Қазан құлаған күн
15.10.2018 2981
Қазан айы... Неге бұл мезгілдің атауы – қазан? Білесіз бе? Себебі, дәл осы айда күллі түріктің жауһары, шоқ жұлдызы Қазан қаласы құлады. Иә, 1552 жылы 15 қазанда Қазан шаһарынан айырылдық.

Еуразиядағы ең ұлы мемлекет болып келген Алтын Орда XV ғасырда түрлі себептер нәтижесінде біржола ыдырады емес пе? Сол кезде қазіргі татар жерінде Қазан хандығы құрылады. Қара теңіздің жағасы, Қырым түбегі мен Қиян дала – Қырым хандығы аталады. Еділдің төменгі ағысы Хажы-Тархан хандығы болып бөлінеді. Еділ мен Жайық арасындағы ел Нoғай Ордасы деген ұлыстың туын көтереді. Сібірдегі түрік тайпалары Сібір хандығын негіздейді. Қазіргі Қазақстан шегінде Қазақ Ордасы құрылады. Алтын Орданың мәйекті ұйығы – Еділ мен Дон өзендерінің аралығындағы, түстікте Қапқаз жотасына, терістікте орыс ормандарына дейін созылған кең даланы жайлаған мың сан жұрт Ұлы Opда деп аталады. Сөйтіп, жарты әлемге билік құрған Алтын Opда өзара тәуелсіз жеті бөлікке бөлінеді. Бұлардың жерінің көлемі, халқының саны, даму дәрежесі мен күш-қуаты әртүрлі деңгейде болатын.

Мәскеу Алтын Ордадан қалған жұртты жәукемдеуге көшті  

Тарихи заңдылық қой. Кеше қожайын болған ел іргесі сөгілсе, құл-құтанға жем болады. Рим империясы әлсірегенде, варварлар қожайынға айналып шыға келді емес пе? 600 жыл түрік астында болған гректер, Осман империясы жығылғанда Анкарасына дейін алып қоймақ болды емес пе? Тура солай, Алтын Орда ыдырағанда кешегі басыбайлы, вассал Мәскеу енді сол Алтын Орданың жырындысы – кіші-кіші хандықтарды жұтпақ болды. Иә, дәл осы кезде Мәскеу кінәздігі – іргеленіп, күш жиып, төңірегіндегі мордва, коми, карел, удмурт халықтарын кіріптарлыққа түсіріп, енді шығысқа қарай аяқ баса бастаған. Бірақ, жыланды жеті кессең де кесірткедей күші бар деген бар емес пе?! Алтын Opданың мұрагерлері әлі де қуатты еді. Қырым хандығы бірге-бір келгеннің өзінде Ресейдің аяғын қия бастырмайтын. Ал Ұлы Opда жалғыз өзі-ақ үш жүз мың әскер шығара алатын. Бірақ, әттеген-ай... Діні бар, тегі бар, әдет-ғұрпы ортақ туыстас түрік жұрты, бір-бірімен байланысын мықтау орнына өзара қырқысқа бейім тұрды. Ақыры Алтын Opданың тікелей мұрагері саналатын Ұлы Opда ыдырады. Ноғай Ордасы тозып, әлсіреді.

Бұл кезде бодандықтан біржола құтылған, енді өзін Мәскеу княздігі емес, Русия деп атай бастаған орыс мемлекетінің күші әбден толысқан болатын. Шығысқа жол ашу үшін кеше ғана құдыретті мемлекет құрып отырған түрік тектес қауымды бір-бірлеп талқандап, мәңгілік бұғауға түсіріп, баяғы Византия үлгісіндегі әлемдік империя құру үшін ең алдымен іргедегі Қазан хандығын талқындау керек еді.

Ашық соғыстың үлкен шығынға түсетінін аңдаған Ресей әуелде Қазанды саяси тұрғыдан бағындыруға тырысады. Қазан хандығының ел билеушілері арасындағы алауыздықты пайдаланып, Қазан тағына өзінің жандайшаптарын отырғызбақ болады, елінен безген сатқындардың көмегімен бір-бірлеп ұлыстың игі-жақсыларының көзін жояды. Бірақ Қазан жұртының ынтымағы күшті, рухы биік еді. Мәскеу қойған хандарды құлатып, шын жанашырды таққа көтерді. Интригадан ештеңе шықпасына көзі жеткен Ресей ашық соғыс жолына түседі. 1552 жылы сәуір айында орыс армиясын бастап, Иван Зұлым Қазанға қарай жүріп кетеді...

