Жоңғарияның жоғалуы
20.09.2018 2417
Қазақ арасында Абылай ханның беделі зор болды. Оны барлық үш жүз хан деп таныды. Алайда 1778 жылы Екатерина II оны тек Орта жүздің ханы деп жариялады

Қазақ хандығының алдағы тағдырын халықаралық деңгейде көбінесе Абылай хан шешетін, осының өзі оның зор беделін көрсетеді. Оның «Арыстан мен айдаһар арасында» белгілі саясаты Цин империясымен және Ресей империясымен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазақтың жақын көршісі жоңғарлар ел тағдырында үлкен рөл ойнады. Қазақтар олармен ұзақ шайқасты, шығын да көп болды. Бірақ, ақыр соңында Жоңғар хандығының түп-тамырымен жоғалуына қазақ халқы себепші болды. Әрине, Жоңғар хандығын Ресей империясымен немесе Цин империясымен бір қатарға қоюға болмайды. Абылай хан олардың протекторатын мойындады, ал Жоңғар хандығымен қазақтар ұзақ текетірес пен үзілмес соғыс жағдайында болды.

XVIII ғасырдың ортасында Жоңғарияда жағдай мәз емес еді. Әйгілі басшы Қалдан-Серен өлгеннен кейін билік басына оның ортаншы ұлы Севан Доржы келеді, бірақ өзінің есерсоқ мінезінің арқасында тақта ұзақ отыра алмады. 1750 жылдың мамырында ламалық дінбасылар көтеріліс ұйымдастырды, бұл көтерілісті Севан Доржының ағасы – Лама Доржы қолдайды.

Қалдан-Сереннің екінші ұлының билігінен кейін елдің берекесі әбден қашқан еді. Оның үстіне, биліктің заңсыз туған балаға көшкеніне наразылар да болды. Лама Доржы Қалдан-Сереннің үлкен ұлы болатын, бірақ оның шешесі ақсүйектерден шықпаған еді. Лама Доржының басты қарсыласы – жоңғардың алғашқы ханы Батыр қонтайшының ұрпағы – князь Дабачи болды. Оны Әмірсана мен Банджур сияқты ықпалды басшылар қолдайды. Бүлікшілер жоңғар әміршісінің қолына қарсы келе алмай, жеңіліс табады. Олар қазақ даласына қашпақшы болады. Оның үстіне, жоңғардың тұтқынында болған кезде Абылай хан жоңғар ақсүйектерімен жақсы қарым-қатынас орната алады. Осыған үміт артқан оларды Абылай қуана қарсы алады.

Бірақ қазақ ханының бұл әрекеті тек естелік пен жоңғар қашқындарына деген жылы шырай ғана емес еді. Абылай хан оларға шын көмектескісі келетіндігіне қонақтарын иландыруға тырысты. Ол тіпті оларды жеке ұлыстардың билеушісі етіп те тағайындады. Даваци бәсентиін руын, Әмірсана уақ-керейлерді, Банджур наймандарды басқара бастайды. Бірақ бұл қазақ ханының сырт көзге жылы шырайлы көзқарасы ғана болатын. Шын мәнінде оның мақсаты басқа еді – жоңғарлардың ішіндегі ұрыс-таласты күшейту және олардың мемлекетін, әлсірету.

Көрші мемлекетпен дау-дамайдың дамуынан секем алған қазақ батырларының біразы Абылай ханның жоңғар қашқындарын қабылдауын құп көрген жоқ. Малайсары батыр мен Жәпек жоңғар қонтайшысы Лама Доржыға бейбіт көзқараста болды. Жоңғар билеушісі Малайсары мен Жәпектің ұлына тіпті тархан атағын да берген. Малайсары мен Жәпек бүлікшілерді беру туралы өтінішпен керей батыры Қайыпқа елшілерін жібереді, бірақ олардың өтініштері елеусіз қалады. Тіпті елшілерін қамшымен сабап тастайды.

