Арджаспа туралы аңыз
19.08.2018 1740
Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтағы қазақ жері, ол жерде өрістеген ғажайып оқиғалар туралы баян қылатын «Авеста» мазмұнына енген ескі аңыздарға тәпсір жасасақ Арджаспа Тұранның патшасы болған

Ол атақты  әфсаналық Афрасиябтың, яғни Қараханның  мұрагері.

Фердоуси жырлайтын «Шахнама» жырында Арджаспа Афрасиябтың інісі, олардың әкесі Пашанг /Бушанг/, оның әкесі атақты Тур. «Шахнама» мен «Авестаның» көне мифтік қабаттарында – Гаржасп, /Каржаспа/ аттары кездеседі, бірақ тым ертегіленген түрде /мысалы Зохках аждаха т.б. әңгімелерімен аралас/.

Иран халықтарының аңыздары адамзат тарихын Феридуннан алып шығады. Осы  ғажайып мифтік тұлға -Феридуннан үш ұл туған – Сәлім, Тур, Ирадж. Үлкен ұлы әкенің өсиеті бойынша Иран мен Румды алған-мыс, екінші ұлы /Тур/ Тұран жері, кіші ұлына /Ирадж/ Иран өлкесі беріледі-мыс. Әке жерінің көпшілігі Ираджға өткеннен кейін үлкен екі ағасы оны күндеп соғысты бастаған екен. Фердоуси Иран мен Тұран арасындағы бірнеше мың жылғы созылған соғыстардың себебін осы енші бөлісу оқиғасымен түсіндіріледі.

Парсының «Аяткар Зареран» жырында тур халқының жері деп Хиюн өлкесі көрсетілген. Бұл жер тарихи тұрғыдан Түркістан өлкесіне келеді, ал хиюн – иран тайпаларымен бәсекелестікке түскен ғұндардың алғашқы толқындары болса керек /4, с.89/. «Шахнама» мәтінін терең талдаған әзірбайжандық Көроғлы деген ғалым тұрандықтар мен ирандықтар екі бөлек тілде сөйлеген екен дейді. Қалай болғанда да Фердоусидің айтып отырған кезеңі Түрік қағанатына дейінгі дәуір. Оның алғашық сілімдері қола дәуіріндегі ариян мен тур тайпалар қауымдарынан бастау алса, орта тұсында ғұн /хунну, хиюн, эфталиттер/ жалғасын тауып, кейін келе шығыстан жақындаған түріктермен өз тиянағын тапқан.

И.С.Брагинский Тур мәселесіне қатысты мынадай анықтама береді: «в иранской мифологии родоначальник туранцев, сын Иимы /бұл жерде Шығыс аңыздарындағы Жәмшид патша туралы – Ж.А./. В «Шахнаме» он сын Феридуна, когда Феридун делит свое царство между сыновьями, то Туру достаются Чин и Туран...». И.С.Брагинскийдің Арджаспа атауына берген энциклопедиялық анықтамасы да біздің тақырыбымызға қажет деген пікірдеміз: «Арджасп /фарси/, Арджаспа /авест./ в иранской мифологии вождь туранских кочевых племен, по более поздним сказаниям /»Шахнамені» айтып тұр – Ж.А./ - хионитов /эфталитов/, выступаюший воинственным противником веры в Заратуштры /зороастризма/». «Ескі жазба деректің бірі "Авестада" /осы кітаптың негізгі мазмұны б.з.б ІІ-І мыңжылдықта Орталық Азияны мекендеген арий, тур, қиян елдері туралы ең маңызды деректерді береді/ оны Ареджас -аспа деп атайды. Қазіргі тілге аударсақ "тамаша, қымбат аттардың иесі" деген мағынада. Ол қиян әскерін басқарып,  Иранның белгілі патшаларымен, батырларымен соғысып жүр. Бұл қияндар Авестада "хиюн" делінеді / "Шахнамада"  да солай аталады/, қазақтың шежіресінде оларды қият атайды, жазба деректерде /қытай/ хунну, немесе гун аталады. «Қият» пен «қиян» бір сөз, т дыбысы көптік жалғау қызметін атқарып тұр.

