Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені салмағы 30–40 кг немесе 50–60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек.
Қарсылас команданың ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені қанжығаға байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге, атты екі аяққа көтеруге тиым салынады.
Көкпар ойыны арнайы көкпар үшін жабдықталған ұзындығы 200 метр, ені 80 метр, қазандық арасы 120 метр, орталықтан бастап «мәре салым» қазандыққа дейін 60 метр алаңда бекітілген ережеге сәйкес өткізіледі. Ойын арнайы бекітілген көкпар ойынының ережесіне сай әрқайсысы 20 минуттық 2 кезеңде өткізіледі. Әр кезең аралығында 10 минуттік үзіліс болады. Ойында қарсыласының қазандығына ең көп салым салған команда жеңімпаз болып танылады.
Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар — аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін-де сынайтын спорт.
ҚАЗАҚ БОЛСАҢ КӨКПАРДЫ АЙТ!
Көкпар қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршысын көргенде жүрегі жарылмайтын қазақ бар ма? Көкпарды жігіттің жігіті таратады. Ұландарын қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнер түрі тек қазақта ғана бар. Ол — көкпар.
Қазір Қазақ Елінің көкпары даму үстінде. Президентіміз ұлттық спортты дамытуға нұсқау берді. Ал, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы қазақ көкпарын әлемдік спорттың деңгейіне көтермекке күш салып кірісті. Елішілік жарыстарды айтпағанда, өткен күзде Астана төсін дүбірлетіп тұңғыш рет көкпардан Азия ашық біріншілігінің өтуі, халықаралық чемпионаттардың ұйымдастырылуы осы айтулы өнер өрісінің кеңейгенін, аңдатса керек. Осы күні көкпар бәсекесіне төрткүл дүние көз тігіп отыр.
Рас, қазақта көкпар бағзы заманнан бар. Ешкім дау айтпайды. Батыр бабалардан мирас болған асыл өнер дамып жатыр. Көкпардың ер-тұрманы реттеліп, екі тізгін, бір шылбыры шын жанашыр азаматтардың қолына берілді. Болашағына жан баласы күмән келтірмейді. Хош, деңіз!
Бір өкініштісі, «Көкпар біздікі! Көкпар қазақтікі!» деп қанша жерден кеуде ұрғанымызбен, біздің көкпардың тасқа басылған тарихы жоқ. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы осы олқылықтың орнын толтырмақ мақсатта қазақ көкпарының тарихын қамтыған, әрі әдістемелік-методикалық құрал ретінде пайдалануға жарайтын алғашқы туындыны жарыққа шығаруды жоспарға енгізді.
Қадірлі оқырман! Игі іске Сіздер-де үлес қосыңыздар. Қазақтың қай өңіріне барсаңыз да көкпар додасының кереметін тамсана әңгімелейтін, ақсақалдар баршылық. Бірі — қайраты қабындаған көкпаршының қалың доданы қырқып өтіп серке суырар ерлігін айтса, енді бірі — әйгілі көкпаршы атының адамнан зият естілігін майын тамыза айтып жатады. Көкпардың атын кім қалай баптайды? Қартайғанша қайраты қайтпаған көкпаршылар қай өңірде көп болды? Міне, біздің іздегеніміз осы. Көкпардың тарихына мысқалдай үлес қоссам деген ықыласыңыз болса, өз ауылыңыздағы көкпарға қатысты әңгімелерді сайтымызға электронды поштамен жіберулеріңізге болады. Тіпті, қағазға түсірудің қисыны келмесе, газет қызметкерлеріне телефонмен хабарласып, ауызша айтып берсеңіздер-де, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сіздерге ой қозғау болсын. Мысалы, ілгеріде көкпар туралы төмендегідей әңгімелердің куәсі болған едік.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атақты көкпаршы Құланхан Ахметұлы Жақыпов айтады:
— Атақты көкпаршы Шәймек деген көкемізді көрдім. Бұл кісі 1959 жылы Мәскеуге барған. Сол жерде Орталық стадионда қазақтың ұлттық ойыны көкпар мен аударыспақты мыңдаған мәскеуліктерге көрсеткен. Мен қырғыз, ағайындарға айтып жүрмін: «Сендер көкпар біздікі деп мақтанасыңдар, 1959 жылы Мәскеуге барып көкпардың не екенін күллі Одақ халқына көрсетіп, бас төреші маршал Семен Буденныйдің қолынан грамота алған қырғыз тауып беріңдерші» деп, мына қолымдағы дипломды көрсетемін. Менің қолымда қазақстандық шабандоздар қолбасшы Буденныйді ортаға алып түскен суреті-де бар.