Абылай біртіндеп Жәпекті өзінің жағына шығарып алады, ал Малайсарымен мәселені жалпы құрылтайда шешеді. Бұл жерде оған Жоңғарияда болып келген, сол кездегі жағдайды білген Төле би көмектеседі.

Құрылтай Абылайдың жеңісімен аяқталады. Хан қашқындарды беруден бас тартып, олардың өз аяқтарымен келгендігін және салт бойынша оларды бере алмайтындығын жеткізіп, Лама Доржыға хабар жібереді.

Қарақалпақтармен болған оқиғадан кейін қазақ-жоңғар қатынастары тіпті қиындай түсті. Қарақалпақтар жоңғарлардың боданы болып саналатын. Бастапқыда олар өздерін жоңғар қонтайшысынан өз иелігіне қабылдауын сұраған, бірақ кейіннен бұларды күштеп буддизм дініне өткізеді деген сыбыс шыққаннан кейін, қоныс аудармай қалады. Мұндай құбылуға ыза болған жоңғар қонтайшысы халықты күштеп көшіріп әкелуге отряд жібереді.  

Қарақалпақтар Қабанбай батырдың көмегіне жүгініп, өздерін бодандыққа қабылдауын сұрайды. Қазақ батыры көмекке асығады. Қарақалпақтардың қазақтардың қол астына кетуі де қонтайшының қитығына тиеді.

20 мың адамнан тұратын жоңғар әскері қазақ жеріне енеді. Қазақ ауылдары соққының астында қалады. Абылай хан жоңғарға қарсы қол жинап, Малайсарыны да жорыққа қатысуға көндіреді. Ол ұзақ уақыт келісімін бермейді, бірақ әрекетсіз отыруға болмайтын еді, өйткені ол жау жағына өткенін білдірер еді. Жоңғар достарына қарсы осы жорықта Малайсары қаза табады.  

Қазақ жасақтары жоңғарлармен шайқасып жатқан кезде Даваци, Әмірсана мен Банджур де қалғып жатпады. Өз қол астарына мыңнан астам қазақ сарбаздарын алған олар жоңғар тайпаларын Лама Доржыға қарсы көтере бастайды. Жоңғарлар осы кезде өз шекараларын қытайлардың шабуыл жасауынан да қорғаулары керек болды да, Лама Доржы цин шекарасына әскерінің бір бөлігін жібереді. Қарсыластары осыны пайдаланып, 1753 жылғы 12 қаңтарда қонтайжының ордасына Даваци бастаған қазақ отряды басып кіреді. Лама Доржы жан салып тойтарыс бергенімен, ақырында қаза табады.

Билік басына Даваци келеді. 1754 жылғы сәуірде Әмірсана Абылай ханмен одақтасып, 1700 әскермен Дабачиге қарсы шығады. Шабуылға дайын болған Даваци Қаратал өзені бойында жеңіске жетеді. Бірақ, әскери кампания бұнымен аяқталмайды.

Жазда Абылай хан Жоңғарияға жорық жасап, бай олжамен оралады. Бұл кезде Цин империясы әлсіреген Жоңғар хандығын жіті бақылап отырған еді. Кезекті бір жорықта жеңіліс тапқан Әмірсана қытай императорынан көмек іздей бастайды. Оны жақсы қабылдап, тіпті циньван – І дәрежелі князь атағын да береді. Бұл кезде Жоңғария тіпті қиын жағдайда болатын.  

Оның үстіне қытай тарихшысы Вэй Юаньның мәліметтері бойынша шешек індетінен халықтың 40% жуығы қырылып қалған. Өзара тартыстан әлсіреген ойраттар сыртқы жауларының міндеттерін жеңілдете түсті. Цинь империясы геосаяси жағдайға тез бейімделді.

Өз жарлығында император Хунли былай деп тура айтады: «Егер тап қазір әскерді жорыққа шығармасақ, қазақтардың жолы болып, өз пайдасына қолжеткізеді». Үш айдың ішінде Цин империясы әбден әлсіреген, қарсы келер ешкімі жоқ мемлекетті еш шығынсыз-ақ жаулап алады. Жоңғария Цин империясының құрамына енеді.