ тоқтата алмады, олар бізге қарсы жүгіретін. Кейін маған олар қазақтар екенін айтты. Мен ондай халықтың барын да білмедім» деп айтты».

Ағылшын тілшісі, «Санди таймс» газетінің және Би-Би-Си-дің корреспондеті Александр Верт өзінің «Россия в войне 1941-45» кітабында: «Қызыл Армия қатарындағы табанды жауынгерлердің бірі қазақтар болды; жалпы соғыс барысында қазақтар өздерін жақсы жағынан көрсетті, ал Сталинградта мықты жауынгерлердің арасынан ортаазия халықтардың өкілдері – қырғыздар, қазақтар және башқұрттар болды» деп атап көрсетеді.

 

Қаланың майданға көмегі

Қаланың өнеркәсібі әскери жағдайға орай қайта құрылды. Қалаға көшірілген кәсіпорындар орналаса бастады. Соғыс жылдарында Ақмоланың өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 2,5 есеге өсті. Ақмолада советтік маңызы бар зауыттар ашылды. Олар: әйгілі «Казсельмаш» пен №317 зауыт. 1941 жылы Ақмолаға Мелитопольдан насос зауыты көшірілді. 1944 жылы 16 қалалық кәсіпорында 3000 жуық адам жұмыс істеді.

Ақмола теміржол торабының өткізу қабілеті біршама артты. Бұл жаңа жолдардың салынуы мен паровоз паркінің кеңеюінің есебінен болды. Ақмола он мыңдаған жер аударылған халықтың қабылдау орнына айналды. Қала басшылары тез арада арнайы қоныс аударылғандардың еңбектік пен шаруашылық-тұрмыстық мәселелерін шешіп, оларға жәрдемақы беріп отырды. Осыған қоса қала басшылығы ССРО-ның Еуропа бөлігінен көшірілген адамдардың орналастыру мәселесін шешті. Соғыстың бірінші жылдарында Ақола облысына 68,5 мыңға жуық адам келді, солардың көбісі кейін облыс орталығында тұрақтап қалды. Қалада арнайы қоныс аударылған поляктар көп болды, оларға мектеп пен клуб ашып берді.

Ақмола соғыс өтіп жатқан аудандардан келген, ауыр жарақат алған жауынгерлер мен офицерлердің емделетін жері болды. Ол үшін жаңа ауруханалар, соның ішінде Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған емхана салынды. Осылай қалада №1600 және №3006 екі эвакогоспиталь (эвакуациялық госпитальдар – авт.) орналасты. Кәсіби дәрігерлер мен мейірбикелердің тез араласуының арқасында жүздеген, мыңдаған жаралы Қызыл армия жауынгерлерінің өмірін сақтап қалды.

Соғыс жылдары қала тұрғындары бар күштерін майданға көмекке жұмсады. Ол үшін ел қорғаныс қорына қаражат жинады. Мысалы, танк колоннасы мен әуеэскадрильдерін құрастыруға Ақмола тұрғындары 3 млн. 719 мың рубль ақша жинады, ал ақша лотереясын 5 млн. 666 мың рубльге өткізілді. Майданға мыңдаған тонна азық-түлік пен жылы киім жіберілді. Майдангерлердің жанұялары қамқорлыққа алынды. Олардың барлығы уақытылы отын мен зейнетақыны алып отырды. Қала тұрғындары соғыс мүгедектері мен соғыста қайтыс болған жауынгердердің жанұяларына материалды және психологиялық көмек көрсетіп отырды. Еңбек армиясына Ақмола облысы 32 мыңнан астам еңбекке жарамды адамды жіберді.

Ақмола тұрғындары майданға 1039 жүк машинасын, 200-ге жуық шынжыр табанды трактор, 7,5 мың жылқы, 1000 арба, 1200-ге жуық ер-тұрман жиынтығын жіберді. Қалада Қорғаныс қоры құрылды, оған тұрғындардан 45 миллион рубль ақшалай және 187 миллион рубль займ ретінде түсті.

Осылайша қала тұрғындары майдан мен тылда жаппай ерліктің үлгілерін көрсетіп, гитлерлік Германияға қарсы ортақ жеңісті жақындатты.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор