Тұтқиылдан басталған соғыс
22.06.2018 2032
Таңғы сағат төрт шамасында Бас штаб әскери округтер мен бірлестіктер штабтарына Германияның шабуыл жасағанын айтып жеткізді. 5.45-де КСРО жетекшілер тобы И. Сталинмен кеңесу кездесуіне жиналды

1941 жылдың 22 маусымында гитлерлік Германияның КСРО шекарасында қыруар қарулы күштер, соның ішінде 3 әскер тобы – барлығы 181 дивизия, оның ішінде 19 танк пен 14 моторлы дивизия және 18 бригада шоғырланды. Бұларды 3 әуе флоты әуеден қолдады. Неміс әскерінің құрамында бас-аяғы 214 дивизиясы – 169 жаяу әскер, 21 танк, 14 моторлы, 10 корғаныс дивизиялары мен 7 жеке бригадалары болды. Неміс топтарының саны 4 306 800 адамды, танк бойынша – 4 417 (ниеттес елдердің 402 танкісімен бірге), ұшақ бойынша – 4 389 (ниеттес елдердің 964 ұшақты қоса есептегенде) адамды құрады. Германия карулы күштерінің жалпы саны 8.5 млн адамға жетті (айтқандай, кеңестік тарихнамада Мюллер-Гиллебрандтың 7,2 млн деп төмендетіп көрсетілген мәліметтері пайдаланылған). Ресейлік тарихшы Г.Ф. Кривошеевтің мәліметтеріне қарағанда, немістердің шығыстағы топтарының жалпы адам саны (Германия одақтастарының әскери бөлімдерін қосқанда) 5,5 млн. жуық жауынгер мен офицерден құралды. Басқа мәліметтер болса, мәселен, М. Мельтюхов бойынша, неміс топтарының қатарында шамамен 4,6 млн. адамды құраған.

Зерттеуде көрсетілгендей, КСРО басшылығы қасіретті уақытылы тойтара алмады. Неміс әскерлерінің баса-көктеп енуі жайлы көптеген ескертпелер елеусіз қалды. Тіпті, маршал Жуков кейін еске алып айтқандай, басшылық соғыс мамандарының әскери күштердің орнын алдын ала ауыстыру қажеттілігі туралы қабылдаудан бас тартты.

Әскери барлау мәліметтері мен У. Черчилльдің 1941 жылдың сәуір кіру туралы жазған хатынан басқа 21 маусымда кеңес шекарашыларына фельдфебелі (ұлты поляк) 22 маусым күні таң сәріде соғыс басталатынын айтқан.

Өзінің үш томдық «Естеліктері мен ойларында» маршал Георгий Жуков 1941 жылдың 21 маусымында Қорғаныс халық комиссары мен И.В. Сталинге к\қоңырау соққанын, соғыстың ықтимал басталу мерзімін айтқанын жазған.

И.В. Сталин әскери қолбасшыларының (Г.К. Жуковтың, С.К. Тимошенконың, Н.Ф. Ватутиннің) сөзін тыңдап алған соң, жағдайды «ушықтырып алмас үшін» бар болғаны «Қысқаша бұйрық» шығарып, бұйрықта арандатушылыққа жол бермеуді өтінді.

Бірақ бұйрық кешігіп шықты. Мәтіні тек 1941 жылдың 22 маусымында сағат 00.30-да аяқталған соң ғана құжат әскерлерге таратылды.

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия опасыздықпен, соғыс туралы еш жарияламастан, 1939 жылғы шабуыл жасамау туралы келісімшартты бұзып, Кеңес Одағына баса-көктеп енді. Германияның одақтастары ретінде Кеңес мемлекетіне Румыния мен Италия да қарсы аттанды. Араға бірнеше күн өткізіп, Словакия, Финляндия мен Венгрия да Кеңес Одағына соғыс жариялады. Германия сондай-ақ Болгария тарапынан да қолдауға ие болды.

Ал 3.07-де, яғни 2 сағат 23 минуттан соң, С.К. Тимошенко мен Г.К. Жуков Қаратеңіз флотының қолбасшысы, адмирал Ф.С. Октябрьскийдің неміс фашистерінің шабуыл бастағаны туралы хабарламасын алды.

Таңғы сағат төрт шамасында Бас штаб әскери округтер мен бірлестіктер штабтарына Германияның шабуыл жасағанын айтып жеткізді. 5.45-де КСРО жетекшілер тобы И. Сталинмен кеңесу кездесуіне жиналды. Осы уақытта Германияның КСРО-дағы елшісі Шуленбург В. Молотовқа герман үкіметінің КСРО-ға соғыс жариялағанын ескертті. Туындаған жағдайды кезекті келіссөздердің алғышарты деп үміттенген Молотов елшіден ауызша нотаның мәртебесін сұрап, оның ресми соғыс жариялауға ұқсамайтынын айтты. Алайда Шуленбург «менің ойымша, бұл соғыстың басталғаны» дегенді айтып, оның бар үмітін күлге айналдырды. Молотов әскердің шоғырлануы – бұл тек жазғы жаттығулардың бір бөлігі ғана дегенді текке түсіндіруге тырысты. «Соңғы минутқа дейін Германия үкіметі Кеңес үкіметіне еш наразылығын білдірмеген» деген қарсылығын айтып, Кремльдің жалпы жағдайын білдірді. Мәскеу мен Берлиндегі екі ел елшілігін көшіруді ұйымдастыру бойынша мәселеге жіті назар аудармастан Молотов: «Егер Германия келіскен уәдесінен оп-оңай бұзса, онда шабуыл жасаспау туралы келісімге неліктен қол қойды?» деген бір ғана сауалға жауап алғысы келді. Сол сәтте Шуленбург Молотовтың «қолын әдеттегі қалыппен кысып, үнсіз» қош айтысты.

Қалыптасқан жағдайды ескерген И. Сталин №2 директиваны қабылдады. Онда: 1. Әскерлер бар күш-жігері мен құралдарын жиып, жау күштеріне қарсы шабуылға шыксын және оларды кеңес шекарасын бұзған аудандарда киратсын... 2. Бомбалаушы және шабуылшы әуе күштерінің жойқын соққысымен жау әуежайларындағы әуе кемелерін талқандасын, әрі оның сенімді әскери күштерінің басты топтарының көзін жойсын...» деген сөздер ерекше атап өтілді. Алайда бұйрық ақиқаттан анағұрлым ада еді, сондықтан да орындалмай қалды.

Соғыстың алғашқы күндерінде Қызыл Армия шамамен 800 мың адамын жоғалтты. Вермахт болса, 100 мың жауынгер мен офицерлерді шығындады. Кеңестік 1200 ұшақ әуежайда тұрған қалпында іске жарамай қалды, нәтижесінде әскери бөлімдерде орналасқан әуе күштерінің 80%-ы шығынға ұшырады. Танк, артиллерия бөлімдері, әскери бөлімдердің жеке құрамы да шығындалды.

22 маусымда Кремльде өткен кеңес кезінде бірнеше маңызды шешімдер қабылданып, фашистік басқыншылыққа қарсы соғыс қимылдары басталды, ел экономикасының бейбіт қалпы соғыс қажеттіліктері үшін қайта жарақталды. Орта Азия, Забайкалье мен Қиыр Шығыстан басқа барлық әскери округтарда жаппай әскер қатарына шақыру басталды. КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі жерлерінің барлығында дерлік соғыс жағдайы орнады.

Жаудың бетін кайтару мақсатында Солтүстік, Солтүстік-Батыс, Батыс, ОңтүстікБатыс, Оңтүстік майдандары құрылды. Теңізде Солтүстік, Балтық және Қара теңіз флоты жасақталды.

