Шәкерім – Айғанша хикаясы
23.08.2018 2008
Албырт жігіт Шәкерімді ғашықтық отына күйдірген жұмбақ ару, Т. Досаевтың мәліметіне сүйенгенде, ноғай Махмұттың қызы Айғанша сұлу десек қате болмас

Қандай ұлы ақынның ақындығы болса да, бір күнде бір-ақ бұрқ етіп басталмайды. Шәкерімнің де жасынан сөз өнеріне жаттығып, оны ұзақ ғұмырында ұдайы ұштап өткені сөзсіз.

Ойым бар өлең айтқандай,

Ғылымға таман қайтқандай,

Жыбырлатып тартқандай,

Қармақ салып шабаққа.

Бұл – «Мұтылғанның» он үшінші шумағы. Демек, жасы он бестен асқан бозбалада ақындық өнер мен ғылымға деген ынта алғаш оянған. Ой-сезімде саңылау ашылып, әлдебір қуат қармаққа түскен шабақтай өзіне «жыбырлатып тартқанын» сезіндім дейді балғын ақын.

Ақынның жан әлемі осы өзгеше хәл мен күйден енді айырылмайды. Мұны: «Жиырмадан өткенде, азғана ғылым оқыдым. Алғызып кітап шеттен де, көңілге біраз тоқыдым» және «Білмегенді сұрадым, жиыстырдым, құрадым. Оқыған сайын ұнадым, Жолына түстім осының» деуімен өзі паш етеді. Тағы бір дәлел – 1931 жылғы «Кейбіреу безді дейді елден мені» деп басталатын өлеңі. Онда ақын «Елу бес жыл жинаған қазынамды, Оңашада қорытам ойға салып» деген. Демек, «Елу бес жыл» деуі қаламды 17-18 жасынан алғанына дәлел.

Оспанның бәйбішесі Еркежан қайныларына ат таңдағанында Шәкерімге «Молдажігіт» деген атты лайық көріпті. Неге? Өйткені, бұл кездері жас ақын Құран Кәрімнің мағынасына терең үңіліп, өз сөзінше айтсақ, «ындын қойып ентелеп» оқып жаттаған екен (жеңгесінің «молда» деген сөзі, сол заманғы лексикада діндар деген ғана емес, «оқымысты» деген мағынаны да білдірген).

Еркежан Құнанбай ауылына келін боп түскен 1878-79 жылдары Шәкерім жиырма бір жаста. Бұл кезгі мінез-машығы туралы ақынның өзі:

Білмегенді сұрадым,

Жиыстырдым, құрадым,

Оқыған сайын ұнадым,

Жолына түстім осының, –

деп мәлімдейді.

1875-80 жылдары жасы 30-дан асқан соң, Абайдың Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алып, ондағы кітапханадан алған кітаптарды «үсті үстіне үйіп, қадалап оқи бергені» (М. Әуезов) мәлім. Нәтижесінде: «Абаймен қай елдің мақтаған жақсылары, атақты шешендері болса да тіресіп сөйлесіп, пікір таластыруға жарамайтын болған» дейді Мұхаң. Міне, атағы «бір Тобықты емес, сан Тобықтыдай елдерге түгел жете бастаған» (М. Әуезов). Абайдай білгіш, кемел, шешен жүйрік болуға өзі тұрғылас талапты жастардың қатарында Шәкерім де ындын қойып құмартады.

Сайып келгенде, жас жігіттің көңілінде қыр баласы мінезінде жоқ мақсатты – бірбеткей ілім іздеу мен ақындыққа берілмектікті алғаш оятқан ағасы Абай болғаны хақ.

Бұл уақыттың бедерін ақынның өзі:

Өлең мен сөзді шеберлеп,

Айтқаным мақұл келер деп,

Ындын қойып ентелеп,

Жарайды деп осыным.

Білімге салып тілекті,

Сыбанып едім білекті,

Ағартуға жүректі,

Аршымақ болып қоқымын, –

деп кестелеген-ді.

Бірақ Шәкерімнің 25 жасқа дейінгі өлеңдерінен бүгінге жеткені болымсыз. Олар 22 жасында жазған үш өлеңі ғана: «Жаз келер», «Арман» және «Жайлаудың баласымен айтысы». Бұлардың алдыңғы екеуі – шағын табиғат лирикасы, ал соңғысы – ұзақтау сюжетті өлең. Оны Жайлау деген кісінің баласымен айтыс түрінде, Әбдіахмет, Таңсыққожа, Байділда есімді үш құрдасын әзіл ете шығарған, өйткені, өлең сөзі: «Өкпелеме бұл сөзге үш құрдасым» деп аяқталады.

