«Қызыл тудың» басшысы Батырбекті білеміз бе?
28.06.2018 1805
1917 жылы Ордадан шыққан «Ұран» газетінен бастау алатын Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің 1920 жылғы нұсқасы «Қызыл ту» деп аталады

Орал қаласында губерниялық «Қызыл ту» газетін алғаш құрып, аяғынан тұрғызған тұлғалардың бірі һәм бірегейі – Батырбек Әлжанов.

Батыс Қазақстан энциклопедиясында Батырбек Әлжановтың 1892 жылы Орал облысы Орал уезінің Қароба болысына қарасты Бұлақсай ауылында туғаны, Ақпан төңкерісінен соң Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, М. Ипмағамбетовтің ықпалында болып, ақ казактар мен большевиктер текетіресінің соңын баққан алмағайып кезеңде қызылдар үшін астыртын мәлімет жинау жұмысына қатысқаны айтылады. Мақала авторы Мақсат Тәж-Мұрат Б. Әлжановтың қашан қайтыс болғаны белгісіз екендігін жазады. Біз Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық департаментіне сұрау салып, департамент архивінде Батырбек Әлжановқа қатысты жеке іс (Арх. №П-00309, 6 қор – қазір бұл құжаттар Ішкі істер департаментіне берілген – Қ.Қ.) бар екенін анықтадық.

Архив құжаттарын ақтарғанда

«Әлжанов Батырбек Хайроллаұлы 1895 жылы Орал облысы Теректі ауданының Қабылтөбе ауылдық округінде туған» дейді тергеу құжатында. Тұтқынға алынған кезінде Орал қаласыныңТрудовая көшесіндегі 62 үйде тұрыпты. Батыс Қазақстан облыстық азық-түлік кәсіпорнының (облпищепром) бастығы. Роза, Мәруа, Лаура есімді үш қызы болған. 1919 жылдан ВКП(б) мүшесі. Қылмыстық істе Б. Әлжановтың «Төңкеріске дейін Батыс Алашорда үкіметінің жауы ретінде қара тізімге іліккені, партизан отрядының командирі болып, кейіннен 66 кавалериялық дивизион құрамына кіргендігі» айтылса да, «Совет үкіметіне қарсы ұлттық ұйымның белсенді мүшесі» деген айып тағылған.

Аталмыш қылмыстық істе тігілген, 1938 жылғы 27 қаңтарда алынған алғашқы тәптіште-ақ Батырбек Әлжанов өзінің «ҚКП БҚО комитетінің бұрынғы хатшысы Құрамысовтың үгітімен контрреволюциялық ұлтшыл ұйымға мүше болып кіргендігін» «мойындайды»:

«1935 жылы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі жауапты қызметімнен денсаулығыма байланысты босап, дәрігердің айтуымен туған жеріме оралдым. Келген кезде материалдық жағдайым ауыр еді. Орал облыстық партколлегияда тергеуші болдым. Бірақ туберкулез дертім асқынып, тиісті қызметімді атқара алмадым. Сондықтан Құрамысовқа жиі кіріп, материалдық жәрдем сұрап жүрдім. 1936 жылы маусымда Құрамысов мені өз пәтеріне шақырды. Менің отбасылық жағдайымды сұрап, ақырында әңгімені саяси бағытқа бұра бастады. Ауылдардың жағдайы туралы пікірімді сұрады. Мен Теректі ауданында іссапарда болған кезімде көптеген ауылдардың қирап қалғанын көргенімді айттым. «Неге бұлай болды?» деп сұрады Құрамысов. «Осының бәрі Сіздердің асыра сілтеулеріңіздің нәтижесі» дедім мен. «Жоқ, асыра сілтеп отырған біз емес, Совет билігі. Олар Қазақстанды отарлау саясатын жалғастырып, халықтың бүкіл байлығын сыртқа әкетуде» деді Құрамысов. «Қазақ ауылын қайта жаңғырту үшін басқа жол, басқа жүйе керек. Совет жүйесі біз үшін тиімсіз. Қазақ ауылдарын қайта жаңғыртып, дұрыс өмірге салу үшін Қазақстанды Совет үкіметінің құрамынан шығару жөнінде шұғыл мәселе көтеру керек. Жеке меншікті қалыптастырып, капиталистік қарым-қатынасты қалпына келтіру керек. Бұл мәселеде бізге көрші мемлекеттерден үлкен қолдау жасалады...»