Негізі Иван Зұлым Қазанға осыған дейін 4 рет жорық жасаған еді. Бірақ, батыр, ержүрек татар ұлты орыстың барлық шабуылын қайтарып, сағын сындырумен болды. Ақыры бүкіл орыс патшалығы түп көтеріледі, Иван Төртінші патша 1552 жылы 19 тамыз күні ауыр қолмен Қазан қаласының түбіне келіп жетеді. Бұл жорық 108 күнге созылады.

Жау 3 ай жорықпен туған шаһарына шерік артып келе жатқанда татарлар қол қусырып отырған жоқ. Астанаға жетер жолдың жағаларына қорған-қамалдар соғып тастайды. Осындай бекіністердің әрқайсысы жаудың санын азайта беруі керек еді.

Қырым әскері көмекке келе жатыр

Осы кезде Қазан хандығына көмекке Қырымлы жұрты дүр көтеріліп, жорыққа шығады. Олар Иван Зұлымның армиясын орта жола ұстап алу үшін Тула қаласын бетке алады. Алайда Иван IV-ші бұ жолғы жорықтың маршрутын мүлдем өзгертіп тастап еді. Иә, бұрындары Қазанды алу үшін орыс әскер Тула маңында жиналатын. Бұл жолы Иван Муром шаһарында армиясын жинап, қалыпқа келтіріп, Ока өзенінің бұрынғы кеуіп қалған сағасымен жасырынып, Қазанға жүріп кетті.

Қырым әскерін алдаусырату үшін Тула қаласына Иван кішігірім әскер жұмсап қойғаны бар. Қырымнан тіке тартқан Дәулет Керей Тула қаласына жеткенде, орыс әскерін көріп, «Иван зұлымның армиясын ұстадым» деп қуанып кетеді. Қырымлықтар ауыр ұрыс салып, Тула шаһарын өртеп, енді Мәскеуге бет алады. Бірақ, орта жолда орыс әскері Қазанды қоршауға алды деген ақпаратты естиді. Дәулет Керей хан қалың қолды бірнеше бөлікке бөліп, едел-жедел татар астанасына жетіп баруға асығады. Бірақ, дәл осы әскерді бірнеше бөлікке бөлу – үлкен қателік еді. Орта жолда, орыстың құрған торуылына тап болып, біраз сарбаз шейіт болады. Қырымлы жігіттері қан кеше жүріп, асықса да, Қазанды қорғауға үлгермейтіні анық еді...

Қалың әскер жақын туыстардан келмейтінін көрген-білген қазан жұрты ашық майданда соғыспай, қамал ішіне бекініп алады. Алайда, татарлар қорған ішіне қамалып ап, жауды күтіп отырды десек қателесеміз. Таңдаулы сарбаздарын ерткен татардың батырлары, шошқа секілді ештемеге қарамай, көзі қанталап жортып келе жатқан орыстың армиясына жойқын-жойқын шабуыл жасаумен болды.

Сондай шайқастардың 1552 жылы 24 шілде айында Теш өзенінің жағасында орын алды. Дарияны кешіп өтіп, түнгі лагер құрап жатқан орыс армиясына, тыңшылар жақын маңда Татар қышлағы барын айтады. Дәл осы сәтті орыс жылнамашылары былай сипаттайды:

«Выслушав лазутчиков, царь Иван вызвал к себе воеводу Левашова Фёдора и поручил ему отправиться с отрядом к татарскому городищу и, если татары добровольно, без боя, не сдадутся, то дать бой и разбить, уничтожив городище. Татары сдаться без боя отказались. Обитатели села, а также присоединившиеся к ним жители других деревень, попытались остановить отряд...»

Ауыл жігіттері орыстың жасағымен ауыр шайқасқа түседі. Бірақ, аздың аты бәрібір аз. Баршасы қырғын табады. Алайда дәл осы ауылдай, кектенген, орысқа деген ызасы телегей теңіздей, жүздеген кент-қыстақ бар еді, Қазанға дейін. Баршасы Иван Зұлымның аяғына тұсау болды. Бірақ, мұздай қаруланған армияға ауыл жігіттері не істей алсын?! Орыстың Қазанға дейінгі жүріп өткен жолы – терекке тербелген өліктер, өртенген үйлер болды...

Қазан қоршауда...

Орыс жасағы 150 мың әскер, 150 зеңбірекпен 1552 жылы сәуірде Қазанды келіп қоршайды. Ал Қазан қамалында небәрі отыз мың әскер бар еді. Жау адам саны жөнінен бес есе артық, ал қару-жарақ жөнінен жиырма-отыз есе басым болды. Құлдық өмірден ақ өлімді артық санаған қасиетті Қазан халқы ақырына дейін күресуге бел байлайды.

