Академиктің екінші өмірі
11.10.2018 2400
Ғалымға құрмет – ғылымға құрмет

Академик Рымғали Нұрғали (1940-2010) өмірінің соңғы жылдарын Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметінде өткізді. Астана ауысқан алғашқы жылдары ол бас қалаға бірінші көшпен келіп, жаңа қаланың рухани-мәдени дамуына, әдеби-ғылыми ортаның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.

Қаланың жаңа бөлігіне, көше атауларына байланысты қалалық ономастика комиссиясына өзінің тың ұсыныстарын білдіріп, идеяларын іске асыруға атсалысты. Қоғам қайраткерінің есімін ұлықтау мақсатында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалым тұрған Абылай хан даңғылы 6/5 үйдің сыртқы қабырғасына ескерткіш тақта орнату бастамасын 2015 жылдан бастап көтеріп келді. Жақсылықтың жаршысындай бұл жаңалық Астана қаласында тұратын интеллигенцияның әр буынын тұтас қамтыды: ғалымның замандас-достары, шәкірттері мен қаламгер әріптестері қатысты.

Шараның беташар сөзінде университет ректоры Е. Сыдықов қазақ әдебиеттану ғылымында зор орны бар Рымғали Нұрғалиұлының ардақты есімін қастерлеу кейінгі буынға парыз екенін айтты. Ерлан Бәтташұлы айуынша, ғалым Р. Нұрғали Астанаға алғашқылардың бірі болып көшіп келген. «Жылы су, таза ауа, Алатаудың баурайы дегендей Алматыда жүре берсе болатын еді, бірақ ол кісі жанға жайлы, жылы жерді іздеген жоқ. Ол кісі қайда тартыс бар, қайда күрес бар, қайда қиындық бар – сондай ортада жүрді. Бұдан оған Алаш қайраткерлерінің тағылымды істері дарығанын байқаймыз» деді ректор Е. Сыдықов. Университет басшысы марқұмды тек әдебиеттанудың кесек ғалымы ғана емес, театртану саласының да жолға қойылуына ықпал еткен тұлға деп еске алды.

Сан қырлы талант иесі Р. Нұрғалиұлының ғалымдық, жазушылық, қайраткерлік, ұстаздық болмысын жиын барысында сөз сөйлеушілер айшықтап берді. Мәселен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, телевизия ардагері Сұлтан Оразалы «Ол көптің бірі емес, тобырдың бірі емес, бірегей еді» деп тебірене естелік айтты. Сөзінің соңын «Бұл үйде мықтылар тұрады, оның бәріне келешекте құрмет көрсетілер. Алайда осындай тақта әзірше, ұзақ уақытқа Рымғалида ғана болсын» деп тәмамдады.

«Академик Рымғали Нұрғалидың мен де бір шәкірті едім», – деп сөз бастаған Астана қаласы әкімінің орынбасары, жазушы Ермек Аманшаев кандидаттық диссертациясының жетекшісі болып Р. Нұрғалиұлы тағайындалғанын жеткізді. Ермек Әмірханұлының айтуынша, «Рымғали Нұрғалиұлы қазақ әдебиеттану ғылымын дамыту үшін өте талантты жастарды тартты, ғылыми жұмыстарына бағыт-бағдар берді. Соның негізінде Алаш арыстарының мұраларын тығып оқыған үлкен тұлғалар шықты. Астананың рухани өмірінің көркеюіне зор үлес қосқан ағамыздың мол рухани-мәдени мұрасы ұрпақ пайдасына жарай беретініне сенемін» деді Ермек Аманшаев.

Академиктің құрдасы, белгілі фольклорист ғалым Сейіт Қасқабасов екеуара әңгімедегі әзіл-қалжыңдар тұрғысынан қызықты естелік айтты. «Тілі өте бай еді» деп еске алған Сейіт Асқарұлы «Неге ғалымдықты таңдадың? Жазушы болсаң, Мағауиннен асып түсер едің» деп қалжыңдағанын, оған құрдасы «Ой, құрысын, екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жүрсе» деп жауап қатқанын айтып, көпшілік көңілін жадыратты.

Бұдан соң ағаның алақан жылуын сезген ақын, ғалым бауырларының атынан белгілі ақын Несіпбек Айтұлы сағынышпен еске алды. 

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Аманшаев, қоғам қайраткері С. Оразалы, академик С. Қасқабасов, асыл жары, профессор Х. Нұрғали, ұлы Ердос пен қызы Рабиға қатысты. Құрметпен гүл шоқтары қойылды.

Ердос Рымғалиұлы ғалымдарға алғыс айта отырып, өз көңіліндегі, өміріндегі ерекше жан әке бейнесін аз сөзбен сипаттап берді. «Әкем бала кезімнен не түрлі тақпақ-жырларды, қазақ батырлары жырын, тіпті сонау ноғайлы заманының атақты жырларын жаттауды міндеттейтін. Осы игіліктің пайдасын енді көріп жатырмын.

Мен әкемді сағынып жүрмін.

Бұл шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз» деді ғалымның ұлы.

Жиынның соңында кеш жүргізуші, ақын Дәулеткерей Кәпұлы «Соңғы Алаш ұлына» деген жырын оқып аяқтады.

Мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғалидың есімін ардақтау ісі мұнымен тоқтамайды. Алматы қаласында ғалымға  арнап көше атауын беруді ұсынса, Астанада бір мектептің аты жуық арада ғұламаның есімін иеленеді.