Үкім және үміт

Әрине, тергеу құжаттарында жазылғанның бәріне ақиқат деп сенуге болмайды. Дегенмен, Б. Әлжановтың жауабына қарап, оның 1936 жылы партиялық үгіт-насихат жұмысына ауысып, облыстық партия комитеті жанындағы арнайы курста сабақ бергенін байқаймыз. Алғашында өзінің «антисоветтік пиғылын» мойындағанымен, 1938 жылғы 19 ақпандағы жауап алу кезінде Б. Әлжанов бұрынғы айтқандарынан бас тартады. Алайда 1938 жылдың 17 сәуірі күні оған РСФСР Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-бабының 2, 7, 8, 11 тармақтары бойынша айып тағылып, сотқа жіберіледі. Сол жылдың 13 қарашасында шыққан қаулы бойынша оны 10 жылға бас бостандығынан айыруға, 5 жыл саяси құқығын шектеуге және жеке мүлкі тәркілеуге үкім кесілген.

Алайда Батырбек Әлжанов Златоуст түрмесінде отырып КСРО Бас Прокуратурасына, КСРО Жоғарғы Сотына өзінің жазықсыз сотталғанын айтып, бірнеше мәрте шағымданған. Тергеу кезінде жіберілген жөнсіздіктер, заң бұзушылықтар жөнінде тізіп келтіреді. Сөйтіп 1940 жылдың 29 тамызы күні КСРО Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы шығарып, Әлжанов ісін қайта тергеуге жібереді. Әлжановты танитын, жұмыстас болған тұлғалар (Бикбаев Исхак, Сапараева Гатша, т.б.) Әлжанов жөнінде жағымды сипаттама берген.

Осы аралықта Магадан түрмесінен «Б. Әлжановтың түрме тәртібіне бағынбай, шу шығарып, төбелес ұйымдастырғаны үшін 2 мәрте 3 тәуліктен карцерге отырғаны» жөнінде мәлімет жетеді. Советтік бюрократияның ауыр машинасы іске қосылып болғанша түрме тозағы абзал азаматтың басын жұтып та үлгереді: 1940 жылдың 9 желтоқсаны күні Батырбек Әлжанов Севостлаг НКВД-сының лагерінде қаза табады. Сөйтіп 1941 жылғы 13 желтоқсанда Б. Әлжановтың ісіне байланысты қайта тергеу тоқтатылады.

Батырбектің сан қыры

Соңғы кездері Батырбек Әлжановтың өмірі мен қызметіне қатысты бірнеше қызықты дерекке қол жеткіздік. Соның бірі – «Қызыл ту» газетінің 1926 жылғы №3 (3 қаңтар, жұма) санындағы «Қызыл тудың» бұрынғы шығарушысы» атты мақала. Мұнда газет редакторы Рахым Сүгірұлы (бұл да кейін атылған редактор – Қ.Қ.) Батырбек Әлжанұлы туралы:

«Батырбек – «Қызыл тудың» баласы, «Қызыл тудың» басшысы. 23-інші жылдары Батырбек «Қызыл тудан» қол үзіп, Орынборға оқығалы бір қыс кетіп қалғанда, «Қызыл ту» едәуір жетімсіреп қалды. Газет сиқын бұзып ала жаздады. Ол «Қызыл туды» жанындай жақсы көретін. Оның басқармада жалғыз отырып істеген күндері де болды. Ол кез қатте 20-ншы жыл мен 25-інші жылдың арасы қазақ азаматтарының қазақ газетіне мойын бұрмайтын кезі еді. Әсіресе Орал азаматтары «Қызыл туды» газет деп есептемей, оған қол ұшын бермей жүрген.