Енді «Шын сырым» атты ұзақ өлеңін тексерелік. Туынды «Жиырма үш жасымда бұл өлең жазылған» деп басталады. Жырда ақынның әлдекімді құлай сүйген құса хәлі, осыған байланысты махаббат сырын ақтарғаны ап-айқын сезіледі. Олай болса, ақын жүрегін жаулаған сұлу кім?

Шәкерімнің жиені марқұм Тауфиқ Досаев «Абай» журналының 1994 жылғы №9 санында осы сұраққа сәулесін түсіретін мынадай оқиғаны жеткізеді. Қазан қаласынан әскерден қашып Семей өңіріне бас сауғалаған Ысқақ деген татар жігітіне Құнанбай Шыңғыс тауының Арқалық деген жерінен жер беріп, әйел әпереді. Осыдан соң Ысқақ Қазан қаласынан туған інісі Махмұтты да көшіріп әкелген көрінеді. Кейіннен екеуі де дөңгеленген дәулет иесі болып, бұл ауылды ел «Бәкең» немесе «Бай ауыл» деп атап кетеді. Ысқақтан төрт ұл, бір қыз, ал Махмұттан екі ұл, бір қыз өсіп жетіп, Бай ауылы мен Құнекең ауылының сары-сүйек құда болғандығы белгілі. Осы жайларды айта келіп: «Ысқақтың інісі Махмұттың қызы Айғаншаны Шәкәрім Құдайбердіұлы алып қашып кетеді» деп жазады Т. Досаев.

Бұл – мөлшері 1882 жылы болған оқиға. Құда түспей алып қашатыны, Шәкерімнің үлкен әйелі Мәуенге үйленген, үйлі-баранды болған шағы еді. Іс насырға шаба ма, әлде қайтеді деген уайыммен ақыл сұрай келген Шәкерімге Абай: «Олардың қызын жолынан алмай, қолынан алсаң болмас па еді?!» деп кейіпті. Сонда Шәкерім: «Мұны мен де аз ойлаған жоқпын. Бірақ Бай ауылында осы күнге әйел үстіне әйел алған ешкім жоқ қой. Құда түсем десем мені жолата ма, Абай аға?» деген екен. Шәкерім мен Айғанша бір-бірін шын құлай сүйген. «Шын сырым» толғауының аяққы шумағы осының куәсі:

Өзіңсің аямай әурелеп қор қылған,

Көңілде сәулемсің, көздегі нұрым-ау,

Ақылды астыртын ұрлаған, ұрым-ау.

Өмір бойы өртеніп жүргенімше,

Не өлтір, не тірілт, осы шын сырым-ау!

Сөйтіп, албырт жігіт Шәкерімді ғашықтық отына күйдірген жұмбақ ару, Т. Досаевтың мәліметіне сүйенгенде, ноғай Махмұттың қызы Айғанша сұлу десек қате болмас. Ақынның «Нартайлақ-Айсұлу», кейінірек «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн» іспетті махаббат дастандарына қалам тербеуі өртенген ғашықтық хәлді өзі кешкендігінен де болар-ау, сірә.

Сүйгені Айғаншаның қалыңмалына Шәкерім жүзге тарта түйе берген деседі, айта кетелік, ол бүкіл Ырғызбайға танымал келін болады. Айғанша етжеңді кісі болғандықтан ауыл-аймақ «Май апаң» деп атаған екен. Шәкерім осы Айғаншадан Қапыр (Ғафур), Жебрәйіл, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл, Күлзия, Жәкім, Гүлләр деген үш қыз сүйеді. Жебірәйіл мен Күлзия жастай шетінеп кетеді.

Шәкерім мен Айғаншаның бақытты, берекелі отбасы болғанына бір дәйегіміз бар. Екеуінің үйленгеніне тура 50 жыл өткенде, 1931 жылдың күзінде «Шәкәрімнің отбасы түгелімен қамауға алынсын» деген хабар жетеді. Ағайын-туыс, бала-шаға, әрине, азан-қазан, у-шу болысады. Сол кезде Айғанша бәйбіше: «Біз тым жақсы өмір сүрдік, енді бір зауалдың келетін уақыты да жеткен шығар. Кәне, тоқтатыңдар!» деп бәрін тыйған екен. Әжесінің осы сөзін Ғафурқызы Кәмила өз естелігінде келтіреді (Жұлдыз. – 1988. №10).

Айдостың бір баласы – Торғай. Шәкерімнің бірінші әйелі Мәуен – Торғайдан тараған Бесбесбай деген кісінің қызы. Торғайдан Жабағы, Құлыншақ. Жабағыдан Байтөре, одан Бесбесбай. Мұнда аталған Құлыншақ пен Бесбесбай «Абай жолы» эпопеясының кейіпкерлері ретінде қалың жұртшылыққа жақсы мәлім.

Мәуен сол дәуірдің тәлім-тәрбиесіне сәйкес отағасы сөзінен аспаған сабырлы, көнтерлі, бойы кең адам болса керек. Аңғалдау да болған, Шәкерім Айғаншаны алып қашқанда, босағаны аттаған оған: «Е, келдің бе, қарағым?» депті. Бірақ той өте сала, жүктерін жиып, «мен енді бөлек ауыл болам» деген шартын қабырғадан қойыпты.

Мәуен – екі ұлды (Суфиян, Тауфиқ) және екі қызды (Мәймана, Ғалия) тәрбиелеп өсірген ана. Мейірімді Мәуен бәйбіше осы төрт баланың үстіне жоғарыда айтылған Құнанбай салған үлгі бойынша Айғаншадан туған Ахатты бауырына салыпты. Осы себепті ерке өсіп, жасымда тентектеу, ызақор да ашуланшақ болдым дейді қария.

Әдебиеттанушы ғалымдар Шәкерімнің «Шын сырым» өлеңін фольклорлық дәстүрмен жазылған деп есептейді. Өйткені, жырда ауыз әдебиетіне тән образды бейнелер мол. М. Мағауиннің пайымынша, бұл – «ақынның ұмтылар биігін, ұстанар межесін айқындайтын» өлең. Сонымен бірге ақынның ақындық шеберлігі өсіп, пісіп қалғанын байқататын қырымен де елеулі туынды.

Жалпысында бала күніндегі байыз таппаған ізденгіш мінезіне қарап, ақынның 18 бен 25 жас арасында жазған жыр-өлеңдері аз болмағаны пайымдалады. Оларды әркез әр жағдайға байланысты шығарып отырған.

Мәселен, ағасы Әмір 27 жасында көз жұмғанда жиырма жастағы ақын оған дауыс қылуға жоқтау өлеңін шығарыпты. Суырыпсалма ақын болам деп талпынбайтын ақын қазақта кемде-кем. Ауыз әдебиетіне аса жақын Шәкерімнің осындай экпромттық-импровизациялық жырлары аз болмағаны сөзсіз.

Балалық-жастық аралас,

Көрсеқызар, мисыз бас.

Мақтанқұмар мен бір мас,

Ғылымның сезбей көп нұрын, –

деп ақын бекерге айтпаған. Санын соқтырған өкініші де осы ғылымсыз өскендігі болған. Сондай-ақ, көріп отырмыз, Шәкәрімнің жастық шағынан жеткен өлеңдері азғантай. Неге?

Жасы 20-ға аяқ басқанда ақынның болыс сайланғанын ескеру керек. Демек, 1878-80 жылдары татымды өлең-жырлар шығуы неғайбіл. Екіншіден, Абайдың өз өлеңдерін елеп-ескермегені сияқты, Шәкерім де өзінің тырнақалды туындыларын жинап сақтауды қажетсінбеген сыңайлы. Сақталмаған, өзі айтқандай, «өртеп жіберілген» көңіл-күй, махаббат лирикасы, қазақтың ескілігіне арналған және шығыс әдебиетіне еліктеп жазылған жыр-өлеңдер болуы ықтимал.

Өйткені, көзі көргендердің айтуынша, Шәкерім балғын жасынан бұрынғы жырау, жыршы, суырып салма ақындардың мұрасын жете білген. Осыған қоса 1880 жылдар қазақ даласында «Мың бір түн», «Шаһнаме» сияқты шығыс классикалық әдебиеті кең тараған кезтұғын. «Жасымнан жетік білдім» өлеңінде ақынның өзі: «Оятқан мені ерте – Шығыс жыры» деген. Тағы бір жай – тарих десе ішкен асын жерге қоятын Шәкерім Шыңғыс өңіріне қатысты жергілікті аңыз-әңгімелерге қанық болған. «Нартайлақ әңгімесі» – соның бір куәсі.

25 жасқа дейінгі Шәкерім шығармашылығына қатысты дерек-дәйектеріміз әзірге осы.

 

Асан ОМАРОВ