Қарулы Күштерді ортақ стратегиялық басқару үшін 23 маусымда Бас Қолбасшылық ставкасы құрылды. Оның басшылығына Қорғаныс халық комиссары С. Тимошенко қойылды. Ставканың жедел органы болып Бас штаб құрылды. 941 жылдың 23-маусымында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Бас қолбасшылық ставкасын құру және әскери қызметке шақыруды өткізу туралы қаулы даындалды. Қаулыға сәйкес 14 округ бойынша 1905-1918 жылдары туылған әскери міндетті азаматтар азаматтар әскер қатарына шақырылды, елдің еуропалық бөлігінде соғыс жағдайы жарияланды. Мұнда қорғаныс, қоғамдық тәртіпті сақтау мен мемлекеттің ігін қамтамасыз етуге қатысы бар барлық мемлекеттік органдардың қызметі әскери билік иелерінің қолына өтті.

Германияның Кеңес Одағына баса-көктеп кіруі дүние жүзі бойынша болма оқиғаға айналды. Германия мен КСРО арасындағы соғыстың басталуы соғысты дәрежесін бұрын-соңды болмаған биіктерге көтерді. Өйткені Кеңес Одағының табиғи байлықтары мен демографиялық алып әлеуеті оны әлемнің ең ірі елдерінің қатарына қосқан еді.

Көптеген елдер мен үкіметтер халқы сөзсіз Кеңес Одағын жақтап шықты. АҚШ. Ұлыбритания үкіметтері КСРО-ны қолдайтынын жариялады. 22 маусым күні кеште Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчилль ағылшын халқына арнап радиодан айтқан үндеуінде: «Соңғы 25 жылда коммунизмге қарсы табанды күрес жүргізген менен асқан адам жоқ. Мен өз сөзімнің ешқайсысын жоққа шығармаймын. Бірақ қазір мұның бәрі де құлаш жайып келе жатқан оқиғалар алдында маңызын жоғалтпақ. Ресейге төніп тұрған қауіп – біз бен Құрама Штаттарға төнген қауіппен тең. Ендеше, өз үйі мен ошағын аман сақтау үшін жаумен алысқан әр орыс адамының басына түскен бүгінгі іс жер шарының кез келген бөлігін мекен еткен ерікті адам мен халықтың ортақ мақсаты деп білем» деген сөздер естілді.

У. Черчилльдің орыс халқының фашистік езгіден азаттық жолындағы күресін қолдауы саяси кайраткерлерге, мемлекет басшыларына елеулі әсер етті. У. Черчилль фашистерге қарсы одақты басқарды. Кейін одақ құрамына АҚШ-та келіп қосылды.

26 маусымда «Нью-Йорк таймс» газеті Германияның Ресейді тез жеңгені Англия үшін де, Америка үшін де апат болатынын, себебі жеңіс Германияға Құрама Штаттарға қауіп төндіру үшін мүмкіндік жасайтынын жазды. Ал кеңес тарихшыларының айтуы бойынша, АҚШ-тың Ішкі істер министрі Г. Икес 1941 жылдың 23 маусымында Ф.Рузвельтке «Егер біз соғысқа дәл қазір араласпайтын болсақ, келешекте, уақыт кезегі бізге жеткен соң дүниеде бірде-бір одақтасымыз болмай, жалғыз қалып қоямыз» деген екен.

КСРО мен Англия арасындағы одақтастық қатынастар ресми түрде 1941 жылғы 12 шілдеде қол қойылған Германияға қарсы соғыста бірлескен қимыл жасау туралы келісімшарт негізінде бекітілді. Екі ел соғыста бір-біріне көмек көрсетуге, Германиямен сепараттық шарт жасаспауға келісті. 18 шілдеде кеңес-чехословак. 30 шілдеде кеңес-поляк өзара көмек көрсету келісімдері жасалды.

1941 жылдың 2 тамызында АҚШ Кеңес Одағына соғыста экономикалық қолдау көрсетуге уағдаласты. Қараша айының басында КСРО-ға АҚШ-тың ленд-лиз заңы тарала бастады.