 Батыс әдебиетінде /византия, армян т.б/ қияттарды   "эфталит" деп атайды. Бұл атау қияттардың Эфталанос деген патшасының атынан шықса керек. Мехрдад Бахар атты Иран тарихшысы Авестадағы хиюн аталатын ел эфталиттің өзі дейді, біз болсақ эфталитті абдал аталатын тайпамен байланыстырып жүрміз. Жалпы ғұндардың оңтүстік бөлігі "ақ ғұн" аталғанын көбінесе батыс, соның ішінде армян деректер растайды.

"Шахнама" жырында /қазақ арасында көбінесе "Рүстем-Дастан" аталатын бөлігі белгілі/ Арджаспа /Гарджаспа/  Иран патшасы Виштасптан Зардүштен бас тартуды талап етеді:

"Слышал я, что повелитель

Ту непрочную религию

От Ормазда принял..."

/Е. Бертельс аудармасы/

Екі арадағы келіспеушіліктің негізгі себебі арияндардың турларға /түркі, қиян/ алым-салық төлеуден бас тартуы. Үгіт жүргізуші Зәрдүштің өзі:

Наши цари с древних времен

Не платили тюркам никакой дани,

Ты тоже следуй этому сегодня.

         Фердоуси қанша жерде ирандық /ариян / болғанымен Арджаспқа жақсы бағасын жырдың әр тұсында беріп отырады.

Арджасп, полководец отважных,

Мудрый всадник во всем мире.

В том царском письме написал

Доброе блогословение письмом ябгу.

Бұл жерде "письмо ягбу" түріктердің, немесе эфталит, немесе сақтардың руникалық әлі де шешімін таппаған жұмбақ жазуы болуы мүмкін.

Сонымен ескі дерек көздерінде Хион, Хиюн, Хон атанып жүрген елдің тарихы Арджаспамен байланысты болды.  Егер біз «Шахнамада», «Авестада» бір шындық бар деп білсек жалғыз ғана бұл   емес, даланың талай тайпалары өз бастауын осы хиондардан алса керек. Бұл кәдімгі өзімізге ортағасырлар тарихынан белгілі  Қият тайпасы деген пікірдеміз. Қияттың атасы Домбауылдың тастан салынған «дың» стиліндегі  ескерткіші Ұлытау жерінде Қара Кеңгір өзенінің жағасында бірнеше мың жыл тұр.  Қияттың бір тармағы Боржігіннен Шыңғыс хан туды.  Енді бұл қияттар Еуразияның шығыс аймағына, қазіргі Моңғолия өлкесіне  қай заманда барып қалды деген әңгіменің басы ашық қалады.  Бірақ олардың өзінің кіндік кескен жұрты қазақтың ұлы даласы екеніне біздің күмәніміз жоқ.

Енді осы Арджаспаны Қаржас атауымен байланысты қарап көрсек қайтеді ? Тым ерте кезең, кездейсоқ ұқсастық та болуы мүмкін, дегенмен де !

Қаржас қайдан шықты, - деп дауласып жатқандарды жиі кездестіреміз. Әр түрлі жиын - асқа жиналған үлкендер түрлі әңгіменің шетін шығарып жатады. Кейбіреулердің айтуына қарағанда Сүйіндіктің бір ұрпағы Айдаболдың зиратын Ташкент маңынан  тапқанға ұқсайды. Біреулер сол жаққа арнайы барып келген-мыс. Енді Қаржастың зиратын тауып беріндер дейді. Дегенмен егер Ташкент маңынан Айдабол бабамыз жерленген қорым, басына қойылған көк тас табылып жатса ол таң қалатын оқиға емес. Себебі Айдабол бертін өмір сүрген адам /ХҮІІ ғасырдың ортасы болуы керек/. Ал Қаржастың әңгімесі одан әріге бастайды.

Біздің әкеміз айтушы еді. "Ертеде Мейрам сопы бабамыз бір ауыр қыста жылқыны оңтүстікке айдапты. Сол жерде Ақша хан деген хан бар екен, сол ханның  жеріне қыстап, жылқысын аман-есен сақтапты. Кейін көктем шығып, жаз жадыраған уақытта Сарыарқаға қайта келген екен-мыс. Мейрам бабамыз Ақша ханның елінде болған уақытында ханның қызымен жақын болып, содан қыз екі қабат қалған екен. Сарыарқаға қарай қайтарда Мейрам сопы қызға «мен қайта айналып келермін, егер ұл туса мен кәрі едім, сен жас едің - атын Қаржас қой» деген екен.