Тынымсыз ұрыс үстінде арада екі-үш күн өткенде Қазан қаласы темір қоршауға алынады, біздің туыстас түрік халықтарының бұрынғы-соңғы тарихындағы ең қанды, ең қайғылы шайқастардың бірі басталады. Қамалдағы әскердің ту ұстаушы көсемдері Құлшәріп молда, Нoғайлы Изенеш би, түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншіәлі батыр және Шора батырдың бірге туған інілері Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей батырлар болады. Ескерте кету керек, бұл кезде татар, башқұрт, ноғай, қазақ деген сияқты ұлттық жік әлі айқын емес еді, сондықтан Қазанды қорғаған әскердің ішінде Еуразиядағы түрік руларының барлығының да өкілдері болды десек, қателеспейміз. Аяусыз соғыс қырық күнге созылады. Қазандықтар оқтын-оқтын қамалдан шығып, орыс әскерлерін ойрандап кетіп отырады. Бірақ бір кісіге бес кісі жабылған қанды шайқаста жаудың қатарын тоздырғанмен, ойсыратып жеңе алмайды. Алғашқы аптада қамал іргесінде Ислам батыр мен Сүйіншіәлі батыр шәйіт болады. Қорғанысшылардың қатары күн озған сайын селдірей түседі. Осы кезде алыс-жақын туыстардан қазанлықтар көмек сұрап, елші жібереді...

Ноғайлы неге келмеді?

«Қазанды қорғайық» деген хат арқалаған шабарманның бірі Сарыарқадағы қазақ ханына кетті. Иә, Арқада қалың ел жатқан, мың сан қол жатқан. Тек жер шалғай, Қазанды орыстардың қамағаны туралы хабар жеткенше қаншама ай өтіп кетті. Тағы бір шабарман, дәл іргеде, екі апталық аймақта қаймағы бұзылса да қауқары қайтпаған Ұлы Ноғай Opдасына келіп жетті. Жағдайды түсіндірді. Ноғайлының әміршісі ұлыби Жүсіп ары кетсе он күнде екі жүз мың әскер шығара алатын еді. Жүсіптің жаужүрек отыз ұлы бар еді, әрқайсысы екі-үш мыңнан бес-он мыңға дейін әскер ұстайтын; Қазанға қатер төнгені туралы хабарды естісімен-ақ жиылып келіп, әкесінен рұқсат сұрайды; «– Шұғыл аттанайық, Қазан құласа, бәріміз де құримыз», – дейді. Бірақ Жүсіп дабыл қақпайды, ұлдарының да атқа мінуіне қатаң тыйым салады.

Бұл Жүсіптің өз заманында-ақ сұлулығымен аты шыққан, кейінгі тарихта ақыл-парасатымен, өзгеше мінезімен аңызға айналған Сүйінбике деген қызы бар еді, Қазанда хан бәйбішесі болып тұрған; осы Сүйінбикеден шапқыншы жетеді, «жау жақындап қалды, алмай қоймайды, аяушылық болмайды, елім бар десе, балам бар десе, тезінен әскер аттандырсын» деген. Жүсіп бұған да қайыспайды. Мүмкін, ақылынан алжасты, мүмкін, Қазан құласа құласын, Ноғайлының жері кеңиді деп ойлады. Ал Жүсіптің жауынгер ұлдары рұқсат сұрап, күн сайын дерлік аяғына бас ұрып, табалдырығын тоздырғанымен, әмірші әкенің жарлығынан аттап кете алмайды. Сөйтіп, күш жетіп, мүмкіндік болып тұрған шақта дәл іргедегі Қазанға қалың әскер шықпай қалады.

Қазақтар қайтті?

Дәл сол жылдары қазақты Хақ-Назар хан билеп тұрған-ды. Бұл кісі – қазақ тарихындағы ең әйгілі хандардың бірі. Осыншама ұлы тұлға, неге Қазанға көмек бермеді дейсіз бе?! Көмек бермек болған. Былай ғой: «Туысқан жұрт қоршауда қалды» деп, қазақ жігіттерін жиып, Сарысудан асқан да еді. Хақ-Назардың Сығанақтан шығып кеткенін, Түркістан, Сайрамдағы күллі әскерін Қазанға алып бара жатқанын ести сала, Бұқар әмірі самсаған қолмен қазақ ордасына басып кіреді. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген, кеше ғана одақтас болған Моғолстан хандығы да шабуылға көшті. Жұртта қалған азғантай әскер, екідай күресте сәтсіздікке ұшырап, қалалардан, аймақтардан айырыла бастайды. Хақ-Назар, амал жоқ, жорықты кілт тоқтатып, елге қайтуға мәжбүр болады. Бірақ, жекелеген ерлерді тоқтатпай, Қазанға жұмсап жібереді. Сол сәт халық жадында мынадай өлең ретінде өріліпті:

...Мен Қазанға барғанша,

Қан жаумасын, қар жаусын,

Мен Қазанға барған соң,

Қар жаумасын, қан жаусын!

Кең даланың әр тарабынан өз бетімен көмекке аттанған аламандарды Жаһанша деген бек бастап, Қазанға қарай жол шегеді. Кіл еріктілерден құралған 7 мыңдай қол Қазанды темір құрсауға алып жатқан орыс әскерінің ту сыртынан келіп тиеді. Шебін бұзбаса да, тынымсыз шабуыл жасап, жауды көп шығынға ұшыратады, қамалдағы қарындастардың тынысын кеңейтеді. Бірақ көптің аты көп. Ақыры Жапанша бастаған жасақ қалың қолдың қоршауына түсіп, бірі қалмай түгел шәйіт болады. Осыдан соң-ақ Қазанның жағдайы қиындайды.

Көмек келмейді...

1552 жылдың қазан айының алғашқы күндері. Орыс әскерлері от-дәрі қойып, қамал қабырғасын бұзады. Бірақ бірден ала алмайды, кері қуылады. Тағы бұзады, тағы да ішке ене алмайды. 1552 жылғы қазан айының 15-інде Иван патша қамалы түгел қаусаған, әскері түгелге жуық қырылған Қазанға ең соңғы жойқын шабуыл бастауға бұйырады. 40 күн бойы қан кешіп қорғанған қамал құлайды, орыс әскерлері тау-тау өліктен аттап, қамал ішіне басып кіреді. Бұл кезде Қазанда қару ұстауға жарарлық алты мыңдай ғана ер азамат қалған екен деп жазады орыс шежірелері. Оның өзінің көбі жаралы. Сонда да бас имейді.

Орыс әскерлері Қазанды біржола иеленеді. Иван Төртінші патшаның өзі «кішкене балалар мен әйелдерді ғана қалдырыңдар, қалған жұртты тегіс қырыңдар» деген қатал жарлық береді. Бас көтерген еркек атаулыны қасапқа шалған, әйел атаулының арын төккен, содан соң ішін жарып, найзаға отырғызған қанды қырғын, кенеусіз айуандық неше күнге созылады. Қаланы қорғаушылардың мәйіттерін тау-тау қылып үйіп, отқа өртейді, одан қалғанын жүздеген сал буып, басы кесілген, паршаланған қалыпта салға байлап, Еділдің екі жағасын жайлаған қалың Ноғайлы үрейленуі үшін төмен ағызады. Мұншама қанды қырғын тек түрік халықтарын ғана шошытпайды, алыста жатқан, көзбен көрмей, ұзынқұлақтан ғана естіген Еуропа жұртшылығын да тітірентеді. Нәсілі бір украин, польшалықтар орыстың қасапшыдай қаныпезерлігінен шошып, «кацап» атап кетеді. Рим папасы Иван патшаға арнайы хат жазып, мұншалық жауыз, қаныпезер іс адамшылыққа жатпайтынын, христиан дінімен де сыйыспайтынын мәлімдейді.

Келесі кезек кімдікі?

Қазан – бүкіл Еуразияны, бауырлас түрік ұлыстарын ғана емес, осы құрлықты мекендеген барлық жұртты қорғап тас қамал, биік асу еді. 1552 жылы Қазан құлаған соң, Ресей үшін Еуразияны мекендеген барлық халықты қырып-жоюға, бодандықта ұстауға, біразын жер бетінен мүде өшіріп жіберуге жол ашылды. Татарды қаратқасын, топан судай қаптаған орыс армиясы 1598 жылы Сібір хандығын талқандады. Көп өтпей, 1634 жылы жер бетінен Ноғай Ордасын жоқ қылды. Мәскеуді талай өртеген Қырым хандығы 1774 жылы тарих аренасынан жойылды. 1864 жылы Алтын Орданың соңғы мұрагері Қазақ хандығының астанасы Түркістан отқа оранды.

Қазанға көмек бермеуіміздің салдарын, міне, 500 жыл өтсе де, әлі тартып келеміз.

Бір кем дүние...

 

Әдебиеттер:

Флоря Б.Н. Иван Грозный. М., 1999 М.Мағауин. Орыс отаршылдығы. 2008 ж. Алматы Скрынников Р.Г. Иван Грозный М., 1980 Похлёбкин В.В. Татары и Русь. 360 лет отношений Руси с татарскими государствами в XIII—XVI вв. 1238—1598 гг. (От битвы на р. Сить до покорения Сибири) Справочник. М., 2000. С.126 Худяков М.Г. Очерки по истории Казанского ханства М., 1991