Міне, сол уақыттарда жалғыз Батырбек бар еңбегін, жанына батқан ауруына қарамастан, ортаға тартып жүрді. Ол «Қызыл тудың» өзегі еді. ...«Қызыл тудың» бес жылдық мерекесі – Батырбектің де мерекесі. Екеуі бірге жасап келеді. Жасасын, «Қызыл ту»! Жасасын, Батырбектей қалам қайраткерлері!» – деп жазады.

Батырбек Әлжановтың Орал қаласында қазақ театр өнерінің дамуына сіңірген еңбегі де зерттеушілердің назарынан тыс қалғандай. Біздің қолымызға кездейсоқ түскен театр афишасында 1923 жылдың 15 қаңтарында Орал қаласында Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» қойылымы ұйымдастырылғаны, қоюшы режиссері Әлжанов болғаны көрсетілген.

Ақталу

1956 жылғы 13 ақпанда Батырбек Әлжановтың қызы Роза Әлжанова КПСС ХХ сиезінің делегаттарына арыз жазып, әкесінің «қылмыстық ісін» қайта қарауды сұрайды. 1956 жылы 15 маусымда Оңтүстік Орал әскери округінің (ЮЖУРВО) әскери прокуроры «Б.Х. Әлжановтың ісінде қылмыс құрамы болмағандықтан қылмыстық істі қысқарту жөнінде» қаулы шығарады.

Жоғарыдағы қылмыстық істе Б. Әлжановтың әйелі Мағира Ғұбайдоллақызы Әлжанованың 1964 жылғы 19 ақпанда Алматы қаласынан жазылған арызы да тіркелген: онда «Б. Әлжановтың ақталып, 1957 жылғы 6 наурызда партиялығы қалпына келтірілгендігі» айтылады.

Батырбекпен бірге туған Мырзабектің немересі Бейбіт Әлжанов Б. Әлжановтан Карл атты ұл қалғанын, оның фамилиясы Мұстафин болып жазылғанын, Алматы қаласында тұрып, кейіннен дүниеден өткенін айтады.

– Батырбек ағамыздың алғашқы әйелінен Роза мен Лаура атты қыз қалған. Апай қатты ауырып, дүниеден өтер кезде өзінің немере сіңлісі Мәруаға: «Батырбектің етегінен ұста, қыздарыма бас-көз бол» деп аманат айтқан көрінеді. Ағай тұтқындалған кезде Мәруа апайдың аяғы ауыр екен. Батырбек ағай түрмеден «Ұл тапсаң, есімін Карл деп қой, қыз болса, өздерің біліңдер» деп хат жазыпты. Сол Карл 1938 жылы 23 шілдеде дүниеге келген. Анасы қауіп-қатерден аман болсын деп, фамилиясын өз атына «Мұстафин» деп жаздырған, – дейді Бейбіт Өнербекұлы.

«Халық жауы» атанған арыстардың отбасы мүшелері де қуғын-сүргінге ұшырады ғой. Батырбек Әлжановтың 1928 жылы туған қызы Роза кәсіби биші болған екен. «Жаудың қызы» деген түртпекке шыдамай, ақыры Ресейге, Свердловскіге кетіп қалған көрінеді. Ал одан кіші Лаураның тағдыры тіпті аянышты. Алматы медициналық институтының аспирантурасында оқып жүрген жерінен «халық жауының қызы» екендігі әшкереленіп, оқудан шығарылған. Бұған шыдамаған жас қыз у ішіп өліпті.

Мұстафин Карл Батырбекұлы Алматы қаласында тұрған. Алматы политехникалық институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған. Өмір бойы Алматы тау-кен ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істепті. Техника ғылымдарының кандидаты. 2000 жылы дүниеден өткен. Әйелі орыс ұлтынан, Ольга деген қызы бар.

Карл Батырбекұлы 1991 жылы 15 шілдеде ҰҚК органдарына жазған хатында «1938 жылы әкесін тұтқынға алған кезде шамамен үш том болатын қолжазбаларын да тәркілегенін» айтып, соны қайтаруды сұраған. Алайда шағым аяқсыз қалған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