Кейін жаугершілік болды ма, әлде не себеппен Мейрам сопы бабамыз қайтіп Ақша хан еліне бара алмапты. Жасы жетіп қайтыс болыпты.

-Хош, енді Ақша ханның қызына келейік. Ол анамыз уақыты жетіп босанып қошқардай ұл туады. Мейрам сопының өсиеті бойынша атын Қаржас қойған екен дейді. Шекесі торсықтай, көзі күндей жарқыраған бала  талайлардың ішін күйдіреді. Асық ойнаса  төбелес, үлкендердің жанына барса сөз. Бір күні әбден ыза болып шешесіне келді дейді. Келсе шешесі бидай қуырып жатыр екен. Табадағы ыстық бидайдан бір уыс алып шешесінің алақанына баса қойды "менің әкем кім, айт" деп. Шешесі қолы күйіп бара жатқаннан кейін, қайтсін  "айтайын" депті. Осылай да, осылай  сенің әкең Мейрам сопы деген адам, қонысы Сарыарқада. Қазақтың маңдай алды, таңдаулы адамының бірі. Сол жерде Қуандық, Сүйіндік деген сенің ағаларың болуы керек-дейді ғой.

Осы хабарды естіген бала Сарыарқаға қарай бірақ тартты дейді. Күн жүрді, жыл жүрді, ат тұяғы күйетұғын шөлдерден өтті, құс қанаты талатұғын таулардан өтті, ақыры Сарыарқаға табан іліктірді. Сұрай-сұрай Мейрам сопының ел- жұртын тапты. Ол кезде Мейрам сопы бабамыз о дүниеге сапар шегіп кеткен, елге тірек болып Қуандық пен Сүйіндік жүр екен. Бір күні ауылдың сыртында жүрген малшылар айтып келіпті: «Қырда бір бала көрдік,  шалқасынан қаннан-қәперсіз ұйықтап жатыр екен. Осы жердің бәрі менікі дегендей құшағын ашып жатыр, жүзі нұрлы, маңайы жап-жарық, маңдайы жарқырап жатыр» дейді. Қуандық пен Сүйіндік ол кім болды екен деп малшының артынан тұра шапты. Балаға келіп сұрайды. Бала осылай да осылай деп болған әңгімені айтқан соң, Қуандық пен Сүйіндік Қаржасты еншілес қылып аламыз жатып дауласты дейді. Бәйбіше тірі екен, екі баласына басу айтып төреші болыпты. Мейрам сопы бабаңнан қалған құлжаның алтын сақасын алдыртып асық иіртіпті. Сонда Қуандық ағалығын алдына салып асықтың төрт жағы да  /бүгі, шігі, тәйкесі, алшысы/ менікі деген соң Сүйіндік жылады. Бәйбіше сонда "қарағым саған бұйырып тұрса асық омпасынан түсер" деп алтын сақаны иіріп қалды, сонда асықты ердің қасына иірген екен, омпасынан тұра қалыпты. Қаржастың Сүйіндікке еншілес болатыны осы себептен делінеді. Құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар үлкендердің айтқан сөзі осы. Кейде бір ұсақ детальдерде ерекшелік болады /адам аттары өзгереді, алтын сақаны Мейрам сопы қызға беріп кеткен екен дейді/ бірақ негізгі жоба бір. Мәшһүр де Қаржасты:

Дақ туған бір анадан Қаржас едің,

Ақ сүйек, алтын сандық, алмас едің.

Бақ қонып, қыдыр дарып, дұға қонған.