Сол жылдың соңғы 3 айында Англия уағдаласқан 800 ұшақтың 669, 1000 танктің 487 600 ұшақтың 330 данасын жеткізіп берді. АҚШ болса, 600 ұшақтың 204-ін, 750 танктің 182-сін жіберді.

Американың КСРО-ға жөнелткен тапсырыстарының жалпы сомасы 1941 жылдың аяғында 545 мың АҚШ долларын құрады. Алайда, кеңес зерттеушілері атап көрсеткендей, мұндай көмек жеткіліксіз болды. Бірақ келіп тұрған көмектің еш пайдасы болмаған дегенмен, келісуге болмайды. Ол Гитлерге карсы ұйымдасқан одақтың накты күшке айналғанын анық көрсетті.

Гитлерге қарсы одақтың күшеюіне, кеңестік кезең зерттеулері көрсеткендей, бірнеше іс-шаралар әсер етті. Мәселен, КСРО мен Англияның бірігіп күш салуының тижесінде Германияның Иранды, сонымен бірге басқа да мемлекеттерді, өз жағына карату әрекетіне тосқауыл қойылды, ал 1941 жылдың 29 қыркүйек – 1 қазанында Мәскеуде КСРО, АҚШ және Англия өкілдерінің қатысуымен өткен конференция шешімдері игі іске жарады: Конференция қорытындысы бойынша АҚШ соғыс мақаттары үшін Кеңес Одағына 1 млрд. доллар пайызсыз несие берді.

Аталмыш үрдістің оң факторы ретінде соғыстағы әрі 1941 жылғы 12 қыркүйектегі КСРО Декларациясында Англия мен АҚШ-тың мақсаттарын паш еткен Атлантика хартиясының жасалуы болды.

Гитлерге қарсы одақты құру үрдісіндегі маңызды оқиғалардың бірі – Кеңес Одағының басшысы генерал Шарль де Голль болған «Ерікті Франция» Ұлттық комитетін мойындауы, Вашингтон қаласында 26 мемлекет Декларациясының жасалуы болды. Құжаттың мәні – Декларацияға қол қойған барлық мемлекеттер фашистік Германиямен сепараттық бейбіт келісімін жасаспауға уәде берді. Соғыс барысында одақтастардың өз уәдесін орындағанын да атап өткен жөн: Германия билеушілерінің сепараттық келісім жүргізу әрекеттері түбірімен жойылды.

1942 жылы 26 мамырда Лондонда гитлерлік Германияға қарсы соғыстағы одақ туралы кеңес-ағылшын келісімінің, әрі 11 маусымда Вашингтонда өзара көмектесу принциптері туралы кеңес-американ келісімінің дүниеге келуі Гитлерге қарсы одақтың құрылу үдерісін аяқтап берді.

Әлемнің ірі мемлекет басшыларының КСРО-ға қолдау көрсетуі Гитлердің КСРО-ны саяси оқшаулау жоспарының күйрегендігін анықтап берді.

Ұлы Отан соғысының басталуы әлемдегі әскери-саяси жағдайды түбірімен өзертті. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың жаңа кезеңін бастап берді. Ал кеңес-герман майданы соғыстың басты әрі шешуші майданына айналды.

Ұлы Отан соғысы 4 жылға жуық уақытқа созылды, әрі, «Атлас» авторларының пікіріне қарағанда, шартты түрде 3 кезеңге бөлінді: Бірінші кезең – 1941 жылдың 22 маусымынан 1942 жылдын 18 қарашасына дейін; Екінші кезең – 1942 жылдың 19 қарашасынан 1943 жылдың аяғына дейін; Үшінші кезең – 1944 жылдың қаңтарынан 1945 жылдың 9-мамырына дейін.