77 жасына дейін көкпар шапқан әйгілі балуан Салыбек Сағымбекұлы туралы толғаудан үзінді:
Жарықтық жақсы атты ханның тағынан артық көрген жан екен. Басқасы басқа былайғы ел-жұрт ас-суға ұн таппай отрыса, Салыекең атын таза бидай беріп асырайды. Тұнық сумен суарылған жасыл жонышқаның көгін ғана береді. Қысы-жазы жабулап ұстайды. Сиыр су ішкен ыдыспен ат суармайды. Сарқасқа атты тұрған жерінде зәр сындыртпайды, тезек тастатпайды. Тайынан үйреткені соншалық жануар жылқы зәр қсықанда арқырап кісінейді. Үйдегілердің бәрі үйренген жүгіріп шығып, алысқа жетектеп барып зәрін төктіріп, тезегін тастатып қайта әкеліп байлайды.
Көкпар таяғанда тіпті басқаша. Салекең атымен бірге қорада түнейді. Оның әрбір қимылын бағып, кірпік қақпай қарап жатады. Етін қатырады, қазысын ортайтады, күніне бірнеше дүркін мініп-түсіп бұлшық еттерін ширатады.
«Ғасыр шабандозы» атанған Ерғали Сүлеев айтады:
Содан бірде Сыр өңірінде үлкен көкпар-той өтетін болды. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан сонымен қатар Тұрбат, Қазығұрт, Леңгір, Түлкібас, Түркістан, Шардара, Шәуілдір жақтан атағынан ат үркетін небір шабандоздар келді.
— Мұндай үлкен дода өмірімде екінші рет қайталанған жоқ, — деп еске алады Ерғали шабандоз: «Доданың қатты болғаны соншалық түкірігіміз темір, қақырығымыз қан татыды, Құдайға тәубе, үш күннің ішінде 18 рет салым көрдім. Ағаларым менің салымыма берілген 54 қара малды айдап келді, ал, ақшалай берілгендерін сол жердегі халыққа таратып жіберіпті. Өз басым салым салған соң бәйге алуға трибунаға барып көрген жан емеспін, ағаларым өздері барып жайғастыратын және дүние жиған емеспін» деп еске алады.
Ерғали шабандоз көкпарға осал ат мініп шаппайды. Өйткені, ат пен үстіндегі адамның екеуара үйлесімі болмаса, еңбек, ақталмайды. Ерекең үшін Әбілпатта дейтін көкесінің қара айғыры керемет жылқы еді. Қара айғырмен додаға түскен сәтте Ерғали әсте құр қайтқан емес.
«Түлкiбастың бiр тартары» атанған, есімі, аңыз болған көкпаршы Зұлпыхар Тайырбеков, ақсақал айтады:
— Көкпарда шауып жүрiп аяқты да сындырдық, қолды да сындырдық. Екi рет естен танып қалып ауруханада ес жидым. Бiрақ астымдағы атым сүрiнiп кетiп құлағаным болмаса, өздiгiмнен ер үстiнен ауып қалған кезiм жоқ. Жас күнiмде қазақ, қырғыз, өзбектiң мықты көкпаршылары тақымымнан серкенi жұлып алған емес. Қолыма серкенiң сирағы iлiнсе, менiң тақымыма басылатын. Жұрттың «Түлкiбастың бiр тартары», «Тақымы құлып» атап кеткенi сондықтан.
…Бұрынырақта болған оқиға. Жұлдызхан серкенi тақымына басқан бойда жүйткiп келе жатып, кiлт бұрған сәтте ертоқымынан ауып түсiп қалды да, тұлпары маған қарай шапты. Мен қарғып мiндiм-де, жерде жатқан серкенi iлiп алып қазандыққа салып қайттым. Бұл расында таңданыс тудыратын жағдай едi. Сол сәтте аттың ақылдылығы мен жасым жетпiске жақындап қалған маған көрсеткен жиналғандардың қошеметi ерекше болды.
Бұдан бөлек, көкпар аттарының iшiнде Төлен замандасымның сары қасқа атына ризамын. Жануардың ақылдылығы соншалық, кез келген мықты көкпаршының тақымындағы серкенi тiстеп тұрып тартқанда жұлып алатын да, иесiне беретiн.
Төлеген Жәкітайұлы
Құлып тақым қария.Сұхбат.pdf
http://ulttyqsport.kz/