 Бабамның Мейрам сопы баласы едің,- деп текке айтпаған болар. Сонымен Қаржас Сүйіндік, Қуандықпен деңгейлес, тұрғылас тұлға болып шығады. Қазақтың  тамаша шежірешісі Құрбанғали Халидұлы "Тауарих Хамса" кітабында: "...Қазақта «құрбы, тұрғы» деген екі сөз бар, «құрбы» жасы қатар, «тұрғы» - қарама-қарсы, тұстас, деңгейлес адамдар. Мысалы, Үйсін мен Алшын тұрғыда бірдей, ал Жалайыр Алшынмен бір жылда туып, туысқан болса «құрбы» деп айтылады, «тұрғымас» демейді. Анығырақ түсіндіру үшін мысалы Үйсін мен Алшын бір жылда тумаса да тұрғылас, яғни үлкендік атақ-дәрежесі бірдей, тіпті екеуінің арасы бірер жүз жылға айырма болса да тұрғылас. Үйсінге Жаппас тұрғылас бола алмайды, тіпті онан бұрын, кейін туса да  тұрғылас емес, демек әрбір тұрғылас құрбы болуы, яки керісінше әрбір құрбы тұрғылас болуы шарт емес, шарт үлкендік деңгейде" деп жазады/9, 92 б/.

Сонымен бірге М.Ж.Көпейұлы шежіресінде Қаржастың шығу тегі туралы тағы бір аңыздың келтірілетіні белгілі.  Бұл өте мазмұнды дүние Қаржастың арғы тарихын жоғарыда айтылған Толыбай сыншы заманына алып барады, яғни біздің ойымызша Хет тайпаларының Таяу Шығысқа көшкен заманына: «Қанжығалының ұранына айналған әйгілі Толыбай сыншы бір жорыққа бара жатып, бір көлдің жағалауынан аяғын апыл-тапыл басқан бір еркек бала тауып алады. Сәбидің мойнына асулы әйкілі, әйкілдің ішінде алтындаған сақасы  бар екен. Сақылдаған мына сары аязды суықта бұл баланы қайтемін деп тұрғанында, түйе баққан түйеші кезіге кетеді. Мейрамның «бес берекесінің бірі» Нұрфая бәйбішенің түйешісі екен. Баланы Нұрфаяға байлап, сәлем айтып, түйешіден беріп жібереді. Нұрфая бәйбіше оның атын Олжакелді қойып, өзінің екі баласына қосып өсіреді».

Қытай деректерінде Қуандық /хунну/ және Сүйіндік /сюнну/ ғұндардың билеуші әулетін құрайтын көне тайпалар. Ал Қаржас осы биік әулетке тең өкіл есебінде, тұрғылас болып Тұран-Иран соғыстарының кезінде қосылған аталық тұлға. Парсы деректері Хион /хиюн/ атауын текке қолданып отырған жоқ, бұл атаудан біз ақ ғұн, немесе эфталит атауын да көреміз. Зерттеушілердің пікірі осы /бұл тақырыпты одан әрі өрбітіп – ғұн, хун-ну, хона, қиат т.б. алып кетуге болады/. Қазақ шежіресінде Қаржастың Сүйіндікке еншілес болуы да Қаржастардың Ақ ғұндар мен ирандық Сасан әулеті арасындағы ауыр соғыстардың кезінде ақ ғұндарды қолдауына байланысты. Сүйіндік қоныстары оңтүстікке, Сасан империясының иеліктеріне бір табан жақын болған. Шежірелік аңыздарды интерпретациялаудың өз қиындығы мен қызық-шыжығы бар, бірақ біздің жыл санауымыздың басында болған тарихи оқиғалар қазақ шежіресінің көмескі түрде болса да тарихи шындықтан хабар беретінін дәлелдейді.

Әдебиет:

Бертельс Е.Э. Избранные труды. История персидской и таджикской литературы. М., 1960. Валиханов Ч.Ч. Киргизское родословие // Собр. соч. в 5 т. т.2. Алма-Ата, 1985.с 148-166. Грантовский Э.А. Ранняя история иранских племен Передней Азии. М., 1970. Короглы Х.Г. Взаимосвязи народов Средней Азии, Ирана и Азербайджана. М., 1983. Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 1-20 томдық. 9 т. Павлодар, 2006. Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. 3 томдық. І том. Алматы, 1997. Мифологический словарь. Гл. ред. Е.М.Мелетинский. М., 1991. Фердоуси. Шахнама: Критический текст. Т. 1-9. М., 1960-1970. Халид К. Тауарих хамса. Алматы, 1992.