Соғыстың әр кезеңінде бірнеше соғыс науқандары болды және оларда қазақстандықтар да қатысты. Қазақстандықтардың басым бөлігі майдандағы әскер қатар әскери комиссариаттар арқылы қосылды. Әрі неміс басқыншыларына қарсы алғашқы ұрыста жаумен 1939, 1940, 1941 жылдардың көктем айында әскер қатарына шақырылған жауынгерлер шайқасты. Бірақ жауынгерлердің қалың шоғыры соғыс басталғаннан кейін ғана жұмылдырылды. Бұлар 12 атқыш және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, шамамен 50 жеке полк мен әр түрлі әскер батальондары еді. Олардың ішіндегі 3 атты әскер дивизия мен 2 атқыштар бригадасы қазақтың ұлттық құрамалары түрінде жасақталды.

Кеңес адамдары соғыстың басталғанын КСРО Сыртқы істер халық комиссары В. Молотовтың 22 маусымда сағат 12-де радиодан айтқан баяндамасынан білді. Фашистік Германияның кеңес мемлекетіне шабуылы адамдардың ашу-ызасы мен наразылығын тудырды. Жиындарда, митингілерде адамдар Германияның әрекеттерін айыптаумен шектелмей, Отан қорғау үшін соғысқа аттандыруды сұрады.

1941 жылдың 22 маусымында Алматыда митинг өтті. Оған көп адам қатысты. Горький атындағы Мәдениет және демалу саябағында 25 мың Қазақстан азаматының басын біріктірген митинг ұйымдастырылды. Митингте сөз сөйлеген ҚК(б)П ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметов фашистік Германия басшылығының Кеңестер мемлекетіне тонаушылық жорығы жайлы айтты. Кеңес үкіметінің Қызыл Армияға туған жерді жаудан азат ету туралы бұйрығын естіген жиылған жұрт қуанышпен қол соғып қолдады.

Митингте қабылданған резолюцияда:

«Біз, Алматы қаласының еңбекшілері, озбыр басқыншыға қарсы Ұлы Жеңісті Отан соғысын жариялаған туған үкіметімізді толық қолдаймыз. Отанымыз өміріндегi осынау тарихи сәтте біз туған үкіметіміз бен партияның, ұлы көсем жолдас Сталиннің айналасына одан сайын тығыз топтасамыз.

Қазақстанның барлық еңбекшілерін әскерді, Әскери-Теңіз флотын, әуе кемелерін жауға қарсы соғыста барлық қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін күш-жігерлерін он еселеуге шақырамыз. Жанкешті стахановшыл еңбегіміз арқылы Отан қорғау үшін қажетті мысты, қорғасынды, нанды берейік!

Жауға еш аяныш болмасын! Қуатты Қызыл Армиямыз жасасын!

Кеңес Одағы халықтарының көсемі, үкіметіміздің басшысы, ұлы Сталин жасасын!» деп көрсетілді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2014 жылдың 9-мамырында сөйлеген сөзінде отандастардың соғысқа 1 млн 800 мың азаматы қатысқанын атап өтті. Аталған сан шындыққа жанасады. Қазақстандықтар ұлы ұрыстардың бәрінде – Мәскеу түбіндегі шайқаста, Ленинградты қорғауда, Сталинград түбіндегі неміс фашистері әскерлерін талқандауға қатысты. Олар Кавказ бен Украина үшін алысты, Курск шайқасына қатысты, Қырымды азат етті. Олардың көбі Днепрден өткені мен Кеңес Одағы жерлерін басқыншылардан азат еткені үшін соғыс марапаттарына ие болды. Қазақстан сарбаздары Еуропаны фашизмнен азат етуге көмектесті, ал 1945 жылдың мамыр айы туған кезде Жеңіс туын Рейхстаг төбесіне қондырды. Қазақстандықтар кұрлықта да, теңізде де, көкте де жаумен абыроймен шайқасты. Алайда олардың көбі ұрыс даласынан қайта оралмады. Сарбаздармен қатар тыл еңбекшілерінің, жер аударылған халық өкілдерінің де жеңіске қосқан еңбегі ерен.

 

Мақала Мемлекет тарихы институтының «Абырой мен парыз» атты тарихи-құжаттық зерттеу еңбегінен алынды.

 

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН